Сейсенбі, 20 Қазан 2026
Әдебиет 265 0 пікір 20 Қазан, 2026 сағат 13:43

Адал кісі

Сурет: vnovomsvete.com сайтынан алынды.

Әңгіме

Түн бойы жауған қалың қар бәрін өз құшағына алған. Көк пен жердің арасы тұтасып кеткен. Ауладағы ағаштар ақ мамыққа малынып, белгілі бір заңдылыққа бастарын иіп мүлгіп тұр.

Бектұрған:

- Бисмиллә деп, күбірлей орнынан тұрды. Дәретін жаңартып, төрт рәкәт намаз оқыды. Отан бақыты мен отбасы бақытын тіледі.

Үй іші әлі ала көлеңке. Әйелі мен балаларының балқаймақ ұйқысын бұзғысы келмей, аяқ ұшымен сыртқа шықты.

Есікті ашқанда тап-таза ауа бетіне ұрылды, өне бойы дір етіп бірден сергіді.

Қарды күреген сайын табаны шықырлап, таңғы тыныштықты бұзды. Көп ұзамай маңдайынан тер шығып, демі жиілей бастады. Қыс қанша суық болғанымен, адал еңбек бойын жылытты.

Далаға шығарда суға салып, гәзге қойып кеткен екі жұмыртқаның қабығын еппен аршыды, бір шыны су ішіп, асығыс жолға шықты, сағат тілі алтыны көрсетті.

Қар жауған күні қала сыртынан жұмысқа жетудің өзі машақат. Бектұрған ел аз жүреді-ау деген, тар көшемен зулады. Алпамыс батыр ықшам ауданындағы үлкен жолға шыққанда, ұзын-сонар көлік легі мүлде жылжымай қалыпты.

- Қарды күремей-ақ, ертерек шыққанымда ғой... - деп күбірледі.

Екі машина қатар сиятын жерге жетті, бірақ көліктер бір қатармен баяу жылжып келеді, қарсы бағытта еш көлік жоқ, қатардан шығып гәз бассам қалай... біреу ытқып шығып жүйткіген күйі кетті.

Ішінде бір үн «Болмайды!» деді.

Артынша екінші ой келді. «Сабақ сегізде басталады,қазір алтыдан асты, осылай тұрсаң, кешігесің». Ол сағатына қарады. Уақыт сырғып барады. Студенттердің алдында кешігіп бару ұят.

Амалсыз қатардан шығып, алда кетіп бара жатқан көліктің соңынан ілесті. Арада көп уақыт өтпей-ақ арт жағынан қызыл-жасыл шамы жарқылдаған патруль көлігі көрінді. Жүрегі «зу» етті, амалсыз жол жиегіне тоқтады.

Жас жол полициясы келді.

- Құжаттарыңызды көрсетіңіз.

Бектұрған үнсіз куәлігін ұсынды.

- Қызметтік көлікке жүріңіз.

Патруль көлігінің ішінде қарны қампиған, ұйқысы қанбай көзі қызарып кеткен екіншісі отыр.

- Ассалаумағалейкум.

- Уағалейкумассалам.

Әлгі қарнын сипап салқын ғана:

-Неге қарсы жолаққа шықтыңыз?

- Сабаққа асығып барамын. Университетте дәрісім бар.

Полицей иығын қиқаң еткізді.

- Ереже бәріне бірдей.

- Мен қателігімді мойындаймын. Бірақ жағдайды да түсініңіздер.

- Алты айға жүргізуші куәлігіңізден айырыласыз.

Бектұрған не дерін білмей, үнсіз қалды.

Күнделікті жұмысы, ата-анасын ауруханаға апару, бала-шағаның тіршілігі – бәрі көлікке байланысты.

Жол сақшысы хаттаманы толтыруға кірісті.

Қар әлі себелеп тұр. Кептелістегі көліктердің ұзын тізбегі аппақ әлемде қимылсыз қатып қалғандай.

- Аға, заң бәріне ортақ, - деді жол сақшысы қағаздан бас алмай.

- Заңның ортақ екенін білемін. Аудиторияда жүзге жуық студент күтіп отыр. Мұғалім кешігіп барса қалай болады?!

Тастай қатқан сақшы үнсіз.

