Бейсенбі, 15 Қазан 2026
Елім-ай 203 0 пікір 15 Қазан, 2026 сағат 13:01

Тәуелсіздіктің тұрақтылығы – біз үшін бәрінен қымбат!

Сурет: abai.kz сайтынан алынды.

Редакция: Қазан айының 5-інен бері Варшава қаласында (Польша) ОБСЕ-нің жыл сайынғы дәстүрлі конференциясы өтуде. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Ермұрат Бапи сол конференцияның Демократиялық институттар мәселесі жөнінде өткен сессиясына қатысып, сөз сөйлеген еді. Біз төменде саясаткер азаматтың сол баяндамасын сәл-пәл ықшамдап жариялап отырмыз.


2000-жылдардан бері ОБСЕ-нің бірнеше конференциясында, Еуропарламент пен АҚШ конгресінде өткен депутаттық тыңдауларда, жоғары дәрежелі халықаралық жиындарға қатысып, сөз сөйлеу мен үшін таңсық емес. Бірақ мен ол кездерде демократиялық романтизмнің жетегімен тек қана протестік ұстанымда болған, Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке-дара билігіне қарсы күрескен сыңаржақ оппозициялық күрескер едім.

Ал Қазақстанның қазіргі әлемдегі ішкі-сыртқы жағдайының күрт өзгеруіне байланысты мен ел тағдырына жанашыр мемлекетшіл саясаткердің позициясында жүрген азамат ретінде сөз алдым. Мен ең алдымен екі мәселеге тоқталғым келеді.

Біріншіден, мен осы жылғы наурыз айында қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы негізінде жаңадан құрылған мемлекеттік-консультативтік орган – Халық Кеңесінің мүшесімін. Бұл жаңа институт ұлттық (этникалық тұрғыда түсінбеуді сұраймын) саясатты жүзеге асыру барысында мемлекет пен қоғам арасындағы жалпыұлттық диалогты, ынтымақ пен бірлік процесін қалыптастыру алаңы ретінде құрылды. Сондықтан мен сұранып сөз алған бұл спич қос тараптың ортасындағы тәуелсіз пікір ретінде қабылдануы қажет деген ұсынысым бар.

Екіншіден және ең алдымен, конференцияға қатысушылар тарапынан Қазақстанда бір жылда едел-жедел екі бірдей сайлау өткізу қандай қажеттіліктен туындады деген сұрақ болуы мүмкін. Иә, Қазақстанда биыл екі бірдей сайлау өтті: бірі – Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі жалпыхалықтық референдум; екіншісі – Қазақстандағы өкілетті билік органы – Құрылтай (Парламент) сайлауы.

Ескерте кетейін, Қазақстандағы бұрынғы саяси режим кезіндегідей емес, бүгінде Конституцияға өзгеріс енгізу жалпыхалықтық дауыс беру – референдум арқылы ғана жүзеге асады. Ел президенті де, парламент те Конституцияға өзгеріс енгізуге құзырлы емес, бұл тек жалпыхалықтық ерік-жігерімен ғана жүзеге асатын шешім!

Әрине, европалық жекелеген елдерде бір жылдың ішінде бірнеше сайлау өтуі қалыпты жағдай. Бірақ бұл кеше ғана автократиялық режимнің құрсауында болған Қазақстан сияқты азиялық ел үшін ерекше үрдіс. Себебі бүгінде Қазақстан Республикасы – өзгерістер мен реформаларды жедел жүргізуге мүдделі транзиттік даму үстіндегі ел. Сондықтан біздің алдымызда әлемнің дамыған елдері бұдан бірнеше ондаған жылдар бұрын өтіп кеткен демократиялық қатынастар мен процестерді қуып жету, құрып кеткенде сол өркениет көшіне ілесу міндеті тұр. Бұл міндеттің жауапкершілігі мен жалпы нобайы туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жуықта ғана Германияға жасаған ресми сапары кезінде бірсыпыра сөз еткенін халықаралық қатынастарға құлағы түрік саясаткерлер білсе керек. Қазақстанның жаһандық көш үдерісіндегі дамуы мен бүгінгі аумалы-төкпелі геосаяси кезеңдегі орыны туралы Тоқаев мырза тыңғылықты пікірлер айтқан еді.

