Темірдей тәртіп пен шаршы алаң
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БОКСТАН СПОРТ ШЕБЕРІ БАУЫРЖАН ӘЛИДІҢ ҚОС МАЙДАНЫ
Қазақ боксының тарихы — тек шаршы алаңдағы тартыстармен ғана емес, сол додаларда намыс жыртқан біртуар тұлғалардың мінезімен өрілген шежіре. Бүгінде осы даңқты жолды лайықты жалғап, спорт пен мемлекеттік қызметтің жауапкершілігін тең ұстап жүрген жас буын өсіп келеді.
Солардың бірегейі — бокстан халықаралық аренада ел намысын қорғап, сонымен бірге құқық қорғау саласының болашақ офицері атануға дайындалып жүрген Қазақстан Республикасының бокстан спорт шебері Бауыржан Әли Әділбекұлы.
Бауыржан — бүгінде жастар арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері, кадеттер мен жастар арасындағы Қазақстанның екі дүркін Кубогының иегері. Оның спорттық мансабындағы айтулы белестердің бірі — Өскеменде өткен халықаралық турнирдегі жарқын жеңісі. Осы жеңісінен кейін жас былғары қолғап шебері кәсіпқой және әуесқой боксшылардың әлемдік танымал «BoxRec» рейтингінде өз салмақ дәрежесі бойынша алгоритмге сәйкес үздік ондыққа (9-орынға) еніп, қазақ боксының әлеуетін тағы бір дәлелдеді.
Бұл жетістіктің отандық спорт тарихында орны ерекше және бұл — бірегей прецедент. Себебі, күнделікті уақыты тек жаттығумен өтетін қарапайым азаматтық спортшылардың өзі бағындыра алмайтын халықаралық BoxRec рейтингінің 9-орынына Бауыржан қатал әскери режимде жүріп қол жеткізді. Ол — Қазақстан Республикасы ІІМ Барысбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының 4-курс курсанты, полиция сержаны.
Ұлттық тәртіп пен спортты серік еткен Қазақстан Республикасының бокстан спорт шебері күнделікті казармалық және әскери тәртіптің қатал талаптарына бағына жүріп, шаршы алаңдағы жойқын дайындықтарын бір сәтке де тоқтатқан емес. Академия қабырғасындағы темірдей тәртіп оның спорттағы мінезін шыңдай түссе, спорттағы қайсарлығы қызметте қырағы болуға септігін тигізуде. Ішкі істер органының болашақ офицері ретінде ол мемлекеттің қауіпсіздігі мен ел ішіндегі заңдылықты қорғауды басты парызы санайды.
Әлемдік рейтингте топ жарып, Азия додасында көк байрақты желбіреткен Бауыржан Әлидің бұл жетістіктері — үлкен еңбек пен қажырлылықтың жемісі. Спорт пен тәртіпті тең ұстаған сержанттың алдағы бағындырар белестері бұдан да биік болатынына кәміл сенеміз. Қазақ елінің намысын қорғайтын осындай қайсар ұлдар барда, көк туымыз тұғырынан түспек емес.
Жамбыл облысының Бокс федерациясы
Abai.kz