Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3674 0 пікір 29 Наурыз, 2010 сағат 05:22

МАГИСТРАТУРА – ХАЛТУРА, ДОКТОРАНТУРА – ДАЛБАСА

болған заманда халықаралық университет құра аламыз ба?

Астанада Есілдің сол жағалауында салынып жатқан жаңа халықаралық университеттің құрылыс алаңына жуықта қала әкімі мен мұртты премьер министр екеуі барып, жұмысты көзбен көріп қайтты. Айта кету керек, құрылыс қарқыны екпінді. Жазды күн шілде болғанда аяқталып, студенттерін күзде қабылдап қалатын түрі бар. Оған менің де еш күмәнім жоқ. Президент Назарбаевтың атын алған оқу ордасын ол кісінің жетпіс жылдық мерейтойы болғалы жатқанда осы мәртебелі датаға орай бітірмей көрсін. Не болады екен? Құрылыс бітеді, ашылу салтанаты да өтеді, алаулатып-жалаулатып. Оған да ешкімнің күмәні жоқ, тіпті болмасын да.

 

болған заманда халықаралық университет құра аламыз ба?

Астанада Есілдің сол жағалауында салынып жатқан жаңа халықаралық университеттің құрылыс алаңына жуықта қала әкімі мен мұртты премьер министр екеуі барып, жұмысты көзбен көріп қайтты. Айта кету керек, құрылыс қарқыны екпінді. Жазды күн шілде болғанда аяқталып, студенттерін күзде қабылдап қалатын түрі бар. Оған менің де еш күмәнім жоқ. Президент Назарбаевтың атын алған оқу ордасын ол кісінің жетпіс жылдық мерейтойы болғалы жатқанда осы мәртебелі датаға орай бітірмей көрсін. Не болады екен? Құрылыс бітеді, ашылу салтанаты да өтеді, алаулатып-жалаулатып. Оған да ешкімнің күмәні жоқ, тіпті болмасын да.

 

Алайда, сол университеттің аты халықаралық бола жатар-ау, бірақ, заты қалай болар екен?.. Олай күмән келтіруімнің өз себептері бар. Неге десеңіз, бізде бұдан бұрын ондай университеттер аты дардай болып ашылып, артынан жұртқа күлкі болып қалған жайлары бар. Мысалы, Алматыдағы Қазақ-Британ университеті (суретте). Онда оқитын студенттердің айтуынша, аталған оқу орнында не қазақ, не ағылшын тілінде дәріс оқылмайды. Тек қана орыс тілінде сабақ жүреді. Әрине, Англиядан келіп ешкімнің орысша лекция оқымайтыны белгілі. Университет басшылары шетелден ғалымдарды шақырамыз дейді де ресейлік таныс профессорларын әкеле салады. Оның өзінде қай бір мықтылары дейсің. Әйтеуір қалтаның қамын ойлаған біреулері келеді де совет заманындағы бірдемелерін мылжыңдап айтқан болады екен. Хош, мұны бір делік.

 

Ал, тағы бір оқу орны Гумилев атындағы Еуразия университеті (суретте). Оны да алғаш ашқан кезде халықаралық деңгейде білім береді деп жатып кеп шулағанбыз. Оның қазіргі жағдайы сын көтермейтінін айтып, марқұм түркішіл ғалым Лев Николайұлының құлағын шулатпай-ақ қоялық. Басқасын айтпағанның өзінде Елбасының өзі ескертті емес пе. Жаңа университетке өз атын беремін деді, бірақ, екінші Еуразия университетін жасап былықтырып жүрмеулерін қадап тұрып айтты. Оны басшылар ұмытса да халықтың есінде шығар деп ойлаймын.

