Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3504 0 пікір 19 Сәуір, 2010 сағат 05:49

Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА: "БҰЛБҰЛДЫ" АЙТУДАН ҚАЛҒАН КҮНІ САХНАДАН КЕТЕМІН

- Зыкинаның Фурцевамен жақын құрбы болғаны жұрттың бәріне белгілі. Людмила Геор­гиев­надан баяғыда, 1978 жылы Алматыға гас­трольге келгенінде сұхбат алғанмын, ол газетке шық­қан. 2007 жылы Мәскеуге барғанымда тағы да сөйлескенмін. Сонда бір қызық жағдайды айтқан. Иномарка дегенді Мәскеу жұртының өзі шетел елшілерінен ғана көретін сонау 60-шы жыл­дарда Высоцкий "Мерседес" алып, Зыкина ми­нистр­дің алдына кіреді. "Мерседес" сұрайды. "Бол­майды" дейді министр құрбысы. "Володяға болғанда маған неге болмайды?" дейді Людмила Георгиевна. "Высоцкийге болады, ал саған бол­май­ды. Сен орыс әншісісің, сен Волганың жыр­шысысың, сен тек "Волга" мінуің керек. Қаласаң "Волганың" жаңасын алып берейін", депті сонда Фурцева. Соған қарағанда тегін адам емес сияқты.

- Зыкинаның Фурцевамен жақын құрбы болғаны жұрттың бәріне белгілі. Людмила Геор­гиев­надан баяғыда, 1978 жылы Алматыға гас­трольге келгенінде сұхбат алғанмын, ол газетке шық­қан. 2007 жылы Мәскеуге барғанымда тағы да сөйлескенмін. Сонда бір қызық жағдайды айтқан. Иномарка дегенді Мәскеу жұртының өзі шетел елшілерінен ғана көретін сонау 60-шы жыл­дарда Высоцкий "Мерседес" алып, Зыкина ми­нистр­дің алдына кіреді. "Мерседес" сұрайды. "Бол­майды" дейді министр құрбысы. "Володяға болғанда маған неге болмайды?" дейді Людмила Георгиевна. "Высоцкийге болады, ал саған бол­май­ды. Сен орыс әншісісің, сен Волганың жыр­шысысың, сен тек "Волга" мінуің керек. Қаласаң "Волганың" жаңасын алып берейін", депті сонда Фурцева. Соған қарағанда тегін адам емес сияқты.

- Тегін адам ол заманда Саяси Бюро мүшесі болмайды ғой. Мен, әрине, Людмила Зыкинаны әнші ретінде қадірлеймін, бірақ өзімнің вокалдық деңгейімнің одан жоғары болғанын да сезінемін. Ең бастысы, біздің басшыларымыздың мені орыс ән өнерінің ту ұстаушысындай күйде халықтық санаға сіңіп кеткен адаммен, оның үстіне одақ­тық министр жанын сала қорғайтын адаммен таластырып қойғаны таңдандырады. Жарайды, бұйырмаған екен дей салған жоқпын. Жасы­ра­тын несі бар, кәдімгідей қиналдым. Бір жылдай ән айта алмай қалдым тіпті. Сыйлыққа ұсыны­лып жатқанда "Саған Лениндік сыйлық қайда? Ша­маңа қарасайшы!" деп телефон соққан дауыстар енді "Айтқан жоқ па едік?" деп табалауға көшті.

- Оралхан Бөкейдің ол жайында жазғаны да есімізде.

- Содан Қонаевқа кіріп, "Димаш Ахметұлы, енді маған мынандай емтихан ұйымдастырмай-ақ қойыңыздаршы" деп өкпемді де білдіріп шықтым. Дегенмен, ол "емтихан" ізсіз кеткен жоқ. Көпе-көрінеу әділетсіздік жасалғаннан кейін комитет мүшелері: "Төлегенова енді КСРО Мемлекеттік сыйлығына ұсынылсын, бірақ алдын ала талқылауға түспей-ақ қойсын, бәріміз ол кезде бір ауыздан дауыс беретін болып келісейік", деп тарасыпты. Кейін алдым ол сыйлықты. Швецияда гастрольде жүргенімде радиодан елшілік қызметкерлері естіп, алдымен солар құттықтаған еді.

Кейіннен Зыкинаның өзі мені көрген сайын қысылыңқырап, реті келген жерде мақтап сөйлеп жүрді. Бір концертте Григтің "Сольвейгін" орындап шыққаннан кейін Зыкинаның маған қарап: "Хороша, хороша, и собой хороша, и голосом хороша, и мать пятерых детей" дегені бар. "Не пятерых, а троих детей" дедім де жанынан кетіп қалдым.

