Сенбі, 23 Қараша 2024
Өзіңе сен 7922 0 пікір 18 Сәуір, 2014 сағат 10:40

Жұмабек Тұрсын: Қытайдағы жеңістерім АҚШ-қа жол ашты

 

Арғы беттегі қазақтар арасынан Қанат Исламның ізімен қазақтың  күрзі жұдырығын миллиардқа дәлелдеген қандасымыздың бірі – Жұмабек Тұрсынұлы.  Ережесіз жекпе-жектен отыз рет ақтық сынға түсіп, бәрін де жеңген, Қытай елі “Айбарлы жолбарыс” атаған қазақтың қара баласы Алматыда жүр.  Бір ай көлемінде Ардақ Назаров сияқты ағаларынан тәлім алып, білікті бапкерлердің кеңесіне құлақ түрмек екен. Елге келген батыр жігітке жолығып, аз- кем сөзге тартқан едік.

- Келіп жатқан қадамыңызға нұр жаусын. Атажұртқа алғаш келіп жатыр деп естідік, әсеріңіз қалай?

- Қазақстанға бұдан бұрын жол түспесе де, елде жүрген көптеген достарым бар, шекарадан өткен бетте дархан дала мен жасыл желегі жаңа құлпырып келе жатқан ұланғайыр мекеннің жүрекке кең тыныс бергені шын. Міне Алатаудың бөктерінде, аймалаған самалына кеудемді тосып жаттығуды бастап та кеттім.

- Сіздің атыңыз Қазақстан жұртшылығына енді ғана танылып келеді, өзіңіз туралы, отбасыңыз жайлы айтсаңыз.

- Мен сіздер арғы бет атап жүрген Іле бойындағы Күнес жерінде 1986 жылы өмірге келдім. Бұл өңір әйгілі ақын Таңжарық Жолдыұлы, «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы, композитор Ермұрат Зейіпханұлы туған құтты мекен. Былтыр отау құрып, шаңырақ көтердім.

- Біздің білуімізше, жарыңыз қытай ұлтының өкілі көрінеді...

- Иә, ол қытай қызы. Дегенмен қазақтың тілінде сөйлеп, бес уақыт намазын қаза қылмайтын тәрбиелі бойжеткен. Тіпті қазақ қызынан да кіші жар алуыма қарсы емес. «Сен батыр жігітсің. Сондықтан көп ұрпақ қалуы керек» деп әзілдеп қояды...

- Бәрекелді! Бұл шешіміңізге ата-анаңыз қарсы болған жоқ па?

- Жоқ. Шындығын айтқанда, ол қазақтың салт-дәстүрін қайсібір қазақ қыздарынан кем білмейді. Ата-ене сыйлау, сәлем салу... – оның күнделікті жұмысы.

- Осыған дейін Қытай ішінде ғана емес, халықаралық бәсекелерде атыңыз озып жүргенін естідік. Жеңіске жетудің кілті неде?

- Менің жеңісімнің тұғыры – намыс. Миллиард халықтың ішінен топ жарып, аз қазақтың абыройын көтеру үлкен жігер мен күшті қажет етеді. Артымда тақымын қысып, қиқу салып отырған аңқылдаған қазақ тұрғанда қанжығамның бос қайытқаны маған сын. Ұлттың ұяты мен бойымдағы иманым маған жеңіс әкеледі.

- Болашақта қандай жоба- жоспарлар бар, елде бір жола қалуға ниетіңіз бар ма?

- Осыған дейінгі жетістіктерім жолдың соңы емес, алда талай асу бар. Алла қаласа осы жазда АҚШ-қа сапар шегемін. Ендігі бағыт – мұхиттың арғы жағы болып тұр. Ал елге оралу жағын уақыт көрсетер. Көші-қон дұрысталып, Қазақстан мен Қытай арасында құжат мәселесі оңайласса көре жатармыз. Қазірге қандастарына 4 жылсыз азаматтық бермейтін заң біраз нәрсеге кедергі болатын түрі бар...

Шоқпар білек Жұмабек елге жалғыз келмепті. Жанында өнерді серік еткен інісі Нұрлан мен спорттағы досы Смағұл Дәулетұлы бар екен. Екі иығына екі кісі мінгендей Смағұл мырзаменде танысудың сәті түсті. 1983 жылғы Үрімжі өңірінің тумасы осыған дейін дзюдомен айналысыпты. 1999-2005 жылдар аралығында Шыңжаң бойынша бес рет алтын алқа таққан спортшы араға біраз уақыт салып, ендігі жерде  ережесіз төбелесте бақ сынамақ екен. Біз алдағы уақытта Смағұл Дәулетұлы туралы арнайы тоқталатын боламыз.  

 

Әңгімелескен Нұрғали Нұртай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5411