Бейсенбі, 22 Қазан 2026
Жаңалықтар 79 0 пікір 22 Қазан, 2026 сағат 19:02

Ресейге барып, соғысқа тап болған жігіттер елге оралды

Сурет: qaz365.kz сайтынан алынды.

Ресейге жұмыс істеуге барып, Украинадағы соғысқа тап болған қазақстандықтар елге оралды. Адвокат Мейірман Шекеев олардың туған жеріне аман-есен жеткенін хабарлады.

Адвокат әлеуметтік желідегі жазбасында азаматтардың елге оралуына атсалысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Сыртқы істер министрлігінің өкілдеріне және көмектескен барша азаматқа алғыс білдірді.

«Бұл — жай ғана қайту емес. Бұл — ата-ананың көз жасы, отбасының үміті, баланың, Қазақстан азаматтарының елге оралуы. Осы балалардың әрқайсысы бүгін өз жерінде, өз елінде, өз ата-анасының жанында. Аллаға сансыз шүкір», — деп жазды Мейірман Шекеев.

Ол сондай-ақ қазақстандықтарды Мәскеу әуежайынан күтіп алып, шығарып салуға көмектескен азаматтарға да ризашылығын білдірді.

Адвокат құзырлы органдардан азаматтар елге оралып, ес жиғанша оларға тыныштық беруді сұрады.

Еске сала кетейік, қазан айының басында Украинадағы соғысқа тап болған қазақстандықтардың аналары мен туыстары Астанаға келіп, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен көмек сұраған болатын.

Жақындарының айтуынша, жігіттер Ресейге күзет агенттіктеріне жұмысқа орналасу үшін барған. Алайда оларға еңбек шартының орнына басқа құжаттарға қол қойдырған болуы мүмкін. Соның салдарынан қазақстандықтар келісімшарт бойынша әскери қызметшілерге айналып, соғысқа жіберілген.

Бұған дейін Мейірман Шекеев азаматтардың әскери міндеттемелерден босатылғанын және олардың Қазақстанға оралуына заң жүзінде ешқандай кедергі жоқ екенін мәлімдеген еді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 1145
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1595