Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 5514 0 пікір 26 Сәуір, 2010 сағат 05:54

«АЗАР БОЛСА, ТЕЛЕЖУРНАЛИСТ БОЛА САЛАР»

Қазіргі Қазақстан радио, телевизиясы саласындағы шығармашылық қарым-қабілет пен эфир туындыларының мазмұны мен сапасы мерзімді баспасөзбен бәсекелесетін жағдайға жете алған жоқ. Соған қарамастан, қоғам да, ресми билік те газеттен гөрі телевизия бағдарламаларына көбірек назар аударады және ықпал етуге тырысады. Алайда, мұның өзі уақытша құбылыс. Жалпы БАҚ арқылы әлеуметке ықпал жүргізуге тырысушылықтың өзі билік үшін күрестің шынайы көрінісі. Мұндай күрес соңғы жылдары біршама күш алып келеді. Партия жетекшілері, үкімет билеушілері белгілі бір баспасөз, ақпарат ұйымын өз идеологиясының құралы еткісі келетіндігі анық байқалып отыр. Әртүрлі атаулармен медиахолдингтер құрып, телеэфир ашуға, газет басылымдар шығаруға кірісіп кеткендері де баршылық. Оған да түсіністікпен қарауға әбден болады. Өз мүддесін, көзқарасын БАҚ арқылы қорғатуға, оны өз саясатын насихаттайтын мінбер етуге тырысу ежелден бері қалыптасқан дәстүр. Осындай қызу бәсекелестік тұсында кәсібилік пен біліктілікті кім дұрыс әрі тиімді жолға қоя біледі сол ғана ақпарат нарығында өзінің лайықты орнын таба алады. Алайда, бұл мәселенің дәл қазір оңайлықпен шешіле қоймасын қазақ журналистикасының бүгінгі таңдағы даму кескін-келбеті анық көрсетуде.

 

Қазіргі Қазақстан радио, телевизиясы саласындағы шығармашылық қарым-қабілет пен эфир туындыларының мазмұны мен сапасы мерзімді баспасөзбен бәсекелесетін жағдайға жете алған жоқ. Соған қарамастан, қоғам да, ресми билік те газеттен гөрі телевизия бағдарламаларына көбірек назар аударады және ықпал етуге тырысады. Алайда, мұның өзі уақытша құбылыс. Жалпы БАҚ арқылы әлеуметке ықпал жүргізуге тырысушылықтың өзі билік үшін күрестің шынайы көрінісі. Мұндай күрес соңғы жылдары біршама күш алып келеді. Партия жетекшілері, үкімет билеушілері белгілі бір баспасөз, ақпарат ұйымын өз идеологиясының құралы еткісі келетіндігі анық байқалып отыр. Әртүрлі атаулармен медиахолдингтер құрып, телеэфир ашуға, газет басылымдар шығаруға кірісіп кеткендері де баршылық. Оған да түсіністікпен қарауға әбден болады. Өз мүддесін, көзқарасын БАҚ арқылы қорғатуға, оны өз саясатын насихаттайтын мінбер етуге тырысу ежелден бері қалыптасқан дәстүр. Осындай қызу бәсекелестік тұсында кәсібилік пен біліктілікті кім дұрыс әрі тиімді жолға қоя біледі сол ғана ақпарат нарығында өзінің лайықты орнын таба алады. Алайда, бұл мәселенің дәл қазір оңайлықпен шешіле қоймасын қазақ журналистикасының бүгінгі таңдағы даму кескін-келбеті анық көрсетуде.

 

БАҚ жүйесінде маман даярлау ісін біз әлі күнге дейін жолға қоя алған жоқпыз. Еліміз ЖОО-ның  26-нда тәуелсіздік жылдарында журналист мамандарын оқытып, жыл сайын олардың көбісіне «қызыл диплом» табыс етіп келсек те мерзімді баспасөзбен бірге  ақпарат айдынындағы ең ұтқыр құрал телевизия саласы да білікті мамандарға әлі зәру күйінде қалып отыр.

