Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 4982 0 пікір 16 Сәуір, 2014 сағат 16:26

Әмірхан Балқыбек. ЖАС ӘДЕБИЕТШІ ЖӘНЕ МАДАҚТАМА

 

 

Сержант пен солдат, жас әдебиетші және мадақтама

Әңгіме әдебиетке жаңа келіп жатқан жастар туралы.

Ана жылдары, Кеңес одағы әлі тарқамай тұрғанда Отан алдындағы әскери борышымды Венгрияда өтеуге тура келген.

Жауынгер формасын киген алғашқы күндер. Сержанттар бір топ «жастарды», он шақты ұлттан құралған бізді, таң демейді, кеш демейді, күннің көзі қырауда турникке асылдырып қояды. Мұздай темір алақаныңды қарып бара жатса да түсуге қақың жоқ. Әскери дайындықта күн сайын сәл де болса алға жылжуға тиіссің. Сондай азапты сәтте қасымыздан рота командирі Прокофьев жай басып өтіп бара жатады. Біз жалынышты көзбен «мыналары жауыздық қой, бізді арашалап алсаңшы» дегендей ойды жеткізуге тырысамыз. Бірақ капитанымыз түкті байқамағандай асықпай өте шығады. «Ит екен ғой» деп ішімізден сыбап жыларман біз қаламыз.

Бір күні сол кісіге Ауған соғысында көрсеткен елрігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденін тапсыру рәсімі болды. Орден тапсырушы жоғарғы шенді офицерлер группа штабынан арнайы келді. Соңы кездесуге ұласты. «Ит» командиріміз бір өзі ескі «Т-34» танкімен бір батальон әскердің дұшпандардың қоршауынан шығуына мұрындық болған қаһарман екенін білдік. Сонда командиріміз өз басынан өткен мынадай бір оқиғаны айтып берді:

Мен жас жауынгерлерді жақсы түсінемін. Олар мені қатыгез деп ойлайды. Бірақ бұлай болмасқа менің де қақым жоқ.

Ауған барлаушылар взводын басқарып жүргенімде бір топ «жастар» қарамағыма түсті. Бірі мәскеулік, зиялы отбасында өскен ақсаусақ бала екені көрініп тұр. Оны бір сержантқа шыңда, қолыңа ал деп арнайы табыстадым. Сержан жанын қинап жіберсе керек, бір күні жас жауынгер оның үстінен шағым айтып келді. Мен сержанттан әлгі ақсаусақты бұдан әрі қинау бермеуді өтіндім.

Барлаушы командир барлауға барарда отрядын өзі кәміл сенетін  жауынгерлерден жасақтауға құқылы. Бөлімшелеріміз қаншама рет әскери барлау тапсырмаларына шығып жатты, бірақ соның біріне де жаңағы жас жауынгер тартылмады. Өйткені, оған ешкім сенбейтін. Әрдайым казармада, өзімен-өзі жүреді де қояды.

Қазасыз соғыс, ерліксіз шайқас жоқ, от пен оқтың ортасында жүрген құрдастарының көзіне түрткі болғысы келмеді ме, әлде намысы оянды ма, жаңағы солдат бір күні жаттығуды өзі бастады. Келесі бір тапсырма үстінде бұл жорыққа өзі де барғысы келетінін айтып сұранды. Мен шешімді сержант қабылдайтынын білдірдім. Сержант оны өз отрядына алды. Кейін білдік, сол отряд тауда дұшпандардың тосқауылына ұшырап, сержант қатты жараланыпты. Төңірек түгел тау-тас, алып кетуге тік ұшақ қонатындай мүмкін жер жоқ, жаралы сержантты етекке түсіруге тура келген. Сонда жаңағы солдат сол баяғы өзі үстінен шағым айтатын сержантын өз арқалап жүгіріпті. Қансырап қалған сержант жауынгері қуат көрсетпегенде ажалдың тырнағына шырмалғандай екен. Міне, менің сендерге қатал болғым келетіні де осындай себептен. Егер мен аяушылық танытсам, әлсіздік көрсетсем, сіздер де әлсіз болып шығасыздар. Ал нағыз соғыс жағдайында өзге түгілі өзі алып жүре алмайтын жауынгердің барынан жоғы жақсы. Бүгін қиналсаңыздар, қинала отырып шыңдаласыздар. Сонда ғана сын сәтте өздерің үшін де, өзгелер үшін де жауап бере алатын боласыңдар.

