Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2883 0 пікір 15 Қаңтар, 2010 сағат 09:07

Интернет-конференция. Ұлт және демократия (жалғасы)

Дос мырза! Ассалаумағалейкум!

Сізге екі сауал:

1) Ел билігінде бір адамның ұзақ отыруын, оның мәңгілік президент болуға ұмтылуын сіз қалай бағалайсыз? Сонда ол адам табиғат заңына бағынбайтын, қартаймайтын, шаршамайтын, эмоцияға беріліп, жүйкесі тозбайтын ерекше тұлға ма?

2) Елімізде билікке қарсы оппозициямын деген партиялардың түпкі мақсаты билікке келу. Бірақ мақсаттары бір - елдің тұрмысын жақсарту, әлеуметтік әділеттілік орнату. Бірақ әрқайсысы өзінше бөлек әрекет етеді. Сіздің ойыңызша, бүгінде билікке қарсы тұрар мықты күш бар ма? Қаржы жағынан, елге ықпалы жөнінен және басқа да ресурстары мол партия деп қайсысын көрсетер едіңіз?

 

- Бірінші сұрақтың жауабын өзіңіз-ақ беріп отырсыз. Сізге толық қосыламын.

- Екі мәселенің орнын ауыстырып алған сияқтысыз. Меніңше, барлық партияның түпкі мақсаты - елдің тұрмысын жақсарту, әділеттілік орнату. Сол мақсатты жүзеге асыру үшін олар билікке келгісі келеді. Билік - мақсатты жүзеге асырудың құралы. Ал бүгін билікке қарсы тұратын партиялар бар деп есептеймін, бірақ олардың елге пәлендей ықпалы бар және ресурстары жетерлік деп айта алмаймын.

 

Дос мырза! Ассалаумағалейкум!

Сізге екі сауал:

1) Ел билігінде бір адамның ұзақ отыруын, оның мәңгілік президент болуға ұмтылуын сіз қалай бағалайсыз? Сонда ол адам табиғат заңына бағынбайтын, қартаймайтын, шаршамайтын, эмоцияға беріліп, жүйкесі тозбайтын ерекше тұлға ма?

2) Елімізде билікке қарсы оппозициямын деген партиялардың түпкі мақсаты билікке келу. Бірақ мақсаттары бір - елдің тұрмысын жақсарту, әлеуметтік әділеттілік орнату. Бірақ әрқайсысы өзінше бөлек әрекет етеді. Сіздің ойыңызша, бүгінде билікке қарсы тұрар мықты күш бар ма? Қаржы жағынан, елге ықпалы жөнінен және басқа да ресурстары мол партия деп қайсысын көрсетер едіңіз?

 

- Бірінші сұрақтың жауабын өзіңіз-ақ беріп отырсыз. Сізге толық қосыламын.

- Екі мәселенің орнын ауыстырып алған сияқтысыз. Меніңше, барлық партияның түпкі мақсаты - елдің тұрмысын жақсарту, әділеттілік орнату. Сол мақсатты жүзеге асыру үшін олар билікке келгісі келеді. Билік - мақсатты жүзеге асырудың құралы. Ал бүгін билікке қарсы тұратын партиялар бар деп есептеймін, бірақ олардың елге пәлендей ықпалы бар және ресурстары жетерлік деп айта алмаймын.

 

1. Көптен бері қазақ жұртшылығын алаңдатып, мазалап жүрген мәселенің бірі "қазақ ұлты" мәселесі деп тақырыпты жақсы бастаған екенсіз... Айтарым, "қазақ ұлтының" болашағы жоқ. Қазақ тілі мен мәдениеті өз жерінде дамымаған, енді дамымайды да. Мұны, Досмағамбет Қалмаханұлы, сіз өте жақсы түсінесіз және білесіз. "Қазақстандық" демократия ұғымы бүгінгі таңда қазақтан мәңгүрт жасауды алға қойған. Және бұл сәтті түрде іске асуда. Бүгінде мәңгүртке айналған қазақтың бірнеше категориясын атап өтуге болады... Жалпы мәңгүрт қазаққа қазір демокартияның да, мәдениеттің де, ұлт тағдыры мүддесінің де қажеті шамалы.