- Ақыры сыйлықты қозғағаннан кейін атақ­тардың жайын да айтып қалайық. Сіз Қазақ ССР-нің халық әртісі, Қазақ ССР Мемлекеттік сый­лығының лауреаты, КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атандыңыз. Дәл Одақ тарардың алдында Социалистік Еңбек Ері атағын алдыңыз. Талайлар сізді сол атақты сұрап алды деп әңгіме еткенін де білемін. 1995-97 жылдары Мәдениет министрінің бірінші орынбасары болған тұсымда әртіс ағайындардың ортасында әртүрлі әңгімеге әбден қанықтым ғой.

- Ондай әңгімені менің өзіме де сол тұста өзінше астарлап айтқандар бар. Мұның жайы былай. Одақтың тарайтыны талассыз болуға айналған күндері Горбачев Алматыға, Нұрсұлтан Әбішұлына телефон соғады. "Еңбегіңіз бар, ке­зін­де онша дәл жасалмаған қадамдарымыз да болды. Сізге Социалистік Еңбек Ері атағын бер­гелі отырмын", дейді. Сонда Президентіміз: "Кө­ңіліңізге, ниетіңізге рахмет. Мен бас тартамын. Егер мүмкіндігіңіз болса ол атақты біздегі өте лайықты бір өнер адамына берсеңіз екен", дейді. Сөйтіп, менің кандидатурамды ұсынады өзінің орнына. Екі күннен кейін Бибігүл Төлегеноваға Социалистік Еңбек Ері атағын беру туралы КСРО Президентінің Жарлығы шығады. Тағы екі күннен кейін Одақ тарайды. Солай болған. Осының өзі Елбасының дархан жанын, жомарт жүрегін көрсетіп тұр емес пе? Тарап бара жатқан Одақтың ең соңғы Алтын жұлдызы маған солай бұйыр­ған. Оны сұрап алу тұрмақ, оның берілуі­нің жайы қалай болғанын мен арада шамамен жарты жылдай өткенде барып бір-ақ естідім.

Сөздің реті келгенде айтайын, мен Нұрсұлтан Әбішұлына сол атақты маған арнайы алып бермесе де ел үшін еткен еңбегіне дәйім риза болып өтер едім. Президентіміздің елге жасаған жақсылығы өте көп. Нұрсұлтан Әбішұлы біздің елдік абыройымызды асқақтатты, ұлттық рухы­мызды көтерді, қазақты әлемге танытты. Айна­ласы жиырма шақты жылдың ішінде өзгелермен теңестіріп қана қоймай, талай елдің алдына шығартты. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде бір журналдың (қателеспесем, "Парасат" қой дей­мін) сұрақтарына жауап қайтарғанымда Нұрсұл­тан Әбішұлы тәуелсіз мемлекеттің кіндігін кесті, енді оны таяу жылдарда төрт аяғынан тік тұрғы­затынына кәміл сенемін деген едім. Сол сөзімнің дәл шыққанына бүгінде көзім анық жетіп отыр. Президенттің "Мәдени мұра" бағдарламасын жасатқаны да ерен іс болды. Біз мына дүниеге мықты мәдениетімізбен, әлемдік деңгейдегі әде­биетімізбен де танылуымыз керек. Президенттің опера театрын қайта салынғандай етіп, керемет реконструкциядан өткізгеніне біз разылығы­мызды айтып жеткізе алмаймыз. Театр жаңадан ашылғанда балет бишілерінің жата қалып, сахнаның еденін сүйгенін өз көзімізбен көргенде жанарымыздан жас ыршып кеткен болатын. Бибігүл Төлегенова атындағы вокалистер кон­курсын өткізу идеясын қолдағаны, нақты көмек беруді тапсырғаны үшін де мен Президентке қарыздармын. Негізінен жас әншілер, 19 жастан 32 жасқа дейінгілер ғана қатыстырылатын ол конкурс қазірдің өзінде жақсы жемісін беріп үлгерді дей аламын. Мысалы, Алексей Кудимов деген әнші сол конкурста жеңімпаз атанып еді, қазір Вена операсында ән салып жүр. Елбасының қазақтың қалың ортасынан шыққандығы, қазақ мектебін бітіргендігі, тілге ұсталығы, ақын­жан­дылығы, өнерге жақындығы, өзінің де домбы­раны қолға алып, әуелетіп ән шырқап жібере­тіндігі - біздің мәдениетіміздің бағы. Президент әннің жанын сондай сергек сезінеді. Ана жолы, Астанадағы музыка академиясының 10 жылды­ғына арналған концертте "Гауһартасты" айтқан едім. Концерттен кейінгі шай үстінде Нұрсұлтан Әбішұлы: "Бибігүл Ахметқызы, жаңа "Гауһар­тастың" қайырмасында екі қолымды тастай қысып отырдым. Өте қиын ән ғой, қазір қалай шығарар екен дедім" деді. Рас айтады, қазақтың халық әндерінің көбін орындау оңайға түспейді. "Шамаң келсе "Шаманы" айт" дегендей, "Ал­қоңыр", "Қараторғай", "Япурай", "Дайдидау" сияқты әндерді айту қандай әншіге де сын.

