Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Қоғам 6604 0 пікір 21 Сәуір, 2014 сағат 09:53

ЕКІ ОЙЛЫМЫН. ЕКІ ОЙЫМ ДА ДҰРЫС СИЯҚТЫ

Қарыным аш, киімім жыртық емес. Баспанам да, басқа дүнием де бар.   Қысқасы, біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей ел қатарлы тірлік иесімін. Ел қатарлы мен де Елбасымды жақсы көремін. Кейде тіпті қатты жақсы көріп кетемін. Әсіресе, анау етек-жеңін жинамай ашық-шашық жата берген Украинаның Қырымнан айрылып қалғанын көргенімде шекарамызды дер кезінде бекітіп үлгерген Президент Назарбаевтың қайраткерлігіне тәнтті бола түстім. Шекара болғанда қандай шекара, шіркін... Шығысыңда «аспан асты елі» деп әлмеге әйгі болған – қытай.  Оңтүстігіңде байырғы бабалар тұсынан бері жеріңе кетпен салғысы кеп, кенезесі кеуіп отыратын – өзбек. Солтүстігіңде жеріңді тұтас алып, өзіңді бодан еткісі келген (және солай еткен) – ормандай орыс. Қырғызбен, түркпенмен шектесетін аймағың және бар. Соның бәрін ың-жыңсыз келеге келтіре отырып келістіріп тұрып шекара сызғын тартып, алабаған орнатып, оны БҰҰ арқылы бектіп қойған Елбасына қалайша  риза болмайсың?!

 Мен өзі ара-тұра шетелге шығып тұратын адаммын. Былайғы жұрттың бізден озып бара жатқаны шамалы. Олардың ішкенін біз де ішіп, кигенін біз де киіп жүргенге ұқсаймыз. Сауда орындары мен әуежол қызметінде де, т.б. соншалықты сорлы емеспіз. Тұрғын үй құрылысы деген, Құдайым берекесін берсін, қарқын алып барады. Қазақстанның қай қаласына барсаң да керік мойын  крандар мен зәулім үйлер. Дала мамырлаған малға қайта тола бастады. Инновациялық бағдарламалар, ел азаматтарын жұмыспен қамтамасыз ету үшін ашылып жатқан жаңа кәсіпорындар... Статистикалық мәліметтер де жылдан жылға өсе түсуде. Осының бәрін «Ұлттық» арна мен «Хабардан» көріп, естіп жатқанның өзі бір ғанибет. Рахат. Обшым, біздің озық 50 елдің қатарына қосылып кеткеніміз рас-ау деймін. Былтыр Италия мен Австрияға іссапармен барып келген бір ағамыз да осылай деген болатын. «Екі елде де көне ғимараттар көздің жауын алып тұрғаны болмаса, асып бара жатқан түгі жоқ бізден. Біз шыныменде дамып кетіппіз» деп еді ол. Бұл кісіміз тегінде өмірдің қызығын шалқып көріп-ақ жүрген адам. Сәбет өкіметі кезінде  мәдениет міністірінің орынбасары ма, сондай лауазымды қызметте болған, қазір балалары бизнесімен, ал өзі сол баяғы мәдениет: театр, кино жағында. Ылғи осылай – сапарда жүреді. Екі беті нарт қызыл. Жә, осымен тоқтайық. Негізгі әңгіме әлгі ағамыз туралы емес қой. Бірақ сондай ағаларымыздың Қазақстаны туралы өз басым кейде басқаша көзқараста боламын. Ол көзқарасым әсіресе, тіл мәселесіне келіп тірелгенде жаным ышқынып кетеді. Мысал келтірейін.

Осы сайтта өткенде Руза Бейсенбайтегінің тіл үшін кезекті рет мазаққа ұшырап, қорланғанын оқыдым.   «Құрметті Елбасы, - деп жазады Руза өзінің бірқатар лауазым иелеріне арнаған Ашық хатын, - сіз – орыс тілінің қорғаушысысыз. Орыс тілділерге еш кемсітушілік болмасын деп үнемі ескертіп отыратыныңызды орыстілділер: «Қазақ тіліне жол жоқ, ол 2025 жылдардан кейін пайда болуы мүмкін, ал қазір бүкіл қарым-қатынас тек орыс тілінде құрылуы керек» деп ұғынады. Олардың қатарына негізінен қазақтардан құрылған орыстілді әкімдер бастаған әкімшілік қызметкерлері де жатады. Бір қызығы, ол да сіздің сөзіңіз, «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дегенді ешкім бетке ұстамайды. Нәтижесінде қала қоғамында (жалғыз Керекуде емес деп ойлаймын), қазақ тілін қабылдамаушылық, кейде өшпенділікке баратын қабылдамаушылық қалыптасты. Осы айтылғандарды қала көшелерін аралап, әртүрлі мекемелерге кіріп, қазақша сұраныс жасаған әр адам анық көреді. Сондықтан керісінше, ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ, қазақ тілділерге АРАША керек!  20 жыл бұрын қазақша балабақшалардың санын күрт өсіргенде, жоғарыдағыдай қазақтың намысына тиетін сөздер айтылып, ұлтаралық қатынасқа сызат түспеуші еді, тым құрымаса аз болар еді деп ойлаймын» http://abai.kz/post/view?id=281 .

Осындағы соңғы сөйлемге назар аударайықшы: «20 жыл бұрын қазақша балабақшалардың санын күрт өсіргенде, жоғарыдағыдай қазақтың намысына тиетін сөздер айтылып, ұлтаралық қатынасқа сызат түспеуші еді, тым құрымаса аз болар еді деп ойлаймын».