2. Аталған тақырыпта көтеріліп жатқан мәселелер мен отырыстардың барлығы бос әуре. Халық моральдық түрде шаршаған, қажыған, күнделікті күйбең тіршіліктен басқасында шаруасы жоқ. "Демократия", "Ұлт тағыдыры" деп шуылдайтындар жеке бастарының PR үшін ұрандайды, әдетте жасанды... 3. Қалтасы қалың, қолыңда билігі бар мәңгүрт қазақтарға өз қамынан басқаны ойлау өңі түгілі түсіне де кіріп шықпайды. Ұйғыр түгілі, қытай басып алса да шаруасы жоқ... Қазақстанның "ҰЛЫ ҚҰЛДЫРАУ" кезеңі қазір тек өз бастауын алуда...

 

- Сіздің пікіріңізбен келіскім келмейді. Қазақ ұлтының жарқын болашағына, өз басым,  толық сенемін.

 

Дос Көшім мырза!

Жүздеген мың доллар грантты сізге Америка Құрама Штаттары не үшін беріп отыр? Сіз ол қаражаттарды қайда жұмсап жатырсыз?

Алатын жалақыңыз Америкадан болса сізге қазақ халқының мұң-мұқтажы неменеге керек? Бұл бір.

Екіншіден, сіз еш уақытта Назарбаевты қатты сынға алып көрген жоқсыз, әншейін сылап-сипап қана сөз айтасыз.  Қысқасы сіз биліктің алдында жеңілтек қыздарша қылмыңдауыңызды немен түсіндіресіз?

Асылхан

 

- Аузыңа май, астыңа тай! Жақсы хабар айтқаның үшін, жүз мың долларды алғаннан соң, сүйіншіге он мыңын, Асеке, Сізге беремін. Екіншіден, «мен Назарбаевты қатты сынға аламын» деп ешкімге уәде берген жоқ сияқтымын. Өз басым қоғамдық саяси жұмысқа, біріншіден, «қазақ тіліне мемлекеттік статус бергіземін» деп келдім. Ол мақсатым орындалды. Қазақ тілі - мемлекеттік тіл болды. Бірақ, өкінішке орай, іс жүзінде бұл статус жұмыс істемей отыр. Екіншіден, «коммунистік идеологияны келмеске кетіреміз» деп жұмыс істедік. Ол да жүзеге асты. Одан кейін «Кеңес одағынан құтылып, жеке мемлекет боламыз» деп жұмыс істедік. Оған да жеттік. Сондықтан, «айтқаныңда тұрмадың» деген сияқты сұрағыңызды түсінген жоқпын. Шынымды айтсам, ол кісіге Елбасына қатты аяушылықпен қараймын.

 

Жовтис кісі өлтірседе сіз оны қолдадыңыз. Сонда сізде қандай саяси есеп болды? Не ұттыңыз? Қазақтың обалына қалған жоқсыз ба?

 

- Бұл бағыттағы сұрақтарға жауап бердім деп ойлаймын. Егер менің осы уақытқа дейінг жасаған іс-әрекеттерімнің «ең үлкен сынға ұшырағаны» осы мәселе болса - құдайға шүкіршілік етемін.

 

Дос ағаға сұрақ!

1) қазақ ұлтының талап-тілегін  қорғайтын ұлттық партияны құруға мүделі қазақ ұлттық буржуазиясы барма? Себебі партия құруға қаржы керек қой.

2) ұлттық партия құрылар болса, оған лайық жетекші тұлға барма? Және ол кім сізше? Ал осы тұлғаның айналасына қазан бұзар тентек ұлтшылдар біріге ала ма?

3) ұлтшылдардын басын біріктірмейтін менменшілдік! Осы менменшілдіктен қашан арыламыз?