Біз командир қаталдығының сырын осы әңгімеден кейін түсіндік. Түсінгенімізден болар, Құдайға шүкір, қатарымызда нашар жауынгер болған жоқ.

Бұл әңгіменің жас әдебиетшілерге не қатысы бар?

Қатысы мынада. Біз әдебиетке енді-енді келіп жатқан жастарды мақтауға, тіпті мадақтауға дағдыланып бара жатқандаймыз. Бүгінгі поэзия өсіп кетті деп ауыз толтыра айтамыз, бірақ, қалай өскені таратып айтып жатқанымыз және шамалы. Есесіне әдебиетті ен жайлау қылуға ынтық боркемік жастар қаптаулы. Асылы, оңды-солды үлестіре беретіндей емес, жастарға «аванс» берудің де белгілі бір шегі болуы керек-ті.

Міне, кезекті бір жас талапкер. Білетіні тек Мұқағали ғана. Онда да дақпырты. Мұқағали аударған Дантенің «Құдіретті комедиясын» (Антика мен орта ғасырлардың энциклопедиясы іспетті) білгісі де келмейді. Санасының бір бұрышында Құдай берген талант болса, ешкімді оқымай-ақ, айтулы ақын боламын ғой деген сенімі де жоқ емес. Айтыса кетсе, «Есенин де ештеңе оқымаған» дейді ол. «Библия мен «Өлі жандарды» парақтап жатқа білетін, қайсыбір ғылым кандидаттарымыз да жаза алмайтын «Мариам бастауларын» дүниеге әкелген Есенинді ойланбай-ақ, өз деңгейіне түсіре салады. Ойпыр-ай дейсің. Әне, сол талапкерді ендігі бір әдеби жиында  қайсыбір белгілі ақын-жазушы көпірте мақтап тұрады. Сосын «Бүгінгі поэзиямыз өсіп кеткен» деп келетін әбден жаттаурын жегі болған түйінді тағы да қайталайды. Бұны жаңағы талапкерге қаратып айтады.

Ғажап! Осы біз жастарымызды болашаққа тартар тамырына балта шауып жатқан жоқпыз ба? Мұқағалидан бастау ап, Жұмекеннен тұшынбаған, Төлегеннен шөл басып, Қадырмен қорланбаған, сосын Тұманбайдың тұмасына ынтықпаған, Жұматаймен уанып, Кеңшілікпен ойға батпаған талапкердің түбі жарып шығуы неғайбыл-ау! Неғайбыл емес, жарып шықпайды ол. Ал, біз мақтаймыз келіп.

Әдебиет те майдан. Шашы да, сақалы да бурыл қатал командир – қаламгер әкейлер. Сіздер әдебиеттің әскери тапсырмасын орындауға  өздеріңізбен бірге жастардан кімдерді сенім артып қатарларыңызға алар едіңіздер? Сізді, сіз ғұмырыңызды тіккен қазақ әдебиетін, сіздің өзіңіз де жаныңыз алқымға таянғандай сәт болса, рухани соғыстың қан даласынан аман алып шыға алатын жастар бар ма?

Осы жағына да бір сәт назар аударсаңыздар екен.

«Дайындық қалай, талапкер?» дейтін қатал сауалды ортаға тастайтын уақыт жеткен секілді.

Рас емес пе?..

«Қазақ әдебиеті» газеті

30.04.2004

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5449