Сенбі, 23 Қараша 2024
Деп жатыр 6064 0 пікір 24 Сәуір, 2014 сағат 10:39

КӨКПЕКТІНІҢ "КӨКЕСІ" КІМ?

Қазақ от пен суды тілсіз жау дейді. Біздің елде көктем туса өзен бойындағы елді мекендерді су басатыны әдетке айналып барады. 2010 жылы наурыз туа Алматы облысындағы Қызылағаш ауылын түгелдей су шайып кетті. Су бөгені жарылып, қоймадан аққан су тасқыны салдарынан 150 адам ізім қайым жоғалды дегенімен,  ресми ақпарат 37 адам тасқын құрбаны болды деп мәлімдеді. 146 үй қирап, ауылдың мал басы түгелге жуық тасқыннан қырылды. Билік апат салдарын жоюға 1 миллиард  теңге бөлді. Бұл төтенше жағдайлар министрлігіне үлкен сабақ болуы тиіс еді. Сол жылы Шығыс Қазақстан өңірінде де қызыл су жүрді. Жалпы есеппен 11 мыңнан астам мал басы шығын болды. Адам шығыны болмағанымен көптеген үйлер тұруға жарамсыз болып қалды. Тасқын салдарын жоюға қажетті қаржы 10,2 миллиард теңге деп есептелген.  Келесі жылында Батыс Қазақстан облысында су тасыды. Тасқыннан келген шығын 10 миллиардтан асады деп есептелді.  2012 жылы Оңтүстік Қазақстанда болған су тасқыны салдарынан 500ге жуық тұрғын үй бүлінді. Су арналарын тасқынмен жағаласып жүріп бекіттік тағы. Халық сол жылғы су тасқынын елу жылда болмаған апат деді. Санамалап келер болсаңыз оңтүстіктегі Сыр дария, Шардара сияқты өзендердің жыл сайынғы тасқынынан өзен бойындағы елді мекендер зардап шегіп жатады. Былтыр аймақтарда айтарлықтай тасқын бола қоймағандықтан ба, биыл ТЖМ тым сылбыр қимылдады. Көкпектіні тасқын алды 30 наурызда. Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Көкпекті ауылында Қызылағаштағы жағдай қайталанды. Арнасынан асып жатқан өзенге жырылған бөген суы қосылып 300-ге жуық үйді су қиратып кетті. Бес адам қаза болды.  Мал – мүліктің  шығыны алдын ала есеп бойынша 1 миллиардтан асады делінді. Сәуір туғалы бері орталық өңірлерде, Астана қаласы маңындағы ауылдарда, Ақмола облысының көптеген елді мекендерінде су апаты тіркеліп жатыр. Министр Владимир Божко апат болған ауылдарға ылғида кешігіп жетіп, қайықпен «серуен» құрудан әріге бара алмады.  Осыншама оқиғалардың бәрі де ТЖМ-ның қауқарсыздығына, қандай да бір оқыс оқиғаның алдын алуға дайын емес екеніне жеткілікті дәлел.

Сәуірдің 18-інде Қарағанды прокуратурасы Көкпекті ісіне қылмыстық іс қозғады. Аталған оқиғаға байланысты  кеше Көкпекті селосының әкімі Смайлов пен аудандық ТЖБ басшысы Туликовқа қылмыстық айып тақты. Сондай – ақ бөгеннің қазіргі иесі болып отырған «Шаңырақ» ЖШС-імен,   жалға алып пайдаланған «Табиғат21» фирмасы өкілдері де жауапкершілік жаза арқалайтын болады деді. Бір аяғын өз ақылымен басса, екінші аяғын жоғарының бұйрығымен басатын аудан – ауыл әкімдерінде не қауқар бар, жұмсақ креслода отырғандар одан сабақ ала қоймайды. Апат орын алған алғашқы күндерде  Министр Божко су қоймасының иесі кімге тиесілі екенін «айта алмай» қара терге түскен. Әу баста бөген иесі  Парламент Мәжілісінің депутаты Рауан Шаекин деген сыбыс шыққан. Өйткені оның әкесі Михайл Көкпекті селосы Свердлов болып тұрған кезде кеңшар директоры болған. Дегенмен дәл осы апатқа байланысты Шаекиндер «қатысымыз жоқ» деп ант-су ішіп отыр.  

Қалай десек те су қоймасында өсірілген балықтың қызығын не ауыл әкімі көрмеген, не аудандық ТЖБ бастығы көрмеген. Ауыл адамдары да бөген иесі бір «дөкей» екенін айтқанымен атын атаудан қорқады.

Нұрғали Нұртай

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347