Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Мәйекті 9585 0 пікір 8 Мамыр, 2014 сағат 17:24

ҰЛЫ ҚОЛБАСШЫ

 

                                                 Айтайын Аттиланың қылған ісін,

                                                 Сиқыр деп ойлаған жұрт қайрат-күшін.

                                                 Азияны түгел билеп, Еуропаның

                                                 Көбі ауған Аттиладан қорыққаны үшін...

                                                                                                Шәкәрім

 

Ғұлама Ә.Х.Марғұлан ғұн тотемдерін, «ғұн» сөз – ұғымының тек төркінін саралайды. Ғұндар тарихы Скандинавия халықтарының жырларында, герман эпосында, «Ұлы Эдда», «Кіші Эдда» шығармаларында негізгі арқауы болғандығын сараптайды.

«Ұлы Эддада» шығыстан шығатын пілге шабатын арыстан іспетті азулы ер, атақты қолбасшы, айтулы мәмілегер, ерлікті он екі жасында көрсете білген Еділ батыр тұлғасы жырланатындығын, мұнда жылқы, қымыз әсерлі суреттелетіндігін, батырдың толқынды топтың алдында құрыштан құйылған нақыл сөздерді шешендікпен төгілте толғайтындығын тәптіштеп жазады.

Әрі қарай ғұн әміршісі Еділдің дүниеден озуы, жоқтау айтылғандығы, иесін көксеп, тұлпарының көзінен жас саулайтыны, мәйітті иіскеуі, сәуегей жыраудың терең сезіммен толғанатыны, сыбызғышылардың күй тартуы, қойшының сарыны жүйе-жүйесімен баяндалады. Ұлы даланың рухын, көшпелілердің дүниетанымын, мәдени-тілдік болмысын, ділдік ойлау мәнісін айна-қатесіз танытады.

Француз ғалымы, философ Жан-Жак Руссо: «Әділетті Аттила»  немесе Александр Дюма: «Құдіретті тәңірім, мені әрқашан қолтығымнан демеп, әр кез алға жетелейді Аттила» деген. Шәкәрім мен Сұлтанмахмұт та Аттилаға аса жоғары баға берген.

Академик-жазушы Сәбит Мұқанов «Қазақ қауымы» дейтін тарихи-этнографиялық еңбегінде 1961 жылы Ватикан музейінде Еділдің (Аттиланың) портретін көргенін жазыпты.

Аттила жауынгерлік дәстүрлерді, қару-жарақтар тілін, тетігін мінсіз меңгерген, он екі жасында кепілдікке алынып, Гонория сарайында Рум мемлекетінің ішкі және сыртқы саясатымен жетік танысқан, білімпаздардан небір даналық дәрістерін мұқият тыңдаған, ұрпақтардың тағдыр-талайына байыпты көзқарасы қалыптасқан.

Адамзат тарихында, әлем әдебиетінде, нақтылы айтқанда, латын, испан, итальян, ағылшын, француз, неміс тілдерінде Аттила бейнесі жан-жақты сомдалғанын атап көрсетеді. Аттиланы көрген грек жазушысы Приск, гот жазушысы, ағылшын мен француз ғұламалары оның болмыс-бітімін былайша суреттепті: «оның бет-әлпетін көргендер нағыз азиат екенін айтпай-ақ біледі. Басы үлкен, өзі орта бойлы, мығым денелі. Көздері қысық, бірақ қараған жерін ойып түсердей өткір, жүрісі ширақ, сөйлегенде дауысы күмістей сыңғырлап өте жағымды естіледі...».

Көреген Аттила ғұндардың ұлттық мүддесін әріден ойлап-толғап, болжап, Азия мен Еуропаны бағындырып, Африкаға дейін яғни сегіз қиыр шартарапты уысына ұстағысы келген. Ол өз қарауындағы дарындыларға даңғыл жол ашқан.

Аттиланың таңғажайып тұлғасын оны қалай жерленгенінен көруге болады. Ғұндардың астанасы Этцельбургтің басты алаңындағы биік тұғырға мәйіті қойылған. Меңсіз қара ат құрбандыққа шалынған. Жоғары дәрежелі абыз Қама ғұндардың әруағына құрмет көрсетіп, олардан қалай жер қойнына тапсыруды сұрайды. О жақтан мынандай әуез естіліпті: Аттиланы үш қабат табытқа салуды ұйғарыпты. Біреуі – күндей жарқыраған алтын табыт, екіншісі – құйрықты жұлдыздай күміс табыт, үшіншісі – Аттиланың өзіндей темір табыт. Сонан соң Тисса өзенінің ағынын бұрып, оның шыңырау түбіне табытты жайғастырып, қайтадан өзеннің ағысын табиғи арнасына бұрып жіберген. Бұл әрекет – Аттиланың асыл сүйегін болашақ қауіп-қатерлерден қорғау үшін істелген.

