Бейсенбі, 5 Қараша 2026
Денсаулық 430 0 пікір 4 Қараша, 2026 сағат 13:34

Ұлт денсаулығы – мемлекеттің басты басымдығы!

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында медициналық инфрақұрылымды дамыту, алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жаңғырту және медицина қызметкерлерін қолдау бойынша нақты шараларды белгіледі. Травматологиялық қызмет үшін бұл шешімдердің ерекше маңызы бар, себебі олар халыққа мамандандырылған көмектің уақтылығы мен қол жетімділігімен тікелей байланысты.

Мемлекет басшысы өңірлерде ауруханалар, перинаталдық орталықтар, жедел жәрдем станциялары мен балаларды оңалту орталықтарын қоса алғанда, 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отырғанын атап өтті. Медициналық инфрақұрылымды дамыту, әсіресе шалғай аудандар мен елді мекендердің тұрғындары үшін аса маңызды. Ауыр жарақат алған жағдайда уақыт емдеу нәтижесіне тікелей әсер ететін шешуші факторлардың бірі саналады. Сондықтан пациенттің ірі медициналық орталықтарға жолды ұзақ жүрмей-ақ, қажетті білікті көмекті барынша қысқа мерзімде алуына жағдай жасау қажет.

Өңірлік травматологиялық қызметті дамыту жөніндегі жұмыс осы міндетті шешуге бағытталған. Академик Н.Ж.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі және «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен өңірлік травматологиялық орталықтардың бірыңғай желісін құру жобасын жүзеге асыруда. Жоба жарақат алған пациенттерге тәулік бойы медициналық көмек көрсетуді, қажетті травматология-ортопедиялық араласуларды жүргізуді және кейінгі оңалту жұмыстарын қамтиды. Мұндай желіні дамыту емдеуді бастау уақытын қысқартып, шалғай өңірлер тұрғындары үшін мамандандырылған травматологиялық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жолдауда алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жаңғыртуға маңызды орын берілген. Президент жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттіктерін кеңейтіп, осы бағытты қаржыландыруды кезең-кезеңімен арттыруды тапсырды. Травматология мен ортопедия үшін бастапқы буынның тиімді жұмысы да үлкен маңызға ие. Тірек-қимыл аппараты ауруларын уақтылы анықтау, жарақаттан кейінгі пациенттердің жағдайын тұрақты бақылау және оларды медициналық көмектің тиісті деңгейіне уақтылы бағыттау мамандандырылған консультация мен емді кешіктірмей алуға мүмкіндік береді.

Саланың дамуы заманауи материалдық-техникалық базаны нығайтуды және емдеудің жаңа әдістерін енгізуді талап етеді. Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығында қазіргі уақытта Mako және MISSO роботтандырылған жүйелері қолданылады. Бұл технологиялар ортопед-дәрігерлерге ірі буындарды эндопротездеу операцияларын жоғары дәлдікпен жоспарлап, орындауға мүмкіндік береді. Заманауи технологияларды енгізу ортопедиялық хирургияның мүмкіндіктерін кеңейтеді, оепарциялық араласудың дәлдігін арттырады және дәрігерлердің кәсіби дайындығына жоғары талаптар қояды.

Мемлекет басшысының 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмектің учаскелік қызмет мамандарының үздіксіз еңбек өтіліне байланысты еңбекақысын 40 пайызға дейін арттыру туралы шешімі де ерекше маңызға ие. Бұл шара 77 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтиды. Медициналық кадрларды қолдау – денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуының негізгі шарттарының бірі. Дәрігер мамандығы терең білімді, кәсіби дағдыларды үздіксіз жетілдіруді және адам өмірі мен денсаулығы үшін жоғары жауапкершілікті талап етеді. Еңбекақының лайықты деңгейде болуы тәжірибелі мамандарды салада сақтап қалуға және медицина қызметінің беделін арттыруға ықпал етеді.

Дәрігер және ғылыми орталықтың басшысы ретінде денсаулық сақтау саласындағы барлық реформалардың басты нәтижесі медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру болуы тиіс деп санаймын. Пациент үшін бұл – қажетті тексеруден уақытылы өту, тиісті ем алу және қалыпты өмірге қайта оралу мүмкіндігі. Дәл осы нәтижелер Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді табысты іске асырудың басты көрсеткіші болуға тиіс.

Олжас Бекарисов,

Академик Н.Ж.Батпенов атындағы ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының директоры

Abai.kz

0 пікір