Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Жаңалықтар 3137 0 пікір 13 Сәуір, 2010 сағат 04:32

Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ, академик. Мадақ емес, мазақ

Мақтаншақтық - қазақтың қадірін қашыруда. Атақ ақшамен өлшеніп жатыр. Кейбір қулар қазақтарға бір жапырақ мақтау қағазын беріп: «Сен мықтысың, кереметсің, бәленсің, түгенсің, танымалсың», - деп көпіртіп мақтап, өзінің шотына пәленбай долларды аудартып алады.

Мақтаншақтық - қазақтың қадірін қашыруда. Атақ ақшамен өлшеніп жатыр. Кейбір қулар қазақтарға бір жапырақ мақтау қағазын беріп: «Сен мықтысың, кереметсің, бәленсің, түгенсің, танымалсың», - деп көпіртіп мақтап, өзінің шотына пәленбай долларды аудартып алады.

«Пәленше «әлем адамы» болды, түгенше «жыл адамы» болды», - деп басылым біткеннің бәрі жарысып жазып жатады ғой осы. Бәрі - бос сөз. Егер әлем сізді мойындайтын болса, ақша сізге өз аяғымен келеді. Демек, олар ақшаны сізге төлейді. Ал қолтығыңызға су бүркіп, мақтап, мадақтап, ақшаны сізден алатын болса, онда ол - адамдық емес, ақымақтық іс. Оны біздің кейбір дөкейлер қош көріп отыр ғой. Атақ, даңқ, шен-шекпенге құмар қазақтар осыған мәз. Мадақ емес, мазақ болып жатқанын өзі білмейді. «Ойбай, ол Нью-Йорк академиясының мүшесі», - деп жер-көкке сыйғызбай мақтайтындар көп. Нью-Йорк академиясынан Қаскелең академиясының айырмашылығы қандай? Айырмашылығы: Нью-Йорк академиясына кез келген адам мүшелікке қабылдана алады. Сұраған ақшасын берсе болды. Ал басқа жерге сіз ғылымсыз өте алмайсыз. Ақымақтарды алдап, ақшасын алу қулардың әдетіне айналды. Дұрыс. Ақымақты неге алдамасқа?! Мен Американың грантын талай ұтып алдым. Дүниежүзінде мынадай принцип бар. Егер сіз Американың грантын алсаңыз, мысалы, миллион доллардан қалтаңызға түсетіні - жүзден бір пайызы ғана. Қалғанының бәрі Американың өзінде қалады. Ұшсаңыз, АҚШ-тың ұшағымен ұшуыңыз керек. Компьютер сатып алу керек болса, жапондікіне, қытайдікіне жоламайсыз. Егер осы талаптарға көнбесеңіз, әлгі грант берілмейді. «Аузы қисық болса да, өзіміздің адамдар сөйлесін», - дейді. Содан кейін қалғандары. «Біреуді «жарылқасаң» ең алдымен өзіңнің мемлекетіңнің қамын ойла», - деген принципті ұстанады. Әлем осы ережемен өмір сүреді. Тек бір ғана ел осы принциптен ауытқып отыр. Ол - Қазақстан. Біздікі керісінше. «Ең алдымен шетелдіктердің қамын ойлайық», - дейді. Шетелдіктердің шашбауын көтеріп жүргеніміз сондықтан. Шаш алсақ та, шетелдік мамандарды шақырамыз. Шетелдіктерсіз мәселе шешілмейтіндей. Мен оны түсінбеймін.

