МӘСЕЛЕ «І»-ДЕ ЕМЕС, ІРІҢДЕ
Қанша жауыр болса да айтпайын десең күйдіріп бара жатқан мемлекеттік тілдің жайы тағы. 10 ай бұрын, Павлодардағы банк бөлімдерінің біріне салық төлеуге барған Руза Бейсенбайтегіне «Цеснабанк» қызметкерлері «аты-жөніңіз қазақша болғандықтан қызмет көрсете алмаймыз» деп жауап береген. Белгілі тіл жанашыры Руза «Мемлекеттік тіл» туралы заңды алға тартып, азаматтық құқығын талап еткеннен кейін ғана аталған банк құжатты қабылдаған. Бірақ, банк тарапы тұтынушының қазақ тілінде жазған аты-жөнін құжатқа түсініксіз белгілермен толтырып беріпті. Мұның себебі ретінде банкте мемлекеттік тілде жазатын бағдарлама жоқ деп түсіндірген. Мемлекеттік тілдің бұлай қорланғанына наразы болған Рузаның Астана қаласындағы аудандық сотқа түсірген шағымы нәтижесін берді. Сот шешімі бойынша банк Руза Бейсенбайтегіне 56 мың теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелген. «Цеснабанк» өкілдері сот шешімімен келіспей қайта қарауға арызданған. Алайда, Астана қалалық соты шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Қазақ тілін менсіне қоймайтын «Цеснабанк» Қазақстанда 22 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Банк өз бағдарламасына қазақ тілін қосуды 20 жыл ішінде еш ойланбапты. Руза Бейсенбайтегінің есімінде бар жалғыз қазақша әріп - «і». Бұл әріп кез келген орыс тілді бағдарламада таныла береді, қала берді ол латын қаріпінің де қатарында бар. Анығында мәселе қазақ әріптерінің банк бағдарламасында жоқтығында емес, мәселе банктің мемлекеттік тілді сыйламайтынында болып отыр.
Қысқасы, «Цеснабанктің» бұл әрекеті қазақты, қазақтілін қорлаудың, мазақ етудің кезекті көрінісі болып табылады. Әйтепесе, аталған банк өз клиентінің жүйкесіне тиіп, табанынан тоздырып, әуіре-сарсаңға салмас еді. Деп келгенде мәселе жалғыз қазақ қаріпі «І»-де емес, іштегі іріңде екені түсінікті. Біздің қоғамдағы астам ойлы, нигилистік дертке ұрынған қауымның ішіндегі іріңде...
P.S. Азаматтардың өтiнiштерiне қайтарылатын жауап тiлi Мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдардың азаматтардың өтiнiштерi мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш жасалған тiлде берiледi.
(Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңы, 2- тарау 11-бап)
Нұртай Нұрғали
Abai.kz