Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Қоғам 11288 0 пікір 30 Сәуір, 2014 сағат 17:40

ҚЫТАЙ ҚЫРЫМ СЦЕНАРИЙІН ҚАЙТАЛАЙ МА?

Cуретте: АҚШ Қорғаныс министрі Чак Хейгл (оң жақтан екінші) жән ҚХР Қорғаныс министрі генерал Чаң Ваньцюань (ортада).

 

Сәуірдің 21-28 күндері аралығында АҚШ Президенті Барак Обама Жапония, Филлиппин секілді Шығыс Азиядағы біраз елдерге ресми сапармен барып қайтты. Ресейдің Қырымды басып алуы Қытайдың көршілерінің түн ұйқысын төрт бөлді. Себебі, Қытай соңғы жылдары кейбір елдермен шекарадағы аралдарға таласып жүр. Төмендегі мақала Жапония мен АҚШ сарапшыларының Қытайдың әскери агрессиясы оянуы мүмкін бе деген сауал төңірегінде айтқан тұжырымдары жайында.

 

Өткен айда Ресей Қырымды бөліп әкетіп, Украинаның қалған жерлерінде одан әрі астыртын әрекеттерін жалғастырып жатыр. Бұл жағдай қарап, Қытай территориялық талас аймақтарында Мәскеудің тактикасын қолдануы мүмкін деген АҚШ одақтастарының күдігі күшейе бастады.

Америка Ресейді тізгіндеуде әскери күш қолдануға құлықсыздық танытқаннан кейін, АҚШ-тың ресми келісімді одақтастары Жапония, Оңтүстік Корея, Филиппин сияқты елдер егер Қытай Мәскеудің агрессиясын жаңғыртатын болса, АҚШ тағы да осы әуенін қайталайды ма деп мазалары қашуда.

«Бұл елдердің абыржуларына түсіністікпен қарауға болады. Себебі, Қытай көршілерімен болған Оңтүстік және Шығыс Қытай теңіздеріндегі территориялық дауларында өктемдікпен қатқыл үндер қатуда», - дейді сарапшылар.

2012 жылы негізінде Филиппинның заңды басқаруында болған Оңтүстік теңіздегі даулы Скарборо қайраңын Қытай иемденіп алғанда Маниламен ортақ қорғаныстық келісімі бар бола тұра, АҚШ бұл агрессияға да қолын бір-ақ сермеген еді.

Бір жылдан соң, Қытай Жапонмен арадағы даулы аралдарда арнаулы әуе қорғанысы зонасын жариялағанда АҚШ B-52 бомбылаушы ұшағын жібергенімен, кейіннен Американдық коммерциялық әуекомпаниялары Бейжиңнің шұғыл әрекеттері байқалған кезде ғана қолдау көрсетеді деп хабарлады.

Американың бұл «тәсілін» кейбір сарапшылар Қытаймен жақындасу, яғни, Азиядағы ең маңызды одақтасы Жапонияның орнын Қытаймен ауыстыру деп түсіндіреді.

Ал, Қытай жағы Дяоюдао, Жапондар Сенкаку деп атаған Шығыс теңіздегі аралдарға таласта Қытайдың әскери күш қолдану мүмкіндігінің күшейіп бара жатқандығы айқын байқалды. Сол кезде Қытай Қорғаныс министрі Генерал Чаң Ваньцюань: «Территория дауында ешқашан келісімге келмейміз»,- деп қатаң ескерткен. Генерал Чаңның өз сөзі бойынша айтқанда, бұл жағдай жөнінде Қытай тарабы жағынан: «Ешқандай бітімгершілік, кеңесу, келісім деген болмайды».

Қытай Қорғаныс министрі Генерал Чаң Ваньцюань жоғарыдағы сөзіне қоса, «Қытай әскери күші кез келген уақытта жедел жинала алады, кез-келген соғысқа сақадай сайланған және жеңеді»,- деп қадап айтқан еді.

«Бейжиңнің бұл мінезі – асқынып келе жатқан Қытай өктемдігінің бір ғана мысалы»,- дейді Вашингтондық American Enterprise Institute - AEI-тың Азия аймағы жөніндегі маманы Майкл Ауслин.

Осыдан соң АҚШ-пен одақтас, достастық пен қауіпсіздік келісіміне қол қойған елдер қобалжуын жасыра алмады. Сонымен, бұл туралы біраз мамандар түрлі пікірлері мен сын-сараптарын білдіре бастады. Мәскеудің Қырымды меншіктеуіне экономикалық санкциядан өзге ештеңе істей алмауы және бұлғақтаған АҚШ саясатының Қытаймен кейбір сәттерде ымыраға бейімдігі АҚШ-тың ресми келісімді одақтастарын дегбірсіздендірді.