4)қазақ ұлтшыл күштерін күшейту жолдары бар ма? Оралмандар ұлтшылдықты күшейтеді дегенге қалай қарайсыз?
5)шетелге қазақ халқының байлығын, ақшасын алып қашып кетіп сол елде мултимиллиардер болып жатқан қазақ билігінің қашқындары қашан тоқтайды? Олар жазасыз, халықтың ақшасын алып сотталмай кете бере ме? Билік басындағылардың бәрінің шетелде дайын үйлері бар екен. Олар ертең  бастарына қандай да бір  іс түссе тұра қашады. Бай қазақтың бәрі қашып күндердің күнінде өңшең кедей қара табан қазақ қалмай ма осы Қазақстанда?

Серік Мұратхан ұлы Сағидолла

 

- 1. Әрине, саяси партия үшін қаржы керек. Бірақ қазақ мүддесіне өзінің байлығын салып көмектесетін ұлттық буржуазия әлі қалыптасқан жоқ сияқты...Дегенмен ұлттық намысы бар жеке азаматтар да жоқ емес.

2. Ұлттық партияға жетекші болар саясаткерлер жетерлік. Бірақ олардың аттарын қазір атап беру мәдениеттілікке жатпайды деп білемін.

3. Менменшілдіктен ешқашан құтылмаймыз. Бұл әрбір адамның табиғи мінезі болар. Әңгіме алға қойған мақсатың үшін өзіңнің менменшілдігіңді баса білуде.

4. Оралмандардың да оралмандары бар. Алайда олардың ұлттық намысы біздерден гөрі жоғары екендігін мойындауымыз керек. Қазақ ұлтшылдарын күшейту жолдары да жетерлік. Бірақ «абай.кз» сайтын  тек ұлтшылдар ғана оқымайтынын ескеріп, ол жағын жайып салмайық.

5. Бүгінгі күні оларды ұстап тұратын күш біздерде жоқ болса, не істейміз!

-         Құрметті Дос Көшім мырза,  мен қытайда туылып өскен қазақпын. Қазір Қазақстан азаматымын.  Сұрайын дегенім, бүгінгі  жүйе енді бес жыл өмір сүрсе қазақтың тұяқ серпуге шамасы келмей қалуы мүмкін деген пікірлер бар. Сіз қалай қарайсыз?

 

- 70 пайызға жеткен қазақ халқының тұяқ серпей кетуі мүмкін дегенге өз басым сенбеймін.

 

 

-         Сәлем бердік Дос аға!

Қазақтың Че Геварасы туылды деп ойлайсыз ба?

Назарбаев мырзаның жағымды жақтарын атап айта аласыз ба? Дәл солай кемшіліктерін атай аласыз ба?
Шетте жүрген қазақтың бәрін атамекенге қайтаруға Назарбаевтың қауқары жете ме?

Құрметпен, Уго Чавес ағаңыз

 

- Уго аға! Кімнің кімге аға екендігін біле алмай қалдым. Дегенмен Че Гевараның - өзімнің ерекше үлгі тұтатын адамдарымның бірі екендігін айта кеткім келеді. Кенесеры мен Сырымды, Махамбет пен Бауыржанды тудырған қазақ Че сияқты азаматтардың талайын өмірге әкелетіндігі даусыз. Бірақ бүгінгі күнгі саяси аренада ондай азаматтың көрінбеуі де шындық. Өкінішке орай, қазір қылыш пен винтовканың заманы емес, сайқал саясаттың заманы.

Назарбаевтың жағымды жақтары мен кемшіліктерін отбасы мүшелері, жора-жолдастары айтып беретін шығар. Мен ол жағын білмеймін. Біз оның жүргізіп отырған саясатының кемшіліктерін көрсетіп, қателіктерін айтумен шектелеміз. Ал шетте жүрген қазақтардың ата мекенге ораламын дегендерін қайтаруға Қазақ елінің қауқары толық жетеді деп ойлаймын. Дос ағаңыз.

 

 

 

- Құрметті ДОС мырза!

