Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 8845 0 пікір 21 Сәуір, 2014 сағат 09:19

БАБТАРДЫҢ БАБЫ АРЫСТАНБАБ (жалғасы)

Барша Бабтың Ұлығы – бабтардың бабы арыстанбаб

(Жалғасы. Мақаланың бастапқы таруаларын мына сілтемелерден оқи аласыздар: http://abai.kz/post/view?id=273,http://abai.kz/post/view?id=292 , http://abai.kz/post/view?id=306)   

Пірмұған Арыстанбабтың аномальді қасиеті 

   Біз жоғарыда сахабалардың да, Қажы Ахметтің де пірмұғаны (жол көрсетуші ұстазы) Арыстанбабтың өмір жолын айта отырып, оның тылсым әлеммен байланысы бар аномальды адам болғандығына тоқталатындығымызды ескерткенбіз. Ия, бабтардың бабы тарихта болған, тылсым әлеммен ерекше байланысы бар аномальды жан! Мұндай бақыт екінің  бірінің маңдайына жазылмас енші. Сахаба осы қасиетімен - жалған дүние мен пәни дүние арасын байланыстырушы құдірет иесі, болашақты болжайтын сәуегей, дана, синкретті тұлға.

    Аномальдық дегеніміз не?  Әлемдік ғақлия ғылмының иелері бізге бұл терминді қалыпты жағдайдан және жалпы заңдылықтан ауытқу, бұрыстық деп қана түсіндіріп келеді. Мысалы, Геологияда жер қыртысында кейбір химиялық элементтер мөлшерінің қалыпты шамадан ерекше көп болуы геохимиялық аномалья аталса, жер қыртысының түрлі физикалық қасиеттерінің қалыпты шамадан ауытқуы геофизикалық аномалья аталуда. Осы сияқты Медицинада іштегі нәресте дамуының бұзылуы салдарынан организмнің құрылымында кездесетін вариациялық өзгерістердің шектен шығып, тұрақты марфологиялық ауытқуларға ұшырауын да медициналық аномалья деп ұғындырады. Ал аномальды қасиет иесі жеке адамдар туралы айтқанда олардың ерекшелігі мен олар көрсеткен кереметтерді мойындаумен шектеліп, жаратушыдан дарыған қасиеттері туралы нақтылы ештеңе айта бермейді. Сондықтан біз де бұл мақалада мәселенің теориялық жағынан бас тарта отырып, нақты ел білетін деректерді мысал етсек жеткілікті болар. Біздің білетініміз барлық пайғамбар аномальды қасиет иелері.  Олар халыққа пайғамбар болып танылуы үшін мұғжиза көрсете білген. Мұғжиза дегеніміз - оқымыстылардың да, қарапайым адамдардың да ақылына сыймайтын, сенімнің, иманның арқасында ғана пайымдауға, сезінуге келетін ғажап іс. Мұндай істер әдетте Жаратушының қолдауымен ғана болады. Сүлеймен пайғамбардың құстардың тілін білуі, Салих пағамбардың қара тастан ақ түйе шығаруы, Нұх пайғамбардың кеме жасап топан судан бүкіл жанды мақұлықтың ұрығын сақтап қалуы осы мұғжиза...

     Пайғамбарлардан кейінгі жолды сахабалар, машайықтар мен әулиелер иеленеді. Бұлар да неше түрлі кереметтер көрсете алады. Сахаба, әулиелер бірінің кереметін екіншісі қайталай да алады, тіпті асырып та жіберуі мүмкін. Демек, аномальды қасиеттің өзі, белгілі бір сатылар мен категориялардан тұрады. Бұл дәрежелеудің  жүйелі жолы да тылсым болғандықтан - жұмбақ.  Бұның ақиқатына көз жеткізу өте ауыр. Ақиқаттың ақиқаты - Алла тағала.

Өтті ғұмыр, шариғатқа жете алмадым,

Шариғатсыз тарихатқа өте алмадым.