- Бір сөзден бір сөз шығып, бүгінгі күнге де өтіп кетіп жатырмыз. Ал өміріңіздің, өнеріңіздің бастапқы белесінде қамтылмаған көп әңгіме әлі бар. Галина Серебрякованың тәлім-тәрбиесін алғанға дейін де сіз Алматыға бір келіп кеткенсіз ғой. Солай емес пе?

- Солай. Консерві цехында жұмыс істеп жүргенімде Игорь Анатольевич Лебедев деген бір тамаша кісі цех бастығы болды. Менің ән салғанымды сондай жақсы көреді. Айқайлап ән айтып жүріп, ара-арасында кейде брак та жіберіп қоямын. Ондайда "Мына артисткадан құт­қаратын біреу бар ма? Жіберейікші оқуға осыны" деп әзіл-шынын араластырып айтады. Ақыры қалалық комсомол комитеті мені Алматыға, "про­слушиваниеге" жіберу жөнінде шешім шы­ғарды. Бұл 1948 жылдың көктемі еді. Жасым 18-ден жаңа асқан. Алысқа ешқайда шықпағанмын, пойызға отырып көрмегенмін. Терезеден мойнымды шығарып, жол жиегіндегі бағандарға қараймын да отырамын. "Бұл баған­дар қайда барады, бір кезде біте ме?" деп ойлай­мын. Сөйтіп, Алматыға жеттім. Дәл 9 мамыр күні сол кездегі Киров пен Мир көшелерінің қиылысындағы "Делегаттар үйі" деген қонақүйге түстім. Қонақүйге қабылдардың алдында бәлен жерге барасың, моншаға түсесің деді. Моншадан шықсам киімдерім оттай ыстық, бірден кие де алмайсың. Сырттан келгендердің бәрін ол кезде сондай "санобработкаға" салады екен. Жұқпалы аурулардың да көп кезі еді ғой. Жолдан шаршап келіп, түн болғанын да күтпей ұйықтауға жата беріп едім, бір кезде сұмдық атыс басталды да кетті!.. Сасқанымнан үстелдің астына кіріп алыппын. Жанымдағы көршім сасып қалып: "Бұның не? Бұның не?" дей береді. "Атып жатыр ғой, атып жатыр ғой" деймін қалшылдап. Сонда барып әлгі әйелдің: "Ақымағым-ау, бүгін 9-шы мамыр ғой, Жеңіс күні ғой, салют беріп жатыр ғой" дегені... Салют дегенді Семейде естігеніміз болмаса көрмегенбіз.

Ертеңінде "прослушиваниеге" бардым. Ми­нистрлер Кеңесі жанындағы Мәдениет басқар­масы ол кезде осы опера театры­ның ішінде орналасқан екен. Әлі есімде, Сағын­тай Ахметов деген кісіге алып барды. Ол кісі пианист шақыртты. "Қазақ вальсін" бастайын десем... дауысым шықпайды... Вагоннан мой­ным­ды қылқитып алға қараймын, баған санай­мын деп жүріп дауысымды құртыппын... Мені тыңдап отырғандар енді актерлік қабілетті тек­серу­ге кірісті. "Бөлмеден шығыңыз да қайта кірі­ңіз, ең жақын адамыңызды кездестіргенде қалай қуанатыныңызды көрсетіңіз", деді. Мен есікті жаба салып, қайта аштым да баж ете қалып, шыңғырып жылап жібердім. Ботадай боздадым. Отырған адамдар аң-таң. Мен болсам мына кі­сілер Алматыға әдейі алдыртқан екен, қазір ма­ған папамды көрсеткелі тұр екен деп қалыппын...

- Расында да, есте ерекше қалатын сәт екен.

