Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 5080 0 пікір 25 Мамыр, 2009 сағат 20:57

Актер болу оңай деп айтқандар қателеседі

Қазақстанның ұлттық театры мен кино өнеріндегі жарық жұлдыздарының бірі Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік және Жастар одағы сыйлықтарының лауреаты, өнертану кандидаты Тұңғышбай әл-Тарази мырзаның фәлсафалық ойлары мен биікке өрлеген өнегелі өнері жайында,  шындық шырайын ашық айтқан сыр-сұхбатты оқырман қауымға ұсынғанды жөн көрдік.
— Тұңғышбай мырза, сізге қоңырау шалып хабарласқанымызда жаңа қойылымға дайындық үстіндемін дедіңіз. Құпия болмаса, ол қандай қойылым? Сол жайында айтып берсеңіз?

Қазақстанның ұлттық театры мен кино өнеріндегі жарық жұлдыздарының бірі Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік және Жастар одағы сыйлықтарының лауреаты, өнертану кандидаты Тұңғышбай әл-Тарази мырзаның фәлсафалық ойлары мен биікке өрлеген өнегелі өнері жайында,  шындық шырайын ашық айтқан сыр-сұхбатты оқырман қауымға ұсынғанды жөн көрдік.
— Тұңғышбай мырза, сізге қоңырау шалып хабарласқанымызда жаңа қойылымға дайындық үстіндемін дедіңіз. Құпия болмаса, ол қандай қойылым? Сол жайында айтып берсеңіз?
— Әзірбайжан халқының мақтанышы, классик суреткері, сөзі де сазы да өзінікі Үзейір Ғаджыбековтың атақты “Аршын мал аланы”. Бұл өзі сонау 1913 жылы жазылған. Бұл шығармаға кейіннен соғыс жүріп жатқанда осы аттас фильм де түсірілген. 1946 жылы сол фильмге қатысқандар түгелімен Сталиндік сыйлыққа ие болған екен. Мұнда ұлы түркіден тараған ұлыстардың әмбесінің жанына жақын ән де, күй де, би де, әдемі әзіл де жетіп артылады. Бұл шығарманың бірден-бір артықшылығы сол - әлі күнге шырайы кеппеген, шығыстық мәдениеттің шуағы кетпеген, түркілік менталитеттің мәуесі мөлдіреген күйі молынан келген. Қазақ сахнагерлері бұл туындыға талай рет ат ізін салған болатын. Енді міне, әйгілі «әкемтеатрдың» да сахнасына сапар шекпек. Басты рөлдерге дені өз шәкірттерім мен өзім деген, менен оқымаса да тоқыған шәкірт “еместерім” ойнайды. Өнерде мұраттастық деген ұғым үлкен рөл атқарады ғой. Содан кейін, өзің бастық болмаған соң, оң жағыңнан орын алатындар “жоғалып”, қас қабағыңа қарап, қажетінде қасыңнан табыла қалатындар азайып, ықтасын ықылас суыған тұста “қылкөпірден” аман, әрі абыройлы алып шығатын сол мұраттастар... Бұл бергі шындығым, ал арғы шындығымды айтсам, театрға өзге өлшем, талтаң талғам келген тұста “сыртта” қалып қойса да сыр білдірмес сырмінездік танытқан, қаңқу сөз бен қызыл өсектен аулақ болып, қызметінен қол үзбей жүріп-ақ, былтыр ғана Құрманғазы атындағы консерваторияның вокал бөлімін күндіз оқып жүріп бітірген әкем-театрдың талантты актрисасы Дәрия Жүсіпке, елгезек актер Ерлан Біләловқа, шырайлы өнерпаз Шынар Асқароваға, дуалы артист Дулыға Ақмолдаға, т.б. төл шәкірттеріме арнап қойып жатырмын. Бекер обалы не керек, алғашында жүрексіндіргенімен, театр басшылары да, қойылымның көпшілік сахнасына мюзиклдық талабына сай жегілген театрдың кейінгі жастары да көңілімнен шығып, маған деген ерекше сыйластықтарын сезініп, “семіріп” жүрген жайым бар.
— Жоғарғы техникалық оқу орнында дәріс алып жүрген жас Тұңғышбай үшін Құрманғазы атындағы консерваторияның актерлар дайындайтын бөліміне қабылдану қиындық тудырмады ма?
