Сенбі, 23 Қараша 2024
Сараптама 7773 0 пікір 16 Сәуір, 2014 сағат 12:48

Ұлттық компаниялар бизнес жоба ретінде қарастырылмауы тиіс

Ұлттық компания мемлекеттің бюджетінен қаржыландырлып отырған мемлекеттік ұйым. Сондықтан, мемлекет қаржысынан ойып тұрып алып отырған компаниялардың жұмысы үнемі мемлекеттің назарында болуы шарт. Себебі, елдің бәсекеге қабілеттілігі осы ұлттық компаниялардың жұмысының нәтижелігі мен өнімділігіне байланысты болып отыр. 

  Қазіргі таңда ұлттық компаниялар халықаралық компаниялармен бірлескен жобаларды жүргізуге асыруда. Әсіресе, бұл компаниялардың шикізаттық емес секторлардағы бірлескен жұмыстары ерекше орын алады. Осы арқылы компаниялар экономиканы әртараптандыруда өзіндік рөл атқарып жатыр.

Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасындағы бағдарламалық құжаттарға сәйкес ел экономикасын арттыру саясаты жүзеге асырылып келеді. Дегенмен, көптеген мақсат пен міндеттер толық орындалмай отыр. Сол себепті мемлекет экономикасында маңызды рөл атқаратын отандық ұлттық компаниялардың қазіргі дамуын талдау қажеттілігі туындайды.  

         Бүгінде «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы елімізде мұнай өндірісі 26%-дан астам, 83% мұнайды қайта өңдеу мен 67% мұнайды тасымалдауды қамтамасыз етеді. Ендігі компания жоспарында мұнай өндірісін 21 млн-нан 35 млн.тоннаға дейін жеткізу болып табылады. Ұлттық компания тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде жергілікті мазмұнның көлемін ұлғайтты. Мысалы, Атырау мұнай өңдау зауытын модернизациялау жобасы бойынша 78 қосалқы мердігерлік ұйымдардың 72-і қазақстандық мазмұнды құрайды. Бірақ компанияға кері әсер ететін фактор – компанияның орналасқан аумақтағы әлеуметтік мәселелердің қордаланып қалуы. Компанияның әлеуметтік жауапкершілік аясында орналасқан аймағына ауқымды қаржыны бөлуіне тура келеді.    

Электр желілерін басқару жөніндегі KEGOC компаниясының жетістіктері баршылық. Бірақ компания «Халықтық IPO» бағдарламасында әлсіздік танытты. Компания қор нарығына шыға алмады. Дегенмен, бұл компания нарықта монополист мекемелердің біреуі болып саналады.  

         «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ уран өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы компаниялардың бірі. Бірақ та, басқа ірі мемлекеттік компаниялардағыдай, осы мекемеде қымбат жобаларды іске асырудағы сәтсіздіктер, бейінді емес активтер санының ұлғаюы, жемқорлық сынды проблемалар бұл мекемеде де жоқ емес. Компания орналасқан жерлерінде ұжымдық әлеуметтік жауапкершілік бағдарламасы бойынша шығындарды қысқартты. Әйтсе де компания ядролық отын өндірісін дамытуда әлі де жетістіктерге қол жеткізбеді.

         Былтыр «Біріккен химиялық компаниясы» Атырау облысында полимерлік үлдірлерді өндіру зауыты құрылысына қаржы тартты. Сондай-ақ, еліміздің оңтүстігінде тағы төрт кәсіпорын салынбақ. Бұл компанияның өнімі аграрлық сектор қажеттіліктеріне бағытталады. Демек, компания жұмысы арнайы тұтынушыларға бағытталып, олардың қызметі туралы қоғамда көп ести бермейміз.

«Kazsatnet» ұлттық компаниясы «электронды үкімет» жүйесінің негізгі  операторы. Яғни компания қызметінің әлеуметтік маңыздылығы басым. Компания өзінің қызметінің ерекшелігіне орай қоғамдық бақылауда бола бермейді. Бұл бір жағынан олардың қызметін бағалауға кедергі болып отыр. Біз осы күнге дейін интернетке толық қол жеткізе алмай келеміз.  Қазақстандықтардың интернет жүйесіне қолжетімділігі төменгі деңгейде болуы компанияның басты кедергісі болып отыр. «Электронды үкімет» жүйесінің қолжетімді болмауы да осындай кедергілерден туындап отыр.   