- Сол кездегі адамдарға әлі қайран қаламын. Республикалық олимпиадада көзге түсіп, кон­серваторияға қабылданғаннан кейін оқымаймын деп қиғылық салғаным да бар емес пе?! Сондағы ойым Семейге қайтып барып, консерві цехындағы жұмысымды жалғастыру, ақша тауып, мамама, әпке-сіңлілеріме қарасу. Ақыры мені сүйрелегендей етіп отырып Комсомолдың орта­лық комитетіне алып барды. Дымшиц деген хат­шы бар екен. Сол маған айтады: "Түсінсеңші, бұл сенің дауысың емес, бұл халықтың дауысы, бұл мемлекеттің игілігі" дейді. Тіпті болмаған соң "Осыдан оқымасаң сені сотқа береміз" дегенге шықты. Шошып кеттім. Кейін бәрін түсіндім ғой. Консерваторияға түскеніме қуанып, Семейге қайтқанша, тапсырмасын орындағанымды Га­ли­на Иосифовнаға айтқанша асығып жүргенім содан.

- Енді консерваторияда оқыған жылдары­ңызды әңгімелесеңіз екен.

- Сол 1948 жылы алманың шығымы керемет болғаны есімде. Жаңбыр жауғанда таудан аққан алмалар арық-арықтан асып кететін. Гоголь мен Фурманов көшелерінің қиылысында екі қабатты барак жатақханамыз болды. Бірақ мен онда ұзақ тұра алмадым. Бірінші курста-ақ тұрмысқа шы­ғып кеттім. "Сен қыз оқуға бара жатқан жоқсың, сен қыз Алматыға байға тиюге бара жатырсың" деп бөжіп қалған мамамның сөзі тура келді де қойды...

- Кешіріңіз, он сегізден жаңа асқан кезіңіз, уылжып тұрған сұлусыз, сонша неге асық­тыңыз?..

- Мен, шынымды айтсам, тұрмысқа шығу дегеннің байыбына барып та жатпаппын сол кезде. Болашақ күйеуім сонау Семейден мені іздеп келді, мен үшін әйелінен ажырасты, бала­ларын қалдырды, соның бәрін мен тап бір махаббаттың жолындағы құрбандықтай көрдім. Өзі менен аттай 13 жас үлкен еді. Консер­ваторияның екі курсын бітіргенше екі қыз туып үлгердім. Бірақ, менің отбасылық өмірде жолым болмады. Үш рет тұрмыс құрдым. Үш күйеуімнен де бақыт таба алмадым. Жалпы, "Ұлдан көресің бе, қыздан көресің бе?" дегендей, әйел адамның жұлдызы неден жана­тынын айту қиын. Біреу бақытын отбасынан та­бады, біреу өзінің бой­ы­нан табады. Мен өз бақытымды өзімнің бой­ымнан, яғни өне­рім­нен таптым. Алғаш­қы күйеуімнің қыз­ған­шақтығынан көрмеген қорлығым жоқ. Кон­сер­ватория бітірген тұста "Жолдама аламыз, аудан­ға барамыз, сонда Мәдениет үйінде жұ­мыс істейсің" деп бәле қылды. Ондайға қалай көнер­мін! Менің өнер­дегі өміріме ол да көне алмады, содан байғұс ішіп кетті, соңыра тіпті салынып ішіп кетті. Не істейін, екі баламды екі қолтығыма қысып ме­нің де кетуіме тура келді. Үйден бір сабақ жіп алмаған күйі шы­ғып жүре бердім. Өз ба­сын алып жүре алмай­тынына көзім жеткен­нен кейін арада біраз уақыт өт­кенде оның бұрынғы әйелінен туған балаларын да өз атыма жаз­дыр­дым. Қай­тейін енді. Қазір ойлап қара­сам сол кез­де күйеуім­нен кетпегенімде ең құрығанда дауысымнан айырылады екенмін. Дауысым­нан айырыл­сам бәрінен айы­р­ылға­ным ғой. Біткенім ғой. Әй­теуір, дер кезінде ақы­лым кіріп үлгеріпті. Екінші күйеуімнен ажы­ра­сатында ол шіркін маған "Сонша атағың бар, сонша ақшаң бар, менен алимент талап ете қой­май­тын шығар­сың" деген әңгіме айтуға дейін бар­ды. Содан мен ұлымды өзімнің атыма жаз­ды­рып алдым. Негізінде, мен бала­лар­ды сондай жақсы көремін. Отбасы­лық өмірім көңілдегідей болғанда кемі бес балалы болар едім деп ойлай­мын. Құ­дайға шүкір, балаларымның бәрі жақ­сы өсті. Гастрольде айлап жүргенімде біріне бірі қарап, бірін бірі тәрбиелеп жататын. Бала­ла­рым­ның ешқайсына ерекше жағдай жасайын, көмек­тесейін деп бірде бір каби­нетке кіріп көрген емес­пін. Қызым Мәриям­гүл опера теа­трында ширек ғасырдай жұмыс істегенде қандай да бір атақ алу жөнінде маған аузын ашқан емес. "Күйеуім жақсы, ұлым жақсы, басқа не керек?" деп жүре беретін жары­ғым. Ертең (біздің әңгі­меміз 9 наурыз күні болған еді - С.А.) Мәриям­гүлімнің өмірден өткені­не дәл үш жыл толады, дастарқан жайып, құран оқытқалы отырмыз. Күйеу балам Сейділда Байшақовты бар қазақ біледі деп ойлай­мын. Сейділданы құрмет тұта­мын. Ана жылы "Поле чудес" ойынынан фут­бол­дан Париждегі әлем біріншілігіне жолдама ұтып алғанымда соны Сейділдаға бергенім бар. Өзім де футболды сондай жақсы көремін. Қазір әң­гімеміз біткен соң пәтерді көрсетермін, бал­кон­ға шығармыз, тереземіздің дәл түбінде футбол алаңы бар, соған жиі қарап отырамын.