Аттила жайлы аңыз-әпсаналар көп. Соның бірі мынадай: көк майсаның ішінде жерге шаншылған отты семсерді Аттила көруге келеді. Аттила қолын созғанда отты семсер оның алақанына өзі ұшып қона кетеді. Ол барлық шайқастарда осы бір ғажап семсермен шығады.

Ұлы қолбасшы Аттиланың даналық ойлары мен толғаныстары ғасырлар бойы құнын жоймай, біздің заманымызға тот баспай жетіп отыр. Сондықтан да оның афоризмдерін тұңғыш рет орыс тілінен қазақша сөйлетіп, оқырмандарға ұсынып отырмын.

 

АТТИЛАНЫҢ АФОРИЗМДЕРІ

 

Кеңес және өсиет

* Жазбаша хабарламалар қажет-ақ, егер де тек оны патшаға лайықты түрде оқып берсеңіз.

* Патша өзіне қарсы шықпайтын тайпа көсемдерінен лайықты орташа ақыл-кеңес алады.

* Ақылды көсем жағымсыз хабар жеткізген ғұнды еш уақытта өлтірмейді. Керісінше дана көсем жағымсыз хабар жеткізбеген ғұнды жер жастандырады.

* Жауап естігісі келмейтін дана көсем текке сұрақ қоймайды.

 

                                                   Мінез-құлық

* Ғұнның ұлылығы ұлт игілігі үшін шалынған құрбандарымен өлшенеді.

* Көсем ұсақ-түйектен жоғары болуы керек және де бұған басқа ғұндарды да мәжбүрлеуі тиіс.

* Өзін-өзі ұстауын жоғалтқан көсем жеңіліске душар болады. Өз күшіне ғана сенуі тиіс, сол кезде жеңіліс тапқанның өзінде де, бар мүмкіншілікті қолданғаныңнан хабардар боласың.

* Табыстарға жету үшін, көсемнің атақты болуы міндетті емес. Бірақ өзінің және өз ұлтының жауларына қарсы тұру үшін – жеңістерге деген құштарлық, өз ісінің дұрыстығына берік сенімі, рух, қажымас қайрат, ерлік атаулыны тудыратын қасиеттер болуы тиіс.

* Тобасынан жаңылған, менмен және бақайқұрт жетесіз көсемдер нағыз ұлылыққа сирек жетеді, оның есесіне кісі көзінше өзін ұлықтайды.

* Ұлы көсем өзін ешқашан да ұлықпын деп есептемейді.

* Дегдар көсем ымыраға келуді жөн көрмейді, ол жағдайларға бейімделеді.

* Өз ғұндарымен бірге ішкілікке салынып жүрген көсем оларға туғанындай болып кетеді, бірақ көсем болудан қалады.

* Әлсіз көсемнің айналасын дәрменсіз ғұндар қоршайды.

* Мықты көсемнің айналасын мықты ғұндар қоршайды.

* Көсем толағай табысқа жеткенде, іштарлардың қызғаныштары күшейеді.

 

                                                           Айбын

* Ғұн бүкіл ғұмыр бойында қиындықты толық еңсеру үшін тәжірибенің теңдессіз мәнін тырнақтайынан терең ұғып-түсіну абзал.

* Жолы болғыш ғұн қиыншылықты жеңу мен қателіктерді түзетуге құштар.

* Ғұн – қарымта қайтару мүмкіндігі болса, өз дегенінің бәріне қол жеткізеді. Билік басында бәсекелестік соншалықты өткір де күрделі емес.

 

Шешім қабылдау

* Кез-келген шешім тәуекелмен байланысты.

* Уақыт – патшаға немесе оның ғұндарына әрқашан да оң әсерін тигізе бермес.

* Егер де пікір айту мен шешім қабылдауды тасыр, топас адамға тапсырса, онда орасан зор қателіктерден құтыла алмайсың.

* Үстірт қабылданған шешімдер әрдайым сәтті бола бермейді. Екінші жағынан, сылбыр қабылданған шешімдер де дәл солай.

* Көсем ешқашан да алды-артын ойламай өз басынан секіріп тайталасқа түспеуі тиіс.

* Көсемнің өз шешіміне берік сенімділігі – ғұндардың сол шешімді қолдауының кепілі.

* Егер жеңіс алапат шығынмен келетін болса, онда көсем өзінің ғұндарын соғыстан іркіп ұстап, сақтап қалуы тиіс.

