Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3990 0 пікір 5 Мамыр, 2014 сағат 11:11

ЕУРАЗИЯЛЫҚ ИНТЕГРАЦИЯ ЫҚПАЛДАСТЫҚТЫ ОДАН ӘРІ ТЕРЕҢДЕТУ ЖОЛЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

 

          Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 29-сәуірде Беларусь астанасы – Минскіде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысты.

         Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин және Беларусь президенті  Александр Лукашенконың қатысуымен өткен бұл отырыс – Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қою алдындағы маңызды кездесу. Сондықтан кездесудің күн тәртібіндегі басты мәселе – Еуразиялық экономикалық комиссия және үш елдің үкіметтері белсене жұмыс істеп жатқан тиісті құжаттарды әзірлеу деңгейі болғандығы заңдылық. Сонымен қатар, мемлекет басшылары Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы өзара әрекеттестіктің негізгі бағыттарын, ЖЕЭК-тің бұрынғы отырыстарында қол жеткізілген келісімдердің іске асырылу барысын, сондай-ақ еуразиялық экономикалық интеграцияға қатысушылар құрамының кеңею мүмкіндігін талқылады.

          Шағын құрамда өткен бұл отырыста Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт жобасын жасау барысында әлі де пысықтауды қажет ететін бірқатар жәйттерге назар аударды, сондай-ақ ЕАЭО-ны құруға қатысушы мемлекеттердің мүдделері мен барлық құқықтық нормалардың қатаң сақталуы және мүлтіксіз орындауы қажеттігін атап көрсетті.

         Мемлекет басшысы болашақ одақты құруға қатысты түйткілді мәселелердің түйіні тарқатылып, түрлі келіспеушіліктердің шешімін табатындығына сенім білдірді.

          – Кейбір өте нәзік мәселелер бойынша өтпелі кезеңдер қарастырылған. Бұл ретте біз мынаны ескергеніміз жөн. Бұл мәселелердің барлығын біз Кеден одағын құру кезінде, Еуразиялық экономикалық кеңістік қалыптастыру кезінде талқылаған болатынбыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Әрине, комиссия құрамындағы біздің әріптес-сарапшылар өзара келісілмеген мәселелерді біздің саралауымызға қалдырыпты. Сондықтан, біз бүгін ол мәселелердің әр бөлімін талқылап, бұдан әрі не істейтінімізді шешкеніміз жөн. Мен асығыс шешім қабылдауға қарсымын, бірақ, алдын-ала келісілген уақытқа үлгереміз, ол үшін түйткілді мәселелердің түйінін тарқатамыз деген сенімім бар. Біз бұрын да консенсусқа келіп жүрдік, алдағы уақытта да бір келісімге келеміз деп ойлаймын. Менің ойымша, бүгінде күн тәртібінде тұрған түйткілді дүниелердің өз шешімі бар. Қазір, менің ойымша, 3-4 мәселе ғана күн тәртібінде тұр. Олардың барлығын әр бөлім бойынша сарапшылармен бірлесе қарастырамыз деп ойлаймын.  

         Өз кезегінде Ресей президенті Владимир Путин соңғы жылдар ішінде посткеңестік кеңістіктегі жетекші интеграциялық бірлестік бойынша үлкен ауқымдағы жұмыстардың атқарылғанын тілге тиек етті. Осы ретте ол осындай бірлестіктің, осынау идеяның негізін қалаушы және авторы ретінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа өзінің алғысын білдірді. Ол Қазақстан Президентінің күні кеше, Минск кездесуінің алдында Мәскеу мемлекеттік университетінде осы тақырыпта өте маңызды баяндама жасауы – еуразиялық интеграция мәселесіне  Қазақстанның салмақты, байыпты түрде келіп отырғанын байқататындығын атап өтті.

          – Шындығына келгенде, біз құрған Кеден одағы бүгінде жұмыс істеп, өз нәтижесін беруде. Мұны біз елдеріміздің экономикаларынан көріп отырмыз. Бұл – факт. Бірақ, біз тағы бір қадам жасай аламыз, – деп жалғастырды сөзін В.Путин. – Бұл біздің өзара әріптестігімізді одан әрі тереңдетуге бағытталған қадам болуы тиіс. Сол арқылы өзара ынтымақтастығымызды жаңа, жоғары деңгейге жеткізуге мүмкіндік алатын боламыз.

         Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы одан әрі кеңейтілген құрамда жалғасты. Бұл отырыста екі мәселе: Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт жобасының әзірлену және Арменияның Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің Кеден одағына және Біртұтас экономикалық кеңістікке кіруіне қатысты «Жол картасы» іс-шаралар жоспарының орындалу және жүзеге асырылу барысы қаралды.

          Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекет басшылары шартты дайындауда ілгерілеушілік барын айтты, сондай-ақ оны әзірлеуге іскер топтардың белсене қатысқанын атап өтті.

         Үш елдің басшылары құжаттардың келісілу үдерісін оң бағалап, мұның мемлекеттер арасында қалыптасқан қарым-қатынастардың жоғары деңгейінің нәтижесі екенін атап өтті.

          Отырыс соңында журналистермен кездесуде айтылғандай, бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың негізгі тетіктері бойынша ауқымды жұмыстар атқарылған, ал күн тәртібінде тұрған кейбір түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға тапсырма жүктелген. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі кезекті отырысы мамырдың 29-ы күні Астанада өтеді деп белгіленді.

 

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

 Абай-ақпарат

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340