Басы бар, аяғы жоқ бастамалар
«Қазақстанда халықаралық деңгейде оқу орны ашылады», - деп жаһанға жар салып жатырмыз. Мейлі ашылсын. Мен үшін екі сұрақ маңызды: қандай мұғалім сабақ береді, ол ғылыммен айналыса ма, жоқ па? Екіншіден, ол жерден қандай студент білім алады? Осы екеуі­нен басқасы - бос сөз. Қазір «инновациялық, интеллектуалды мектеп, бәлен мектеп, түген мектеп», - деген аты «дардай» мектептер ашы­л­ып жатыр ғой. Мен Қазақстанда екі-ақ мектепті мойындаймын. Олар - О.Жәутіков атындағы физика-математика мектебі, түрік лицейлері. Олимпиадада сол мектептердің балалары ғана озады. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жаратын» мектептер шетелге еліктейді. «Инновациялық, индустриалдық, бірдеңе, шірдеңе мектеппіз», - деп. Ал артында түк жоқ. Біздің кемшілігіміз мынада: математикада үздіксіздік деген ұғым бар. Егер технологиялық процесті 1000 амалға орындау керек болса, оның бәрін орындап шығуыңыз тиіс. Егер 999-ын орындап, біреуін қалдырып қойсаңыз, одан түк шықпайды. Қалғаны бос сөз болып, босқа кетеді. Біздің әрекетіміз осыған ұқсас. Бір жерден көріп келеді де, оның «басын» алады. Өзгенің жүйесіне еліктейді де, оның ортасын алады. Бұдан шығатын қорытынды: біздің тірлігіміздің басы бар да, аяғы жоқ. Әйтпесе, керісінше: аяғы бар, басы жоқ. Болмаса ортасы жоқ. Түсініксіз бірдеңелер. Білім саласының былығы шығып, жүйесіз болып жатқаны сондықтан. Ең тәуір білім жүйесі - кеңестік білім жүйесі. Оның бір кемшілігі - қоғамдық ғылымдардың идеология­мен байланыстырылғаны. Ал жаратылыстану ғылымындағы орыс пен немістің білім жүйесін әлем әлі күнге дейін мойындауда. Біз одан бас тартып, кейін қарай кетіп жатырмыз.
Бір мысал айтайын. Массачусетс  технология институтының бір факультетіндегі кафедраның бір жылдық бюджеті - 1 миллиард доллар. Біздің Қазақстанның бюджеті қанша? Көп болса, 10 миллиардтың ар жақ-бер жағы шығар. Енді есептеңіз, шетелдің бір ғана кафедрасының бюджеті Қазақстан бюджетінің 10 пайызына жетіп отыр. Бүкіл білім мен ғылым сол жерде. Ал біздің университеттердің қазіргі жағдайы Массачусетс технология институтымен салыстырғанда қандай? Жер мен көктей. Біздегілер ғылыммен ақша таппақ түгіл, дұрыстап сабақ та бере алмайды. Мен ғылымды игеру мәселесін қозғап отырған жоқпын. Біріншіден, адам, екіншіден, уақыт таппайды. Мен студенттерге сабақ беріп жүрмін ғой. Азаннан кешке дейін қағаз сұрайды. «Ананы толтыр, мынаны жаз, есеп бер», - деп. Одан кейін оның қолы қайдан  тисін?! «PhD жүйесіне өтсек, бәрін қарық қыламыз», - деп жүр. Бос сөз. Ол жүйе бізге келмейді. Келмейтін себебі - ол жүйені толық алмауымызда. Кафедраларымыздың бюджеті бір миллиард болмаса да, кем дегенде бір миллион доллар болуы керек. Бірақ ол бізде еш уақытта болмайды.

