Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3114 0 пікір 23 Қараша, 2009 сағат 04:29

Жанар ЕЛДОСҚЫЗЫ. А-а-а-йқай

Өмірі айқай естімедім дей аласыз ба? Немесе бір де бір рет айқайламағаныңызды айтып сендіріп көріңізші. Мені емес, өзіңізді. Біз бәріміз алдыңғысын, соңғысын да талай рет бастан өткердік. Бәлкім адам болғасын. Бәлкім тіршілік кешіп, жер басып жүргесін. Сонда айқай нені өзгертеді? Белгісіз. Бірақ бәріміз аракідік оны, әсіресе соңғысын сағынамыз. Кейде ешкімге ашып айта алмайтын, ешкім түсіне алмайтын жан сырымыздың тұншыққан дыбыстардың құндағында дүниеге келгенін қалайтын шығармыз. Әйтпесе ханның құпиясын өле-өлгенше өзімен ала кетуге ант-су ішіп, жанын аман сақтап қалған байғұс шаштараз айдалаға барып айқайлар ма еді: «Біздің хан та-а-аз екен!» деп. Бұдан кейін оны өлтірсе де өкіне қоймас-ау. Ол армансыз. Демек, айқай өмірдің өзінен қымбат кездер болады. Әрі ол адам ойын тұншықтырған сайын күшейе түсетін көрінеді.

Бүгінгі біздің қоғам да айқайды аяқтап бітті. Шартарап шыңғыруға көшті. Біреудің даңғазасы, біреудің жан жарасы, біреудің сағынышы, біреудің сабылысы, біреудің зары, біреудің жаны бар онда. Шыңғыра берген жаһанның дауысы тіпті қарлығып қалды. Алғашқы қауымдық құрылыста аң қуып, аңыраған тайпаның дабылы желік қуып елірген әпендінің есеңгіреген есірігіне айналды бүгінде.

Иә, зер салсақ, айқайдың да сан түрі, сан себебі бар. Кейде адам айқай салып жалғыздығын жаһаннамға жібергісі келеді. Ал топырақ текті саналының бәрі түптеп келгенде дара. Мәңгілік алдында жауап беретін де  өзі ғана. Тіпті адам түгілі, Жаратқан да, Жер де, Ай да, Күн де жалғыз емес пе? Жердің түнеретіні де содан шығар? Күннің не себепті күйіп-пісетіні де белгілі болды. Жалғыздықты сүйетін Айды жұлдыздардың ұға алмайтыны да түсінікті. Бірақ екі аяқтының жан жарасын таңуға айқайдың шамасы жете ме екен?

Адамзат адасқаны соншалық айқайдың енді бір түрі өнерге айналды. Әйтсе де ол бүгінгі «жаңалық» емес. Әйтпесе Абай «Құр айқай бақырған. Құлаққа ән бе екен» деп назаланар ма еді? Бірақ бұл індет қанша қуса да, елден кетпепті. Сосын Абай «Жартасқа бардым күнде айқай салдым» деді. Бірақ бұл айқай халықты қуса да жетпепті