Осындай сәтте, бұл жағдайларды мамандар басқа қырынан, өзге ұстанымдармен түсіндіріп жатты.

«Ақш пен Қырым арасында бір-біріне «байланардай», Филиппин, Жапония және Оңтүстік Кореядағы сияқты арадағы қауіпсіздік келісімдері жоқ», - дей келе, Ақ үйдің бұрынғы Азия жөніндегі кеңесшісі Майк Грин, - дейтұрғанмен, мұндай сын сағаттар Американың қауіпсіздік уәделерінің сенімділігіне белгілі дәрежеде ықпалын тигізуі мүмкін, әрине, Барак Обама үкіметі сенміге селкеу түсуін қаламайды, сондықтан да сенімін қайта тіктеуі керек».

21 сәуірден басталған Барак Обаманың Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия және Филиппинге сегіз күндік сапары қарсаңында Майк Грин былай деген еді: «Меніңше, Обама үкіметі ғаламның өзге шетіндегі жағдаяттардың Азияның қауіпсіздік динамикасына да үлкен әсері барын аңғара бастады. Ал бұл елдердің барлығы Оңтүстік және Шығыс Қытай теңізі аймақтарында Қытаймен территориялық дауы бар мемлекеттер. Сондықтан да, Украина басына үйірілген қара бұлт пен Қытайдың территориялық талаптарын орындауда күшке басу ықтималдығынан алаңдаған АҚШ одақтастарының үрейі салдарынан туындаған сенімсіздікті жою үшін президент Барак Обаманың осы жолы Азиялық одақтастарына аттануы аса бір ауыр сапар есептеліп отыр. 

Сонымен қатар, Ресейдің Украинадағы әрекеттерінен соң болуы мүмкін деп саналған Қытайдың Азиядағы әскери қимылдары жөніндегі сауалдар осы жолғы Барак Обама сапарының мәнін тіпті де тереңдете түсті».

Ал, Ақ үйліктер Обаманың іссапары жөнінде өткен жұмада өткізген брифингте, АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Сьюзан Райсқа (суретте) қойылған алғашық сауал Украина дағдарысы жөнінде және дағдарыстың Азия елдері лидерлерінің таластағы территориялар дауындағы ұстанымдарына қаншалықты әсер беретіндігі сонымен қатар, Бейжиң тарабынан келетін үрейдің қалай дамитындығы хақында болған.

Райс өз жауабында: «Сапар барысындағы әрбір аялдауларда біз бәрін талқылайтын боламыз», - деп Вашингтонның одақтастарымен тіпті де жақындасатындығын меңзеген.

Ал мәселеге тағы бір қырынан көз жүгірткен сарапшылар Путиннің қара дүрсін агрессиясын бақылауда Обаманың қолданған стратегиясын дұрыс қадам деп есептейтіндіктерін айтады. Себебі, бұл Қытайдың территориялық дауларында күш қолдану ықтималдығын бәсеңдетеді дейді.

Барак Обама Ресейдің Қырым түбегін күшпен қосып алуына санкциялар жариялағанын және егер Мәскеу тағы да Украина хақында халықаралық түйткілдерді өршітер болса немесе шығыс Украинаға әскери күш қолданар болса, онда Вашингтон Мәскеуге тіпті де ауыр экономикалық санкциялар жариялайтындығын есепке алған Вашингтондық Брукингс институтының (Brookings Institution) шетелдік саясатты зерттеу бөлімінің директоры Майкл О'Хэнлон (Michael O'Hanlon) былай  дейді: «Меніңше, Обаманың Украина мәселесі жөніндегі стратегиясының Шығыс Азиядағы территориялық дауға оң әсері болады. Шығыс және Оңтүстік Қытай теңіздеріндегі таласты территория мәселесі төңірегінде АҚШ одақтастарының да, Қытайдың да мүдделерінің теңгерімімен шешуге талпыну керек. Егер Қытай тарапынан әлдеқандай күтпеген әрекеттер болып жатса, әскери күшпен емес, экономикалық санкциялармен бақылауға күш салу керек... Мәселені шешудің көп нұсқалары бар кезде Қытайға соғыс ашу қажет деп есептемеймін. Менің пайымдауымша, ең үйлесімдісі, мәселені барлық мүдделердің теңгерімімен шешу қажет. Шындығында, біз тағы да сол санкцияларды қолданғанымыз дұрыс. Бірақ бұл әрине, барлық Жапондық, Филиппиндік достарымызды қуанта қоймауы мүмкін. Біз бұл дағдарыстарға, қажет болсын немесе болмасын, әскери күшпен жауап берер болсақ, әрине, нәтижесі қаншалықты қатерлі боларын шамалай аламыз. Тіпті заманақыр жасап алуымыз да мүмкін», - дейді Майкл О'Хэнлон.