 

Қазіргі телекөрермен үшін таңдау көп. Өзіміздің оншақты телеарнаны былай қойғанда кабельдік жүйе арқылы әлемге аты әйгілі телекорпорациялар көрсетілімдерін тамашалауға кең мүмкіндік туды.  BBC-World, Euronews, CNN, Discovery, History сынды арналарды айтпағанның өзінде ресейлік НТВ-ның өзі қазақ көрермендерін теледидар алдында жіпсіз байлайтын болды. Кейде мынандай ойға қаласың: қазақ тіліне жетік көрермендердің өзі жат жұрттың арнасына телміріп отырғанда орыс тілділер мен өзге ұлттардың көз қырын да салғылары келмейтін біздің ұлттық арналар не үшін орысша бағдарламалар әзірлеп әуреге түсіп жүр екен? Жаппай жүз пайыз қазақ тіліне көшіре салса да тіпті соның орысша нұсқасын біреу жоқтай қояр ма?! Ал, ең қиыны - Jetix, CN, Nicelodeon арналарынан көз алмайтын бүлдіршіндеріміздің туған шаңырағында отырып-ақ ана тілінен ажырап бара жатқандығы болып отыр. Аталған арналармен бәсекеге түсуге біздің ешбір арнаның қабілетсіздігін ескерсек, тезірек сандық (цифровый) жүйеге көшіп бағдарламаларды қазақ тілінде көрсетуге асыққаннан басқа жол жоқ.

 

Жалпы телевизия саласы журналистерден қыруар күш пен қарым-қабілетті, дарын мен біліктілікті, кәсіби шеберлікті талап ететін күрделі нысан. Оның сыртында эфир әдебі, тіл мен қарым-қатынас мәдениеті, қимыл қозғалыстағы икемділік, аудиторияны сыйлай білетін сыпайгершілік, тартымдылық секілді толып жатқан факторлар бар. Сондай талаптарды қанағаттандыра алатын журналистерді даярлап шығаруға университеттердегі журналистика кафедралары ерекше назар аударуға тиіс болса керек. Алайда, дәл бүгінгідей журналист шеберлігінен дәріс беретін, кафедра аясында «брэндіміз» деп дәріптелетін кейбір ақсақалдарымыздың өзі жастық шағынан естелік айтып, студенттерін мезі етуден, орта буын қырма сақалдарымыз деканның көзін ала бере топты тарата салудан, жас буын өкілдері алдыңғы арбаның жүрісінен жаңылмаудан аса алмаса онда біз Президентіміз Н.Назарбаев айтқандай, «диплом сатудан, әлем көшінен артта қалудан» арылмайтын шығармыз.

 

Зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, бүгінде телекөрермендердің 65 пайызы ұлттық телеарналардың шығарылымдарына көңілдері толмайды. Сондай-ақ, әлеуметтік сауалнамаға қатысушылардың 21,5%-ы тележүргізушілер мен редакторлардың бәрі тек журналист мамандармен жасақталуы керек дейді. Журналист даярлайтын оқу орындарының білім беру бағдарламаларын жетілдіруді 47,5%, өркениетті елдердің телекорпорацияларымен тәжірибе алмасуды 52 пайызы талап еткен. Расында телемамандардың кәсіби шеберлігінің негізі журналистік білім беру орындарында ғана қаланбақ.

 

Журналистика мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттердің 80-90 пайызы дерлік тележурналист болғылары келеді. Оның себебі танымал болуға немесе отандық телеарналарда қызмет ететін үлгілі тұлғаларға еліктеуге деген балаң ынтызарлықтан шығар деп ойлағанбыз. Сөйтсек, мәселе мүлде басқада екен. Телевизия саласына біліктіліктері төмен, дарынсыз, қабілет-қарымы сын көтермейтін, тіпті журналистикаға еш қатысы жоқ, өз мамандықтары бойынша еш жерде жұмысқа орналаса алмағандар да қызметке қабылдана береді екен. Оны аз десеңіз, тіл мен мәдениет секілді рухани өзекті проблемаларды көтеруден жалықпайтын, ұлтына шын жаны ашиды-ау деп жұрттың бәрі құрметпен қарайтын бір бауырымыздың өзі жұмыс таппаған жақындарын ірі телеарнаға орналастыра салатындығын айтып мақтанып отыр. Осының бәрін күнделікті көріп-біліп жүрген болашақ жас маман «тележурналист бола салу» бәрінен де оңай деп пайымдайтын жағдайға жеткен.

 

Университет бітірген маманның телеарнаға барғанда камера мен микрофонды жатсынбауы, эфир мәдениетінен хабардар болуы аса қиындық тудырмайды. Себебі, бүгінде университеттердің бәрінде дерлік оқу телестудиялары бар және төрт жылда әр курсты бітірген сайын жазғы практикадан өтетіндіктен техникалық құрал жабдықтарды игеру дегеніңіз айтарлықтай проблема емес. Қанша дегенмен, электрондық ғасырда өмір сүріп жатқан жоқпыз ба. Оның сыртында әрбір адам өзінің күнделікті айналысатын техникалық құралдарын игеруге соншалықты бас қатырып жатқан да жоқ. Одан да күрделі аспаптар, тұрмыстық техникалар қолданысқа еш қиындықсыз-ақ еніп жатыр.

