Сәрсенбі, 10 Қыркүйек 2025
Әдебиет 239 0 пікір 10 Қыркүйек, 2025 сағат 15:04

Думан Рамазан. Жақсы прозаны елдің бәрі оқиды...

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

«Уақытым романды жазуға емес, оқиға желісін ойлауға кетеді»

ERG компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Алиджанұлы Ибрагимовтың демеушілігімен өтіп жатқан конкурстың үшінші кезеңге өткен сегіз қаламгердің бірі – Думан РАМАЗАН.

– Думан, Сіз жазу әлеміне қалай келдіңіз?  

Сонау мектепте оқып жүрген кездің өзінде шағын-шағын әңгімелер жазып жүретінмін. 1985 жылы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетіне оқуға журналист емес, жазушы боламын деп түскенмін. Өйткені, жас кезімде жазушы болатын адам журналистика факультетінде оқуы керек шығар деп ойлайтынмын. Бұл көзқарастың қайдан пайда болғанын өзім де білмеймін. Бәлкім, көптеген қаламгерлердің жазушылықты журналистен бастағанын естігендіктен болар.

Үшінші курста оқып жүргенімде жазған «Соңғы дем» әңгімем республикалық «Халық кеңесі» газетіне апарған күннің ертеңінде жарық көрді. Бес редактор Сарбас Ақтаев ағамыз қатты ұнатып, газетке беттеліп қойылған бір мақаланы алдырып тастап, әңгімемді еш өзгертусіз салдырып жіберіпті. Семей полигоны аумағында, Дегелең тауының маңында шөп шапқан Мәжит деген жігіттің дүмпулердің салдарынан пайда болған көлге түсіп, содан үстіне жара шығып, құрттап өлгенін жазып едім.

Бұл 1990 жылдың көктемі болатын. Кеңес Одағы тарамаған, әлі тәуелсіздік алмағанбыз, Семей полигоны жабылмаған. «Халық кеңесі» газетінің өзі ашылғанына көп болмаған. Содан газет басшылары қызметке шақырды. Кім бұндай ұсыныстан бас тартсын. Бірден келісіп, Жоғарғы Кеңестің басылымына тілші болып орналастым.

Міне, осы әңгіменің арқасында  оқуымды бітірмей жатып, журналист болып шыға келдім. Мұндағы айтайын дегенім, көркем шығармаларым әлі жетелеп келеді. Тіпті, осы «Қазіргі заманғы қазақ романы» конкурсының ақтық кезеңіне өткенім де көркем шығармаларымның арқасы ғой деп ойлаймын. Әділқазылар бұған дейінгі көркем шығармаларымды оқып-білгендіктен жазып шыға алады-ау деп сенім артқан болса керек.

– Сіз бірнеше жыл драматургияда жүрдіңіз. Прозаға қайта оралудың себебі неде?

2009 жылы «Әлем әдебиеті» журналына қызметке тұрып, Астанаға көшіп бардым. 2010 жылы аяқ-астынан Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драма театрының режиссері Болат Ұзақов жұмысыма іздеп келіп, Кенесары хан туралы пьеса жазып беруімді өтінді. Алғашында драматургиялық шығарма жазып көрмегенімді айтып, басымды ала қаштым. Бірақ, Бөкеңнің «Кенесары ханның рухын Астанаға оралтуымыз керек. Кенесары туралы драмалық шығарманы тек сіз ғана жаза аласыз» деген сөздерінен кейін еріп кетіп, келісім бердім.

Екі айдай уақыт берді. Айтқан уақытында жазып бердім. Театр ұжымы қабылдап алып, Болат Ұзақов жедел-қабыл сахнаға дайындады. 2010 жылы 21 қараша күні Қуанышбаев театрында «Кенесары – Күнімжан» қойылымының тұсаукесері дүркіреп өтті. Табыспен қойылды. Аталмыш тарихи драма 2011 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған Ұлттық театрлардың республикалық фестивалінде «Ең үздік драма» атанды. Келесі жылы Астана театрына академиялық мәртебе берілді. Оған да «Кенесары – Күнімжан» спектаклінің қосқан үлесі болды.

Кенесары туралы қойылым сәтті шыққан соң режиссер Болат Ұзақов пен Қаллеки тетрының сол кездегі директоры Еркін Жуасбек ағам екеуі екі жақтап Абылай хан туралы тарихи драма жазып беруімді өтінді. Жазып бердім. Болат Ұзақовтың режиссерлігімен «Абылай ханның арманы» 2013 жылы 12 жетоқсанда аталмыш театрда сахналанды. Тағы да табысты қойылды.

Содан бір күні Астана театрында атақты театр сыншысы Әшірбек Сығай ағамды кездестіріп, аз-кем әңгімелесіп қалдық. «Сен басы-бүтін драматургияға кел. Қазақ драмасын дамытуға үлес қос» деді.