Ал тағы біраз мамандар Қытай Ресейдің Украин еліне шапқыншылығынан шабыт алады дегенге күмәнмен қарайтындықтарын алға тартады.   

СІА-дің бұрынғы Қытай бойынша сарапшысы Кристофер Джоносон (Christopher Johnson) Қытайлық дипломатияның Мәскеудікіндей ашық-әшкере агрессияға құрылмағандығын ескерте келіп, былай дейді: «Әрине, du jour теориясы бойынша, Қырым жағдайынан Қытай шабыт алуы керек еді. Меніңше, бұл түбегейлі қате тұжырым. Себебі, бұл Қытайлық стратегиялық ойлау мен Қытайлық стратегиялық дәстүрді түсінбегендік. Қырым эпизодының Қытай-Ресей қатынасына әсері болсын, Қытайдың Ресей әркеттеріне ұстанымы болсын, бұл жағдайлар карта ойынының бір түрі іспетті,  осындай кезде Қытай-АҚШ-Ресей үш жақты қатынастары, әрине, ішкерлей сараптауды қажет етеді».

Қытайдың әскери өктемдігі өршіп тұрғанымен, біраз мамандар АҚШ-тың Жапония мен Филиппин секілді одақтастары айтқандай Қытай оңайлықпен территорияларды пайдасына шеше алмайды, тіпті Тайван мәселесінде де қарсылықсыз шешілуі неғайбыл деген пікірлерді ортаға салады.

«Ресей Қырымды еш қарсылықсыз бөлектеп алды. Ал, Қытай Тайван мәселесін еш қарсылықсыз пайдасына шеше алмайды»,-дейді приздент Билл  Клинтон кезіндегі АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Строб Тэлботт (Strobe Talbott) жұма күні өзінің твиттердегі парақшасында.

Ал, AEI-дық маман Майкл Ауслин болса, «Азия аймағында Ресей-Украина дағдарысы қайталансын-қайталанбасын, тұрақсыздық жайлауда. Мәселе, Қытай бүгін өз мақсатын жүзеге асыруда Путиндік стильдегі тактиканы қайталау-қайталамауында емес, қайта, Бейжиң ертеңгі күні солай істеуге дойбы тасын тізіп жатқан-жатпағанында»,-дейді өз түйінінде.

Ал бұл тақырып хақында Жапония бұқаралық ақпарат құралдары тіпті дүрліккен. Жапонияда шығатын апталық саяси-экономикалық «Шукан Буншун» журналында Жапон саяси сарапшысы Иидзима Исаодың «Қырым мәселесі және Синкаку аралы» деген атты мақаласы жарияланған. Мақала авторы Иидзима Исао Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Июнь Ичиро Коидзумидің кезінде бес жыл Мемлекеттік хатшы болған, Жапонияға танымал саяси сарапшы.

Мақалада Ресей мен Украина арасында тартысқа түскен Қырым мен Қытай-Жапон арасында таласта қалған Синкаку аралдары мәселесін салыстырып, «Егер Қытай мемлекеті Ресейдің тәсілін қолданып, болашақта Синкаку аралын басып алса, Жапония оған қалай жауап қайтаруы керек»,-деген мәселе төңірегінде саяси сараптама жасаған.

Автор Қырым дағдарысының халықарадағы салмағы зор мәселеге айналғандығын, үлкен жетіліктің (G7) Ресейдің Қырым ісіндегі әрекеттеріне наразылықтары мен қарсылықтарын білдіріп, экономикалық санкциялар жариялағанын айтып келіп, жақында Нидерланды королдігінде өткен үлкен жетіліктің отырысында Жапония премьері Синдзо Абэнің тұщымды пікірлеріне жоғары баға берген, 

Синдзо Абэнің Украина мәселесі туралы: «Жапония күштілердің әлімжеттілік істеп, дүниені өзгеріске салуына қарсы. Қырым мәселесі, ақиқатында, бүкіл халықараның, тіпті, Азия елдерінің жағдайына да әсер ететін үлкен мәселе»,-деген сөзі жиналысқа қатысқан елдерің қолдауына ие болғанына мән берген.

Саяси сарапшы Иидзима Исаодың ойынша, Жапон премьері Синдзо Абэнің бұл сөздері Ресейге қаратылып айтылғанымен, ақиқатында, Қытай мемлекетінің Синкаку аралдары жөніндегі әлімжеттілігіне қарата айтқан сөзі.