 

Олай болса, теориялық, базалық білімді университеттен қалай алып шығуы оның практикада қаншалықты білікті журналист болып қалыптасуына елеулі ықпал етпек. Өткен оқу жылының соңында аты дардай бір университетте «Тележурналистика» пәнінен емтихан тапсырып шыққан қазақ тобының бір студентін сөзге тартып көрдім. Бес деген баға алған бала телерепортаж пен жаңалықтардың қандай құрылым бойынша жазылатындығынан да бейхабар болып шықты. Сонда не оқытылғанын сұрасақ, отандық ТВ тарихы, елімізде неше арна бар, оларды кімдер басқарады, пәлен деген хабарды кім жүргізеді, белгілі тележурналистер мен дикторлардың өмірбаяны, қашан туды, қашан өлді т.с.с. Ал, келесі бір оқу орнының студентінен дәл соны сұрағанымызда, ол әйтеуір телерепортаждың лид, бейнесюжет, синхрон, субтитр, стенд-аптан тұратынын мүдірмей айтып бере алды. Сонда, бір елдегі біріңғай мемлекеттік стандартпен білім алатын жастардың әрқайсысы әртүрлі бағдарламамен оқитын болғаны ма?!

 

Аталмыш пәннің мемлекеттік стандарттағы сағат санының өзі сын көтермейді. Бір семестрде оқытылатын лекцияның көлемі бар-жоғы 15-ақ сағатты құрайды. Қалған бөлігі практикалық сабақтарға бөлінген. Оның өзі университеттің телестудиясында тыңғылықты өткізілсе жақсы. Егер студия қызметкерлері тойлардан түсірген бейнежазбаларын монтаждап мұрындарынан шаншылып жатса, онда студенттердің аудиторияны тастап «қысқа мерзімдік демалысқа» шығуларына тура келеді. Оны университетте ресми түрде «срыв» деп атайды.

 

Кез келген телетуынды, оны жасаған журналист, режиссер, жүргізушілердің қызметі миллиондаған қауымның көз алдында ашық та айқын өтіп жататындықтан сынға ең көп ұшырайтындығы белгілі. Соңғы кезде оның сапалық өлшемі ретінде журналист даярлайтын ЖОО-ның білім берудегі көрсеткіші негізге алынатын болды. Сондықтан, алдағы уақытта бәлкім, дәл қай университетте білім алған қандай журналист дарындылығымен жұртты мойындатып жүр дегенге де мониторинг жүргізіп, талдау жасау керек шығар.

Сонымен қатар тележурналистика пәнін екінші курстан бастап белгілі кезеңдермен жүйелі түрде сапалы өткізіп сағаты мен кредитін көбейту қажеттілігі өмірден туындап отыр. Телехабар жүргізушіліктің қыры мен сырын үйрететін, шеберліктерін шыңдайтын арнайы дәрістер мемлекеттік стандартқа базалық пән ретінде енгізілмейінше қазіргі БАҚ талаптарын қамтамасыз ететін тележурналистер мен тележүргізушілер даярлап шығару мүмкін емес. Бүгінгі жағдайда біз драма әртістерін немесе түр келбеті тәуірлеу болса бітті жұмыссыз жүрген тарихшыны, филологты, асабаны, КВН-шыны, тіпті сайқымазақты да  жүргізуші етіп эфирге шығара саламыз. Оларда кәсіби білім болмаған соң кейде тіпті аузына не келсе соны айтып, эфирде білгендерін істеп қоғамдық аса жауапты қызметті қарабайыр   долбармен жүргізеді. Осылайша, тележурналистиканың қадірін кетіріп, құт-берекесін қашырып жүрген жайымыз бар. Әуесқойлықтан ешқашан жақсы маман тумайды. Сондықтан, «шымшық сойса да қасапшы сойсын» дегендей, қалай болғанда да эфирде кәсіби журналистің өзі тұрғаны жақсы.

 

Журналист ең алдымен білікті маман болуы керек. Барлық ғылымдар мен әртүрлі салалар бойынша жалпы танымы мен түйсігі болса ғана ол адамдармен еркін қарым-қатынас жасап, мәнді де маңызды сұхбат жүргізе алмақ. Бұл тұрғыдан келгенде, экономика, саясаттану, құқықтану, әлеуметтік психология секілді пәндердің де журналистикадағы оқытылу сапасына көңіл бөлуге тура келеді.

Әлемдік талаптарға сай келетін сапалы да білікті журналист мамандарын даярлап шығарудың басты кілті орта мектеп бітірген талапкерлерді оқуға қабылдаудан басталмақ. Журналистика мамандығына мемлекеттік грант аз бөлінетіндіктен оған түсуге деген бәсеке де айтарлықтай күшті. Ең жоғарғы балл алғандарға сөз жоқ, ал, оған, 5-6 ғана балл жетпей қалғанның өзінде грантқа ілікпеу таңданарлық жайт емес.