Сіздің саясат алаңындағы ДЕМОКРАТТАР мен ПАТРИОТТАР қанатында жүргеніңізге 30 жылға жуық уақыт болып қалыпты. Өзіңіз сияқты қоғамдық ұйымдар құрып БАСШЫ болып жүрген АЗАМАТТАР баршылық.
НЕГЕ ОСЫ демократиялық ҰЙЫМДАРДА, өздеріңіз күндіз-түні сынайтын БИЛІКТЕГІ сияқты, БАСШЫЛАРДЫҢ РОТАЦИЯСЫ болм
айды???

 

- Бұның бәрі қоғамдық ұйымның Жарғысына байланысты шешіледі. Барлық қоғамдық ұйымдарда белгілі бір уақыт өткенде қайта сайлау болады. Егер Жарғыда бұрынғы басшы қайта сайлауға түспеуі шарт деген бап болса, жаңа басшы сайланады. Ротация, көп жағдайда, ассоциация, коалиция сияқты бірнеше ұйымдар бас қосқан құрылымдарда болады. Дегенмен Сіздің пікіріңіздің мені ойға қалдырғанын мойындауым керек.

 

 

 

-         Дос Көшім мырза!

Сіздің пікіріңізше, бұгінгі қазақтың ұлтшыл ұйымдарының саяси күшке айналу әлеуеті қандай? Олардың ішінен "Ұлт тағдыры" қозғалысынан басқа да белсенді ұйымдарды атай аласыз ба? 2012 жылғы сайлауға байланысты билікке нақты талаптарыңыз бен ұсыныстарыңызды бағдарлама түрінде дайындайсыздар ма?

 

- Біз бүгінге дейін қоғамдық ұйымдардың деңгейінде жұмыс жасап келдік. Саяси мәселе соңғы бір-екі жылда ғана көтеріле бастады (Биліктің «көмегінің» арқасында). Саяси мәселе - нақты мақсатқа айналған уақытта саяси күшке айналу міндеті қойылады. «Халық рухы» партиясын құруға талаптану - осы мәселенің нақты көрінісі. Меніңше, Мұхтар ағамыз бұл партияның тіркелуі мәселесін немесе тіркелмей жұмыс істей беруін («Алға ДВК» сияқты) жарты жолға тастамай, аяғына дейін алып шығатын болар деп үміттенемін. Ал ұйымдарға келетін болсақ, «Ұлт тағдырынан» басқа, «Мемлекетік тіл», «Аллажар» сияқты қоғамдық ұйымдар бар. Облыстарда да ұлттық бағыттағы жұмыс істейтін күштердің бар екендігін білемін. Сайлауға байланысты қазір ешқандай ой-пікіріміз не жоспарымыз жоқ.

 

 

-         Билік санақтын қорытындысын жариялауды кешіктіруде. Осынын артында теріс пиғыл жатқан жоқ па? Қазақ санының "қатты" өсуінен қорқып, орыс санының азаюынан қауіптеніп, жалпы Еуропа ұлт өкілдерінің саны азайып,  Шығыс халықтарының саны өсуінен тайсақтап, халқымыздың  санын азайтып отыр ма  деп ойлаймыз. Жалпы біз қаншамыз,? Сіз не айта аласыз?

-Дәл осындай ойды мен де бірнеше жерде айттым. Бірақ әңгіме біздің санымыздың 2-3 пайызының алынып тасталғанында емес. Биліктің ондай ұсақ, пасық саясаты қазақтың ашу-ызасын тудырғаннан басқа ештеңе бермейді. Әңгіме енді бір он жылдан соң қазақтың санының 80 пайызға жететіндігінде. Ал сан, диалектиканың заңы бойынша, әрқашан сапаға айналады!

 

 

-         Дос аға, сіздің ойыңызша Нұрсұлтан Назарбаевтың ізбасары кім болады? Яғни Қазақ елінің екінші президенті кім бола алады?

 

- Саясатта құмалақ ашу әдісі ешқашан жақсылық әкелмейді.