«Эйр Астана» компаниясы монополист мекеме болғандықтан жылдан жылға билеттер тарифін негізсіз көтеруді жастыруда. Компания тарифтің көтерілуін әуе отынының импорты және «Қазәуенавигацияның» қызмет көрсету бағасымен байланыстырады. Бірақта, дәл сол отынды пайданалып, сондай қызмет көрсетіп отырған өзге әуе тасымалдаушы компаниялардың билеті арзан болып келеді. Билет бағасының қымбаттауы  олардық қызметін жақсарта қойған жоқ. Ұшу кідірісі саны кеміп, жолаушыларға қызмет көрсету сапасы жақсарып, ұлттық компанияның жеке ұшақтарының саны артпады.  Компанияның әуе паркі басқа компаниялардан лизингке алынған және олар офшорларда тіркелген. Сондықтан, бұл компанияның да жұмысы әлі жетілдіруді қажет етеді.    

         «Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясының жұмысы әскери жабдықтар өндірісі және оны модернизациялауға бағытталады. Сондықтан да еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға бағытталған бұл компанияның қызметі «жабық» деуге болады. Сондықтан, бұл компанияның қызметін талдау мүмкін емес.

Телекоммуникация жүйесін модернизациялау мен дамыту мақсатында «Қазақтелеком» АҚ «4G» байланыс жүйесін енгізу, магистральдық желілер мен жергілікті желілерді дамыту бойынша жұмысын жалғастыруда. Сондай-ақ, телекоммуникация қызметтері тарифін төмендетуге бағытталған шаралар да өткізілді. Жалпы, 2013 жылы «Қазақтелеком» өз табысын 12% ұлғайтты. Әйтсе де, компанияға қатысты қарапайым азаматтардан түскен шағымдар (байланыс сапасы, жаңа абоненттерді тұрақты желіге қосу жылдамдығының төмендігі, байланыстың қымбаттығы) саны кемімеді. Яғни, компания әлі де тұтынушыларының қамын ойлауы қажет. Секунд сайын халықтың есебінен пайда көріп отырған байланыс операторының жұмысы әлі де халықтың көңілінен шықпай келеді.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы  2013 жылы 117 млрд. теңгені құрайтын таза табысқа кенелді. Қазіргі таңда компания «Қазақстан – жаңа Жібек жолы» аясында транзит әлеуетін арттыруға, ішкі және сыртқы көлік-логистикалық жүйені қалыптастыруға бағытталған ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып жатыр. Оған қоса компани Еуропа-Азия бағыты бойынша 14 контейнерлік пойыздардың жүруін қамтамасыз етті.  

Компания алдындағы басты проблемалары: жылжымалы құрамның тозуы (64%), компаниядағы құрылымдық қайта жасақтаудың аяқталмауы, жеке бағыттар бойынша қызмет көрсету сапасының төмендігі, бейінді емес активтердің көп болуы. Сонымен бірге компания тиесілі қызмет түрлерін аутсорсингке беріп, олардан қалаған нәтижеге жеткізе алмай келеді. Себебі бұл қазіргі қызмет көрсету бағасы мен тарифтердің қымбаттауына әкелді.

«Қазпошта» акционерлік қоғамы қазіргі кезде ішкі нарықта халықаралық пошта агенттерімен бәсекеге түсе алмай отыр. Оған мысал корреспонденциялар мен сәлемдемелерді әзірлеу жылдамдығының төмендігі және өзге курьерлік ұйымдарға қарағанда қызметінің қымбаттығы. Десе де, ұлттық компанияның алыс елді-мекендерге, ауылдық аймақтарға бағытталған жұмысының әлеуметтік маңыздылығын атап өткен жөн.

Денсаулық сақтау саласына қатысты «СК-Фармация» ЖШС қызмет етуде. Бұл да ұлттық компания. Бірақ та, компанияның жетістіктерінен гөрі қызметтеріне қатысты түрлі дау-дамайларды жиі естіп жатырмыз. Компания отандық дәрі-дәрмек нарығындағы бөлісу үрдісіне қатысты даудың эпицентрінде қалды. Адамға қажетті түрлі дәрі-дәрмектердің тапшылығын жою мен қамтамасыз ететін компанияның әлеуметтік маңызы өте жоғары. Бұл компания Денсаулық сақтау министрлігінің тікелей бақылауында болып, қатаң қадағалауда болуы керек.