Өте дұрыс, әрі нақты ойлайды Руза. Расында, осыдан 20 жыл бұрын қазақша балабақшалар мен мемлекеттік тілде дәріс беретін мектептер мен ЖОО қатарын өсіріп, тәрбиеленушілер мен оқушылардың, әрі студенттердің санын үстемелеп алғанымызда тап бүгінгідей қазақ тілінің Конституциямыздағы мәртебесін менсінбей,  қарсылық танытатындар көп болмас еді. Осы сайтта Жұмамұрат Шәмші деген автор Астанадағы бір мектептің оқушысы: «Маған қазақ тілі, Қазақстан керек емес, өскен бойда Ресейге кетемін» дегенін жазды. Иә, жасырып-жабатын не бар, біз Тәуелсіздігімізді алғалы бері Қазақстанның мемлекеттілігін мойындағысы келмейтін, жиған-терген білімін Ресейдің игілігіне жұмсауды қалайтын нигилистердің ортасын қолдан жасап, мәпелеп, баптап өсіріп отырмыз. Ұлтаралық қатынас туралы күнде айтып сол ұлтаралық қатынасқа сызат түсеретін ахуалды орыстілді қауымның тарапынан күшейте түсудеміз. Міне, кеше ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы аяқталды. Жиын әдеттегідей бастан-аяқ орыстілінде өтті. Қазақша білетіндері де (ішінара бірер отаншыл азаматтың төбе көрсеткені болмаса) орысша сөйледі. Сессия аяқталған соң да ассамблеяшылар «аттан түскен жоқ»: «Хабар» мен «Ұлттық арнадан» кезек сөз алды. Олардың айтуына қарағанда, Ассамблея жұмысы насихатталмайды екен. Көгілдір жәшіктен көрінбейді екен. Газеттер, интернет газеттер Ассамблея туралы жақсы пікір білдірмейді екен. Оу, ағайын, қазақстандық БАҚ Ассамблеяны қалай көрсетеді, қайтіп жағымды пікір білдіреді? Осы Ассамблея мүшелері былтыр күзде Шеңгелдіде болған оқиғаға, оның алдындағы Шелек пен Маловодныеде, Маятаста көрініс тапқан дүбрлі жайттардың қайсысына барып қатысып, басалқы сөз айтып еді? Бізде мәселенки, ұлтаралық кикілжің болмай тұрмайды екен. Оны «Ұлттық арнаның» «Алаң» бағдарламасына қатысқан депутат Қамал Бұрханов ашық айтты. Ендеше сол кикілжіңдердің алдын алып, даулы, кейде тіпті қантөгілетін оқиғаларды болдырмас үшін Ассамблея болдырмай жұмыс істеуі, елмен сөйлесуі керек емес пе? Ол үшін, әрине, бірінші кезекте мемлекетті құрушы ұлттың айналасына топтасу, оның мәдениеті мен тарихын, дәстүр-салтын, тілін құрметтеу керектігі үгіт-насихаттың өзегіне айналуы қажет. Бұдан кейін сөз жоқ, Қазақстандағы диаспорлардың келіп қоныстануы, олардың өткені мен бүгіні, бүгінгі қамқорлықтың мемлекеттік тұрғыда қолға алынып тұрғаны  да тұрақты айтылуы тиіс. Міне, сол кезде барып іскер Ассамблеяның жұмысы жария табады. Жаппай қолдауға ие болады. Ол үшін Ассамблея жылына бір рет жалпақ жиын өткізіп қана қоймай, нақты мәселелермен бетпе-бет келіп, оның шешімін тауып, атқарған істері жайында халық алдында, Ассамблеяның төрағасы Н. Назарбаевтың алдында есеп берулері керек. Бізде мұның бірі жоқ. Керісінше, қазақ көшін тоқтату, көшіп келген ағайынға азаматтық бермей әуіреге салудың қитұрқы жолдары, мемлекеттік тілдің мәртебесін қоғамдық ортадан талап ететін ел ішіндегі азаматтарды ақымақ, ақкөз етіп көрсету, Руза сияқты қыздарды сотқа сүйреп, қорлау, мазақ ету, орыс төбеңнен гептиль төгіп, жеріңде жарлыс жасап жатса да оған ессіз «ғашық болу», кәсіпкерлерің кәсібінен қағылып не істерін білмей жүрсе де Кедендік одақтан әрмен кетіп Еуразиялық одаққа ұмтылу, т.б. сияқты келеңсіз істер көбейіп барады.  Былайынша, тұрмысқа қажеттінің бәрі табылады, тек ақша тапта дәурен сүр. Бірақ, ұлттың ішкі сұранысын өтеу саясаты мүлде ысырылып қалды. Мына бетімізбен кете берсек, бірер жылда ұлттық намыстан жұрдай, өз тілін өзі құрметтеу былай тұрсын, мүлде ұмытқан, рухы жасық семізмалай халық болып шыға келетін шығармыз. Онсызда өзі дүние-байлықты ғана білетін тоғышар қауымға айналып бара жатқанымызды ішіміз сезіп жүр...

Бізге қайсысы керек? Бай-дәулетті, заманауи талаптардың бәрін қамтыған Қазақстан ба? Әлде, ұлт мүддесі шешімін тапқан Қазақстан ба? Әрине, екеуі де. Бұл екеуінің бір-біріне еш қарсылығы жоқ. Тек осы екеуінің қисынын тауып қилысытыруда Қазақстан билігі іскерлік танытса болғаны. Мен осылайша екі ойлымын. Қысқасынан қайырғанда, еліміздегі иглікті шаруалардың барысына қуана тұрып тіл мен ділдің сол игіліктермен үйлесім таппай жатуына қынжыламын. Сіздер қандай ойдасыздар?

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz      

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2057