Алматы тау кластерін дамыту кезеңдері
Алматы тау кластерін дамыту бірнеше жылға жоспарланған және туристік әрі спорттық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен салуды көздейді. Жоба бес тау аймағын — Шымбұлақ, Кімасар, Бұтақты, Пионер және Oi-Qaragai аумақтарын қамтиды. Болашақта олар бірыңғай жүйеге біріктіріліп, әрбір келуші шаңғы спортынан бастап отбасылық серуендер мен жаяу туристік маршруттарға дейін өзіне қолайлы демалыс түрін таңдай алады.
Құрылыс жұмыстары үш кезекке бөлінген. Әр кезек аясында аумақтардың өзіндік ерекшеліктері мен функционалдық мақсаты ескеріле отырып, тиісті инфрақұрылым дамытылады.
Бірінші кезек: Шымбұлақты жаңғырту
Бірінші кезең қолданыстағы тау шаңғысы курортын дамытуға бағытталған. Мұнда аспалы жолдар салу, трассаларды кеңейту, инженерлік жүйелер мен жасанды қар өндіру инфрақұрылымын жаңғырту көзделген.
Қазіргі уақытта Шымбұлақта екі жаңа көтергіш — орындықты және сүйретпелі аспалы жолдар салынып жатыр. Олардың іске қосылуы курорттың өткізу қабілетін арттырып, кезекте күту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Шымбұлақ кластердің негізгі спорттық орталығы ретіндегі мәртебесін сақтайды. Мұнда спортшылардың жаттығуына және халықаралық жарыстар өткізуге қосымша жағдайлар жасалады.
Екінші кезек: Кімасар, Бұтақты және Чкалов шыңы
Келесі кезең үш тау аумағын қамтиды. Бұл жерлерде аспалы жолдар салу, туристік маршруттар мен оларға қажетті нысандарды абаттандыру жоспарланған.
Кімасар табиғи туризм мен фрирайдты дамытуға бағдарланады. 2 100 метр биіктікте амфитеатр, шаңғы альпинизмі мен тау велосипедіне арналған маршруттар, арқанды парк және шолу алаңы қарастырылған.
Бұтақты отбасылық демалысқа, серуендеуге және күрделілік деңгейі әртүрлі трассаларда сырғанауға кең мүмкіндік ұсынады.
Чкалов шыңы кластердің негізгі панорамалық нүктелерінің біріне айналады. S4 маятниктік аспалы жолы келушілерді шамамен 3 880 метр биіктікке көтереді. Бұл жерде шолу алаңы бар көпфункционалды кешен салу көзделген.
Жаңа бағыттарды игеру демалушылар ағынын бірнеше аумаққа бөлуге және ең көп баратын учаскелерге түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Үшінші кезек: Пионер және Oi-Qaragai
Пионер аумағын бұқаралық және бейімделген спортты дамыту орталығы ретінде қалыптастыру жоспарланған. Мұнда инклюзивті бағдарламаларды іске асыру және қозғалысы шектеулі келушілер үшін кедергісіз орта құру көзделген.
Oi-Qaragai жыл бойы отбасылық демалыс ұйымдастыруға, оқытуға және қауіпсіз маршруттарды дамытуға бағдарланады. Екі аумақта да аспалы жолдар мен қажетті қызмет көрсету нысандарын салу жоспарланған.
Қазіргі уақытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
Құрылыс жұмыстары Шымбұлақта, сондай-ақ Бұтақты және Кімасар шатқалдарында басталды.
Бұтақтыда болашақ аспалы жол станцияларының алаңдары дайындалып, инженерлік-геологиялық зерттеулер жүргізілуде. Сонымен қатар құрылыс техникасы мен инженерлік желілерге арналған технологиялық жолдың жобалық шешімдері пысықталуда.
Кімасарда базалық станцияға арналған алаң дайындалды.
2026 жылдың соңына дейін алғашқы жаңа аспалы жолды іске қосу жоспарланған.
2029 жылға қарай не өзгереді?
2029 жылға қарай Алматы тау кластерінің негізгі инфрақұрылымын қалыптастыру жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру Алматы тұрғындары, туристік бизнес және өңір экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
- Жұмыс орындары: саны 2 000-нан 15 000-ға дейін артады.
- Салық түсімдері: жылына 91,5 млрд теңгеден 117,3 млрд теңгеге дейін өседі деп болжануда.
- Жыл бойғы демалыс: қысқы сырғанау және жазғы бағыттар — треккинг, тау велосипеді мен панорамалық туризм дамиды.
- Көлік қолжетімділігі: аспалы жолдар жүйесі мен шаттл-автобустарды дамыту тау жолдарындағы автокөлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Басты нәтиже — Алматы таулары қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолжетімді әрі тартымды бола түседі. Ал туризм саласы жаңа жұмыс орындарына, инвестицияларға және бизнесті дамыту мүмкіндіктеріне жол ашады.
Abai.kz