— Неге тудырмасын? Актер болу оңай деп айтқандардың аузын бұзар едім... Техникалық оқу орындары таза есептің, нақты білектің, ал өнер – хақты жүректің ісі. Бұрындары ән айтып, өлең жазып әуейіленгенмен, кейіндері сызу мен қисапқа қоңданып қалған қасаң көңілдің көрігі көпке дейін қиял көкжиегіне көндіге қоймай, сахна өнеріндегі қалаулы өмір шындығының қолайын таба алмай аласұрғаны жасырын емес. Кезі келгенде, бас білдірмес бақыр басым мезі болғанда техникалық оқу орныма қайтпақ та болғам. Ақылы аз алаңғасардан, сезімі семген суық міскіндерден актер шықпайтыны – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Кепиеті мен нарқын кемітіп, парқын арзандатып жүрген азын-аулақ арамза “молдалар” да жоқ емес... Өнер ауылының қадірін кетіріп, атқа жеңіл – телпекбайландырып жүрген де солар... Қайсыбірін айтайын...
— Институт қабырғасында оқып жүргенде өзіңізді актер ретінде мойындатқан қандай көрініс еді?
— Құдіреті күшті СӨЗге жеткен көріністерде! Сөз қадірін сезіп, ауыздан шыққан сөздің әдібін жымдастырып, астарын аспандатып айта білсең, “тас жарады, тас жармаса – бас жарады”! Актер өнерінің нәлі әрекеттен тұрса, әрекеттің көкесі қазақтың осы қарапайымдап қана, қағыта айтыла салынған мақалында жатқан жоқ па?! Сөз дегенде мен, жаман актердың жаттап айтатын жалпылдақ декламациясын тілге тиек етіп отырғам жоқ, оның сарыны мен салмағын, түрі мен түсін, әуені мен әуезін, тіпті иісін індетіп отырмын.                         
— Өзіңіз туралы кітабыңызда: “Актер болудың азапты күндері... Хадиша апайдың кезекті “шапалағынан” соң” – деген суретіңіз бар екен. Сол шапалақтың сазайы мен азапты күндердің сырын айтып берсеңіз.
— Бұл өнер деп аталатын әлемге өзім де қорқа-қорқа келгендіктен, алғашында асау мінез танытып жалынан ұстатпай, жанына жолатпады емес пе?! Актерлықтың қадірін аса биіктетіп, екінің бірі ер-тоқым сала алмайтын сырбаз өнер екенінен хабардар мен, алғашында көп жасқаншақтадым... Қатыңқырап кеткен табиғатым да иілмей, анау-мынау “алдауға” көнбей қойды. Міне осындай кездерде актерлық дегеннің мамандық емес, Кісілік екенін, әмбеге мәлім болғандықтан да беймәлімдікке бет бұрар Қадам екенін, Тұлғалыққа апарар соқпағы белгісіз сүрлеу екенін, бетегеден биік, жусаннан аласа болса да, “соқтықпалы, соқпақсыз, мыңмен жалғыз алысар” Жол екенін, Даралық екенін екі күннің бірінде ұрыспай ұқтырып отыратын Хадиша апамыздың сабағы, шала боп келген біздей, шантрапаларға шапалақ емей немене?!
— Театрда сомдаған рөлдеріңіздің арасынан жаныңызға ерекше жақыны қайсысы?
— Іштен шыққан шұбар жыландардың қайсысы алыс болар дейсіз, бәрі де жақын. Осы “сомдаған” деген сөз маған онша ұнамайды. Менің білуімше, актер сомдамайды, кешеді! Ал, сұрағыңыздың сойына келсек, әрине, мен бедерлеген сахналық һәм экрандық бейнелерімнің ішінде Абылай ханның орны ерекше, делқұлы Демесін де дегбірімді алып жасаған рөлім. Эдип патша, Брут, Сырым, Адам (Ғ.С), Жәнібек хан; кинода Тәңірберген, Қайырхан, Әбілқайыр, Ораз-Мерген, Шонай. Қойшы,  санамалап сабырыңызды сарқымай-ақ қояйын, Аллаһқа шүкір, бұйырғанын еңсердік, талай асуды алған сыңайлымыз, біраз биікке шыққанға ұқсаймыз, талай таудан асқандаймыз, бедерлі белдерден асып, ен жайлауға көшкендейміз, талай ғұмыр кешкендейміз...
— Тегіңізді неге Әл-Таразиге ауыстырдыңыз? Ғұламалар дәстүрін жалғастырғыңыз келді ме, әлде Тараздан екеніңізді білдіргіңіз келді ме?