Қазақша Windows-қа
сұраныс 1-ақ пайыз
Біз бос сөзге үйірміз. Жоқ жерден мәселе тудырғымыз келеді. Таласпайтынға таласамыз. Бізде істен гөрі сөз көп, дақпырт, ұзын-сонар жиналыс, өрге-төменге ағылған жансыз қағаз, арқауы бос мақтаншақтық, құрғақ пәлсапа, қызыл сөз көп. Көзбояушылыққа біртабан жақынбыз. Ғылыммен айналысып жүргендер аз. Ғылыммен айналысу үшін алдымен ғылымның өзі болуы керек. Бұл - бесбармақ жасау үшін алдымен ет болу керек деген сөз. Ет болмаса, бесбармақ қайдан болсын? Сол секілді, ғылымның өзі болмай, оған дұрыс көзқарас қалыптаспай, біз бәрінен озамыз деу - бекер әңгіме. Қазақтың қазір тілінен, салт-дәстүрінен басқа проблемасы жоқ. Менің ойымша, мұның бәрі - бос сөз. Тетігі жоқ бос әңгіменің бізге түкке керегі жоқ. «Сен неге қазақша сөйлемейсің?» - дейді. Өйткені, ол адамда сөздік қор жоқ. Қолданыс жоқ. Қазақ тілінде сөйлейтін технологияның өзі жоқ. Осыдан кейін ол қазақ тілінде сөйлеп неге әуре болуы керек? Жақында қазақ тілін үйренген бір кісінің интернетте мақаласын оқып қалдым. Сонда ол: «Мен қазақ тілін үйреніп шықтым. Бірақ «қазақша» тілімді қайда жұмсарымды білмей отырмын. Не істеймін? Қолданыс жоқ. Бекер үйреніппін. Уақытым босқа кетіпті. Қазаққа сұрақ қойсам, орысша жауап береді. Қазаққа керек емес тіл маған не үшін керек?», - деп отыр. Менің ойымша, қазақ тілін поэзияда тек екі жағдайда ғана пайдалануға болады: онымен біреуді мақтайсың, біреуді жамандайсың. Болды. Басқа ештеңе емес. Жуырда интернеттен таңғаларлық жаңалық оқып қалдым. Microsoft-тың Қазақстандағы бас директоры Гюнтер Дам деген азамат Windows-ты қазақшалағанын айтады. Windows-ты қазақшалау - ғылыми проблема емес. Әлгі азамат айтады: «Қазақстанда қазақша Windows-қа сұраныс 100 пайыздың 1-ақ пайызын құрады». Бұл нені көрсетеді? Бұл біздің бос сөзге үйір екенімізді көрсетеді. «Ойбай, қазақша сөйлеңдер», - дейді. Ал сөйледік. Неге оны қолданбайды? Өйткені ғылымның өзі жоқ. Біздің қазақтардың Word-та бес-алты сөйлемді басқаннан басқа қолдарынан түк келмейді. Осыны біліп алады да компьютерді меңгердім деп шыға келеді. Бұл баяғы Колбиннің «құрметті жолдастарды» үйреніп алып, қазақ тілін «ішіп» алдым дегенімен бірдей ғой. Бұл кейбір адамдардың Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігін» оқып алып, «мен жазушымын» деген сөзімен бірдей.
Мәселен, Эстонияда бір-ақ миллион халық тұрады, ал Латвияда адам саны екі-үш миллион ғана. Нағыз «компьютербасты» адамдарды сол жерден табасыз. Ал 10 миллионға жуық қазаққа қажет қазақша Windows бір-ақ пайыз. Бұл - қазақ тілі қажет емес деген сөз. Намыс қайда? «Анау қайда, мынау қайда?» - деп келген сөзіміздің бос екеніне дәлел бұл. Намыс деген не ол? Қазақша сайрап тұрсың. Ал қайтейін...
Шындықты бұрқыратқан Бұқарға Абылай хан «әй» демеген.
Мен бала күнімде Мұхтар Шахановтың өлеңдерін оқып өстім. Оның тіл, ұлт жанашыры болып, шыр-пыр болып жүрген әрекеттерін қолдаймын. Жазушылардың ішінде осы кісіні ғана құрметтеймін. Алайда ол стратегиялық мәселеде қателеседі. Шаханов тек жалаң рухты қозғай береді. Рухани байлық осы деп санайды. Бұл - қате. Керісінше, қазақтың кемшілігі - «компьютербасты» адамға айнала алмауында. Гуманитарлық қоғам өкілдерінің ерекшелігі - жоқ проблема жайында жоқ әңгіме айтады ғой.
Өткенімізге қарайық. Абылай хан қалмақ­тармен соғысқан, олардың қолында тұтқында болған. Қалмақтан қатын алған. Бірақ жиналысты қалмақ тілінде өткізбеген. Тек қазақ тілінде сөйлеген. Оның қасында Бұқар жырау бабамыз болды. Ол Абылай ханның бүкіл кем­ші­ліктерін айтып отырған. «Сен менің кем­шілі­гімді айттың, үйтіп айттың, бүйтіп айттың», - деп Абылай хан Бұқарға еш уақытта өкпеле­меген. Абылай ханның қасынан ақындардың атын табасың. Батырлардың атын табасың. Бірақ Абылай ханның қасынан жағымпаздарды таппайсың. Шын сөйлейтіндерді ғана табасың. Міне, әңгіме осында.

Бізге есі дұрыс
«есектер» керек
Қазақ өзін-өзі мойындату үшін алдымен іс болу керек. Мұхтар ағамыздың идеясын, қоғамдық құбылыстарға деген эмоциясын мен қолдаймын. Бірақ бәрін руханиятқа телу - дұрыс емес. Немісті неміс еткен не? Оларда дәлдік бар. Циркуль секілді өлшеуіш құралдардың бәрі бар. Қазақтың өзінің сөзі бар: «Құрыққа сырық жалғау» деген. Бізде дәлдік жоқ. Шегі жоқ бірдеңелер... Шешілмейтін түйіндер...
Қазақ ғылымы дамыса, қазақты бәрі мойындайтын болады. «Е, біз де біреу­ге керек екенбіз ғой. Босқа жер басып жүрген жоқ екенбіз ғой», - дейтін боламыз. Тіл, діл, дәстүр, тағысын тағылары ғылымның салдары ғана. Есекті арбаның артына емес, алдына қою керек. Есектің еті - арам, еңбегі - адал. Есек - технология, ғылым, білім десек, ал тіліміз, мәдениетіміз - арба. Арбадағы құндылықтарымызды жүргізу үшін есі дұрыс есек керек. Ал бізде есі дұрыс «есек» жоқ. Біз біреудің емес, өзіміздің басымызбен ойлауымыз керек. «Ойбай, шетелдің мына жүйесі керемет екен», - деген сөз жай әңгіме. Ойдан-қырдан қашқан, зейнет жасына шығып алып, не істерін білмей жүрген ересек «есектер» бізге керек емес. Бізге «аузы қисық болса да» өзіміздің мамандарымызды тартуымыз керек. Өзіміздің жастарды жұмысқа жұмылдыруымыз қажет.