- Мына Бағанашылдағы пәтеріңіз тамаша екен. Тау жақта, ауасы таза, тып-тыныш жерде, оңа­ша. Мен сізді баяғы пәтерде тұра ма дейтінмін...

- Айтайын дегеніңізді түсіндім. Иә, ол пәтер­ді маған елу жасқа толғанымда Д.А.Қонаев сыйлап еді, керемет үй болатын. Әр қабатта бір ғана пәтерден еді. Нұрғиса сонда тұрды, Олжас сонда тұрды, академик Сокольский, архитектор Ратушный деген тамаша көршілеріміз болды. Ана жылдардағы бір сұхбатымда "Бұл үйді маған Димекең сыйлаған, сондықтан ерекше ыстық, қалталы кісілер қымбат баға ұсынып, сатуды сұрап жатады, бірақ сатпаймын" деген сыңайда айт­қаным бар еді, сіз соған мегзеп отырған сияқ­ты­сыз ғой. Қайтейін, сол үйді де сатуға тура кел­ді. Мәриямгүлім ауырып, шетелде күрделі ем ке­рек болғанда ары жүгіріп, бері жүгіріп, сонша мол ақшаны таба алмай, қинала-қинала саттық ақы­ры. Кейін Иманғали бауырым әкім болып тұрғанында бір жақсы үй берген, онысына рах­мет, соны сатып, үстіне ақша қосып мына үйді ал­дық. Көшіп келгенімізге жыл да толған жоқ әлі.

Өмірде бәрі ойлағаныңдай бола бермейді ғой. Қайтерсің.

- 1975 жылы "Социалистік Қазақстанның" әдебиет және өнер бөлімінің тілшілігіне жаңа қабылданғанымда сол бөлімнің меңгерушісі қазіргі белгілі жазушы Болат Бодаубаев еді. Ол кісі дәл сол тұста "Бұлбұл" деген очерк жазды сіз туралы. Очеркте консерваторияда бастан кешкен қиын­дық­тарыңыз әсерлі суреттелген. Сондағы жайларды тағы бір мәрте әңгімелеп берсеңіз қайтеді?

- Әңгімелеп берейін. 1950 жылдың 1 ақпанында жаңа сіз екеумізге шай қойып беріп жүрген қызыма босандым. Пәтерден пәтерге көшіп, әбден азып-тозып жүрген кезіміз. Бір жағынан кәсіби шыңдалу үшін, бір жағынан ақша табу үшін Қазақ радиосында әнші болып, қосымша жұмыс істейтінмін. Айтқандай, сол кезде Мұқағали бізде диктор болды. Алпамсадай ақын жігітті мен Маяковскийге ұқсататынмын. Мені қаусыра құшақтап, "Ой, Бибігүл, сен екеуміз де шмыгамыз ғой", деп қоятын. Осы жерде күн көру үшін жүрміз ғой дегені. Бір күні мені консерваторияның директорына шақырды. Директор (ол кезде ректор деген сөз жоқ) Ахмет Жұбанов еді. Мені директорға алып барған ұста­зым Арсений Каринский сол кісінің алдында: "Мына Төлегенова радиода ән саламын деп дауы­сын әбден отырғызды. Өзі екі жылда екі бала туды. Бұл енді әнші болмайды, бала тууына мүмкіндік жасап, оқудан шығару керек" деп қарап отыр... Қаным басыма шапшыды. "Мен оқуға түскенде дауысым бар ма еді?" дедім Карин­скийге. "Бар еді". "Қайда менің сол дауысым?! Менің дауысымды құртқан сіз! Мен сізді сотқа беремін", дедім ол кісіге. Ашу үстінде Ахмет Қуанұлына да: "Осындай педагогтарды ұстап отырғаныңыз үшін сізді де сотқа беремін" деп тастадым... Директордың жүзіне жылу жүгірді. Мен консерваторияда қалатын болдым. Жаңағы шатақтан кейін комиссия құрылып, Каринскийдің жұмысы тексерілді. Сөйтсек, оның вокал өнерін оқыту әдісі тіпті дұрыс емес екен. Бізді өзінше биік сопраноның итальян мектебіне келтіремін деп дауысымызды тежей берген екен. Каринский жұмыстан шығарылды. Алты шәкіртінің арасынан менің дауысымды ғана сақтап қалудың сәті түсті. Бес дауыстың түбіне жетті ақыры.

