Бейсенбі, 26 Қараша 2026
Ақмылтық 419 0 пікір 26 Қараша, 2026 сағат 15:37

Алашта – қазақта дербес әліпби неге жоқ?

Суреттер: democrat.kz, stan.kz сайттарынан алынды.

Қазақтың ұлттық әліпби мәселесі – өткеннің ғана емес, бүгінгі тәуелсіздіктің де өзектіәрі маңызды мәселесі

Қазақ халқының жазу тарихында Алашорда кезеңі ерекше орын алады. ХХ ғасырдың басында Алаш зиялылары ұлттың саяси дербестігімен қатар, тілдік, мәдени және рухани дербестігін қалыптастыруға күш салды. Сол мұраттардың бірі – қазақ тілінің табиғатына сәйкес келетін ұлттық әліпби жасау еді.

Алайда бүгін бір тарихи сұраққа қайта оралуға тура келеді: Алашта/қазақта неге дербес әліпби жоқ? Неге ұлттық жазу жүйесін қалыптастыруға ұмтылған Алаш зиялыларының мұрасы болғанымен, қазақтың төл дыбыстық жүйесіне толық негізделген, дербес кирилл әліпбиі бүгінге дейін қалыптаспады?

Бұл сұрақтың жауабын тек әліпби тарихынан емес, кеңестік тіл саясатының салдарынан, тәуелсіздік кезеңіндегі шешімдерден және қазіргі қазақ тілбілім ғылымынан іздеуіміз керек.

42 әріп – қазақтың төл әліпбиі ме?

Қазіргі қазақ кирилл әліпбиі 42 әріптен тұрады. Оның құрамында қазақ тіліне тән дыбыстарды таңбалайтын әріптермен қатар, орыс тілінің дыбыстық жүйесіне арналған таңбалар да бар.

Осылайша, қолданыстағы әліпби қазақ және орыс тілдерінің таңбаларын біріктірген ортақ графикалық жүйе сипатында жасақталған. Мұны қазақ тілінің дыбыстық табиғаты мен әліпби құрамын салыстыру арқылы аңғару оңай және екі тілдің ортақ әліпбиі екеніне көз жеткізу де соншалықты жеңіл.

Бұл мәселені өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап көтеріп келеміз. 1991 жылдың қыркүйегінде «Азат» газетінде «Қазақтың әліпбиі қалай-қалай?» атты мақала жарияладық. Онда 42 әріптен тұратын қолданыстағы әліпбидің қазақ және орыс тілдерінің ортақ әрі дүәбәрә әліпби екеніне назар аудардық.

Сол жылдың қазан айында Тіл білімі институтының директоры, академик Әбдуәли Қайдар бастаған зиялы қауым Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа әліпби жасау жөнінде үндеу жариялады. Бұл үндеу мәселенің жеке ғалымдардың ұсынысы деңгейінен шығып, мемлекеттік шешімді қажет ететін саяси әрі ғылыми міндет екенін көрсеткен маңызды бастама болатын.

Алайда сол кезде бұл ұсыныс мемлекеттік деңгейде нақты шешімге ұласпады.

Тәуелсіздік қарсаңындағы бастамалар және шешілмеген мәселе

1992 жылы Әзербайжанда жаңа латын әліпбиіне көшу туралы мемлекеттік шешім қабылданды. («Түркі» деген сөз зат есім емес, сын есім, этноним болуға жарамайды) - («төрк» деген сөз зат есім емес, сын есім, этноним болуға жарамайды) - бұл дұрыс емесхалықтарының жазу жүйесін ұлттық негізде жаңғыртуға бағытталған маңызды бастама еді.

Қазақстанда да әліпби реформасы жөніндегі ғылыми ізденістер жалғасты. 2004 жылы «Қазақстан Заман» газетінде «Қазақ әліпбиіне реформа қажет» атты мақаламыз тағы жарық көрді. Классик жазушы Дулат Исабековтің қолдауымен газет бұл материалды арнайы жүлдеге де лайық деп тапты. Сол жылы академик Әбдуәли Қайдар бастаған Тіл білімі институтының басшылығы латын графикасына көшу жөніндегі бастаманы қайта көтерді.

Бірақ осы кезеңдерде де қазақ жазуының негізгі құрылымдық мәселесі түбегейлі шешілген жоқ.

Өзім ұсынған бастапқы ұстаным мынадай еді: алдымен қолданыстағы кирилл әліпбиінен қазақ тілінің табиғатына қажетсіз орыс әріптерін алып тастап, ұлттық кирилл әліпбиін қалыптастырудан бастап, содан кейін белгілі бір кезеңде сол әліпбиді латын графикасына ауыстыру әлдеқайда жүйелі әрі жеңіл болар еді.