 

Дос аға,  сіз жымиып қана жүретін,  қазақ тілділердің ішінде әдемі күлетін әккі саясаткерсіз! Бетіңізде тек күлкінің табы ғана бар! Мұң жоқ! Бірақ танымалсыз, сұлусыз! Бетіңізден Қазақтың тіліне, жеріне қатты жаны ашитын абыржу көрінбейді. Бұл қарыныңыздың тоқтығының белгісі ме? Қазақ халқы сіздей саясаттың ыстық суығына күйіп жүргендерден үміт күтеді..., Қазақтың саясаткерлері сіздің жымиыспен 2030 жылға барса, не болады? Қазақ саясаткерлерінің өңіндегі өткірлік, сұстылық қайда? "Қазақ орыстың көңілдесі, сөз айтқысы келіп тұратын әдемі қызға ұқсайды" деген орыстың Рогозиніне неге ду қол шапалақтап шығарып салдыңыздар? Орыстар мен Қытайларға, Еуропаға қашанғы ду қол шапалақтай береміз?

(Мұңдақ)

 

- «Мұңданған адам» ғана танымал болуы керек пе? Жоқ. Сізбен келіспеймін. Саясаткердің түріне, киіміне не болмаса даусына қарап баға бермеу керек сияқты. Оның істеген ісі, мақсатына деген адалдығы, ақылы мен тәжірибесі, т.б қасиеттеріне баға берілуі керек. Барша халықтың мұң-мұқтажын жалғыз өзі арқалап отырған адам сияқты, қабағынан қар жауып, жан-жағына көзінің астымен салмақтана қарап отырған адамдар ғана жақсы саясаткер болатын болса, ертеңнен бастап, қабағымды түюді үйренемін. (Айта кету керек, іші ауырған адам да қабағын түйіп, қиналып отырады). Саясаттың ыстық суығына күйіп жүргеніңді қарсы жаққа да, жақтастарыңа да білдірмеу де - саясат. Бәрін өзінің ішінде ұстай білетін адам ғана көпшіліктің алдына шыға алады. Мүмкін, менің жымиысым - «алаөкпе болмаңыздар, біз бәрібір жеңеміз!» деген сенімділіктің көрінісі болар. Осы жерде менің есіме Олег Янековскидің орындауындағы барон Мюнхаузеннің монологы түседі. Ол: «Жымиыңыздар, мырзалар! Әлемдегі барлық жаман істер байсалды, салиқалы кейіппен жасалынады» деген...Қазақтың саясаткерлерінің 2030 жылға жылап барғандарынан көрі күліп барғандары дұрыс. Ал сұстылық пен өткірлік атқа мініп, қолға найза алғанда жарасады.

 

Дос аға!

Жаз айында Моңғолия жерінде, қазақтардың ортасында болдыңыз.

Осы жайлы ой-пікіріңізді білгім келеді?

Асқар

 

- Бұл сапар туралы бірнеше газеттерде көлемді мақалалар жарық көрді. Біз монғол елімен, ондағы қазақтардың тұрмыс тіршілігімен таныстық. Көші-қонға қатысты пікірлерін білдік.

 

-         Билікке өте текті,ұлттық рухы бекем, батыл саясаткер керек сияқты. Жергілікті қазақтар саналатын біздің ұлттық рухымыз, намысшылдығымыз мынау қытайдан келіп жатқан қазақ бауырларымыздың маңайына бара алмайды. Олар қазақтың тілі, рухы десе, екі көзі оттай жайнап, білек сыбанып шыға келеді. Ішкен асын жерге қояды. Шетінен жүрген ұлтшылдар. Олардың бойында ұлтшылдық сана неге жоғары деңгейде сақталған. Олар да қытайдың отарында, боданында болған ғой. Және бір сұрақ: олардың арасында, білікті, тәжрибелі мамандар жетерлік. Тұнып тұрған ұлттық кадрлар. Алайда біздің билік, сол аз ғана, үркердей, шеттен келген зиялы азаматтарымыздан сескене ме, әлде қорқа ма, белгісіз. Оларды өз мамандығы бойынша жұмысқа тартуға құлықсыз. Айтар сылтауы орыс тілін бімейді дейді. Шетелден оқып келген үлкен білімді азаматтарды мемлекеттік жұмысқа тартуға бола ма? Олардың арасында кезінде, мемлекет қайраткерлері де бар деп естідім. Сонда олар кімдер?