 

Ал, ата-аналардың дені бүгінде балаларының болашағына өте немқұрайды қарайды. Осы мамандыққа лайық па, бейімділігі бар ма дегенге қарамастан, әйтеуір, университетке түсіп бір диплом алып шықса болды деген психологиямен коммерциялық бөлімдерге балаларын оңды, солды тықпалай береді. Сапасыз маманның, қабілетсіз журналистің пайда болуына оның да кері әсері көп тиіп жүр. Бір танысым айтады: «Баламды журналистикаға түсірейін деп отырмын. «Қазақ тілі» мен «Қазақстан тарихы» деген екі-ақ пәнге дайындалса болды екен. Шығармашылықтың екі пәнінен оқытушылар онсыз да жоғары балл қойып бере салады, оларға да студент керек емес пе». Мен сұраймын: «Балаңызда журналист болуға лайық дарын-қабілеті немесе бейімі бар ма?». Ол айтады: «Ой, оны қайтесің? Оқуға түссе болды, ауылдың квотасы тағы бар. Бір диплом алып шықса, кейінгісін көре жатармыз. Азар болса, тележурналист бола салар» (?).

 

Расында, қазір журналистиканы дәл жоғарыдағыдай мотивпен таңдап жатқандар көбеймесе азаймай отыр. Сан жағымыз баршылық-ақ, ал, сапа жағын өздеріңіз таразылай беріңіздер.

Қалай болғанда да, журналистика мамандығының ерекшелігіне  сай  келесі  проблемаларға  да  жіті  назар  аударылуы  қажет болып тұр:

Біріншіден,  талапкерлерге  қойылатын  талап  пен өлшемдерді жоғары  деңгейге  көтеру,  негізінен  БАҚ-да  белгілі  дәрежеде  дарын  мен  қабілетін  танытқан  жастардың  оқуға  түсулеріне  кеңірек  мүмкіндік  беру;

Екіншіден,  журналистерді  қос  мамандық  бойынша  даярлау,  нақты  тақырыптарға, бағыттарға  лайықтап  мамандандыру;

Үшіншіден,  оқытушылардың  білімдерін  жетілдіру,  қайта  даярлау,  болашақ  оқытушы  мамандарды  студент  кезінен  бастап  арнайы  бағдарлама  бойынша  оқыту,  кейін  магистратураға,  докторантураға  түсіру;

Төртіншіден,  білім  берудің  материалдық-техникалық  базасын  жетілдіру,  «білім  беру + ғылыми-зерттеу + өндіріс»  аралық  байланыстарының  үзілмей  жалғасуын  қамтамасыз  ету;

Бесіншіден,  журналист  даярлайтын  ЖОО-дарының  өзара  ынтымақтастығын  арттыру  және тәжірибелік  ұйымдармен (БАҚ)  тығыз  қарым-қатынаста  жұмыс  істеуін  кепілдендіру, тележурналистика мен телережиссураны мүмкіндік болса өнер академиясында жеке даярлау;

Алтыншыдан,  білім  беру  мен  ғылыми-зерттеуді  жоғары  деңгейде  ұштастыру,  журналистика  саласын  зерттеу  ісіне  оқытушылармен  қатар  студенттерді  де  қатыстыруды  қолға  алу.  Мұның  мәні - студенттерді  ғылымға  баулу,  танымдық  көкжиектерін  кеңейту.  Сонымен  қатар  БАҚ-дың  артықшылықтары  мен  кемшіліктерін  айырып  білулері  арқылы  жазу  шеберліктерін  шыңдайды,  теориялық  біліктіліктерін  дамытуларына  көмектеседі.

Жетіншіден,  ЖОО-ның  шет  елдік  әріптестерімен  қарым-қатынастарын  кеңейту,  әртүрлі  жобалар  жасап  жүзеге  асыруларына  қолдау  көрсету,  оқытушылар  мен  студенттер  алмастыру  ісін  қолға  алу  т.б.

Журналистика -көптеген ғылымдар  мен тәжірибелік  қызметтердің  сипаттарын  өн  бойына  сіңірген  қоғамдық  ерекше  институт. Сондықтан  оның  мамандарын  даярлау  мәселесі  де  аса  күрделі  әрі  көп  күш-жігер  мен  қажырлы  еңбекті  талап  етеді.  Оны  жүзеге  асыру  үшін  де  қажымай-талмай  іздену,  теориялық-тәжірибелік, әдістемелік терең  білімділік  пен  қабілет  керек.

 

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,

ҚР мәдениет қайраткері,

халықаралық журналист.

 

АСТАНА

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1461
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5295