Ақихатсыз мағрифатқа бет алмадым,

Жолдан қалай пірсіз жан өтер, достар? деп Йассауийдің өзі қиналып айтса да діни құлшылықтың шегіне жеткен жан Жаратушы туралы ілімді толық меңгеріп, Алла тағаланы танып,  шариғатты белгілі дәрежеде игере алады. Бұл талпынған жанның қолынан келер мұрат. Ақиқатқа ұмтылған жан  тарихатты қыйбыла тұтады. Бұдан соң бақи дүние ғылымы мағрифат өз жолына бастайды. Мағрифат - ақиқаттың айнасы. Жалпы әулие деген түрік тіліндегі уали сөзінің көпше түрі. Құрандағы мәні Алланың досы немесе оның қорғуындағы адам. Жаратушы туралы ілімді меңгергендер. Олар ең әділетті қоғам құру үшін шаршамай талмай еңбек етушілер. Олардан түрлі аномальды таң ғажайыптарды күтуге болады.

     Мысалы осындай аномальды қасиетке ие қазақ жерінде патшалық құрған баһадүр Исхақ баптың діни кеңесшісі Баба Түкті Шашты Әзіз жұрттың көзінше жанған отқа түсіп, өзінің отқа жанбау қасиеті арқылы қалың  елді қан төгізсіз-ақ дінге кіруге иландырғаны аңыз ғана емес  нақтылы тарихта жазылған шындық. Мұндай қасиеті бар тұлғалар өзара «агиалогия» немесе «таңғажайып сайысқа» түсіп, ел алдында түрлі кереметтер көрсетуі арқылы халықты өз соңына ерте білген. Кезінде Тимучин Шыңғысхандық дәрежеге жеткенше  аян арқылы Тәңірмен қалың бұхара көзінше тілдесе отырып, тарихи  ұлы жеңістеріне жетсе, тағы бір кемеңгер патша, 27 елдің падишасы болған Әмір Темірдің - Көреген атануының өзі  біздің аномальдық жөніндегі осы пікірімізді нақтылай түсер құдірет. Бұл тылсым құдірет әрине осы ұлы адамдармен  басталып, осылармен аяқталған жоқ. Бұрын да болған, қазір де жалғасуда...

    Алла тағала адамзат баласына екі түрлі көз берген; бірі заһир (сыртқы), осы дүниені көріп болжай алатын, екіншісі, батин (ішкі) көз - бұ дүниені де, о дүниені де көре алатын. «Жүректің көзі ашылса, адамға ақиқаттың сәулесі түседі». Бұл жерде байсалды иманды салмақтылық пен сабыр керек.  Кәпірдің басты белгісі заһир көзімен көрсе ғана сенеді. «Алла (Т.) хикметті (терең білімді) қалаған құлына береді. Ал кімге білім берілсе, оған көптеген игілік берілген болады. Бұны ақыл иелері ғана түсіне алады».(«Бақара», 269)

   Осы орайда біздіңше пірмұған Арыстанбаб үлкен білім ғана емес ілім иесі екені де ешқандай күмән тудырмаса керек. Арыстанбабтың батин көзі айтуға тіл жетпестей дәрежеде болумен қатар, уа табарака, уа тағаланың дидарын көруге ғашық сахабалардан.  Оның екі дүниеге бірдей көзі ашық . Пірмұған Хазіреті Сұлтан сахаба. Хазірет - Алла тағаланың дегенімен жүретін сүйіктісі, іліміне сипаттас деген ұғым берсе, Сұлтан пайғамбардың сеніміне лайық сахабалардың ұлығы. Пірмұған осындай жандарға жол көрсетуші деген сөз. Біздің ғалымдар күні бүгінге дейін Йассауийдің сопылық ілімі мектебін бабасы Ысқақ бапқа апарып телиді. Неге бұл мектепті әзірет Сұлтанымыздың өзі мойындаған, пірмұған ұстазы Арыстанбабқа телімеске?..