Менің дауысымды қалпына келтірген адам - Надежда Николаевна Самышина. Мен ол кісіні өмірден өткенінше (99 жасында қайтты) "Моя вокальная мама" деп ардақтаумен болдым. Екі жыл бойына мені ауру адамның режіміне салып қойды. Екі жыл бойы ауыз аштырмады. Екі жыл бойы қатты қиналдық. Оның есесіне консерва­тория бітірген жылы мені бірден опера театрына жұмысқа қабылдады! Міне, нағыз ұстаздың құдіреті осындай. Екінші жағынан, дүмбілез ұстаздың ұрындыра жаздаған қасіреті әлгіндей. Ол тіпті аяғы ауыр кезде әйелдің ән салуына болмайтынын да білмейді екен!

- Сіз консерватория бітірген жылы опера труппасына қабылдандыңыз. Алайда, біраз уақыттан кейін филармонияға жұмысқа ауысып кеттіңіз. Оған қатты өкінген, қиналған боларсыз?

- Әрине. Мен кішкентай күнімнен басымнан сөз асырмай өсіп едім. "Халық жауының" баласы деген соң тұрғыластарыңның, құрбыластарың­ның ащы сөзі тиіп қалатыны болады, сондайда есесін қалайда қайтаруға тырысасың. Театрға бар­ған бетте менің радиода қосымша жұмыс істейтінім ананың да, мынаның да аузынан түспейтін болды. Өздері бір айда бір-екі спек­такльде ғана көрінеді, ал мен құдайдың құтты күні радиодан ән саламын да жатамын. Бір күні көркемдік кеңесте театрымыздың директоры: "Біз Төлегенова сияқты радиода әнді қағазға қарап айтып жүрген әншілерді жоғары атаққа жылжытпаймыз", деп сөйлегені. Кеше ғана жұ­мысшы ортадан шыққан адам емеспін бе, орным­нан атып тұрып: "Сіздің жылжытқа­ны­ңызға күнім қарап тұрған жоқ. Мен өзімді өзім-ақ жылжытамын", деп салдым. Әнуарбек Үмбет­баев ағай театрда бастауыш партия ұйымының хатшысы еді, сол кісі кабинеттен желкелеп шығарып жіберді. Содан мені филармонияға ауыстырды. Бұл 1956 жылы болған жағдай. Жоқ, бірден ауыстырып жіберген жоқ, оның да өз хикаясы бар. Театрмен бірге Мәскеуге барып, көтеріңкі көңіл-күймен пойызда қайтып келе жатқанбыз. Атыраудың Қандыағаш деген жеріне келгенде вагонымызға бір кісі кірді. "Төлегенова деген кім?". "Мен". "Сіз болсаңыз қазір осы стан­­сада пойыздан түсуіңіз керек", дейді. "Е, неге?" десем, "Құрманғазы оркестрімен осы облыс­та концерт қоюға қатысасыз", дейді. "Мен онда жұмыс істемеймін ғой". "Жоқ, сіз сонда жұмыс істейсіз. Сізді мына бұйрықпен таныс­тыруды маған тапсырды". Сөйтсем, мен Мәскеу­де жүргенде тағдырымды сырттан шешіп, мені филармонияға ауыстырып жіберіпті. Купеде Роза Жамановамен бірге келе жатқанмын. Роза өзі әбден қорқақ, зәресі ұшып, кішкентай көздері ба­қырайып кетті. Есімді жиғанша болған жоқ, зат­тарымды дереу буып-түйіп, сол Қандыағаштан түсірді де тастады. Жүрегім қан жылап, перронда қала бердім. Опера сахнасына шығарсам деген қанша бейнелерім көзімнен бұл-бұл ұшып кете барды. Артынша Гурьевке оркестр жетті Алматы­дан. Ауданға жиналып жатқан топтың арасында бір сүйкімді қыз-бала арлы-берлі жүгіріп жүр. Соған сүйсініп, "Мына кәрістің қызы қандай әдемі" десем, жанымдағы біреудің: "Ойбай, ол бала Әзидолла Есқалиевтің қызы ғой" дегені... Әзи­­долла, сөйтсем, өзі Атыраудан екен, гас­троль­ге жолы түсіп тұрған соң қызын ауылдағы үлкен кісілерге апара жатыр екен. Жастау кезде солай қойып қалатындарым болушы еді. Өнер ортасы, қазақы орта мені ана тілімнің бар байлығын бі­лу­ге, туған халқымның ғажап мінездерін бойыма сіңіруіме көмектесті. Кілең орыс тілді ортада өс­тім ғой Семейде. Күләш апай: "Әй, қыз, сен қа­зақ­шаңды дұрыста" деп қоятын. Қазақша тілімді жөндеуге радионың да көп жәрдемі тиді. Нұт­фолла, Қуандық, Мұқа­ға­ли­лардан ана сөздің де, мына сөздің де мағына­сын сұрап ала беретінмін. Жүсіпбек ағайдың тіпті мазасын алатынмын. Менің мына өмірдегі ең бақытты сәттерімнің бірі Жүсіпбек ағайдың бір концерттен кейін: "Шы­ра­ғым, "Гауһартасты" тірілттің. Ризамын" деп көзіне жас алып тұрып бата бергені. Сол сәтте өзімнен өзім күбірлеп: "Жүсекеңнен бата алсаң онда әнші болғаның" дегенмін.