«Адал» адамдар -
арам адамдар
Біз кеше ғана Кеңес өкіметін қолдап келген адамдар едік. Миллиондаған адамдар 70 жыл бойы коммунистік идеологияға адал болып келді. Ал Кеңес тарқағанда біреуі көшеге шықпады. Біреуі: «Не болып кетті өзі?», - демеді. Бұл нені көрсетеді? Демек, бұл өтірік айтып, өсек таратуға етіміздің өліп кеткенін көрсетеді. Ал қайда кешегі «адал» адамдар? Міне, осы жағдай біздің елде де қайталанып жатыр. «Намыс қайда?» - дейді. Ал намысың күшті. Не істей аласың? Жеме-жемге келгенде, ертең бірдеңе болса, бәрі тығылып қалады. Ондай өтірік сөздерді айтып, уақыт өткізудің кімге керегі бар? Жоқ жерден ұлттық нышан іздей берудің қажеті жоқ. Бәрін бірден істеп қалғысы келеді. «Ойбай, қазір айтып, айқайлап қалайық, қазір істеп қалайық», - дейді. Қазақ құдды 5-10 жылдан кейін өмір сүрмейтіндей. Қызбалық қажет емес. Ол бізге жараспайды.
Мен ылғи математика байқауларында әділқазы мүшесі боламын. Сонда байқағаным: қатысушы 10-20 сұрақ бойынша жауап беруі керек. Оның ішінде бәрі бар: киім киінуі, сөйлеу мәнері, ұлттық нышаны, Президент жолдауын білуі, тағысын тағы. Бірақ еш жерінде «екіні екіге қосса қанша болады?» деген сұрақ жоқ. Ол екіні екіге қоссаң қанша болатынын білмейді. Сонда қалғанының бәрі не әңгіме? Біздің кемшілігіміз осында. Жоқ жерден бірдеңені қисайтып шығарып, сұмдық бір патриот бола қалғымыз келеді. Ол болмайды.

«На всякий случай...»
Ғылыми атақ алғандар көп, бірақ ғылым аз. Қазіргі ғалым­дар - кешегі Кеңес дәуірінен шыққандар. Тәуелсіздік алғаннан кейін шыққан ғалымды мен көрген емеспін. Мүмкін енді шығатын шығар. Бірақ мен оны байқап отырған жоқпын. Тығылып, көрінбей жүргендер бар шығар. Ғылымға тек кедей, үйі жоқ, сорлы, бейшаралар келеді. Ғылымға бір миллионердің баласының келгенін әлі көрген емеспін. Байлардың баласының ең жаманы жоқ дегенде банкке басшы болады. Бұл менің білетіндерім ғана.
Ғылыми атақты «на всякий случай» деп алғандар көп. «Алда-жалда жұмыстан қуылып кеткенде, бір жерге барып, кафедра меңгерушісі боламын», - деп ойлайды. Оның басқа шарасы жоқ. Әрі-беріден соң оның ғылымды дамытуға шамасы да келмейді.
Ғылыми атақты көріну, көтерілу мақсатында алатындар азаймай отыр. Сөйтіп, билікке бедел үшін барады. Қалтаңа қаржыны, қазыны тығып қоятындардың қарасы сонда көбейеді. Академик болсаң, кім сізді елеп, ескереді? Кім сізге сәлем берер екен? Жазушының мерейтойы бола қалса, жұрт шуылдап қоя береді. «Ойбай, пәленше пәлен жасқа келіп қалыпты», - деп. Әкімі бар, басқасы бар, иығына шапан жауып, «Джип» мінгізіп жатады. Ал сіз бір ғалымға осындай құрмет көрсетілгенін көрдіңіз бе? Мысалы, бір математиктің мерейтойының тойланып жатқанын көрдіңіз бе? Жоқ. Анда-санда әр жерден айқайлап қойғанда ғана байқайды...

«Жас қазақ» апталығы, 09.04.2010

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1555
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3355
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6251