Сіз бүгінде халықты аттандап артыңыздан ерте алмайсыз. Бірақ мәселе кімнің қалай айқайлайтынында шығар. Себебі айқай иелері де әр қилы емес пе? Олар: ғашықтар, бастықтар, сәбилер, кәрілер, сағынғандар, бағынғандар, тағысын тағылар. «Айқайлар ем айдың аппақ тілінде, жеткізбейсің маған» дейді бір жанға ғашық Гүлнәр Салықбай. «Айқай салдым қылдым да бәрін ұмыт» дейді хаққа ғашық Светқали Нұржан.  Күмәндәнсаңыз түрік ақыны Хусейн Ниханның «Айқайлар жартаста адам, Хаққа шер айту үшін» дегенін еске алыңыз. Жанынан қорқып жалғызын ажал аранына тастағанның жартасты жарған азалы үнінен шошып «Айқай» деп қалам тербеген Тынымбай Нұрмағамбетов ше? Оның өзін ести алғандар да бүгін санаулы-ақ қой. Ақын-жазушылар ғана емес, әлемде «Айқай» салып, тарихта қалған суретшілер де бар. Мәселен, Мунк Эдвардтың  «Айқай» (1893, Осло, Ұлттық галерея) туындысы. Ол күнделігінде: «Достарымызбен көше бойлап келе жатқан едік. Күн батып барады. Бір сәт аспанға қып-қызыл қанды бояуды шашып жібергендей көрінді. Жаным түршігіп кетті. Табиғаттың таусылмас айқайын естігендей болдым» деп жазады. Мунк бұл композицияның бірнеше түрін салды. Соңынан «алғашқы айқайға» балаған «Торығу» да осы санатқа кіреді. Ақыры күмәнді келешекке бастаған соқпақтың қақ ортасында аспанның қанды қылышынан жан сауғалаған, 20-ғасыр бойы адамзат тарихының ашы запыранынан сарғайған түсінініксіз бейнені тапты ол. Әрі дәл тапты. Содан болар «Айқай» - «затты емес, көңілдегі шерді жазыңдар» дейтін норвегиялық экспрессионист суретші шығармашылығының шыңы. Әрі бояу динамикасы, фигуралар мен табиғаттың шынайылықтан алшақтамай әдейі бұрмалануы байқалатын, салқынқандылығы сезім құйынына тоғытатын, мысыңды басатын сыры көп сурет талай аңыздарды да туындатты. Мунк өзге ғаламшар иелерін көріпті-мыс. Мунк жынданып кетіпті-мыс. Бұлай дейтіні осы тақырыпты қайта-қайта жаза берген суретші ем алған соң ғана «айқайлауын» қойған деседі. Демек соңғысы шындыққа жанасатын пікір болғаны ғой. Бірақ несіне таңғалдым, ғалам қайғысын жұдырықтай жүрегіне сыйдырған адамның жынданбауы мүмкін бе? Мунк картинасы негізінде  1996 жылы АҚШ режиссері Уэс Крейвен қанқұйлы «Айқай» фильмін түсірді. «Аман қалғыңыз келсе, аузыңызға абай болыңыз» дейді қанқұйлы қылмыскер. Ал енді айқайламай көр. Талай данамен таралғаны аздай бұл туынды тіпті «Өте қорқынышты фильм» сынды пародия-киноларға да ұласты. Бүгінгі жастар Мункты білмесе де, жоғарыда аталған екі туындымен де жақсы таныс. Осындайда азғындықтан жерінген бейненің кейін азғындықтың жарнамасына айналғанын көрсе суретші қайтер екен деген ой келеді еріксіз.

Ал сіз адамдікінен де құстың айқайы қауіптірек болатынын білесіз бе? О́сип Мандельшта́м, Уильям Йейтс сынды ірі символист ақындардың қырғауыл айқайын неге жырға қосқаны жайлы ойланбадыңыз ба? Шыңғырғаны жан шыдатпайтын сұлу құстың атауын қорқыныш сөзімен түбірлес қылған латындықтар ше? Бәлкім құйрығына қарап мастанған ол сұрықсыз аяғын көргенде жаны түршігіп шошитын шығар. Бүгінгі адамзат өркениеті де дәл сол қырғауылдай. Немесе маңдайына жазылған мінін мойындамай жасыруға тырысқан ғаріптей. Жоқ, бізде ол да жоқ. Әйтпесе бәтеңкеңізбен қоғамның бетіне кетпес із тастап бара жатқаныңызды ойлап жанарыңызды төмен түсіріп көрдіңіз бе? Немесе біздің өркениет тілім-тілім болған, қансыраған жалаңаяқ күйіне бола айқайлап жүр ме екен? Әлде алтын басына, күміс құйрығына қарап, қуаныштан қарқылдай ма? Қалай ойлайсыз?

Сөз соңы

Иә, біз шырылдап дүниеге келеміз, жалғанды жалпағынан басып, айқайлап ғұмыр кешеміз, соңында өмірден үнсіз кетеміз. Сондықтан шығар қазақта «үнің өшсін» деген қарғыстың ауыр тиетіні.

Иә, біз әлі айқайлап жүрміз. Бірақ не үшін және қалай айқайлап жүрміз? Төрт миллиард жердің үстіндегілер жер астындағыларды оятып ала ма деп қам жеген Оралхан Бөкей де бүгін соңғыларының қатарында. Ал қазір біз 4 миллиард емес, 6 миллиард адамбыз. 6 миилиард айқаймыз. «50 жылдың ішінде ел жаңа», мүмкін өзгерген шығармыз. Кім біледі? Не десе де, ақ пен қараны ажыратып, оң мен солын танып,  сайтан көпірдің қақ ортасына жеткен адамзаттың артынан біреу айқайлап жібермесе екен деп тілеймін күнде. Сіз де тілеңіз...

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5341