    Арыстанбаб сахаба аномальды қасиетке ие болумен бірге тіршілігінің өзі аномальды жағдайда өткен жан. Бұл ерекшелігін  де шәкірті Қажы Ахмет Йассауидің жыр жолдарымен түсіндіруге болады. Ол өз жырында Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар рухының періштелерді ілестіре келіп, Арыстанбабқа жасаған құрметін былай жеткізген;

Сәрсенбі күні есітіп, хазірет кенет соғады,

Арыстанбабтың үйіне келді үлкен қонағы.

Жатқан жері жайсыз ед, көріп қайран болады,

Арыстанбаб сөздерін есітіңіз – тәбәрік

Ол – Мұхаммед Мұстафа оқыды сонда дұғаны,

Періштелер, әумиін деп, қолын жайып тұрады.

«Осындай үмбет бердің» деп Аллаға шүкір қылады.

Арыстанбаб сөздерін есітіңіз – тәбәрік

     Бұған не дейсіз?.. Йассауий ұстазының көз алдында өмірден өткенін  осы хикметінде былай жалғастырады;

Бабам айтты; «Өлейін, қасымда тұр, ұланым,

Жаназамды оқып көм, жантәсілім қыламын.

Медет берсе Мұстафа, көк төсіне шығамын.

Арыстан бап сөздерін есітіңіз – тәбәрік

Жылап айттым; «Ай, баба, жаңа басқан қадамым,

Көріңізді қазармын, көтеріп қалай саламын?

Білмейтұғын баламын дін сүндеттің талабын!

 Арыстан бап сөздерін есітіңіз – тәбәрік

Бабам айтты; «Әй, балам, періштелер толғайды,

Имандық қып Жәбірейіл, өзгелер бірге болғайды.

Мәкәиіл мен Исрафил көтеріп көрге қойғайды!»

Арыстан бап сөздерін есітіңіз – тәбәрік.

    Осы үш шумақ өлеңмен Арыстанбабтың өмірден өтуіне байланысты имани танымдық қана емес, аномальдық мәні бар қаншама әңгіме өрбітуге болады. Біз сол көп әңгімені өрбітпеген күннің өзінде, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың соңғы сахабасы Арыстанбабтың өмірден өтуінің өзі ерекше жағдайда болғанын, шәкіртінен өмірден өтер сәтінде жанында болып жаназасын оқып көмуін өтінуін, оған жеті жасар Ахметтің; «көріңді қазармын, денеңді көтеріп қалай саламын?» -деп, мүрдені қою сүндетін де жетік білмейтіндігін айтып зарлағанын көріп отырмыз. Сонда ауырып жатқан Арыстанбаб өзінің жаназасына қалың бұхара  емес, көптеген перішлердің қатысатынын, жаназаға Жәбірейіл періштенің имамдық жасайтынын, Мәкәйіл мен Исрафил көтеріп көрге қоятынын жеткізіп, тоқтау айтқан ғой. Бұдан шығатын басы ашық тағы бір дерек   біз бүгінде барып зиярат жасап жүрген орынында Арыстанбаб бабамыздың сүйегінің болмайтындығы, денесінің Мұстафаның медетімен көкке көтеріліп кететіндігі... Бұл да оның аномальды тіршілігі.

 