* Көсемнің ел қатарлы ғұннан айырмашылығы – күрделі шешімпаздық қабілет-қарымында.

 

Өкілеттікті тапсыру

* Дана көсем ешқашан да өз ғұндарын әлсіз жағы күшті жағынан артық болатындай жағдайға душар еткізбейді.

* Мейірлі ғұндар әдетте өз көсемінің үмітін ақтайды.

* Дана көсем өз ғұндарының мүмкіндігінен артық нәтижеге дәмеленбейді.

* Дана көсем әрқашан тапсырмаларын абыроймен мінсіз атқаратын ғұндарына береді.

* Өкілеттігінен босау – оның тапсырылуы емес. Өкілеттігінен босау - әлсіздіктің белгісі, ал тапсыру ­– мықтылықтың белгісі.

 

Көсемдерді тәрбиелеу

* Мықты көсемнің де әдетте осал тұстары болады. Көсемнің тегеурінді қасиеттерін үстемелеу – патшаның парызы.

* Ғұн үшін сәтсіздік жетістіктен гөрі әлдеқайда тағылымды сабақ ұсынады.

* Күйзеліс жағдайында ғұндар әлдеқайда шапшаң үйренеді.

* Қайырлы көсем балғын ғұнға «жетекшілік тәжірибе жинасын» деп өкілеттігін тапсырғанда тәуекелділікке бел буады.

* Көсемнің міндетін атқара алатындай ғұндарды тәрбиелеу үшін, өздерінің білімін кеңейте, тереңдете алатындай Ғұндардың танымын тізбектеп жарқыратып жинап қою керек.          

* Егер де ғұнға бірінен кейін бірінен сабақтас жауапты тапсырмаларды беріп отырса, ол көсемдік мақсатта мұздай қарулануға дайын болады.

* Көсемнің жұмысы қарапайым болса, онда барлығы көсемдікке барар еді.

* Қиын тапсырмасыз ғұн өзінің мүмкіндіктерін көрсете алмайды.

* Көсемдерді тәрбиелеген шақта тиісті жазасын беру қажет-ақ.

 

Дипломатия мен саясат

* Саяси шиеленіске кіріскенде, ғұн міндетті түрде тылдағы шабуылдан қауіптенуі тиіс.

* Ғұн жеңісінің мәнісі «Қайда?» және «Қашан?» дейтін сұрақтардың астарында жатыр.

* Ғұндар жеңіске жете алатындай соғыстарға қатысуы тиіс.

* Ғұндар сәтсіз дипломатияның нәтижесінде соғысқа қатысуы мүмкін; алайда, соғыс та дипломатияға көшу үшін керек болуы ғажап емес.

* Ғұн үшін шиеленіс - әдеттегі табиғи жағдай.

* Келісім-сөзбен келетін затты ғұндар ешқашан күш көрсетумен алмайды.

* Қонақжайлылық, жылы шырайлық және сыпайылық мейірімсіз дұшпанның өзін де баурап әкететінін көсем естен шығармауы тиіс.

* Көсемдерді көбінесе сенімді адамдары тақырға отырғызып кетеді.

 

                                                     Мақсаттар

 

* Мәнсіз мақсаттар мағынасыз нәтижеге әкеледі.

* Егер де ғұндар ұлттық мақсаттарды жеке басынан жоғары қойғанда, онда ел болып біз әлдеқайда үлкен табыстарға жетер едік.

* Табысқа жету үшін ғұн «ең алдымен» патшаның ойын оқып түсіну керек.

* Ғұнның мақсаты әрдайым оның еңбегін ақтауы тиіс.

* Мақсатынан хабарсыз ғұн, соған тап болғанның өзінде де, соған жеткенін сезінбейді.

* Ғұнның көнгіштігі (жұмсақ мінезділігі) күткен нәтижеге әрдайым әкеле бермейді.

* Көсем «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргенді» қанағаттанғаннан гөрі әрқашан жоғары мақсат қойып, асқақ биіктікке ұмтылуы жөн.

 

Қолбасшылар және қолбасшылық

* Патша әрқашанда басшылыққа үздік ғұндарын тағайындауы тиіс, қалай болғанда да  оған сол орын қажет-ақ.

* Кездейсоқ адамдарды ешқашан тағайындамаңыз. Басшылықты дарынды ғұнға тапсырыңыз, өкілеттік пен жауапкершілікті жүктеңіз, содан кейін одан талап етуіңізге құқығыңыз бар.

* Көреген көсем сәттілікті ешқашан арқа тұтпайды, өз болашағын әрқашан ауыр еңбек, төзімділік, табандылық және оптимизммен жасайды.

