Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 7576 0 пікір 30 Қараша, 2009 сағат 06:56

Серiк АҚСҰҢҚАРҰЛЫ. ТОНЫКӨК ПЕН ТЕМIРХАН

Елтерiс қаған
Қатулана атқа қонбаса,
Мен де атқа қонбасам,
Түрiк елi құм астында қалар едi.
Күл астында қалар едi.
Шүкiр!
Елiм - ел болды.
Жерiм - жер болды.
Ерлерiмдi былай қойғанда,
Құлыма дейiн өр болды!

Тоныкөк.

Алшайып жүрдiм.
Талтайып тұрдым.

Темiрхан

 

Елтерiс қаған
Қатулана атқа қонбаса,
Мен де атқа қонбасам,
Түрiк елi құм астында қалар едi.
Күл астында қалар едi.
Шүкiр!
Елiм - ел болды.
Жерiм - жер болды.
Ерлерiмдi былай қойғанда,
Құлыма дейiн өр болды!

Тоныкөк.

Алшайып жүрдiм.
Талтайып тұрдым.

Темiрхан

 

Ұлы Гомер "Илиада" мен "Одис­сея" дастанын қауырсын қаламмен қағазға түсiрсе, көне түркi жырының бастауында тұр­ған Тоныкөк өз өлеңiн тасқа қашап жазған. Мұнда әр сөз, әр буын өлшеулi. Әрi қысқа, әрi нұсқа. Жарықтай жеңiл, табыттай ауыр. Кеңiстiк кең бол­ғанмен, көйiтуге уақыт бол­ма­­ған. Қолда қалам емес - қашау, алдында қағаз емес - қара тас. Гомердiң өлеңi мұхит сынды арнасынан асып, төгiлiп жатса, Тоныкөк жыры арғымақтың тұяғындай асау түркi жүрегiнiң нотасын дөп басады. Темiрхан Медетбек ақын да әр өлеңiн Тоныкөк атасындай ақ параққа қаламмен емес, қара тасқа қайламен қашағандай жазады: "Қазiр менiң сыртым - бүтiн, iшiм - түтiн. Сол түтiн бықсып жанып, жан-жүрегiмдi қамап, өкпе қолқамды қауып тұр... Сол түтiнде, мен бiлсем, қатерлi қауiп тұр. Iшкi әлемiм одан сайын көкала түтiн боп бықсып кетедi. Көзiм­нен жас ыршып кетедi. Демiм жетпей, алқынып қалам. Қайрат, қуаттан сарқылып барам. Мәр­тебелi мемлекет басшылары! Түтiн астында қозданып жатқан шоқ болады, ал шоқта ертең лап ете түсетiн от болады! Соны түсiнсеңдершi".

Сүйегiне қына шыққан Тоныкөк пен небiр Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама, орыс отаршылдығының ойраны, аштық пен революция, репрессияларды көрiп, қазақ дейтiн халықтың қара шаңырағын құлатпай ұстап отырған елдiң шерi мен уайымы әлi бар; арада қаншама ғасыр өтсе де өзгермеген қалпында қалған. Ең өкiнiштiсi - осы! Тандайына татыған тарихи қасiрет­тен татымды тағылым ала алмаған не деген ел едiк?! "Ұшсам - атты. Жүзсем - ау құрды. Жатсам - аттан салды. Жүрсем -қақпан салды... Содан берi кү­нiмдi санап жатырмын. Жарамды жалап жатырмын. Жұлқынып жатырмын, құрған аудан шыға алмай - жайындай - бұлқынып жатырмын. Амалым бiтiп, құрып тұрмын. Ақ қар, көк мұзда қақпаннан босай алмай, жүзiнде қан-сөлi жоқ боп-боз Айға қарап, Бөрiдей ұлып тұрмын".