Бүгінгі бүкіләлемдік қарым-қатынастар тәртібі күрт өзгеріп, халықаралық глобалды жағдай шиеленісіп тұрған жағдайда Қазақстан осы тәуекелдерге іштей дайын болудың қамын күйттеуде. Оның үстіне бұған дейінгі 30 жылдық авторитарлық биліктен кейін, Қазақстанға төнуі мүмкін тәуекелдерге төтеп беретін жаңа ұлттық элитаның саясат аренасына шығуына еркін мүмкіндік жасалды!

Әлемде қалыптасып жатқан жаңа қатынастар тәртібі ұзақ кезеңді қамтуы мүмкін. Бұған Қазақстанның бүгінгі халқы ғана емес, келешек ұрпағы да дайын болуы тиіс. Сондықтан сыртқы тәуекелдер толқып тұрған өтпелі кезеңде (транзиттік) Қазақстан шұғыл түрде екі бірдей сайлау өткізуге мүдделі болған себебі осы.

Иә, бүгінгі дамыған өркениет әлеміндегі сияқты Қазақстандағы демократиялық процестер де елдегі азаматтардың еркін ерік-жігері негізінде тікелей сайлау механизмдері арқылы жүзеге асады. Осы үрдісті жетілдіру және күн сайын өзгеріп жатқан халықаралық қатынастарға лайықты масштабты мүмкіндіктер қалыптастыру мақсатында биылғы 2026 жылдың 15 наурызында жаңа Конституция қабылданып, елдің ең басты заңы 1-шілдеден бастап күшіне енді. Бұл Конституция азаматтық құқықтың басымдылығын (верховенство), қоғамдық диалогтың дамуын және билік органдарының халық алдындағы жауапкершілік принциптерін бекітті.

Ал тамыз айында осы жаңа конституциялық негізде және пропорционалды-партиялық жүйе бойынша бірпалаталы парламент – Құрылтай сайлауы өтті. Бес жылдық құзіретті мерзімге белгіленген 145 депутататтық мандаттан құралған бұл Құрылтай елдегі заң билігін жүзеге асыратын жоғарғы өкілетті орган саналады.

Сонымен бірге сол жаңа Конституцияның негізінде халық мүддесін қорғайтын, қоғам мен билік арасындағы жалпыхалықтық диалогты қалыптастыратын жоғарғы консультативтік орган – Халық Кеңесі құрылды. Бұл Кеңес елдің ішкі саясатына қатысты негізгі бағыттарды айқындау, заңшығарушылық және жалпыхалықтық референдум тағайындау жөніндегі бастамашылық құзіретке ие болды.

Тағы да сол жаңа Конституция талабы бойынша, Президенттің жарлығымен бекітілетін вице-президент лауазымы тағайындалды. Елдегі күштік құрылымдарды мүмкін боларлық тәуекелдерге төтеп беру мүмкіндіктерін жұмылдырушы орган – Президентке тікелей бағынатын Қауіпсіздік кеңесі мен оның аппараты құрылды.

Міне, осындай конституциялық реформалардың нәтижесінде мемлекеттік өкімет иерархиясының жаңа архитектурасы жасақталды. Қорыта келгенде, менің ойымша, мұның барлығы әлемдік тәртіптің (миропорядок) күрт өзгеруі мен Қазақстанның ішкі-сыртқы даму жағдайына әсер етуі мүмкін халықаралық қатынастардың жаңа векторына дайындықтың қам-қарекеті деп айта аламын.

Бірпалаталы Құрылтайды құрған парламенттік сайлау кезінде мен біртоп қоғамшыл азаматтардың бастамасы бойынша құрылған «Халық үні» бақылаушылар қатарына өз қалауыммен кіріп, сайлау барысын байқау процесіне қатыстым. Жалпы, сайлауда дауыс беру процесін 51 мың ұлттық, 777 халықаралық байқаушылар бақылады.