Мемлекетті ішкі азық-түлікпен қамтамасыз ететін «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ұлттық компаниясы өткен жылы сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол берді. Басқарманың экс-төрағасы Б. Қабдрахманов 2007 жылдан бастап 2013 жылына дейін 12,5 млрд. теңге жымқырғаны анықталды. Бұл еліміздің азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығы саласындағы басты ұйымның беделіне қатты нұқсан келтірді. Сонымен қатар, компания әлі де астық нарығында барлық қызығушылық танытқан қатысушылармен өзара әрекеттестікті орната алмай келеді. Тәуекелдерді түсіріп, пайданы ұлғайтуды ойлаған компания орта және кіші фермерлердің мүдделерін ескермей, ірі астық өндірушілерімен ғана жұмыс істеуді жөн көреді.    

Ғарыш кеңістігін игеруге атсалысып жатқан «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясында инновациялық даму жетіспей жатыр. Өткен жылы компания кешенді түрде ұзақ мерзімді жобаларды жалғастырды: жоғары дәлдікті спутниктік навигация жүйесінің жерүсті инфрақұрылымын құру, «KazSat-3» ұшыруға даярлау, Қазақстан Республикасының Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш жүйесін құру. Компания ұлттық экономиканың толық бағалы ғарыш саласын құруға бағытталған жоғары технологиялық секторы ретінде негізгі жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыруға қатысады. Алайда, компанияның экс-президенті Ғ. Мырзақұловтың ірі көлемде пара алуы компанияның болашағына зиян келтіргені айқын.

Қорытындылай келсек, жоғарыда аталған ұлттық компаниялардың етістіктерінен гөрі кемшіліктері басым. Бұл кемшіліктер көбіне компанияға емес, қарапайым тұтынушыға кері әсерін тигізетіні анық.

Қабылданатын шешімдердің ашықтығы мен тәуелсіз бақылауды қамтамасыз ету үшін ұлттық компанияларда директорлар кеңесіндегі тәуелсіз директорлар тәжірибесі өз нәтижесін берді деп айта алмаймыз. Себебі шынайы өмірде тәуелсіз директорлар жалдаушылардың мүдделерін ғана білдіреді. Сондықтан да, монополист мәртебесіндегі ұлттық компаниялар қызметтеріне қоғамдық бақылау орнату қажеттігі туындап тұр.

Сонымен қатар, компания менеджменті жұмысын ұйымдастыру барысында «кәсіби ортадағы басшының беделі» өлшемі үлкен рөл атқарады. Қазіргі таңда ұлттық компаниялардағы басшылықтың көбісі экономикалық білімді игергендер болып табылады. Мәселенің мәні – компанияның барлық сатысынан өтіп, жұмыстағы барлық нюанстарды жетік білетін басшылар ғана компания өнімділігі мен басқару тиімділігін арттыра алады. 

Әлі де болса, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдар арасында өзара әрекеттестік толық орнатылды деуге болмайды. Бүгінгі күнде мемлекеттік органдар ұлттық компаниялардың жұмысын сапалы түрде талдау жұмыстарын жүргізе алмауда. Мемлекеттік мекемелер компаниялардың берген бағдарламалары мен жобаларына сараптама жасау мүмкіндігінен айрылды. Оның басты себебі – cалалық министрліктерде жоғары тәжірибелі және білікті кадрлардың тұрақтамауы.   

Қорыта айтқанда барлық ұлттық компаниялар кіріс көрсеткіштерін ұлғайтутып көрсетуді көздейді. Бұл ұлттық компанияларағы тарифтердің қымбаттауына әкелетіні анық. Сондықтан да, компаниялардың даму парадигмасы ауысу тиіс. Олар компаниялар қысқа мерзімді табысқа жетуден гөрі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мүддесін бірінші орынға қою қажет. Себебі, экономиканың түрлі салаларында монополист болып алған барлық ұлттық компаниялар салық төлеушілердің қаражатынан құрылып отыр. Демек, компания жұмысы бизнес жоба ретінде қарастырылмауы тиіс.

Сонымен, ұлттық компаниялар еліміздің экономикасына қан жүгіртіп отырған басты қаржылық құрылымдар. Олар ел экономикасының жақсаруына, сондай-ақ тұтынушыларының қажеттіліктерін толық қанағаттандыруға қызмет етулері қажет. Ал билік жүйелі, толыққанды жұмыс істейтін, тиімді, әрі ашық құрылымдарды жасақтауға барша жағдай жасау керек.

 

Дәурен Сәкенұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5450