Бұл ұсыныс кезінде бірқатар ғалымдардың күмәнін туғызды. «Бір қадамды екі қадам етеміз бе?» деген пікір де айтылды.

Алайда уақыт бұл мәселені қайта қарауға мәжбүр етіп отыр. Латын графикасына көшу бастамасы бірнеше рет өзгеріске ұшырап, әліпби жобалары талқыланып жатқанда, қолданыстағы кирилл әліпбиінің ұлттық негіздегі құрылымы назардан тыс қалды.

Латынша әліпбидің үш нұсқасы: ізденіс пе, әлде шешімсіздік пе?

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет көтерілгенімен, нақты мемлекеттік деңгейдегі қарқынды жұмыс 2017 жылы басталды. Алайда осы кезеңдегі реформаның барысына көз жүгіртсек, бірқатар маңызды сұрақ туындайды: неге қазақтың ұлттық әліпбиінің ішкі құрылымы алдымен бірізді қалыптастырылмады? Неге графикалық нұсқалар қайта-қайта өзгертілді? Неге латынға көшу мәселесі қазақ тілінің төл дыбыстық жүйесін реттеумен қатар жүргізілмеді?

2017 жылғы 11 қыркүйекте Парламентте қазақ әліпбиінің латын графикасындағы алғашқы нұсқасы таныстырылды. Бұл нұсқа диграфтарға негізделді. Яғни кейбір қазақ дыбыстарын екі латын әрпімен таңбалау ұсынылды.

Осыдан кейін 2017 жылғы 26 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің №569 Жарлығымен екінші нұсқа бекітілді. Бұл жолы диграфтардың орнына апостроф қолдану тәсілі таңдалды. Бірақ ол да ұзаққа бармады. 2018 жылғы 19 ақпанда Президент Жарлығымен әліпбиге өзгеріс енгізіліп, үшінші нұсқа – акут таңбалары бар жоба ұсынылды. 2019 жылғы 18 қаңтарда осы нұсқаға қатысты емле ережелері «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды.

Бұдан кейін де ізденістер тоқтаған жоқ. Жүктелген материалда Тіл білімі институты әзірлеген төртінші нұсқа жеке көрсетілген. Ал 2021 жылғы 28 қаңтарда Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Ұлттық комиссия отырысында латын графикасындағы қазақ әліпбиінің жетілдірілген жаңа нұсқасы ұсынылғаны айтылады.

Осы кезеңдерге ортақ бір ерекшелік бар: әліпбидің графикалық таңбалануы бірнеше рет өзгертілді. Диграфтан апострофқа, апострофтан акутқа, одан кейін өзге диакритикалық белгілерге негізделген нұсқалар ұсынылды. Макрон, седиль, умлаут және бревис сияқты төрт түрлі диакритикалық белгі де сын нысанына айналды.

Бізше, мәселе диакритикалық таңбалардың өзінде ғана емес. Негізгі мәселе – қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен оған сәйкес келетін ұлттық әліпби құрылымының алдын ала бірізді анықталмауында. Тұжырымдаманың болмауында, қағадаттар мен ұстанымдардың бір ізге түспеуінде. Саяси популистік мұраттың тілден басым болуында. Егер әуелі қазақ тілінің төл дыбыстары мен олардың таңбалық жүйесі нақты белгіленсе, графикалық нұсқаларды әзірлеу де әлдеқайда жүйелі болар еді.

Мұнда тағы бір маңызды жайт бар. Латын графикасына көшу жөніндегі талқылаулар кезінде қолданыстағы 42 әріптік кирилл әліпбиінің ұлттық сипаты мен ішкі қайшылықтары түбегейлі шешілген жоқ. Басқаша айтқанда, біз қазақ тілінің дыбыстық жүйесін ұлттық негізде ретке келтіру мәселесін шешпей тұрып, оның графикалық қабатын өзгертуге кірістік. Басқаша айтқанда, науқастың киімін ауыстыру арқылы сауықтыруды жоспар қылдық.

Сондықтан латын әліпбиінің бірнеше рет өзгертілуін тек техникалық немесе графикалық ізденістердің нәтижесі деп қарастыру жеткіліксіз. Бұл жағдай қазақ тілінің ұлттық әліпби құрылымын қалыптастыру мәселесінің әлі де шешімін таппағанын көрсетеді.

Осыдан шығатын тұжырымым мынадай: алдымен қазақтың дербес ұлттық әліпбиін қалыптастыру қажет. Оның графикалық негізі қазіргі кирилл жазуы болса да, бұл жұмысты кейінге қалдыруға болмайды.

К32 жобасы осы қажеттіліктен туындайды. Оның мақсаты – қолданыстағы кирилл әліпбиіндегі қазақ тіліне қажетсіз таңбаларды алып тастап, қазақтың төл дыбыстық жүйесіне негізделген 32 әріптік ұлттық әліпби қалыптастыру. Мұндай жүйе болашақта латын графикасына көшудің де ғылыми әрі құрылымдық негізі бола алады.