Әуелде ықтиярсыз ауысқаныммен, Қазақ мемлекеттік филармониясымен өткізген он бес жылыма еш өкінбеймін. Филармонияның арқасында, Құрманғазы оркестрімен бірге жүріп, елімнің түкпір-түкпірін түгел араладым. Мен концертпен бармаған аудан жоқ шығар деп ойлаймын Қазақстанда. Атақтың, орденнің бәрін сонда жүргенде алдым. Қазақстанның халық әртісі, КСРО-ның халық әртісі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы, КСРО-ның Мемлекеттік сыйлығы, Еңбек Қызыл Ту ордені, Ленин ордені... бәрі бірінен кейін бірі келіп жатты. Ең бастысы - менің көп қырлы, көп сырлы әнші ретінде қалыптасуыма бар жағдай жасалды. Операда өзіңе тиген партиялардан басқа ештеңе айта алмайсың ғой. Филармониядағы жұмыс маған қазақ әндерінің бар сұлулығын, бар сыр­лы­лығын айқара ашуға мүмкіндік берді. "Баян­ауыл", "Бір бидай арпа", "Жалғыз арша", "Бір бала", "Илигай", "Шилі өзен", "Бурылтай", "Айнамкөз", "Гәкку", "Қазақ вальсі", "Қайық­та", "Тербеледі тың дала", "Қуанамын", "Жан сәулем"... Ой, санап тауысу мүмкін емес ғой. Манарбек ағаның "Қуанамын" деген әніне байланысты бір қызық жағдай есіме түсіп отыр. Ол кезде кез келген әнді конферансье хабарлайтын еді ғой. Бір ауданға барғанымызда жүргізуші сахнаға шықты да, тым көтеріңкі дауыспен: "Манарбек Ержанов. "Қуанамын!" деп хабарлады. Сол-ақ екен алдыңғы қатарда, жерде отырған бір баланың жұлып алғандай: "Е, неменеге?" дегені... Жұрт күліп жатыр.

- Бибігүл Ахметқызы! Тағы қандай қызықты жайларды еске ала алар едіңіз?

- Бір күні Шымкентке гастрольге бардық. Паркте, ашық эстрадада концерт бердік. Күн күйіп тұр. Алдымда ән айтып шыққан Бақыт Әшімова маған келіп, "Мен зорға шыдадым, сен күліп жіберме, алдыңғы жақта бір божбан қара отыр, жай отырмай, графинмен су ішіп отыр..." деп ескертіп кетті. Кезегім келіп, сахнаға шығысымен-ақ бірден жаңағы кісіге көзім түсті. Нағыз божбан қара. Әбден терлеген. Әнде шаруасы жоқ. Ауық-ауық графиннің аузынан су ішіп қояды. Бір кезде Бақыт көргеннен де асырып жіберді: жаңағы графиндегі суын енді басына құя бастады... Бұған шыдау қиын еді. Әнімнен жаңылып, тіпті күліп жібердім.

Өнер адамдарының өз ортасындағы әзіл-қалжыңның жөні тіпті басқаша. Ана бір жылы Минскіге бардық. ТМД елдері мәдениет саласы басшыларының бас қосуына орай концерт берілді.

- 1996 жылы еді ғой. Мен де бірге барғанмын.