Ал екіншісі орындыққа шалқайып:

-Бір амалын табуға болады... - деді жай ғана.

Бектұрған оның жүзіне қарады.

- Қандай амал?

Жол сақшысы білегінің астындағы шағын қобдишаның қақпаған сәл ғана сырғытты. Іші умаждалған ақшаға толы екен.

- Түсінетін шығарсыз...

Бектұрғанның өңі сұрланып кетті.

Жүрегіне әлдене қадалғандай болды.

«Бұлар айлықтың сыртында арам ақша жасап отыр, біз болсақ аудиторияда оқыған лекцияға қарай айлық аламыз, бірақ негізгі жұмысымыз аудиторияның сыртында, ел үшін, Отан үшін тегін кітап жазамыз, ақша төлеп мақала шығарамыз...»

Қалтасын ақтарды. Телефонын ашты.

Бірнеше мың теңгеден басқа ештеңе жоқ.

- Менде ондай ақша жоқ, - деді. Айлықтан айлыққа әрең жететін мұғаліммін.

- Онда хаттама рәсімдейміз.

- Жүргізуші куәлігімнен айырылсам, жұмысқа қалай қатынаймын? Қарт әке-шешемді кім дәрігерге апарады?

- Ол енді өз шаруаңыз.

Осы бір салқын сөз Бектұрғанның арқасын аяздай қарып өтті.

Есіне артжақта ұйықтап отыратын, сабақ білмей тоғызыншы сыныпты зорға бітірген кластасы түсті, бүгінде ол үлкен кәсіпкер. Бектұрған оқуды озат оқыды, универден универге түсті, докторлық қорғады, өмірін ғылымға арнады, алатыны аз ақша... беті шым етті... амалсыз кластасына телефон соқты. Каспиголтына сыңғырлап ақша келді...

Бектұрғанның қолдары рөлдің үстінде дірілдеп келеді, намыстан өртенді... «үздік оқу», «адал еңбек» қадірсіз екенін алғаш рет сезінді.

«Неге бұл жерде жолақтың жоқтығын айтпадым? Неге өзімді соңына дейін қорғамадым?!..» Енді кеш.

Университетке жетті. Ғимараттың іші тып-тыныш, сабақ әлдеқашан басталып кеткен.

Ол аудитория кілтін алып, лифтке қарай жүгірді.

Лифт бесінші қабатта екен. Төменге түсер түрі жоқ.

Баспалдақпен жоғары көтерілді. Екінші қабатқа жеткенде лифт төмен түсіп, есігін ашты.

Ырсылдап бесінші қабатқа шықты. Тынысы тарылып, маңдайынан тер сорғалады. Аудитория есігінің алдында топырлаған студент күтіп тұр.

- Тексерушілер келген жоқ па?

- Келді, жазып кетті, сабақ арасында келіп түсініктеме жазсын деді.

Сүлей сапа үнсіз есік ашты, аудиторияға кірген бойда жаны тыншып, бойы жеңілдеп қалды.

Ол енді жаңағы жол сақшысының, кластасының алдындағы «бейшара» емес. Ол үлкен ғалым ұстаз. Компютерін ашты, тақтаға үлкен әріптермен жазды:

«Юань дәуіріндегі Қытай әдебиеті».

Аудитория іші ілезде студенттерге толды. Терезенің ар жағында ақ қар үлпілдеп жауып тұр. Бөлме іші жылы болғанымен, сырттағы суықтың ызғары сезіледі. Бектұрған студенттердің жүзіне көз жүгіртті. Бірі дәптерін ашып отыр, бірі компьютерін қосып жатыр, енді бірі асығыс келіп, демін әрең басқан күйі орнына жайғасты. Жалындаған студенттердің лапылдаған энергиясы Бектұрғанға шабыт сыйлады.

- Бүгін біз Қытай әдебиеті тарихындағы ең қызықты кезеңдердің бірі - Юань дәуірі әдебиеті туралы лекция оқимыз.

Дауысы бұрынғыдай нық шықты.

- Моңғолдар Қытайды билеген кезде қоғам түбегейлі өзгерді. Мемлекеттік қызметтің беделі төмендеп, ғалымдардың көбі ел ісінен шеттетілді. Бірақ дәл сол кезеңде әдебиет жаңа тыныс алды. Бұрын сарай маңында ғана туған шығармалар енді қарапайым халықтың арасында, солардың мұңын айта бастады.