Дауыс беру кезінде (23.08.2026) Алматы қаласындағы бірнеше сайлау учаскелерін аралап, тәуелсіз ұйымдар мен партиялардың бақылаушыларымен кездесіп, заң бұзушылықтар жөнінде сұрастырдым. Олардың бірде-бірі ешқандай оғаш заңсыздықтар болмағанын айтты.

Иә, сайлауды бақылауға ОБСЕ тарапынан келген делегацияның жекелеген сын-ескертпелері болды. Бірақ сайлау барысында орын алған бірен-сараң локальды қайшылықтар сайлаудың соңғы нәтижесіне әсер етпегенін азаматтық тұрғыда жауапкершілікпен мәлімдей аламын.

Конференцияға қатысушылардың назарына бір фактіні айтқым келеді. Референдум кампаниясы кезінде «ҚР Сайлау туралы заңын» бұзды деген айыппен қоғам белсендісі Оразалы Ержанов қылмыстық жауапқа тартылды. Бұл қоғамшыл белсенді азаматты жақсы танитындықтан және 2023 жылға дейін бір қоғамдық ұйымда мүше болғандықтан, Парламент депутаты ретінде мен оған араша түсу үшін, Қазақстанның Бас прокурорына дейін бардым.

Бірақ Ержанов мырзаға қатысты қозғалған іспен танысу барысында оның заң бұзғанына (воспрепятствование избирательному праву граждан с участием иностранных ресурсов) Бас прокурор көзімді жеткізді. Ол шетелдердің бірінде ашылған онлайн аккаунт арқылы сайлаушыларды бойкот жасауға шақырған екен. Сайлаушының сайлауға қатысу және дауыс беру ерік-жігеріне сырттан кедергі жасау – Қазақстан заңы бойынша қылмыстық жауапқа тартылатын жағдай екені түсінікті жәйт болса керек.

Кейіннен О.Ержановқа қатысты сот болып, оған шартты түрде жаза тағайындалды. Оны түрмеге қамамай, әлдеқайда жеңіл жазамен құтылуына депутат ретінде араласқанымды осы жерде бірінші рет айтып отырмын.

Жалпы, әлем елдеріндегі сайлау процестеріне әлдебір сыртқы күштердің заңсыз араласу жағдайы соңғы жылдары етек алып бара жатқаны осындағы барлық қатысушыларға белгілі жәйт деп білем. АҚШ-тағы соңғы президенттік сайлауға интернет ресурстар арқылы қай елдің араласқаны ашық ақпарат көздерінде жарияланды.

Сол сияқты Германия, Венгрия, Румыния, Грузия және Молдова мемлекеттеріндегі парламенттік сайлаулар мен ол сайлаулардың нәтижесіне қай мемлекет ықпал етуге тырысқаны тағы да белгілі. Бразилиядағы сайлауға қай елдің сырттан заңсыз араласқаны бір апта бұрын ғана жария болған жағдай!

Сол сияқты глобалды ақпараттық қауіп-қатерлер күшейген жағдайда Евразия континентіндегі тыныштық пен тұрақтылық аралына айналған Қазақстанға және оның өкіметіне ықпал етуге мүдделі күштер бар екенін мен жақсы білемін. Бұл енді жаһандану интернет-технология шарықтап дамыған заманында әлдебір мемлекет жекелей шеше алатын мәселе болмаса керек.

Бүгінде жаһандық үрейлі үрдіске айналып бара жатқан мұндай ақпараттық агрессия мен онлайн интервенция проблемасын ООН мен ОБСЕ сияқты халықаралық беделді ұйымдардың шеңберінде талқылау керек шығар. Қазіргі әлемнің саяси тұрақтылығы жеке ұлттық мемлекеттердің дербес және тыныштық жағдайында дамуына байланысты екені айтпаса да түсінікті болуы тиіс!

Ермұрат Бапи,

Қазақстанның Халық Кеңесінің мүшесі. Варшава (Польша),

12 қазан, 2026 жыл

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 1005
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1360