Сондай-ақ, автор мақаласында Украина мен Ресей арасында туылған Қырым мәселесін кейбір Жапон азаматтарының Жапониямен ешқандай қатысы жоқ деп есептеп жүргендігіне қынжылатындығын айтып, шын мәнінде, бұл мәселенің саяси және экономикалық жақтардан Жапониямен тығыз байланысы бар екендігін ортаға қойған.

Ресей иеленіп алған Жапонияның терістіктегі төрт аралының мәселесін еске салған автор, 1885 жылы Жапония-Ресей арасында болған келісімдерде Итуруп, Уруп сияқты төрт арал Жапонияға тән деп анық белгіленгендігін және 1945 жылғы АҚШ, Британия және Кеңес одағы арасында өткізілген Ялтадағы құпия келісімде Курило, Кишима сияқты төрт аралдың Кеңес одағының қосып жіберілгендігін, мұндағы Жапония аралдарының Кеңес одағына берілуі қазіргі Қырым түбегін басып алуға ұқсас жағдай екендігін айта келіп: «Егер Ресей территориясындағы Жапон аралдары мәселесінде Жапония премьері Синдзо Абэ Путиннан сол төрт аралды қайтрып беруді талап етсе, күрделі жағдай туындайтыны анық. Бірақ, 1855 жылы келісімді негіз етіп, диалогқа алып барар болса, онда анағұрлым өнімді болары сөзсіз»,-деген пікір айтқан.

«Қырым дағдарысы сияқты жағдай Жапонияда болуы мүмкін емес деп кім айта алады,-деп сауал тастаған автор мақаласында, – Жапон премьері Синдзо Абэнің Голландиядағы отырыста: «Қырым мәселесі сияқты жағдай Жапонияда да туылуы және Қытай Синкаку аралына көз тігіп, Ресейден үлгі алуы мүмкін. Сондықтан, Қырым мәселесінде Ресейге мүлде жол беруге болмайды,-деген сөзін келтіре отырып: «Ресей Қырымды иеленіп алғанындай, егер Қытай азаттық армиясы шабуыл жасап, Синкаку аралын басып алса, Жапония армиясының Қытаймен ұрыс сала алатын қуаты бар, оның үстіне Жапонияға Америка көмек көрсетеді»,-деп атап көрсеткен.

Сондай-ақ, мақалада егер Қытай ресми армиясымен емес, бәлкім, балықшылар кейпіне еніп алған әскери қосынымен аралды иеленіп алған жағдайда, Жапония конституциясындағы бейбітшілік туралы заңының тоғызынша бабына бойынша, Жапония қорғаныс күштерінің әскери шабуыл жасауына болмайды, тіпті, Америка әскерлері де ештеңе істей алмайды екен. Қытай әскери кемелерімен ұрыс бастар болса ғана, Жапондар өз қорғанысын күшейту үшін әскер қолдана алады. Егер Қытай балықшылардың киімдерімен бейресми шабуылға өтер болса, Жапон армиясы жоғарыдағы заң бойынша, ашық соғыс жүргізе алмайтыны қазіргі жағдайдан белгілі болып отыр деген мәселеде көтерілген.

Иидзима Исао өз мақаласында егер Жапония бейбітшілік заңының тоғызыншы тараушасын өзгертпесе, Жапонияның өзін қорғауда өте қиын жағдайда қалатындығын айтып, Абэ Үкіметінен заңға өзгеріс енгізуді Жапония парламентінде көп рет талап еткен. Алайда, ол талаптары бейбітшілікті жақтаушы өзге партиялар тарапынан тойтарылып келгенін де жазған.

Жапон саяси сарапшысы мақаласының соңында өткен тарихта Қытайдың бірнеше рет балықшылар кейпіндегі әскери қосындарын Жапония теңіз аймақтарына жіберіп, Жапония аралдарын басып алмақшы болғандығын ескертіп, Жапония Қытай балықшыларына қарсы тұруда жақсы ойлануы тиіс, Қырым жағдайының Синкакуда қайталану мүмкіндігінің өте жоғары екендігін атап көрсеткен.

 

Мақаланың түпнұсқадағы тақырыбы: Қытай Азиядағы территориялық таластарын шешуде «Рашн-Стайл» қолдануы мүмкін бе?

http://indiandefence.com/threads/will-china-use-russian-style-tactics-to-settle-territorial-disputes-in-asia.45782/

«Шукан Буншун» журналы, Жапония.

Ағылшын тілінен аударған - Талғар ДӘЛЕЛҒАЗЫ.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036