Студенттер үнсіз тыңдап отыр.

- Егер Таң дәуірі – поэзияның алтын ғасыры болса, Юань дәуірі – драманың алтын ғасыры, - деді ол тақтаға екі дәуірдің атын қатар жаза отырып.

Сосын атақты жазушылар Ван Шифу, Гуань Ханьцин, Ма Чжиюань, Бай Пу, Чжэн Гуанцзу туралы әңгімесін бастады.

- Гуань Ханьцинның «Доу Ы-ның обалды өлімі» неге ғасырлар бойы оқылады? Себебі онда әділетсіздікке қарсы адамның жан айқайы жатыр. Ал шынайы әдебиет ешқашан ескірмейді. Шығармадағы бас кейпкер Доу Ы – адал, сабырлы, ар-намысын жоғары қойған әйел. Жаң Луэр – жауыз, зұлым. Ол Доу Ы-ны әйелдікке алмақ болып шырғалады, болмаған соң оған жала жауып, сотқа ақша беріп дарға астырады. Доу Ы-ның дар алдындағы жеті өтініші, Құдайдың қалауымен орындалады, ашаршылық болады....әділетсіздік жүріп жатқанда үндемеген халық ойға қалады. Кейін жас қыздың рухы барлық шындықты айтып іс қайта қаралады.

Сабақ қызып кетті.

- Ағай, неге дәл осы кезеңде театр ерекше дамыды?

Бектұрған жымиып,

- Өйткені халықтың жүрегіне жетудің ең төте жолы – сахна. Кітапты бәрі бірдей оқымайды. Ал сахнадағы адамның көз жасы мен қуанышын кез келген жан түсінеді.

Аудиторияда тыныштық орнады. Ваң Шипудың «Батыс құжырадағы махаббат», Ма Чжиюанның «Хан сарайындағы күз», Бай Пудың «Повлония ағашы астындағы жаңбыры» сынды шығармалары қоғамды ойландырды. Құдай, рух, періште, жын сынды метефизикасы бар, тән мен жан қатар суреттелген тірі әдебиет пайда болды.

- Әдебиеттің міндеті – көңіл көтеру емес. Әдебиеттің міндеті – адамд өзімен жүздестіру.

Үш сағаттың қалай өткенін ешкім байқамады.

Қоңырау соғылғанда ғана студенттер қозғала бастады.

Бірнешеуі ұстазының жанына келді.

- Ағай, сіздің дәрістеріңізді тыңдаған сайын шығармаларды қазақша оқығымыз келеді.

- Бірақ оқулық жоқ қой...

Иә... Оқулық жоқ.

Ол аудитория босап қалған соң біраз уақыт үнсіз қалды.

«Бес мың жылдық әдебиетті қазақ тілінде жүйелеп жазатын уақыт жеткен жоқ па?..»

Жазатын кітапты «биылғы бас жоспарға енгізу уақыты өтті, келесі жылға кіргізу керек» деп, күмбірледі Бектұрған. Кітапты сырттан бір ғалымға, іштен бір ғалымға оқытып, жалынып жалпаңдап, кафеге шақырып "пікірге" қол қойғызасың, қазір барлық адам қарбалас, сенің том-том кітабыңды ешкім текке оқымайды. Содан соң ғана кафедра отырысында қарайды, ешқандай ақысыз түн ұйқыңды төрт бөліп, жан алып-жан беріп жазған кітабыңа пенделік араласады, әдебиетке қатысы жоқ кей мұғалімдер жылдық ритнгіде "менен асып кетер" деп, мазмұн мен мағынасын, мақсатын білмесе де, бір үтірдің не бір әріптің қатесін тапса, қуана айқайлап, қарсы дауыс беріп шабытыңды өшіреді. Кафедрадан аман өтсе факультеттің ғылыми кеңесі қарайды, онда тіптен қытай әдебиетіне еш хабары жоқ оқытушылар "үтір, нүкте, формасы" деп тиіседі, өйткені бірдеңе айту керек. Соңында универ ғылыми кеңесі қарайды, кері қайтарса қайта талқыға салғанша екі де үш ай кетеді, сағызша созылып бір екі жылда зорға баспаға жетеді, баспа кітап шыққанда он кітап беріп, қалғанын өздері сатады.

