Қазақстандағы энергетика нарығы: «Көлеңкелі» ықпал
Қазақстанның энергетика саласы соңғы жылдары тек инфрақұрылымның тозуымен немесе электр энергиясының тапшылығымен емес, сонымен бірге басқару жүйесінің ашық еместігімен де күрделі дағдарысты бастан кешу үстінде.
Осы аптада «Green Platform» жетекшісі әрі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) Тосқауылдар жөніндегі республикалық кеңесінің мүшесі Сергей Агафоновтың мәлімдемесі саладағы қордаланған үлкен проблеманың бетін ашып берді.
Бұл орайда әңгіме электр энергетикасы нарығын бақылап, стратегиялық шешімдер қабылдайтын басты орган – Нарық кеңесі мен оның айналасындағы мүдделер қақтығысы туралы болып отыр.
НАРЫҚ КЕҢЕСІ ДЕГЕН НЕ ЖӘНЕ ОЛ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?
«Электр энергетикасы туралы» ҚР Заңына сәйкес, Нарық кеңесі – бұл саланың дамуын реттейтін, Энергетика министрлігіне кеңес беретін және Бірыңғай сатып алушының (Единый закупщик) қызметін бақылайтын коммерциялық емес ұйым. Оның басты функциялары:
Ивестициялық бағдарламаларға қорытынды беру: Энергия өндіруші ұйымдардың инвестициялық өтінімдерін тексеру;
Басымдықпен сату көлемін бекіту: Жылу-электр орталықтарының Бірыңғай сатып алушыға электр энергиясын басым тәртіппен сату көлемдеріне сараптама жасау;
Болжамды баланс дайындау: Елдің алдағы 7 жылға арналған электр энергиясы мен қуат балансының жобасына сараптамалық қорытынды ұсыну.
2016 жылдан бері Энергетика министрлігінің бұйрығымен бұл мәртебе «Қазақстан электр энергетикалық ассоциациясы» (ҚЭЭА) жеке басым ұйымына берілген.
МҮДДЕЛЕР ҚАҚТЫҒЫСЫ: ЖЭО-ЛАР ӨЗ-ӨЗІН БАҚЫЛАП ОТЫР МА?
Мәселенің негізгі түйіні – Нарық кеңесі президиумының құрамында. Қазіргі таңда кеңестегі 11 мүшенің 7-уі (64%-ы) тікелей ЖЭО-лардың өкілдері немесе солармен аффилирленген тұлғалар.
Бұл неге қауіпті?
Бәсекелестікке кедергі: ЖЭО өкілдері өздері өндіретін электр энергиясын Бірыңғай сатып алушыға сату көлемін өзге бәсекелестеріне қарағанда өздеріне тиімді етіп бекітіп алуы мүмкін. Нәтижесінде, көтерме нарықтағы еркін әрі бәсекелестік сектордың үлесі шектеледі.
Бақылаудың болмауы: Меншікті инвестициялық бағдарламаларына өздері сараптама жасап, өздері баға береді.
Қате болжамдар: Сарапшылардың пікірінше, Нарық кеңесі жылдар бойы Энергетика министрлігіне тым «оптимистік» болжамдар ұсынып келген. Бүгінгі таңда еліміз тап болған электр энергиясының тапшылығы – осы дұрыс жасалмаған 7 жылдық болжамдардың да тікелей салдары болып табылады.
Сергей Агафонов бұны: «Ойын ережесін анықтайтын және нарықты бақылайтын орган құрамында ойынның өзіне қатысушы ірі монополистердің отыруы – классикалық мүдделер қақтығысы мен әкімшілік тосқауыл.»,-деп санайды.
«ЛАУАЗЫМДЫ САТУ»: ҚЭЭА-ДАҒЫ КОРПОРАТИВТІК БАСҚАРУ ШОГЫ
Ашылған тағы бір сорақы факт – ассоциация ішіндегі орындардың қаржыға сатылуы. ҚЭЭА Төрағасының БҚДА отырысында растаған мәліметіне сүйенсек, Ассоциацияның Директорлар кеңесіне сайлану үшін «жоғарылатылған мүшелік жарна» (повышенный членский взнос) төлеу талап етіледі.
Яғни, саланың тағдырын шешетін кеңеске біліктілігі мен тәуелсіздігі бар мамандар емес, көп ақша төлей алатын иелері мен монополистер өтеді.
Ал ең өкініштісі – ҚЭЭА Директорлар кеңесінің құрамы мен Нарық кеңесі президиумының құрамы іс жүзінде бірдей. Дәл осы себепті, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) Тосқауылдар жөніндегі кеңесі ҚЭЭА базасындағы Нарық кеңесін екінші рет қайталап «әкімшілік тосқауыл» деп таныды.
РЕФОРМАНЫ НЕДЕН БАСТАУ КЕРЕК?
Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі жекелеген топтардың немесе ЖЭО иелерінің тар мүддесіне кепілдікке берілмеуі тиіс. Нарық кеңесіндегі мүдделер қақтығысын жою үшін косметикалық өзгерістер жеткіліксіз.
Редакция есебінен ұсынылатын түбегейлі қадамдар:
Тәуелсіз мәртебе беру: Нарық кеңесін белгілі бір монополиялық ассоциацияның (ҚЭА) құрамынан толық бөліп шығару.
Тәуелсіз директорды тағайындау: Кеңесті квазимемлекеттік сектордағыдай ашық конкурс арқылы сайланған, ешқандай ЖЭО-ға немесе энергия өндіруші компанияға қатысы жоқ тәуелсіз директор басқаруы тиіс.
Паритетті өкілдік: Кеңес құрамында тек дәстүрлі ЖЭО өкілдері емес, Жаймалы-жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК), тұтынушылар, сарапшылар мен бәсекелес генерация өкілдері тең дәрежеде (баланста) болуы қажет.
Энергетика нарығында ашық, әділ және бәсекелестік орта қалыптаспайынша, тарифтердің өсуі мен тарифтік реформалар халық үшін де, бизнес үшін де нәтижесіз болып қала бермек.
Abai.kz