Кешегi көк түркiнiң нәсiлi ұшты-күйлi құрып кеткен жоқ. Темiрхан жырының басқамыздан гөрi тегеурiндiлiгiнiң түп-төркiнi осы ақиқатты алақанға салғандай алдымызға жайып салуында жатыр. "Орнында бар оңалар", тұқымсыз қалсақ не iстеймiз: "Қабағы жауар бұлттай түйiлiп, қастары адырнадай иiлiп, әрi сөзiн жебедей қадап сөйлесе, мүлгiген жұртты дауылдай сiлкi­леп кеткен, әр сөзiн еменнiң шор көзiне шегедей қадап сөйлесе, естiген жұрт Күндей күркiреп кеткен. Шерхан Мұртаза! Сен жел құсап, есiп сөйлейсiң. Қы­лыш құсап, кесiп сөйлейсiң. Сен көктегi бұлттардай көшiп сөй­лей­сiң. Сен сеңдер соқтығысып жатқан асау ағысқа омыраулап кiрiп, кешiп сөйлейсiң. Сен кейде жауға соғыласың, жау да теңселедi. Сен де теңселесiң. Сен кейде тауға соғыласың. Тау да теңселедi. Сен де теңселе­сiң. Опасызды көрiп, күйiнiп тұрасың. Сондай кездерде жұ­ды­рықтай түйiлiп, қаршығадай шүйiлiп тұрасың. Ессiздi көргенде, ашудан қабынып кетесiң. Тол­қын ұрған жартастай, тас-тал­қан боп жарылып кетесiң. Хал­қың сенi арда туған арысым дейдi. Жонына қол тигiзбейтiн барысым, - дейдi Шерхан Мұртаза!".

Темiрханның тай-құлындай тебiсiп өскен құрбы-құрбастарын жоқтауына қараңыз: Көк Түрiктiң қандай оғландары қасымызда жүрген! Оны бiз байқамай қалыппыз, Темiрханның қыран көзi ғана қиядан шалыпты: "Кеңшiлiк! Сен бәрiмiзден басқа, бәрiмiзден бөлек едiң. Ерек едiң! Сен бiрде екпiн, бiрде серпiн болатынсың. Сахнада тұрғанда да, көшеде тұрғандай,   еркiн болатынсың. Сен ешуақытта да бiреуге жақсам деп ойланбайтынсың. Содан ба, кейбiр тымырсық отырыстарды бомба жарғандай ойрандайтынсың... Жамандықты да, жақсылықты да көңiлге тоқитын едiң. Өлең оқығанда да, мына лас тiршiлiкке қарағың келмейтiндей, көзiңдi тарс жұмып оқитын едiң. Сен иiлмейтiн едiң. Сен қырқылатынсың. Бiз именiп ұмтылған жерлерге, сен кимелеп ұмтылатынсың. Күлсең де мына өмiрдi мазақ етiп күлгендей күлетiнсiң. Жүрсең де, мына өмiрдi иығымен қағып жiберетiндей, қайқаң-қайқаң етiп жүретiнсiң. Өзге емес, өзiңдi өзiң тар жол, тар қыспаққа салып, қинайтын едiң. Бiз сыйған мына өмiрге Сен сыймайтын едiң. Ақыры сыймай кеттiң".

Темiрхан Медетбек - қазақ жырындағы соны құбылыс! Ерен әрi ерек құбылыс. Кейбiреулер "Темiрхан айтарын айтты, ендi осы жерден тоқтай қалса" деседi. Бұл - iшегiне май айналмайтын iштар пенденiң өксiгi. Қазақ жыры нотасындағы Темiр­хан Медетбектiң Көк Тәңiрден қуат алып, Көк Бөрiмен шарболаттай шарпысқан "Көк Түрiктер сарыны" адамзат тарихында үш мың жылдай асыр салған көш­пелi салт аттылар тұяғының салқар симфониясына ұласты. Қазақ поэзиясында көне Көк Түрiктер сарынымен алғаш бетпе-бет келген ақын - осы Темiр­хан Медетбек, сол симфонияны да оның өзi тамамдап кетуi керек. Оған орта жолдан килiгуге ешқайсымыздың моральдық қа­қымыз жоқ!