Жоқ, бұлай созбалаңға салып, уақтыпен шабытты жоғалтуға болмайды, пенделіктен алыс тұрған ғылыми кітаппен арнаулы айналысатын жеке баспаларға өткізейін, онда тек екі ғалымның пікірін алып барсаң қабылдайды, одан кейін баспаның ғылыми кеңесі талқысынан өтеді, кітап шыққанда олар бес кітап береді, сенің күн-түн еңбегің сол бес кітап, ең бастысы студенттердің қолына кітап тиеді, солай... атақ үшін емес, ғылыми дәреже үшін емес... Келешек ұрпақ үшін жазуым керек.

Ол терезеге жақындады. Сыртта қар әлі жауып тұр.

Аппақ қардың арасында студенттер асығыс кетіп барады.

«Егер мен жазбасам, ертең бұл балалар қытай әдебиетін қазақ тілінде қайдан оқиды?..» Осы ой оның жүрегінде үнсіз сертке айналды.

Болашақ оқулықтың алғашқы бетін жүрегінде жаза бастады.

Көне қытай әдебиетінің алғашқы тарауы, ауыз әдебиеті, миф, ежелгі жырлар, аңыздар мен ертегілер....

Түн, компьютердің әлсіз гуілі, пернетақтаның алдында Бектұрған әлі шұқиып отыр. Ол орнынан тұрып терезені ашты.

Қысқы жұлдызды аспан. Аяз бетін қарып өтті. Сарайы ашылып, терең тыныс алды. «Көршісі, темірші жігіттің балғасының үні әлде қашан өшкен, ол бүгін қанша балға соқты екен?». Алғашқы әтеш шақырды.

Бектұрған компьютерін жапты. Әйелі айтқандай бұл түнгі отырыстың өтеуі болмауы мүмкін, бірақ адал еңбек түбі бір бағаланады, кешегі қиын заманда Алаш арыстары қаншама кітаптар жазды, біз мына мамыражай азат таңда ұрпақ үшін кітап жазбай, ақша, атақ, медаль дәметіп жүрсек қалай болады деп, - күмбірледі. Осы сенім оның жалғыз тірегі.

Тағы бір таң атты. Бектұрған намазын оқып, университетке кеткен соң көрші ауладан таныс дыбыс естілді.

Сарт! Сарт! Темір ұстасының балғасы тағы да төске «адал еңбек», «адал еңбек» деп тиіп жатты.

Теміршінің арғы атасы елге белгілі ұста болған. Ел ішіндегі балта, шалғы, кетпен, пышақ, ауыздық, үзеңгі, таға – бәрі сол кісінің қолынан шығатын.

Әкесі басқа жолды таңдаған.

Шет тілін меңгеріп, өмір бойы аудармашы болып аудандық үкіметте қызмет етті. Екі патшаны, екі түрлі заманның мінезін көрді.

Темірші бала кезінде кластастарына атасы мен әкесін айтып мақтанатын.

- Мен пәленшенің немересімін, түгеншенің баласымын, – деп кеудесін көтеріп жүретін.

Сол мақтаныш оның болашағын бүлдіргенін кейін түсінді.

Өмірдің жүгін әкесі көтеріп тұрған кезде тіршіліктің салмағын сезінбеді.

Жаңа үйленген кезінде әкесі дүниеден өтіп, бәрі өзгерді.

Ауылдағы темір ұстасына көмекші болып жалданды.

Таңнан кешке дейін көріктің басында. Біресе көмір тасиды. Біресе темір қыздырады. Біресе балғаны ұсына жүгіреді.

Алғашқы күндері алақаны күлдіреп кетті. Қып-қызыл темірден шыққан ұшқын қолын күйдіріп, үстіндегі жұқа киімін тесіп өтті. Күндердің өтуімен кәсіптің қыр-сырын меңгерді. Қызған темірдің түсіне қарап оның бабын ажырататын болды. Балға қай жерден тиюі керек екенін білді.

Өз алдына темірші болды. «Жер бетінде ең алғашқы темірден түйін түйген шебер Дәуіт пайғамбар» деп, атасынан естігені бойынша азанда дүкеніне кіріп, аз үнсіз отырып, Дәуіт пайғамбарға дұға жасайды. «Менің қолым емес Дәуіт пайғамбардың қолы» деп балғасын қолына алады.