— Есепте екеуі де бар. Ғұламалықты қия қоймассыз, болмасақ та ұқсап бағуға хақымыз бар шығар... Әуелгіде, өзге ұлттың теліген атауынан құтылудың далбасасынан туған ой еді, кейіндері ерегеске айналып кеткен шегенді шешім болды. Мен Жаманқұл деген қазына шалдың немересімін. Атамның өз аузынан естуімде ол кісінің азан шақырып қойған есімі Иманқұл екен, Кеңестің нәжісі теріс келген жандайшаптарының ноқайлығынан, желікпе жеңгелерінің қазақы ибамен қайнысының атын атамай, “Жаманқұл” деп атап кеткен жалған ныспысының төлқұжатына жазатайым жазылып кеткенін атам Рахымелі жылап отырып айтатын. Түзетпек болған әрекетінен түк шықпаған жарықтық, ақыры Жаманқұл боп кете барған екен... Ес жиылып, етек жабылған тәуелсіздік жылдарындағы “ов” пен “ев”, “ичтерден” құтылмақшы болған зиялы мен қиялилардың ұзынсонар айтыстарынан да ақыры түк шықпады ғой. “Тегі” болайық деді, “әулеті” болайық деді, енді біреулері атасы мен әкесінің атын тоңқ еткізіп құжаттарына жаздырып алғандардың қайсысы әке, қайсысы ата, қайсысы өзі екенін ажырата алмай ақымақ болдық емес пе? Ескі болса да естияр замандардағы Мұхамед Хайдар Дулати, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Әбу Бәкір Кердері деп ру, тайпа аттарын жамылуға сабыры аз ақылымыз жетпеді, қып-қызыл пәлеге қалатын болдық. Он ойланып, мың толғанып туған топыраққа, бір-екі емес, жетпіс жеті ата-бабамның сүйегі жатқан киелі топырақтың есіміне жүгінбеске амалым қалмаған мен, осы әл-Таразиді құп көрдім. Ресми құжаттарға ауыстыра алмасам да, қағаз бен ауызға жиі алынып, жадыға жатталып қалды әйтеуір, Аллаһ ақырының нәсібін берсін!
— Өзіңіз сомдаған хан Абылайдың өзінде “әттеген-ай” деген арманы қалып кеткені белгілі. Сондай-ақ, М.Әуезов атындағы Мемлекеттік драма театрын басқарып тұрған кезіңізде сондай орындала алмай кеткен арман-мақсаттарыңыз болды ма?
— Болғанда қандай! Басшы болып тұрғанда керіш боп қатып, кереңітіп кеткен, Кеңес кезінен шемен боп шегенделіп қалған, вышинскийдің заманынан бері беріштенген, актерлардың еңбекақысын өлшеп бағалайтын ескі заңды, категориялар мен актерлардың авторлық құқықтарын қорғайтын тиісті теріс пиғылдарды өзгертемін деген ізгі ниетім із-түзсіз қалды. Өнер адамдарының өзге тізімде болғаны – ел өркениеттілігінің ерекше көрінісі екенін ешкімге дәлелдей алмадым... Сол кездегі еңбек министрі Саят Бейсеновтен бастап, Коржоваға дейін Құдайдың зарын қылып қаншама арыз жаздым, “ойбай, өлдім” десең қара су татыратын ақылын ат, санасын тат теппеген бірде-бір атқамінер шенеунік таба алмай шерменде болып қала бердім... Қазақ театрының тарихында алғаш рет, өзіміз-өз, көйлегіміз бөз болып, дүниежүзілік ең үздік дейтін театрлар фестиваліне, Шотландияның Эдинбург қаласына төрт мәрте шақырту ала отырып, нәйеті алты адам ғана ойнайтын қойылымды Англияға алып баруға керекті алпыс мың доллар ақша таба алмай, арманда кеттім. Осы өтінішімді Елбасына жеткізгенімде, ол кісінің «орындалсын!» деп табандап тұрып тапсырғанын Алматының сол кездегі әкімі В.Храпунов “күйеу бала” да аяқсыз қалдырды... Ол ерек шығарма боп шыққан “Қабыл – Адам ата перзенті” атты қойылым еді, ақыр аяғында оның аты да, заты да кейінгі ірілердің кежегесі кейін тартылып, өшіп, ұмытылып кетті... Ақшаның қат кезінде басшы болсам да, театрды аздырып-тоздырмай, жылап-сықтамай, шіреніп-шікіреймей, ешкімге міндетсінбей еселеп еткен еңбегіміздің арқасында қаншама өресі биік, сүбесі қалың қойылымдар қойдық, нешеме актерлық жетістіктер болды, солардың ең таңдаулыларын бәйгеге қосып, бағымызды сынағанда, Мемлекеттік сыйлық беру жөніндегі комиссия мүшелерінің ішінде жүрген өз ағаларымыздың арамдығынан екі-үш мәрте сызылып қалдық... Қаншама актер-режиссерлардың бағы байланып, меселі қайтып обал болды десеңізші... Ол жүйрік қойылымдардың ішінде сол “Қабыл...”, сол “Абылай хан”, сол “Мәңгілік бала бейне”, сол “Томирис” атты спектакльдер бар еді, амал не... Айта кетерлік бір жәйт, сыйлыққа ұсынылғандардың тізіміне өзімді еш қосқан емеспін, мен ол марапатты сонау тоқсан екінші жылы “Отырардың күйреуі” фильмі үшін Елбасының өз қолынан алып қойғам, ол кезде әділеттік бар, мені “Сібірден бір вагон ағаш ұрлапты” деп жоғары жаққа өсектеген ағаларым да әреке деген көк аурудан аман сияқты еді...