 

Сонымен бәрін айт та бірін айт, айналып келгенде әлемнің ешбір елі біздің елдің дипломдарын әлі мойындай қойған жоқ. «ЕНУ-ді» қып-қызыл дипломмен екі рет бітіріп барсаң да сені ешбір халықаралық ұйым немесе Еуропаның, Батыстың өркениетті мекемесі қызметке алу былай тұрсын, есігінен де қаратпайды. Тіпті, оны айтасың Қазақстанымыздың өзінде Алматы мен Қарағанды университеттерін бітірген түлектер үлкен сұранысқа ие. Ал, қалғандарына отандық жұмыс берушілердің өзі күдікпен қарайтын болып кеткен.

 

Сонда айналып келгенде, бар үмітіміз Елбасының атымен аталмақ жаңа университетте ғана болып тұр ғой. Солай дейік. Бірақ, оларға да күдіктене бастадым. Жуықта сол университеттің жаңа басқарушылары Астанадағы мектептерге барып дарынды балалармен кездесу өткізді. Адамды бұрыннан танымасаң да бір екі ауыз сөзінен байқап білуге болады ғой. Әлгі қарақтардың әңгімелерін естігенде «қоянның түрін көріп қалжасынан түңілудің» кері келді. Алайда, бұл жерде мектеп аралағандардың сыртқы пішіндерін айтып отырған жоқпын. Бәрі де көрсе көз тоятын қазақтың азаматтары мен оқымастылары ғой. Бірақ, сөздерінен өздерін бірден танытып тұрғандай. Іштерінде қазақша дұрыстап сөйлейтін біреуі де жоқ. Сұрақты ағылшынша, қазақша қойып көр, безполезно! Тек қана орысша жауап береді. Тіпті, телесюжетке қазақ тілінде синхрон беретін бір адам шықпады. Ағылшынша сөзге тартып көріп едім, орта жастағы бір әйел күлімсіреп бетіме қарады да жауап қатпады.

 

Сосын, ауыр ойға қалдым. Бізді қойшы, не көрмедік. Бәрінен де Елбасы Нұрекеңе обал болды. Мыналар қыруар қаржы шашып университет аштырып алмақшы да сабақтың бәрін тек орысша өткізіп, Президентті алдап отыра бермекші. Шетелден профессор шақырамыз дейді де, тағы да Ресейден әлдекімдерді сүйреп келмек. Оның өзінде Мәскеу мен Петербордан болса жылап көрісерсің. Мына тұрған Омбы мен Барнаулдан әкеле салады ғой.

 

Ал, өзіміздегі жағдай ше? Аллаға тәуба, ғылыми дәрежесі барлар магистрден бастап ғылым докторына шейін жыртылып айырылады дегеңіз келетін шығар. Оныңыз рас, баршылық. Алайда, ғылым докторларының көбі мемлекеттік қызметте «бизнес жасап» отыр. Оларға жаңа университеттің ай сайын берілетін 4500-5000 АҚШ доллары көлеміндегі жалақысы аздық етеді. Ал, тәуелсіздік жылдарында өзімізде дайындалған ғылыми кадрларға үміт артпай-ақ қойған жөн. Неге?! Себебі, бүгінге дейін магистратура халтураға, докторантура далбасаға айналғанын министр Түймебаевтың өзі жақсы біледі. Кандидат пен докторларды инкубатордың балапандай өндіріп жатқан елдегі ғылыми кеңестің жайын мен айтпайын, сіз білмей-ақ қойыңыз.

 

Сонда біз қашан өзіміздің Гарвардымызды, Кембриджімізді, Оксфордымызды қалыптастырамыз? Әлемдік стандартта білім беретін, халықаралық деңгейдегі университетті қашан, қай елдің үкіметі құрыпты? Бәрі жекеменшік оқу орындары емес пе. Сонда біздің мұнымыз қай сасқанымыз?  ЖОО араларында шынайы бәсеке тудырып, жоғары білім беруді демократияландырсақ, атына заты сай университеттер өздері-ақ іріктеліп шыға келер еді де. Ал, сіз бұған не дейсіз?

 

Шарапат АСТЫҚБАЕВ,

тәуелсіз сарапшы.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1583
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2283
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3620