* Дана көсем өз ғұндарының берекеті үшін жауапты екенін біледі, сондықтан лайықты іс-әрекетке мойынсұнады.

* Қолбасшының қызметімен бірге көсемге жалғыздық та келеді.

* Әрекет қылуға ұйғарған көсем тек қана жеңіске жетуге тиіс, итжығыс немесе ымыраға келу мүлде болмауы тиіс.

* Өз ғұндарымен бірге ортақ тәуекелге бел буған көсем, олармен қарым-қатынасын нығайтады.

* Мықты көсем өз ғұндарын берекелі әрекет етуге қозғау салады  әрі рухтандырады.

* Үздік көсемдер дер кезінде сұрақ қою шеберлігін дамытады.

* Егер де көсем көштің соңында келе жатса, онда ол ешқандай қолбасшы емес.

 

Қабылдау мен абырой

* Аласапыран уақытта халық көсем ретінде албастыны (жексұрынды) таңдайды.

* Тым кісімсінген ғұн парасатты болудан қалады.

* Ғұнның көзқарасы – оның ақиқатшылдығы.

* Егер де ғұн қолы бос емес боп көрінсе де, бұл оның жұмыс істеп жатқанының белгісі емес.

* Ең дұрысы, досыңның да, жауыңның да сен туралы пікірі: ешбір пікір болмағаннан  жаман пікірдің өзі жақсы, өйткені ғұн туралы еш пікір болмаса, онда ол оның ешқандай жетістікке жетпегені.

* Көпшілік көсемдердің пікіріне қарамастан, сені шын жеткен жетістіктерің үшін емес, елдің арасындағы тараған қауесет арқылы есте сақтайды.

 

 Жеке жетістіктер

* Әпербақан көсемнен гөрі қатардағы жақсы ғұн болған абыройлы.

* Басқаларға түскен ауыртпашылықтарды ең аяғы румдықтарды өз бастарынан кешіруге күштері жетеді.

* Бүкіл ғұндар соқыр болғанда, жалғыз бір көзді жауынгер патша болар еді.

* Ұлы көсемдер маңызды істерде жетістіктерге жету үшін, шамалы ғана сәтсіздіктерге бой ұсынады.

* Кез-келген ғұн өз ғұмырының жағдайлары мен тәжірибесін табысқа айналдыруға жауапты: өзі мән бермеген жағдайда ешбір басқа ғұн, ешбір румдық оны істеп бере алмайды.

 

Мәселелер мен шешімдер

* Ғұндардың зейіндерін мәселелерге емес, қолайлы мүмкіндіктерге назар аударуына үйрету керек. 

* Кейбір ғұндар ешбір қиындықсыз шешім шығара алатындай қасиетке ие.

 

                                                       Марапат және жаза

* Білгірсіз көсемді орнынан жылжытқанда, басшылыққа оның қол астындағылардың үлкенін сирек қояды, өйткені көсем сәтсіздікке ұшыраса, онда қол астындағылары да қабілеттілік таныта алмас.

* Егер де ғұнды тапсырманы орындамағанның өзінде мадақтап қойса, оның көңілді жүруі көпке бармайды, өкініштісі сол, келесі жолы еңбегі ақталғанның өзінде мақталса, оған ол сенбейтін болады.

 

 Шыдамдылық

* Кез-келген ғұнның белгілі бір лайықты орны бар, ең болмағанда нашар үлгісі үшін.

* Білгірсіз көсемді тағайындағанда басты қателік – ол басқа ғұндардың иелігінде билікті қалдыру.

* Көсемнің күшіне арқа сүйеу үшін, оның кейбір осал тұстарына көз жұмып қарау керек.

* Дарынсыз, бірақ сенімді ғұнға шыдаңдар. Ал, білгір, бірақ сенімсіз ғұнға шыдауға болмайды.

 

Оқып-үйрету

* Соғыста ғұндарды алдын-ала тиісті жаттығуларға үйретпей іс тынбайды, сондықтан бейбіт өмірде соны ескермеуге болмайды.

* Үйретуге болатын дағдыны (білімді) ғұндарды тәрбиелеу үшін керек. Үйренуге қажет дағды (білім) көсемдерге арналған.

* Ғұндарды лайықты оқытып үйретпей, олардан сіз күткен нәтиже шығады деп күтпеңіз.

Орысшадан қазақшалаған С. НЕГИМОВ.

Серік Негимов – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры. Қазақ әдебиеті тарихын зерттеуші, ұлттық шешендік өнердің тарихы мен  теориясын зерделеуші, өлеңтанушы, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, профессор.

«Mangilik El» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналы

№ 2 қараша,2013 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1535
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3315
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019