Ол кісінің сөзін жерге тастау мүмкін емес қой! Содан қабырғаммен кеңесе келе, драмаға басы бүтін кетіп қалдым. 2010 жылдан бүгінгі күнге дейін тек драмалық шығармалар жаздым. Одан кейін «Керей – Жәнібек» тарихи драмам сахналанды. 2023 жылы 23 маусымда Қаллеки театрында «Жошы хан» тарихи драмам қойылып, оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі келіп көріп, жоғары баға бергенін білесіздер. Соның арқасында Қалибек Қуанышбаев театрына ұлттық мәртебе берілді. Бұл – мен үшін де зор мәртебе, үлкен қуаныш.

Ал енді неге прозаға қайтып оралғым келді? Оны да айтайын. Қасиетті театр өнерінің маңында көзге көрінбейтін түрлі интригалар жүріп жатады. Кейде тамыр-таныстықпен түкке тұрмайтын қойылымдар қойылып жатады. Облыстық театрлар көбінесе жеңіл-желпі дүниелерді сұрайды. «Сіздің тарихи драмаларыңызды қоюға мүмкіншілігіміз жоқ» деп шындарын айтады. Қаржының тапшылығы өз алдына, бір тарихи драмадағы оншақты тарихи тұлғаны өз деңгейінде алып шығатын актерлеріміз жоқ деп қынжылыс білдіреді.

Тағы бір мәселе, драматургиялық шығарманы көп адам оқи бермейді ғой, ал оны сахналату үшін театр басшыларына күнің түседі. Ал біз ешкімге күнімді түсіре көрме дейтін қазақпыз. Сөйтіп, қайтып театр маңайынан жүргің келмей қалады. Абай атам айтпақшы, жалма-жан тұра қашқың келеді.

Ал енді жақсы прозаны елдің бәрі оқиды. Сондықтан прозаға қайтып оралдым. Намыс деген құдірет бар ғой! Прозамен де біраз жерге баруға болатынын театрды жеке меншігіндей билеп-төстейтін басшыларға дәлелдегім келеді.

– Қазақ әдебиетін айтпағанда әлем әдебиетінен мол хабардарсыз. Қай жазушының жазу мәнері ұнайды? Өзіңізге тікелей әсер еткен қаламгерлер бар ма?

Иә, өздеріңіз білесіздер, «Әлем әдебиеті» журналында оншақты жыл қызмет істедім. Жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, бас редактор болдым. Күндегі жұмысым шетел әдебиетін оқып, үздік шығармаларды аудартып, журналға басуға дайындау еді. Рахат емес пе?! Әлем әдебиетінің классиктерін ғана емес, қазіргі мықты ақын-жазушылардың көркем шығармаларын құныға оқуға мүмкіндік туды. Мықты жазушы болғың келсе, сен әлем әдебиетін онсыз да міндетті түрде оқып, тереңірек білуің керек.

Мен жазушыларды жазу мәнері бойынша емес, шығармаларының сапасына қарап бағалаймын. Мәселен,  Достоевскийдің жазу мәнері аса бір көңілімнен шыға қоймайды. Бірақ, шығармаларын мен ғана емес, әлем сүйіп оқиды. Дүниежүзі бағалайды. Өйткені, кейіпкерлердің болмыс-бітімлерін, мінез-құлықтарын, ішкі жан дүниелерін керемет ашып, келістіре суреттейді. Әлемде осы бағыт жоғары бағаланады.

Аттары ойымда жүретін жазушылардың әрқайсысының ерекшеліктері, артықшылықтары, құндылықтары, айтарлары бар. Сол қаламгерлердің бәрі жанама болса да әсер етті ғой деп ойлаймын. Әсіресе, әңгіме, новелла жанрының асқан шеберлері Чехов, Бунин, Мопассан, Лондон, Киплинг, Акутагава секілді жазушылардан көп нәрсе үйрендім деп айта аламын. Тікелей әсер еткен жазушым – өзіміздің Мұхтар Әуезов!

– Бәйге шарты бойынша роман үш ұрпақ өкілінің тағдырын қамтиды. Сіз осы заманғы жастарға, қыз-келіншектерге қатысты әлеуметтік желіде сын айтып жүресіз. Ол ойларыңызды мына шығармаға қосасыз ба?

Ең алдымен осы «Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби байқауын ұйымдастырып, демеушілік жасап отырған ERG компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов мырзаға рахмет айтамын. Жақсы істің басы-қасында жүрген барша қауымға мың алғыс! Еңбектері жанып, табыстары молая берсін.

Сөз жоқ, жақсы байқау. Сегіз жаңа роман жазылып, бір қаламгер 15 000 000 теңге қаламақы алып, ол шығарма бойынша кино түсіріледі. Ал қалған жеті қаламгер романды жазып өткізсе, 3 000 000 теңге қаламақыға ие болып, кітаптар шығарылады. Бұл – қаламгерлерді қолдаудың тамаша үлгісі ғана емес, қазақ әдебиетін дамытудың жарқын көрінісі!