- Иә, сіз де барғансыз. Бастығымыз болып бізді бастап барғансыз. Әзірбайжан Мәмбетов, Рубен Андриасян, Дүйсен Қасейінов те болды. Сонда "Бұлбұлды" айттым. Концерттен кейін, қай елден екені есімде жоқ, біреу келіп, қолымды алып, мақтауын жеткізе алмай жатты. Әнімді мақтағанының үстіне "Как вы хорошо сохрани­лись!" дегенді бір емес, екі рет айтып жіберді. Бұнысы несі сонша деп қоямын. Осыдан он бес жылдай бұрын ғой. Сөйтсем, шығармайтыны жоқ Дүйсен жаңағы кісіге: "Между прочим, ей уже восемьдесят лет" деп үлгерген екен... Жақында сол Дүйсенге, Түркияға бардым. Қазір ол Түрксойдың бас директоры ғой. Менің мүшел тойымды Түркияның бес қаласында бес кон­цертім­ді ұйымдастырумен тамаша өткізіп берді. "Баяғы айтқан жасыңа ақыры жеткіздің апаңды" десем, Дүйсен: "Көрдіңіз бе, менің сөзім періш­телердің құлағына шалынған. Мен сіздің сек­сенде де ән айтатыныңызды сол кезде білген­мін", дейді. Рахмет көңіліне.

- Атақтың бәрін, абыройдың бәрін берген филармониядан театрға неге ауыстыңыз?

- Шын сұрап тұрсыз ба? Әлде мені сөйлету үшін әдейі айтып тұрсыз ба? Театрдың аты - театр. Опера және балет театры! Операның аты - опера. Өнер атаулының ұлы биігі - опера өнері. Оның үстіне мені "Қыз Жібекке" шақырып отыр. Күләш апайдың орындауында талай рет таңдай қаға тамсандырған, әрбір әнші "Шіркін, осы партияны шығарсам ғой сахнаға" деп армандайтын Жібек образы ғой ол. 1971 жылы еді. Қуана-қуана бардым. Барымды салдым. Якутияның Семен Данилов деген ақыны "Қыз Жібекті" көріп, "Поет Бибигуль" деген өлең жазған. Тамаша өлең. Онысы 1973 жылы шыққан "Счастье орла" кітабына кірген. Жалпы, маған арналған өлеңдер көп. Мұқағалидың өлеңін білесіз бе? Қабдыкәрім Ыдырысовтың да жақсы өлеңі бар. Бәрінің басын қосса бір жинаққа жетіп қалатын шығар.

Опера театрында мен алғашқы жылдардың өзінде "Қыз Жібектегі" Жібекті, "Алпамыстағы" Гүлбаршынды, "Еңлік Кебектегі" Еңлікті, "Риголлеттодағы" Джильданы, "Травиатадағы" Виолеттоны, "Дон Жуандағы" Церлинаны сахнаға шығардым. Олардың әрқайсысының дүниеге қалай келгені жөнінде мен сізге кемінде бір сағаттан әңгіме айтып бере аламын.

- Бибігүл Ахметқызы! Рахмет, онсыз да маған талай уақытыңызды бөлдіңіз. Ертеңгі шаруаға дайындалып жатқандарыңызды да көріп отырмын. Әңгімемізді түйіндер тұста оқырмандарға не айтқыңыз келер еді?

- Нұрсұлтан Әбішұлының бір сөзі бар. "Бақыт бағасын білгеннің ғана басында тұрады" деген. Осы ұмытпайтын сөз. Біз мына тәуелсіз­дік­тің қасиетін, бүгінгі өміріміздің қадірін білуі­міз керек. Тәубешіл, шүкіршіл халық едік қой, қазірдің өзінде, жиырма жылға да жетпейтін, та­рих үшін қас-қағым уақытта талай шаруа тын­ды­ра алғанымызды білейік, бағалайық. Қара аспан­ды суға алдырып, қара бұлтты төндіре сөй­лей­тіндей ештеңе жоқ. Қазақстанның жағдайы жылдан жылға жақсарып келе жатыр. Мына дағдарыстың беті қалай болып кетер екен, шикізатқа қараған ел едік деп әу баста менің де аландағаным рас, енді ол қауіп те сейіліп барады. 2020 жылға дейінгі жоспарларды оқыдым, сонда ойға алғандарымыздың бәрі орындалатынына сенемін. Еліміз сендіреді, Елбасымыз сендіреді. Елдің, Елбасымыздың тілеуін тілеп отырайық.

- Әңгімеңізге көп рахмет. Мұқағали сөзімен айтқанда, "Айырма, тәңір, осы үннен, Айырма Бибігүлімнен!" деп біз де сіздің тілеуіңізді тілеп отырамыз. Бұлбұл үніңізбен "Бұлбұлды" шырқай беріңіз, Бибігүл Ахметқызы!


Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ.

«Егемен Қазақстан».  20 наурыз, 2010 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475