— Өнер ғылымына ден қоюға не себеп болды? Зерттелмей жатқан салаға жаныңыз ашығаны ма, әлде мансап үшін бе?
— Екеуі де емес. Ғылымға мансап үшін де емес, жаны ашып емес, жанын салып, керек десе, жанын беріп араласу керек екенін ұғындым. Бірінші себеп – айналысып жүрген “ауылымның” қыры мен сырын, құпиясы мен тылсымын, тереңі мен биігін, нұры мен мұңын түсіну ғана емес, түйсіну үшін, қысқасы өзім үшін, ол “елдің” де еңсесі биік емен есігін қақтым. Екіншісі – өнерде  жүрген өлермендер мен азапкерлердің құнын кемшін бағалап, кекететіндер мен мұқататындардың жағын айырып, жағасын жырту үшін! Үшінші, ең соңғы себебі – актерлардың да адам санатына қосылып кітап оқып, тіпті соны өзі де жаза да алатынын Иран-Ғайыпқа, т.б. қырыс халыққа дәлелдеу үшін!
—  Қазіргі қаптап кеткен коммерциялық фильмдерге көзқарасыңыз қандай?
— Онша жаман емес. Тек шынайы өнер жасау ниетінен таймаса, кәсіби-білімділік биігінен табылып отырса, көркемдік көкжиегі арзандамай, жоғарғы эстетикалық талапқа сай сөреден көріне алса... Мұндай қиғаштықтан із кескендер, “Қазақфильмдегі” қолтырауын, әбжыландардың аранынан қашпақ болып жүрген шығармашылдықтан басқа қарау ой қолдарынан келмейтін жансебіл жандар ғой. Еліміз бен Елбасымыздың өзін ұятқа қалдырған қола дүние “Көшпенділердің” жырынан хабардар қайсыбір ағайындардың, әлгі қасқыр қолқалылардың Құдайдан да қорықпайтынынан түңілген соң, тауып жүрген амал-айлалары да. Аттары шығып, ел аузына ілігіп жүргендерінен әзірге “Сатайфильмнің” ғана шығармалары көңілге қонып жүр, басқаларынікі тек ақша қуушылық, әзірге босбелбеулеу көрінді маған...
— Сіздің әншілік қырыңызды танытқан “Өнер адамы” атты әннің авторы Қадырғали Көбентайдың: “Кез келген актер әнді әншіден жақсы айтады” – деген пікірі бар. Жеке басыңыз, сіз, соған келісесіз бе?
— Келісем! Әншілердікі – нәсіпті кәсіп, ал актерлардікі – жүректен шыққан күйік пен ұйық, шер-шемен мен мұң-зар... Әншілер күйі келсе де, келмесе де күнде айта береді, ал актерлар кейде айтады, онда да ән айтпауға амалы қалмағандықтан... Ұққанға екеуінің айырмасы жер мен көктей. Әдемі дауыс құлаққа жағымды, ал біздікі жүрекке... Ақан серінің “ән – ауруым...” дейтіні осыдан ғой. Абай хакім де айтпайды ма, “құлақтан кіріп бойды алар, әнді сүйсең - менше сүй” деп... Осындағы “құлақты” ғана ойлап, “бойға” мән бермейтін әншілер өкпелемес, жүрекпен айту көбінің үнінен, қала берді қолынан келмей жүргені де ақиқат.
— Әндеріңіз көбіне бард стилінде орындалады. Ол сіздің дауыс тембріңізге сай келгендіктен бе, әлде жаныңызға жақын  болғандықтан ба?
— Барым осы болғандықтан. Қай стиль екендігінде де, даусымның тембрінде де шаруам жоқ. Жаныма жақын әнді ғана айтатыным рас, онда да біреуге ұнау үшін емес, өзім үшін. Тегім мен тембрім ұнамайтындарға жалынбаймын, мен айтқанда теледидарының бетін, радиосының отын өшіріп тастасын,  “көшке берген тайлағын қайтып алсын”, орысын тыңдасын, оймауытымен мұңдассын, көңілім баяғыдай...
— Бала кезіңіздегі езу тартар қызық оқиғаларыңызбен бөліссеңіз.
— Енді езу тартпайтын болдым, өйткені ол – сағынышқа, сары уайымға айналған...

 

 

Алина Бақтыбаева  
«Қазақстан Заман» газеті (21.05.2009)

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475