Әрине, мүмкіндігінше бәйге шартына сай жазуға тырысамын. Роман жазасың деп ешкім зорлаған жоқ қой, өз еркіммен тапсырыс бердім. Ендеше, демеушінің талабын орындауға тиіспін. Романымда үш ұрпақ (ата, бала, немере) өкілінің тағдыр-талайы суреттеледі. Бір отбасы мүшелері арқылы бір дәуірдегі қазақ ұлтының тағдыр-талайын, тыныс-тіршілігін, қуанышы мен қайғы-қасіретін, арман-мақсаты мен мұң-наласын, қиыншылығы мен азабын суреттеймін. Тарихи оқиғаларды құрғақ баяндамаймын, кейіпкерлерімнің жан-дүниесін  тереңірек ашуға тырысамын, ішкі ілхамдарына үңілемін, көңіл-күйлерін шынайы жеткізуге күш саламын.

Әлеуметтік желіде ара-тұра сын жазып қоямын. Ол біреуді сынап-мінеу үшін емес, қоғамыма титтей де болса пайдам тиіп, оң-солын әлі танымаған жастар мен кейбір есірік-есерлерге ой салсам деген ізгі ниеттен туындаған қаракет қой! Ол ой-пікірлерді бұл шығармаға қоса алмайтын шығармын.

– Өткенде Абай тойына Сізді арнайы шақырса да бармадыңыз. Оның себебін де айтпадыңыз. Шамасы, осы романның жазуын суытқыңыз келмеді ғой.

Абай тойы жалпы әдебиеттің тойы болуы керек еді. Кімнің ұсынысы екенін білмеймін, ақындар ғана шақырылып, жазушыларды бөліп тастады. Бұл – тарихта бірінші рет. Ақын-жазушылардың тойында мұндай бөлу ешқашан болмаған. Ақынның, болмаса, жазушының тойында бәрін бірдей шақыратын. Себебі, ақын да, жазушы да – әдебиеттің өкілі. Оларды бөлуге болмайды.

Тағы бір көңіліме қонбаған нәрсе, Абайдың тойында ақындар айтысын, балуандар күресін, ат жарысын ұйымдастырудың, қайта-қайта концерт қоюдың не керегі бар?! Абайдың тойын тағы да ауылдың тойы ғып жіберді.

Абай тойында абайтанушылар сый-құрметке бөленуі керек. Бір айтыс ақыны, бір ат иесі, бір балуан бір-екі сағаттың ішінде көлік мініп кетеді. Олар Абайды танымаған, тіпті зейін қойып оқымаған болулары мүмкін. Ал өмір бойы ұлы ақынның шығармашылығын зерттеген ғалымдар сый-құрметтен құр қалады. Тіпті, тойға шақырылмай қалғандары бар. Әділетсіздік қой!

Жалпы қазақтың тойына реформа жасалуы керек. Кеңес кезіндегідей бір сарынды той жасаудан арылуымыз керек.

Абай тойына ақындар айтысы мен концерт тамашалап, балуандар мен ат жарысын көру үшін барамын ба?! Ол ауылдың адамдары мен сол ауылдық деңгейде ойлайтындар болмаса, маған түк қызық емес. Керісінше, көңіл күйімді құлазытады.

Міне, уақытымның жоқтығынан емес, осындай келеңсіздіктер көңіліме қонбағандықтан, ішіме сыймағандықтан бармадым. Сонда енді Мұхтар Әуезовтың тойында тек жазушылар фестивалін өткізіп, прозашыларды ғана шақыра ма? Түк түсінбедім.

– Түсінікті болды. Енді құпия болмаса, романның қанша бөлігі біткенін айтыңыз. Оны әйеліңізге, әлде досыңызға оқытып аласыз ба?

Романымды жүз беттен асырып тастадым. Құдайға шүкір, қолым жүріп жатыр. Өзімді, басымдағы миымды шаршатып алмас үшін күніне үш беттен артық жазбаймын. Романды жазуға емес, оқиға желісін құруға, ойлануға көбірек уақытың кетеді.

Қазір ешкімде дайын кітап болмаса жазылып жатқан қолжазбаны оқып отыратын уақыт жоқ. Заманның өзі бәрін жанталастырып қойды. Мәселен, әйелімді алайыншы. Мектепте тарих пәнінен сабақ береді. Сыныбы бар. Жұмысы бір бітпейді ғой! Күні бойы мектепте жүреді. Үйге келген соң тағы да күнделік дей ме, тағы басқасы дей ме, қағаз толтыруы бітпейді ғой! Қағазбастылықтан қашан арылар екенбіз. Бұл – үлкен проблема. Ертеңгі сабақтарға дайындалуы тағы бар. Оған үйдің шаруасын қосыңыз. Тәңертең сағат алтыда тұрады, сегізде жұмыста болуы керек, содан үйге кешкі жетілерде шаршап-шалдығып келеді. Ол қалай сенің романыңды оқиды?!

Мұны шағынып емес, қағазбастылық деген кез-келген салада үлкен қолбайлау екенін білдіру айтып отырмын. Сондықтан ешкімге оқытпай, өзім жазып жатырмын. Кітап болып шыққан соң бір-ақ оқиды ғой!

– Сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан, Жанерке Қазтай,

«Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби бірлестігінің тілшісі

Abai.kz

0 пікір