Қара кешке дейін балға соғады. Қыс демейді, жаз демейді.

Бір күні балта. Бір күні шалғы. Бір күні кетпен. Бір күні пышақ. Күзден бастап қыс бойы таға соғып, ат тағалайды.

Темірдің иісі киіміне ғана емес, тағдырына да сіңіп кетті. Қызылшырайлы сопақша екі беті салбырап, жүзі қара темірге ұқсап қошқылданып, көзінің астына қалта пайда болып, ұсақ әжім сызығы тігінен мұрынның екі жағына түсті. Еңбек ауыр, табыс мардымсыз. Қанша жұмыс істесе де, ақшасы жетпейді.

Баланың киімі. Мектептің шығыны. Қыстың отыны. Біріне жетсе, біріне жетпейді. Кейде кешке дейін балға соғып тапқан ақшасы бір қап ұн мен шәйдан артылмайтын. Сонда ол алғаш рет өмірге ренжи бастады.

- Осынша еңбек етіп жүрмін... Неге берекесі жоқ?..

Бұл сұрақтың жауабын таба алмады.

Шаршаған сайын ащы суға үйір болды.

«Бір ұрттасам, бойым жазылады», – деп басталған әдет уақыт өте келе күнделікті дағдыға айналды.

- Осы ішімдікті қойсаңшы...деген әйеліне «Ертең қоямын» дейді... Бірақ ол «ертең» ешқашан келмеді...

Қабырғада әкесінің суреті ілулі тұр. Қатал мінезді, бірақ мейірімі мол адам.

Әкесі: «Балам, еңбек ет. Бірақ еңбегіңді араққа айырбастама», - дейтін.

Сол сөзді енді түсінді.

Темірші бұрын өз денсаулығына аса мән бермейтін. Таңнан кешке дейін көріктің басында жүріп, қара күйеге былғанып балғасын соғады. Мұғалім көршісі Бектұрған сияқты бір күн өмір сүріп, соны ерінбей қайталайды. Қолының терісі жарылып, алақаны сүйелденіп кеткен. Кешке шаршағанын басу үшін бір-екі румка ішеді.

Бір күні төс үстіне балға сілтеп тұрғанында кеудесі шаншып кетті. Балғасы қолынан сусып түсіп, өзі көріктің жанына отыра кетті. Демі тарылып, маңдайынан мұздай тер бұрқ ете қалды.

- Не болды? - деп жүгіріп келді шәкірті.

- Ештеңе... Сәл басым айналып кетті...

Денесі сыздап талып жүрді, жөтел басталды, дәл 37 мүшелінде буын буыны қалтырап күші қалмай жұмысқа шықпай қалды.

Емханаға апарды. «Денені жайлаған сүйек туберкулез, ұзақ емделу керек. Ол үшін көп ақша керек» деді. Оның ақшасы жоқ, амалсыз үйіне қайтты. Алғаш рет Бір Аллаға тәуекел етті. Ауру күн сайын меңдетті. Аузына су тамызды. «Бірінші байлық денсаулық, екінші байлық ақ жаулық, үшінші байлық он саулық» деген өлең жолдарын бұрын тек өлең деп жүруші еді, енді шындап түсінді. «Адам деген өледі екен-ау» деп күмбірледі...Енді тек соны күтті. Аржағы мүлде беймәлім...

Денесі қақсағанда ұйқыдан арылды, келіншегі өзінен мүшел жас кіші, әрі сұлу, «мен өлген соң әйелім біреуге тиіп кетеді, ал балалар жас, қалай күн кешер екен» деп уайым жеді, қыстың ұзақ таңы еш атпайды, пысылдап ұйқыда жатқандар қандай бақытты, неткен рахат. Ояу жатып түс көрді.

Түсінде баяғыда дүниеден өткен атасы кіріп келді. Басында көк тақиясы, шоқша сақалы, ұзын шапаны, өткір де шүңірек көзі қадала қарап аз тұрды.

- Қазір өлмейсің балам. Намаз оқы, - деді.

- Ата...

Жоқ болып кетті. Ол селк етіп есін жиды.

