Дүйсенбі, 2 Қараша 2026
Жаңалықтар 88 0 пікір 2 Қараша, 2026 сағат 16:57

Мәслихат сайлауына 35,8 млрд теңге бөлінеді

Сурет: qaz.ulysmedia.kz сайтынан алынды.

Қазақстанда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізуге 35,8 млрд теңге бөлінеді. Қаражаттың басым бөлігі сайлау комиссиялары мүшелерінің еңбекақысын төлеуге жұмсалады.

Сайлауға арналған шығын көлемі Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерімен келісілген. Бұл туралы брифингте Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник мәлімдеді.

Оның айтуынша, алдағы науқан ауқымы жағынан Құрылтай сайлауымен салыстыруға келеді.

Мәслихат сайлауына қосымша 3 022 округтік комиссия тартылып, олардың құрамында 15 110 адам жұмыс істейді. Бюджеттің шамамен 70%-ы, яғни 25 млрд теңгеге жуық қаражат учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің еңбекақысын төлеуге бағытталады.

Қаражаттың бір бөлігі кандидаттарға да қарастырылған. Олар мемлекеттік қаржыны бұқаралық ақпарат құралдарында өздерінің сайлауалды бағдарламаларын жариялауға жұмсай алады.

Төлем мөлшері кандидаттың қай мәслихатқа түсетініне байланысты:

  • облыстық мәслихат кандидаттарына – 700 мың теңгеден;
  • Астана және облыстық маңызы бар қалалар мәслихатына кандидаттарға – 650 мың теңгеден;
  • аудандық мәслихат кандидаттарына – 500 мың теңгеден.

2023 жылғы сайлаумен салыстырғанда бұл сомалар өскен. Ол кезде төлем мөлшері шамамен бір жарым есе аз болған.

– Айырмашылықтың едәуір екенін көріп отырсыздар. Бұл экономикада болған өзгерістерді барынша ескереді, – деп түсіндірді Бортник.

Мемлекеттік қолдаудан бөлек, кандидаттар сайлау науқанына арналған қаражатты сайлау қорлары арқылы жинай алады. Партиялар үшін шекті сома – 255 млн теңге, облыстық мәслихат кандидаттары үшін – 25,5 млн теңге, ал қалалық және аудандық мәслихат кандидаттары үшін шамамен 12,7 млн теңге.

Мәслихаттардағы депутаттық орындарға 10 971 кандидат үміткер болып отыр. Олардың 1 219-ы 99 партиялық тізімге енгізілген. Тағы 9 752 кандидат 3 113 бірмандатты округ бойынша тіркелген. Орта есеппен бір депутаттық мандатқа үш кандидаттан келеді.

Сайлауалды үгіт 1 қараша күні кешке басталып, 28 қарашада түн ортасында аяқталады. Дауыс беру қарсаңында және сайлау күні үгіт жүргізуге тыйым салынады. Сондай-ақ дауыс беруге бес күн қалғанда сайлау нәтижелеріне қатысты сауалнамалар мен болжамдарды жариялауға болмайды.

Мәслихат сайлауы 29 қарашада өтеді.

Дереккөзі: qaz.ulysmedia.kz

Abai.kz

0 пікір