Ақын - ат үстiнде! Ат жалын тартып мiнген жұмыр басты пенденiң өзi жаяу-жалпылы адам­заттан бөлiнiп, аруақтанып кетедi. Ал ат үстiнде айдарынан жел ескен Ақын тұрса, оның өзi бiр кезде төрткүл дүниенi өзiне жалт қаратқан түркi ақыны болса, әңгiме мүлде басқа: "Еңкiп-еңкiп соққанда таудың денесiнен тастар бұршақ боп құйылды. Серпiп-серпiп соққанда, үзiп жiбердiм - шынжыр боп шыр­мал­ған, бұғау боп күрмелген түйiндi. Күрсiнгенiмде, Күн күркiредi. Сiлкiнгенiмде, Жер тiтiрендi. Хахахаулап жар сал­ғанымда, аспандағы бұлттар жерге қонды. Ахахаулап ән салғанымда, аспандағы құс бiткен көлге қонды. Еңкейгенге - ең­кей­дiм, Шалқайғанға - шалқайдым. Асқанның орманын отындай өртедiм. Тасқанның көлдерiн астаудай төңкердiм. Қысқанда қу ағаштан бу шығардым. Сыққанда қара тастан су шығардым. Атанды асықтай аттым. Қарсы келгендi қазықтай қақтым. Алшаңдап жүрдiм. Талтаңдап тұр­дым".

Көк Түрiктiң қара шаңырағы бiздiң қазақ екенiне көз жеткiзу үшiн археологиялық қазба, генетикалық зерттеу жұмыстарын жүргiзiп, шаң басқан көне тарихи мұраттарды ақтарып, төңке­рудiң қажетi жоқ, Темiрхан Медет­бектiң "Көк Түрiктер сарынын" оқып шықсаңыз жетедi. Түркiнiң бiр кезде бәрi тектi, бекзат болғанымен, бiздiң қазақтың генетикалық болмыс-бiтiмi соның бәрiнен мықты болып шықты. Сол қуаттың арқасында VIII ғасырда сүйегi қурап қалған Тоныкөк арқасына аруақ бiтiп, ХХI ғасырдың басында Көк Тәңiрiне қарап, Көк Түркiнiң нәсiлiне қайта сөйледi. Қалай сөйледi десеңiзшi: "Алатауы бесiк болып тербеткен, жарқылдаған от пен сарқыраған судың iшiнде ер жеткен Көк Тәңiрiнiң оғыландары, бүкiл түрiк жұртының арландары мен қабыландары - Бумын қаған мен Iстемi қаған таққа қонды. Елiмдi ел етемiн деп, жерiмдi көгертемiн деп, оттай асау, оқтай ұшқыр атқа қонды... Қадырхан жерiн басып жатқан жұртқа айналдық. Сiлекей бал болып аққан құтқа айналдық. Кену тарманға дейiн ел қонды. Суы сарқырап аққан, көлi жар­қырап жатқан жер болды. Құлының өзi құл жұмсайтын болды. Күңiнiң өзi күң жұмсайтын болды..."