Ол денесін қозғап көрді, ақырын басын көтерді, әйелі таң ата күйеуінің басын көтеріп отырғанын көріп таң қалды.

- қалайсың?

- Мен өлмейді екенмін, атам келді. Тұр орныңнан намаз оқы деп, - кетті. Содан басымды көтердім.

- Жақсы болған екен. Иа, атамыз аузында Қураны, бойында иманы бар кісі-ғой.

«Бала жіберіп Несіпбек қарияны шақыршы», - деп әрең сыбырға жақын тіл қатты. Екінші ұлы аталас туысы, ауыл ақсақалы Несіппек қарияны ертіп келді, болған жайды айтты. Несіппек қария бір қойын сойып атасының атына нәпіл құрбан шалып, теміршінің үйіне Құдайы тамақ беріп жақын туыстарынан жеті кісінің басын қосты. Темірші күн санап серги берді, базарға баруды көкседі, намаз оқу туралы кітап алып келуді ойлады. Орнынан тұрады, мағдыры құрып қайта отырып қалады, бірнеше күннен соң көшеге шықты. Базарға беттеді. Аз жүріп отырып, елдердің демеуімен зорға базарға жетті, аңсаған кітабін алып келді, намаз оқуды үйренді. Ақырындап ежіктеп жүріп бір жетіде намаз оқуды бастады, бір айда орнынан тұрып намаз оқып, екінші айда мешітке барып қатарға тұрды. Жарты жылда ауруынан дерліктей айықты.

Бір күні қолына кетпен ұстаған қария келді.

- Балам, мына кетпеннің жүзі қайрылып қалыпты. Егіс басталар алдында жөндеп берші.

Темірші кетпенді қолына алды.Темірдің тозған жерін сипап көрді.

- Ата, мұны жөндеп беремін. Бірақ ұзаққа бармайды. Қария жымиып:

- Ұзаққа бармаса мейлі. Мен де ұзаққа бармаспын.

Осы сөз теміршінің жүрегін шым еткізді.

- Ата, Алла ғұмырыңызды ұзақ етсін.

- Ғұмырдың ұзындығы емес, берекесі маңызды, балам.

Бір күні шеберхананың алдына Бектұрған келді.

Қолында ескі балтасы бар.

- Ассалаумағалейкум!

- Уағалейкумассалам, ағай! Келіңіз.

Темірші балтаны қолына алып көрді.

- Тозды, бірақ әкемнен қалған балта еді. Лақтырғым келмеді.

Темірші балтаны алақанына салып ұзақ қарады.

Екеуі үнсіз күлісті. Екі көрші алғаш рет бір-бірін түсінгендей болды.

Темірші көрікті қыздырды. Қып-қызыл болған балтаны төске қойып,

Сарт еткізді. Ұшқын жан-жаққа шашырады.

Бектұрған әлгі ұшқындарға қарап тұрды. Оның көзіне бұл жай ғана темірдің ұшқыны емес, адал еңбектің шырағы болып көрінді.

«Темірді шыңдайтын – от пен балға. Адамды шыңдайтын – өмір мен сабыр» - деп, күбірлеп тұрды.

Бектұрған балтасын алып, теміршіге ризашылықпен қарады.

- Қанша болды?

Темірші жымиып басын шайқады.

- Көрші ақысы.

- Жоқ, әр еңбектің ақысы төленуі керек.

- Сіз де еңбек адамысыз ғой, ағай. Мен темірді жөндеймін, сіз адамның ойын жөндейсіз. Сіздің де еңбегіңіздің өтеуі көп бола бермейді.

Бектұрған үнсіз бас изеді. Қалтасынан ақша шығарып, үстел үстіне қойды.

- Мұны ал. Адал еңбек ешқашан тегін болмауы керек.

Темірші ақшаны үндемей алды.

- Онда сіз де бір уәде беріңіз.

- Қандай?

- Кітап жазуды тоқтатпаңыз.

Бектұрған күлімсіреп қойды.

- Кітап жазу оңай емес.

- Темір соғу да оңай емес.

Екеуі тағы да үнсіз күлді.

Сол күні кешке Бектұрған үйіне ерекше көңіл күймен оралды.

Кешкі шай үстінде әйелі:

- Бүгін біртүрлі көңілді көрінесің,- деді.