АРЫСТАНБАБТЫ ҚОРҒАУ

     Өткен жылы ауруханада жатып, «Аңыз адам» журналынан  «...Бабтардың бабы – Арыстанбаб. Ал Арыстан баба – Салман Парсы, ирандық болған. Өзі арыстандай үлкен, айбатты кісі болғандықтан, халық Арыстанбаб атап кеткен екен. («Аңыз адам» №15, тамыз 2011 жыл, Нұржан Додабаев, Арыстанбаб кесенесінің шырақшысы)- дегенді оқыдым. Мақаламыздың басында ескерткендей бұл қате пікір, қате насихат. Менің білетінім, осы азамат көп жылдардан бері баба басындағы кесене  шырақшысы. Кесенеге күн құрғатпай қаншама жан зиярат жасап келіп-кетіп жатады. Солардың бәріне осы әңгімесін айтып отырса, масқара ғой.  Арыстанбаб пен Салмани Фарсиді шатастыруға болмайды.  Араб жазбаларының өзі Салман Фарсиді 655-657 жылдар аралығында ирактағы Мадаина қаласында  жерленгенін,тіршілгінде сол қалада әкім болғандығын, басында нұрлы гүлзарасы барын айтады. Кезінде бұл қабірді күтіп ұстау үшін Әмір Темір де арнайы уақыф бөліп тұрған. Салман Фарси қабіріне арнайы қаржы бөлген падиша Отырарда Арыстанбаб кесенесін көтеруі мүмкін бе?.. Енді мына үзіндіге назар аударыңыз; «...Мұхаммед пайғамбардың беріп кеткен аманат-құрмасын тапсыру үшін бала Ахметті іздеп Түркістанға келген Арыстанбаб әулие жас жетім бала Қожа Ахметтің тілегін орындап, оның шешесіне қосылып, неке суын ішеді... Арыстанбаб дүниеден өтерінде бұны (кеменің сынығын) әрі баласы, әрі шәкірті Қожа Ахмет әулиге беріп кеткен. Мұхаммед пайғамбардан артық жасауды өзіне күнә деп есептеген (?) Қожа Ахмет әулие 63 жасқа шыққанда пәни дүниенің тіршілігі мен жарығынан қол үзіп, жердің астына түсіп, қылуетте жасайды...» ( Е.Төреқожаев, М.Омартаев. «Бақсайыс әулие», 124 бет, «Тамыр» баспасы, 2006 ж.) Екі автордан білетінім Е.Төреқожаевтың кезінде осындай артық әңгімесімен бүгінде марқұм болып кеткен белгілі ақынымыз Б. Исаевтың ренішіне қалып жүргенін  бір басылымнан оқып едім, соңғысын танымадым.  Жалпы екеуі де  - діннен де, сопылық ілімнен де, тіпті екі әулиенің тағдырынан да хабары жоқ жандар сықылды. Хабары болса, көздері көріп, куә болып отырғандай Арыстанбабқа Йассауийдің шешесін қосып, қастарында тұрғандай неке суын іштіріп, пендегершіліктің шектен шыққан түріне бармас еді,  «Мұхаммед пайғамбардан артық жасауды өзіне күнә деп есептеген Қожа Ахмет әулие 63 жасқа шыққанда пәни дүниенің тіршілгі мен жарығынан қол үзіп, жердің астына түсіп, қылуетте жасайды»- деп жалған әңгіме өрбітпес еді. Йассауий хазірет түгілі, кеудесінде иманы бар адам Алланың сыйлаған өміріне қарсылық танытса, оған өлгенде жаназа да бұйырмайды...Жаңылысқан авторларға  Йассауийдің; «Нида келді; «құлым жерге кір» деген өлеңімен жауап қатқымыз келіп отыр. Нида Құдайдың әмірі. Йассауий жүректі тазалап, нәпсіні жеңіп, көңілдегі Алладан басқаны жойып, дүниеден өтпей тұрып өлімді жеңіп, мәңгілік тірлікке қол жеткізген жан. Ол рух тазалығына ұмтылып, хақ дидарын көруді талап ете білген машайық.    

   Алпыс үште сүндет болды жерге кірмек,

   Расул үшін екі ғалам жарық бермек.

   Ғашық жанның сүннеті дүр тірі өлмек,

   Естіп, оқып жерге кірді Құл Қажы Ахмет.

   Аталынған кітапта бұдан басқа да әруақтар мен олардың бүгінгі ұрпақтарының намысына тиер ыңғайсыз әңгімелер жеткілікті сияқты. Ол туралы мүмкіндік болып жатса, алдағы уақытта арнайы сөз етерміз...