 

- Шындығында да қытай қазақтарының көпшілігінде ұлттық рух пен намыс бізден жоғары. Бұның себебін анықтауды ғалымдардың үлесіне қалдырайық.  Олардың ішінде тамаша мамандардың бар екендігі де рас. Бірақ орыстанған қазақ жерінде олардың шеткерілетіндіндігіне таң қалуға болмайды. Қазақ елі тәуелсіздікті алысымен алғашқы көшті бастап келген, «Монғолдың Ельцині» атанған Зардыхан Қинаятұлының білімі мен тәжірибесін кім пайдаланып отыр? Алайда, менің біздің билікке айтатын жалғыз рахметім - осы оралмандарды туған жерге қайтару мәселесін жүзеге асыруы. Көптеген кемшіліктері болса да, қандастарын туған елге қайтару бағдарламасын жүзеге асырған мемлекеттерді санауға бір қолдың саусағы жетеді.

 

-         Дос аға, ассалаумағалейкум!

Шаханов ағамыздың бастамасынан кейін біздің зиялылардың да бастары қосыла алады-ау деген үміт оянды. Жастардың да тас жұдырық болып көтерілуге дайын отырғанын көрдік. Жер-жерде де оның ептеген дүмпуі сезілді. Осының өзі көңілге бірқанша жігер бергендей. Бәрінен бұрын "Ел бірлігі" идеясы арқылы кімнің-кім екенін байқап қалдық. Енді "арты ашылып" қалған зиялысымақтар жұрт көзіне көрінуден тайсақтап жүретін шығар...

 

- Қазақ халқы - тым ұмытшақ халық. Басқа ел болса, желтоқсан кезінде қазақ жастары туралы атышулы хат жазып соған қол қойған танымал жандарға ешқашан қол соқпай, кейде шіріген жұмыртқа лақтырып қарсы алар еді. (ал біз Ермек Серкебаевтарға гүл ұсынып, қол соғамыз!?) Кешегі «арты ашылып қалған» адамдар соны көріп, ешнәрседен тайсалмайды. Оларға халықтың шын ниетін көрсету қолымыздан келмейтін шығар деп ойлаймын. Айтпақшы, желтоқсандағы хатқа қол қойғандардың ішінде (өзі қол қойғанын мойындамайтын) Асанәлі ағамыз ғана қазақ үшін аштыққа жатамын деп, өзінің өр мінезін танытты. Рахмет Асанәлі аға!

 

 

-         Менің сұрағым: ӘРІ ҚАРАЙ НЕ ІСТЕЙМІЗ? Бар әрекет осымен тоқтаса, онда қазақтың бұдан былай бас көтеруі екіталай. Қазаққа басқа күнде емес, дәл қазір жөн айтатын, жол бастайтын көсемдер мен шешендер керек. Қайдасыздар? Халықтың көзіне көрініңіздер? Ал басқа күндердегі қызыл сөздің құны көк тиын.

Дәулет АСАУ

 

- Әрі қарай не істеу керек деген сұраққа біздер де жауап іздеудеміз. Бірақ бұл жерде ол жоспарымызды ашып айтудың қажеті жоқ

 

- Дос, Қазақ құрылтайы туралы пікір елең еткізді. Алашорда күрескерлерінің жалпықазақтық құрылтайы қазақ мемлекеттігінің дамуындағы елеулі қадам болған еді. Ендігі құрылтай қалың қазақты ортақ мақсатқа жұмылдыратын,алдымызға ұлы міндеттер қоятын құрылтай болуға тиіс. Тек дүниежүзі қазақтары құрылтайының сценарийіне ұқсап кетпесе болды. Қол ұшын беруге даярмыз. Бірақ ол қашан өтеді? Ұйымдастыру алқасы бар ма? Баяғы Марат досың.

 

- Ұйымдастыру алқасы құрылған. Қол ұшын беретін азаматтармен кездесуге дайынбыз

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377