- Иә, Бүгін бір қарапайым адамнан үлкен сабақ алдым.

- Не сабақ?

- Біз көбіне дипломы бар адамды ғана білімді көреміз. Ал өмірдің нағыз даналығы кейде қолында балғасы бар қарапайым еңбек адамның жүрегінде жатады екен.

Үш томнан тұратын оқулық та жазылып біткен, сол кеште жаңа көркем шығарма бастады. Тақырыбын үлкен әріптермен «Адал кісі»деп жазды.

Бұл атау енді бір ғана адамның емес, өзі таныған талай жанның тағдыры.

Атасы...Әкесі...Ұстаздары...Темірші...Диқан...Жүргізуші...пол жуғыш апай....

Қарапайым еңбекпен өмір сүріп жатқан қаншама адам...олардың ешқайсысы газетке шықпайды.Теледидардан көрсетілмейді. Бірақ елдің тірегі – солар.

Бектұрған қаламын қолына алды. Ол бүгін өз өмірі туралы емес, адал еңбек туралы жазатынын сезді. Өйткені адамды биік ететін атақ емес, қызмет емес. байлық емес. Адамды биік ететін – ешкім көрмесе де адал еткен еңбегі. Сөйлемнің соңына нүкте қойған кезде жүрегі жеңілдеп сала берді.

Дәл сол сәтте көрші шеберханадан тағы да балғаның үні естілді.

Сарт! сарт!

- Ұста... Сен темірді шыңда. Мен сөзді шыңдайын.

Екі шеберханада екі түрлі еңбек қайнап жатты.

Бірінде – қызған темірден құрал-сайман.

Екіншісінде – ақ қағаз бетінде көркем шығарма.

Екеуін біріктіріп тұрған бір ортақтық бар. Ол – адал еңбек. Осы сәттен бастап Бектұрған бір нәрсені анық түсінді. Адамның өмірі ұзақ болмауы мүмкін. Қызметі де мәңгі емес. Байлығы да бір күні таусылады. Бірақ адал еңбекпен өмір сүрген адамның ізі ешқашан өшпейді. Өйткені жақсы құрал-сайман ұста өлгеннен кейін де елге қызмет етеді. Жақсы кітап авторы дүниеден өткеннен кейін де талай ұрпақтың жүрегінен жол табады.

Бектұрған да бір күнін қайталайды, темірші көршісі де бір күнін қайталайды. Бір күні дәріс аяқталған соң аудиторияда жалғыз студент қалып қойды. Қолында көне дәптер.

- Ағай, бір сұрақ қойсам бола ма?

- Әрине.

- Сіз бізге әдебиетті ғана үйретпейсіз...

- Сонда тағы нені үйретіп жүрмін?

- Адал өмір сүруді.

- Біз сіздің сөзді ғана емес, жаныңызды да оқимыз.

Зәулім үйлер. Жарқыраған дүкендер. Асығыс адамдар. Әркім өз қамымен кетіп барады. «Осы адамдардың қаншасы кешке үйіне көңілі тыныш қайтады екен,ә?!». Ақша табу қиын. Бірақ арды сақтау одан да қиын. Үйге келген соң кітап сөресінің алдына ұзақ тұрды.

Сөреде жүздеген кітап. Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Төлен Әбдік, Қытай классиктері, әлем әдебиеті. Ол Абайдың қара сөздерін қолына алды. Бірнеше бетін ашып оқыды. «Адамның адамшылығы – ақы, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады...».

Кітапты ақырын жапты. «Ұстаз!». Осы сөздің салмағын бұрын да білетін. Бірақ бүгін мүлде басқаша сезінді. Ұстаз – мамандық емес. Ұстаздықта алдыңғылардың аманаты бар.

Көрші шеберханадан баяғы таныс дыбыс тағы естілді.

Сарт! сарт! Бектұрған терезені ашты.

- Біз екеуміздің кәсібіміз екі басқа болғанымен, тағдырымыз ұқсас.

Бірі күн бойы далаға шықпай көрік жағады. Бірі кітап жазады.

Екеуінің де арманы – артында елге пайдалы із қалдыру.

Адал еңбек – адамның Жаратушыға айтқан үнсіз дұғасы екен.