 

                          ТҮЙІН

      Арыстанбаб туралы әңгіме айту, бізді үлкен бір тұжырмға жетелеп келеді. Ол тұжырым - Исламның елімізге келу тарихы. Қазір  Исламның дін ретінде өмірге келгеніне 1400 жылдан асты. Осы діннің қазақ жеріне қадам басуына орай  тарихшылар әрқалай пікір айтып жүр. Дегенмен, негізгі тұжырым мынадай пікірлер маңына шоғырланған. Бірі -  Мүсілім бастаған араб әскерлері Күлтегін мен соғдалықтардың біріккен күштерін жеңіп Түркістан жерінде 712-713 жылы билікті өз қолдарына ұстаған кезінде Сайрам мен Тараз қалаларына   Ислам діні келген десе, екіншісі - 766 жылы Хорасаннан шегінген Ысхақ ат Түрік бастаған оппозициялық күштермен бірге болған, исламның  қасанийа-мүбаийдиана бағытын қабылдаған түрік билеушілері өздері құрған мемлекетті тарихқа Түркістан жеріндегі алғашқы Ислам мемлекеті деген атаумен енгізгенін, үшінші бір топ Алтын Орда патшалығы кезінде екі-үш хан өздері де Ислам дінін қабылаумен бірге елді Ислам мемлекеті деп жариялағанын алға тартады...

   Біздіңше, бұл  деректердің бәрінің де ел тарихында өзіндік орыны бар. Дегенмен, біз  мақала басында келтіргендей ладуни ілімінің білгірі Мәшһүр Йіүсіп Көпейұлының;  «түркілер Исламды  Пайғамбарымыз (Ғ.С.) тіршілікте өмір сүрген кезінде қабылдады»- деген пікірін көңілге қонымды санап отырмыз.

   Сонымен Арыстанбаб кім деген  сауалға  мынадай тұжырым жасағалы отырмыз:

   Бірінші, Арыстанбаб – сахаба. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар аманатын жеткізуші сахабалар пірмұғаны, сахабалардың ұлығы, бабтардың бабы.

   Екінші, қазақ және Орта Азия жеріне пайғамбар (с.ғ.с.) аманатын  жеткізуші Ислам дінінің алғашқы насихатшысы.

   Үшінші, Түрік әлеміндегі және еліміздегі Ислам тарихының негізін қалаушы. 

     Төртінші,  Йассауийдің сопылық ілімінің бастау көзі, мектебі.

     Бесінші,  тарихы толық зерттелмеген аномальды тұлға.

     Алтыншы,  рухани тарихымызға енуге тиісті тарихи тұлғалар Қорқыт Ата, Әл Фараби және Йассауийдің ұстазы...      

  Соңғы пікірді айтқанда елбасы Н.Назарбаевтың; Қазақтардың рухани тарихы жазыла қалса, Йассауийдің “Диуани хикметтері” сөзсіз оның бір бөлігі болып жазылуы тиіс”- деген пікірін алға тартқым келіп отыр. «Диуани хикметтің» еліміздің рухани тарихына енуі Йассауийдің тарихқа енуі. Демек Қажы Ахмет Йассауий рухани тарихымызға енетін болса, онда өзі жазып кеткен ұстазы Арыстанбабты қалай айтпасқа?..  Осыны мойындайтын болсақ елімізге Ислам дінінің келу тарихын осы әулиенің елімізге келуінен бастағанымыз абзал.  Арыстанбаб бүкіл әлем Аристотельден кейінгі екінші ғұлама санап жүрген жерлесіміз әл-Фарабидің ұстазы болса біз неге ол кісіге  әулие есебінде мүрдесіне зиярат жасаумен шектелеміз? Әулиенің өмір тарихы, тіршілігі, шәкірттері, өмірден өтуі мистикалық фәлсафа (ладуни) ілімінің көсемі етіп көрсетіп тұрған жоқ па? Бұған баға беру үшін не істеуіміз керек?.. Жалпы осыншама ғұламаның ұстазы саналатын, Орта Азиядағы Ислам дінін бірден-бір сүйіншілеуші тұлға Арыстанбаб әулие туралы бізде осы күнге дейін нақтылы ғылыми-зерттеу жұмыстарының жүргізілмеуі ойланарлық жағдай. Бұл орайда ӘмірТемір Көрегеннің Қажы Ахмет Йассауий мовзалейін салмастан бұрын, Арыстанбабқа кесене салуы осы саладағы жұмысымызға өнеге болуы тиіс. Ұстазы жайлы ауыз ашпай, шәкірттері туралы пікірлер айту еш өлшемге келмейді. Бірақ біздің елде таза дін ғұламаларының кемшіндігінен осы ағаттық өз жөнін әлі күнге шешімін таппаған күйі келеді. Соның нақтылы дәлелі көз алдымызда мен-мұндалап кесенесі тұрса да қазақ халқының рухани, мәдени бірлігі мен тұтастығын қалыптастырған йассауий жолының өкілдері өмірінің әлі күнге толық зерттелмеуі. Әулие түрік тіліндегі уали сөзінің көпше түрі. Құрандағы мәні Алланың досы немесе оның қорғуындағы адам. Діни құлшылықтың шегіне жетіп, Жаратушы туралы ілімді толық меңгергендер. Олар ең әділетті қоғам құру үшін шаршамай талмай еңбек еткендер.

