Экстремистік топ: Атырауда күдікті 10 адам ұсталды
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) баспасөз қызметі хабарлағандай, 30 қазанда Атырауда экстремистік топ құру және оның қызметіне қатысу, терроризмді насихаттау және діни араздықты қоздыру күдігімен 10 адам ұсталды.
«2026 жылғы 30 қазанда ҰҚК прокуратура органдарының үйлестіруімен Атырау қаласында сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде бір мезгілде 10 адамды ұстады. Олар экстремистік топты құрды, оған басшылық етті және қызметіне қатысты, сондай-ақ терроризмді насихаттады және діни араздықты қоздырды деген күдікке ілінді», — делінген хабарламада.
Тергеу мәліметтері бойынша, топ қатысушылары Қазақстанның батыс өңірінде конституциялық құрылыс негіздерін күшпен өзгертуді көздеген.
Күдіктілердің тұрғылықты жерлерін тінту барысында атыс қаруы, есірткі заттары, діни атрибутика, әдебиеттер және басқа да заттай дәлелдемелер табылып, тәркіленді.
Бұдан бөлек, топ қатысушылары балалар мен жасөспірімдерді оқыту үшін құрған 3 астыртын оқу орталығының қызметі тоқтатылды.
Нақтыланғандай, кейбір фигуранттар бұған дейін террористік және жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес басқа мәліметтер жария етуге жатпайды.
Abai.kz