Бұл - Иоллаһ Тегiннiң Күлте­гiн Жыры. Оны Темiрханға дейiн де небiр марғасқа осы заман тiлiне тәржiмаламақ болған. "Күлтегiн" аудармашыларының алтын бастауында орыс әскерi­нiң тұтқыны, швед офицерi Филипп Иоганний Страленберг тұр. Күлтегiн жазуы биiктiгi - 3,5, төменгi енi -1,32, жоғарғы жағының енi -1,22 метр зәулiм тасқа қашалып жазылған. Филипп Иоганний Страленберг осынау жұмбақ тастарға кез болғанда тарих парағының бетi ХVIII ға­сырдың басын көрсетiп тұрған-ды. Содан берi үш жүз жылдай уақыт өткен екен. Сол меңiреу тас шежiре "Орхон ескерт­кiштерi" (VII-VIII ғ.ғ) деген ай­дар­ға ие болып, дүние жүзiнiң ғалымдарының отырса - ойы, жатса - түсiнен шығар емес. Ғалымдар үшiн ол түркi халықтарының тасқа қашалған құпия шежiресi болғанмен, кейiнде оның әлемдiк поэзияның классикалық озық үлгiсi екенi көзi қарақты жұртқа белгiлi бола бас­тады. Қазақ лигвист-әде­биеттанушылары Филипп Иоганний Страленберг нұсқасынан жолма-жол аударма жасап шығарғаннан кейiн Қадыр Мырза Әли 1970 жылы "Жұлдыз" журналында оның алғашқы әдеби нұсқасын жариялады. Бiрақ, ол нұсқалардың бәрi де қазақ оқырманын Күлтегiннiң поэтикалық рухына кенелте алған жоқ. Ұлы шығарманы осы заманғы әдеби тiлге қотару үшiн аяқтан бұғау, қолдан кiсен түсуi керек екен. "Игорь жасағы туралы жырдың" 1800 жылғы Мусин-Пушкин жасаған тәржiмасы мен Игорь Шкляревскийдiң қолынан шыққан 1980 жылғы аударманың аралығында 50-ден астам тәржiма-тәжiрибе дүниеге келген екен. Аудармашылардың атына қарасаң, атақ-даңқынан ат үркердей өңшең аузы дуалы шебер: Т.Шев­ченко, А.Прокофев,

Н.А.Заболоцкий, Е.Евтушенко сынды ақындар, А.С.Орлов, Б.А.Рыбаков, Д С.Лихачев сынды ғұламалар бар. Бiрақ, орыс халқы "Игорь жасағы туралы жырдың" әлемдiк деңгейдегi әдеби нұсқасын әлi жасап бiткен жоқ...

Темiрхан Медетбек Күлтегiн жырының көне түркi тiлiндегi нұсқасынан осы заманғы қазақ тiлiндегi әдеби нұсқасының ал­ғашқы һәм кемел үлгiсiн жасап шықты. Бұл әлем әдебиет шежiресiндегi атап айтарлықтай ұлы оқиға десе де болады. Алаш жұртының азаттық алуы қазақ ақынының арқасына аруақ қондырып, адамзаттық поэзияның аламан бәйгесiнiң алдына алып шықты. Бiрақ, қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдебиет сыны қазақ әдебиетiнде ел құлағын елеңдетерлiк түк болмағандай әлi күнге дейiн енжар, есiнеп отыр...

Түрiк Күлтегiн XXI ғасырдың елең-алаңында өзбекше, қыр­ғызша, қарқалпақша, тiптi тү­рiкше де сөйлеген жоқ. Қазақша сөйледi! Қалай сөйледi десе­ңiзшi: "Көк Тәңiрiнiң өзi әкем Iлтерiс қағанды қуатты болсын деп, қара бұлтқа орап, тө­бесiне көтерген. Шешем Iлбiлге қатынды шуақты болсын деп, ақ бұлтқа орап, төбесiне көтерген... Жаулары табандарына таптап, мал қып кеткен халықты, қағанынан айырылып, қаңғып кеткен халықты, күлдi көмеш күң боп кеткен халықты, құлағы кесiк құл боп кеткен халықты азат еткен. Күнi кеше билiк құрған жауларын белдерiнен бүгiлдiрiп, мойындарынан иiлдiрiп, мазақ еткен. Көнбегендерiн күлге аунатып, құм асатып, жер еткен. Тен­тiреп кеткен төлiн, тар­дауыш­ты ел еткен. Ағам таққа отырып, Қаған болды. Елi мен жерiне қара жартастан соққандай қамал болды. Ерлерiнiң намысын үрлеп, өрт қылды. Кедейiн - бай, азын - көп қылды".