Қыс бойы қар астында жатқан қара жер бусанып, айналаға жаңа тіршіліктің лебі тарады. Ағаш бұтақтары бүршік жарып, егістікке тракторлар шыға бастады. Теміршінің шеберханасы бұрынғыдан да қарбалас. Көктем – еңбек адамының мезгілі. Бірі кетпен әкеледі. Бірі күрек. Бірі соқа.

- Ұста, мынаның жүзін шығарып бер.

-Ұста, балтамды қайрап жібер.

Темірші ешкімнің бетін қайтармайды.

Кешкі намазға дейін балғаның үні толастамайды.

Ал Бектұрған көктемгі семестрдің соңғы дәрістерін оқып жүрді.

Студенттердің көзінде бұрынғыдан өзгеше бір сенім пайда болған.

Олар енді ұстазын тек дәріс оқитын адам ретінде емес, өмірде үйренуге болатын тұлға ретінде көретін.

Бір күні сабақ аяқталған соң бір студент жанына келді.

- Мен диплом жұмысымның тақырыбын өзгерткім келеді.

- Қандай тақырып таңдадың?

- Қазіргі қытай әдебиетіндегі қарапайым еңбек адамы обыразының бейнеленуі.

- Өйткені сіз әр сабақта бізге ешкімнен ештеңе дәметпей халық үшін адал еңбек ететін жақсы маман болуды айтасыз.

Сол күні баспадан телефон соқты.

- Бектұрған мырза, қолжазбаңыз басуға дайын.

Ол бір сәт үнсіз қалды. Осы хабарды қанша жыл күтті.

Сол еңбектің жемісі енді кітап болып жарық көрмек.

Телефонды қойған соң терезе алдына келіп ұзақ тұрды.

Самал жел ағаш жапырақтарын баяу тербетіп тұр.

- Әлхамдулиллаһ... – деді ақырын.

Арада бір ай өтті. Кітап жарық көрді.

Иісі аңқыған жаңа кітапты қолына алған сәтте оның жүрегі атша тулады.

Қалың мұқабаны алақанымен сипап тұрып, көзінен ыстық жас парлады.

«Бұл жай қағаз емес, бұл – менің өмірім».

Сол күні кешке Бектұрған бір данасын қолына алып, көрші теміршінің шеберханасына кірді.

Темірші қызған темірді төске қойып жатыр екен.

Бектұрғанды көріп балғасын қоя салды.

- Келіңіз, ағай!

Бектұрған кітапты үнсіз ұсынды.

- Мынау саған.

Темірші екі қолымен алды.

Мұқабасын ұзақ қарап тұрды.

- Жаңа шықты ма?

- Иә. Бұл кітаптың жазылуына сенің де үлесің бар.

- Менің?..

- Иә. Бір күні сен: «Кітап жазуды тоқтатпаңыз» деген едің. Сол сөз мені жігерлендірді.

Темірші кітаптың алғашқы бетін ашты.

«Темірді шыңдап жүрген адал еңбек иесіне. Адамның қолынан туған құрал-сайман да, жүрегінен туған сөз де елге қызмет етсе ғана қадірлі. Ізгі тілекпен – Бектұрған». Теміршінің жанары жасаурап кетті.

Өмірінде алғаш рет өзіне арнап жазылған кітап ұстап тұрған еді.

Ол кітапты кеудесіне басты.

- Ағай, мен бұл кітаптың бәрін түсіне алмаспын.

Бектұрған оның иығына қолын қойды.

-Түсінесің.

Екеуі үнсіз сыртқа шықты. Күн ұясына еңкейіп барады.Көкжиек қызыл шапаққа боялған. Шеберхананың алдында үнсіз тұрған екі адамға сол сәтте дүниенің бар байлығы қажет емес сияқты.

Өйткені олардың жүрегінде бір ғана байлық бар. Ол – адал еңбекке деген құрмет. Бектұрған 27 оқулық, 5 роман жазды, бірақ еш медаль, марапат, ақша алмады, темірші барша ауылдың қажетін жасайды, ол да солай, екеуі де қарттық жасына жетті...шаштары ағарған, жүздерінде бір қуаныш бар... өмірлеріне риза. Адал еңбек – ардың ісі. Жұрт алдында жүздері жарқын.

Нұрхалық Абдырақын

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 1118
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1545