Кесте: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Туыстас халықтардың тәжірибесі нені көрсетеді?

Қазақ әліпбиінің ерекшелігін анықтау үшін туыстас төрк халықтарының кирилл әліпбилерін қарастырдық. Зерттеу барысында 16 халықтың (ішінде парсытілді тәжік те бар) әліпби үлгілерін жинап, олардың әріптік құрамына назар аудардық.

Бұл салыстырудан бірнеше маңызды ерекшелік байқалады.

Біріншіден, көптеген төрк халықтарының кирилл әліпбилері өз тілдерінің дыбыстық ерекшеліктеріне лайықталған. Олардың құрамында ұлттық дыбыстарды беретін арнайы таңбалар бар.

Екіншіден, зерттелген әліпбилердің көпшілігінде әріп саны 32–39 шамасында, яғни орыстың әріптері біздегідей зорлап таңылмаған. Әрине, әріп санының өзі әліпбидің сапасын анықтайтын жалғыз өлшем емес. Бірақ бұл көрсеткіштер ұлттық дыбыстық жүйеге бейімделген әліпби қалыптастырудың мүмкін екенін көрсетеді.

Үшіншіден, кеңестік кезеңдегі бірқатар төрк халықтарының әліпбилерінде орыс тілінен енген қосымша таңбалар сақталған. Ал қазақ және башқұрт әліпбилерінде 42 әріптік құрамның қалыптасуы оларды орыс әліпбиімен қосып, дүәбәрә етілгендігімен өзге үлгілерден ерекшелендіреді.

Әзербайжанның кеңестік кезеңдегі кирилл әліпбиі бұл тұрғыдан назар аударарлық мысал. Онда 32 әріптен тұратын ұлттық сипаттағы дербес жүйе қалыптастырылған болатын. Тіпті, білуімізше Совет дәуірінде кавказдық әзербайжан, әрмен және гүрзү тілдері сәйкес республикаларда мемлекеттік мәртебе болғандығымен де ерекше.

Бұл салыстырудан шығатын негізгі қорытынды: қазақ тіліне де өз дыбыстық жүйесіне сәйкес келетін дербес кирилл әліпбиін жасауға толық мүмкіндік бар еді.

Латынға көшу – ұлттық әліпби мәселесінің жалғыз шешімі емес

Қазақ қоғамында әліпби мәселесі көбіне латын графикасына көшу төңірегінде талқыланып келеді. Латынға көшу – өз алдына маңызды стратегиялық мәселе. Бірақ оны жүзеге асыру барысында қазақ тілінің ұлттық дыбыстық жүйесін қалыптастыру міндетін кейінге қалдыруға болмайды.

Өйткені графика мен әліпби – бір ұғым емес. Графика жазудың таңбалық негізін білдірсе, әліпби сол тілдің дыбыстық жүйесін таңбалар арқылы ұйымдастырады.

Демек, мәселе кирилшеден латынға көшу немесе көшпеу ғана емес. Ең алдымен, қазақ тілінің өзіне тән дыбыстық-таңбалық жүйесін және жазу принциптерін айқындау қажет.

Егер осы міндет шешілмесе, графиканы өзгерткенімізбен, әліпбидің ішкі құрылымындағы қайшылықтар сақталмайтынына кепілдік жоқ. 2025 жылы латыншаға өте алмауымыз да осы себептен және халықпен жұмыстың советтік дәуірдегідей үгіт-насихатпен шектелуінен!

Біз әуелі қазақ тілінің ұлттық әліпбиін қалыптастырып, содан кейін оның графикалық нұсқасын өзгерту мүмкіндігін қарастыруымыз керек болатын, енді соны бәрібір қолға алу керек.

Бұл – екі бөлек реформа емес, біртұтас тілдік саясаттың сабақтас кезеңдері. Бізге бүгінгі кирилқаріпті әліпбиден дербес ұлттық сипат шығармасақ, демографиялық апатқа килігуіміз ықтимал: елдегі жас ұрпақ әліпбидің шешілмеуінен туындаған әрі-сәрі даурығыстан басқа тілге көшу үдерісін тежеу қиындай түседі; шетелдегі 5 миллиондай қазақтың төте жазумен бөлшектелуі тереңдейді.

Қазақтың дербес кирилл әліпбиі – өткеннің қатесін түзету ғана емес, болашақ ұлттық жазу жүйесінің негізін қалау.

Алаштың әліпби мұратын бүгінгі күннің талабына сай жалғастырудың бір жолы – осы.

Серік Ерғали,

Астана. 2026 жыл. Қараша.

Қосымша:

(Суреттер: Автордың жеке мұрағатынан алынды)

Abai.kz

0 пікір