Қазақ поэзиясы қазақ халқына қара үздiрiп барады. Еура­зия­ны салт аттылар тұяғының шаңына көмiп, төрткүл дүниенi тiтiреткен, Әл-Фарабидей дананы, Абайдай ақынды, Хан Кенедей батырды туған қазақ елi өзiнiң поэзиясынан 300-400 жыл кейiн қалып қойды... "Арғымақтар мiнетiн, тозбас тондар кие­тiн, қара тастарды қақ жарып, қарағайдай қаптап өсетiн, қара нарлары шудалары желкiл­деп, қара бұлттардай көшетiн; айғырлары Күнге қарап кiсiнеп, бие­лерi Айға қарап құлындаған; Кетiссе - бұрылмаған; Сөздерiн тасқа қашаған, алыпсоқтарының итаяғын оюлап, жезден жасаған; Алтайды жастанып жатса, аяғы Үрiмге жеткен, керiлсе - Үрiмнен де өткен; Кермелерiне Тайбурыл мен Керқұла байланған, Алты айшылық жолдарды, алты күнде айналған; Қамалдары құлжалар шыға алмас ақар-шақар құз бол­ған, қағандары Күн астындағы Күнекей қызды алған; Күн жағы күмiс дiңгектi, Ай жағы алтын дiңгектi ордада отырған, сол жақтан келгендi жапырған, оң жақтан келгендi опырған; желдей аңқылдап, сұңқардай саңқылдап сөйлейтiн, даладай кең, таудай биiк халық едiк. Алып едiк!".

Ұлт жербауырлап, Ұлттық Рух аспанға жөнеп барады! Өткен ғасырдың 60-70-жылдары Азия, Африка елдерiнде де ұлттық рух - ұлттық поэзияның аламан бәйгесi көзге айқұлақтана көрiнiп едi. Қазiр сол ұлттық Ренессанс дәуiрi қазақ жұртының шаңырағына да қасқая қарап тұр. Елдi қыл тамағынан буын­дыр­ған сайын, оның ақындарының аузынан от шығады. Тоныкөк жырау, Асан Қайғы, Қазтуған, Ақ­тан­бердi, Доспанбет, Абай, Мағ­жан, Қасым, Мұқағали, бәрi­мiздi қыдыра шолып, Темiрхан­ның қасына келiп, кiлт тоқтады! Темiрхан Медетбек жырының жұлын-жүйесi осы күнгi қазақ поэзиясынан мүлде бөлек. Күлтегiн жырының XXI ғасырдағы соны сорабы, жаңа жаңғырығы секiлдi.

Темiрхан Медетбек - мына жарық дүниенiң есiгiн екi мәрте жұлып ашқан адам. Бiрiншi рет өз анасының құрсағынан ақын боп туып, 70-жылдары қазақ поэ­зиясының босағасын аттағанда қара өлеңге еуропалық озық өлең мәдениетiн еселеп енгiзiп, ғылыми-техникалық прог­рестiң әуен, ырғағын алып келсе, ел-жұрты егемен болғанда Алаш Анасының құрсағынан қайта туып, қазақ жырын көне түркiде қалған ата жұртымен қайта та­быс­тады.

Дәл бүгiн түркi дүниесiнде Темiрханмен қанжығаласып қа­тар тұратын ақынның қарасы көзге шалынбай тұр. Абай Алланың хикметi - махаббат пен ғадiлет сезiм, бiреуден бiреу сол хик­меттi анығырақ сезiнуiмен артылады деген. Күндердiң күнi адам баласы сол Абай ақиқатына ат басын шалдырмай қоймайды. Қазiр дүниенiң көзiн шел басып тұр. Ұлылық пен сұлулыққа тұщынып, оны орнымен саралау жа­йына қалғалы қашан. Адамзаттық рухтан материалдық игiлiктi жоғары қойған ашкөз Батысты орнына қою үшiн түркi жұрты абыройы айрандай төгiлген Нобельмен парапар немесе одан да биiк бiр беделдi сыйлық ойлап тапса, оның алғашқы иегерi осы Темiрхан болуы керек. Түркi жұртының Тәңiрiне ғана тән бекзат болмыс-бiтiмiн төрткүл дү­ние­ге паш еткен осы -Темiрхан жыры!