    Ілгеріде өткен Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведмоствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысына басшылық жасаған сол кездегі Мемлекеттік хатшы М.Тажин өз баяндамасында төл тарихымызды шынайы тұрғыда жиналған бай деректерге сүйене отырып, ғылыми тұрғыда қайта жазып шығуды күн тәртібіне қойды. Шешеннің: «Ұлттық тарих қоғамдық ғылымдардың арасында орталық буынға айналуы тиіс. Біз сапалық жаңа деңгейде Қазақстан тарихының ортақ тұжырымдамасын жасап шығуға тиіспіз. Ол тұжырымдама бүкіл әлемдік тарихпен тығыз байланыста болуға, Қазақстанның аса ауқымды тарихи үдерістердегі, олардың өзара байланысы мен ғылыми кезеңдену жүйесіндегі орынын анық көрсетуі тиіс. Қазақстан туралы біздегі шетелдердегі тарихи материялдардың барлығын жинауға, жүйелеуге және жіктеуге баса көңіл бөлу де өте маңызды...» -деуі - елімізде тарих ғылымын жаңа дәрежеге көтеріп, төл тарихымызға соны серпіліс беру. Дегенмен, ел тарихын жазуды сөз еткен шешен оның рухани тарихы жайлы неге сөз етпеді?  Ештеңе айтпады ғой. Неге? Жалпы, біздің елде таза дін ғұламаларының кемшіндігінен осы ағаттық өз жөнін таппаған күйі келеді.

     Бұл мәселені біз ғана емес, бізден бұдан он-онбес жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаев;  Қазақтардың рухани тарихы жазыла қалса, Қожа Ахмет Яссауийдің “Диуани хикметтері” сөзсіз оның бір бөлігі болып жазылуы тиіс”- деп еске салған жоқ па? Президентттің бұл пікірі бұдан бұрын өзі айтқан; «...Қазақстан аумағында сопылық дәстүрдің негізін салып, оны түркілік дәстүрмен үндестірген әйгілі тұлға – Қожа Ахмет Йассауий, оның кесенесі байырғы Түркістанға орналасқан. Йссаудің тікелей жанқиярлық еңбегінің арқасында ғана қазақ тайпаларының ұлттық ортасында Ислам канондары мен далалық дәстүр үндестік тапты, қазақ халқының арасында күні бүгінге дейін оның есімін кие тұтып, көптеген түркі тілдес мұсылмандар үшін «Екінші Мекке» болған оның кесенесіне тауап етеді...»- деген сөзін де  бекітеді.   Жалпы, еліміздің жаңа тарихын өткен өміріміздің куәгеріндей кең байтақ жеріміздегі кесенелері тұрған  әулиелер тарихымен байланыстыра отырып жазар болсақ, шынайы шындықтан алыстамас та едік.

(Соңы) 

Бақтыбай АЙНАБЕКОВ,

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5413