Сонау В.Белинскийден өзi­мiз­дiң М.Қаратаевқа дейiнгi аралықта «Ақын деген кiм?» деген сауалға қолына шырақ алып, жауап iздегендердiң ұзын қарасын түгендеп жатпайық. Менiң­ше, Ақын деген, Абайша айтқанда, махаббат пен ғадiлет се­зiмдi басқа пендеден гөрi анығырақ сезiнетiн адам, Гомо Сапиенстiң ең шырқау шыңына шыққан Азамат болса керек-тi. Қазақстан Жазушылар одағында 700-ден астам ақын-жазушы бар. Солардың жүрiс-тұрысына қарасаң, қазақ елiнде 700- ден астам тiрi классик жүргендей әсер қалдырады. Бiрақ, соның қайсысы Алланың хикметiн Абайша сезiнiп жатыр?! "Айтып өткен ақында арман бар ма?!" Бұл - Алаш жұртының арқасына аруақ бiткен адуынды бiр ұлы Мұқағалидың сөзi. Ұлттың өзегiндегi өксiк өлеңге айналғанда жалғанның жарығына өлмес өнер туындысы келедi. Адамзаттың ақтық сөзiн Ақын ғана айтады. Халтурщик оны Құранның сүрелерiн құлықсыз жаттап, дойыр догмаға салатын дүмше молдадай, халықтың миын ашытып, құлағын сарсылтады. Ақынын сүйген ел ұлтқа, халтурщигiн төбесiне көтеретiндер қыртқа айналып жатыр. Соның бәрi Алланың хикметi - махаббат пен ғадiлет сезiмдi терең сезiне алмаудың әлегi. Алла маңдайға не жазса, сол болады.

Орыс өлеңi "Игорь жасағы туралы жырдан" бастау алады. Қазақ поэзиясының бастау көзi Күлтегiн жырында жатыр. Баян атты қыпшақ жырауының көкiре­гiнен туып, орыс әдебиетi мен мәдениетiнiң алтын қазынасына айналған "Игорь жасағы туралы жырмен" көзiн ашқан орман елi бүгiнде төрткүл дүниенiң төбе­сiнен қарап, ұлы держава атанса, поэтикалық потенциалы мен көркемдiк қуаты одан әлдеқайда әулеттi Күлтегiн жырының әулетi әлi күнге шейiн соның бодандығынан құтыла алмай тұр. Бұл да - тарихи пародокс!

Алла Тағала адамзат тарихында айрықша орны бар Ақынды ата-жұртынан асқақ биiкте самғау үшiн жаратқан. Тобырдың тiлiн тауып, билiк пен қазы-қарта асайтын демянбедныйшылдықтың Ұлы Мәртебелi Поэ­зияға үш қайнаса сорпасы қо­сыл­майтыны содан. Ресей қанша ұлы держава болып, жер шарының жартысының төбесiнен қамшы ойнатса да, әлi күнге дейiн Пушкиннiң адамдық-азаматтық деңгейiне жете алған жоқ. Алаштың Абайға жетуiне де әлi қанша уақыт бар?! Әлемдiк империя атанған Ұлыбританияның бүкiл қаракет-тiрлiгi Шекспирге мүлде керағар. Американың Уитмендi түсiнуден қалғаны қашан?! Ұлт пен ұлыс жер бауырлағанда Поэзияның көкала бұлттарға сүңгiп, көк аспанда көлбей жүзуi Алла Тағаланың бiр тезi болуы мүмкiн. Құранның "Әл-Баһар" сүресiнде "Алеф-Льям-Мим" деген сөз бар. Мағынасын бiр Алла ғана бiледi. Теологтар оның мәнiн түсiне алмай әлi күнге дейiн әуре-сарсаңға түсiп жүр. Халықтың рухынан жаралған поэ­зия жарықтықтың сол елдiң болмыс-бiтiмiнен биiк қанат қағуы да осыған ұқсас құбылыс. Мұның да құпиясын бiр Алла ғана бiледi...

 

Жас Алаш №95 (15449) 26 қараша, бейсенбі 2009

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036