Сенбі, 23 Қараша 2024
Тылсым 8807 0 пікір 15 Сәуір, 2014 сағат 10:54

Барша бабптың ұлығы – Бабтардың Бабы Арыстанбап

(Жалғасы. Мақаланың басын мына сілтемеден тауып оқи аласыз: http://abai.kz/post/view?id=273)

 

2. Шәкірті Қажы Ахмет Йассауий не дейді? 

  

Әңгімені шәкірті, Қажы Ахмет Йассауийдің  Отырар археологиялық қорық-музейінің қорында сақтаулы қолжазбасындағы мына өлеңінен бастасақ:

   Бір күні айтты Мұстафа;

   - Берем саған бір құрма,

   Бізден соңыра көп заман, өткеннен соң бір оғлан,

   Туылады бір басшы, Бабтар бабы Арыстанбаб.

   Мұны оған бергейсіз,

   Беріп атын сұрағайсыз.

   Одан соңыра білгейсіз, Бабтар бабы Арыстанбаб.

   Оның аты Ахмет дүр,

   Заты оның Рахмет дүр

   Таңдаулысы үмметтің, Бабтар бабы Арыстанбаб.

   Арыстан айтты; -

   Йа, Нәби! Ақыр келіп қартайдым,

   Ол заманға жетем бе?..

   Бабтар бабы Арыстанбабқа  Нәби дұға қылады.

   «Әмин!»- деп бәрі қосылды.

   Шат-шадыман болды олар.

   Бабтар бабы Арыстанбаб, Қабыл қылды, жан аман.

   Мойнына алды аманат.

   Бұйрыққа мойын ұсынды, Бабтар бабы Арыстанбаб.

                                                           (Йаcсауий хикметтері І,ІІ)

     Бұны бір деңіз. Йассауийдің тағы бір өлеңінде мынадай шумақ бар;

Сахабалар айтады; «Арыстан баба атыңыз,

Арабтардың ұлығы, пәкиза дүр затыңыз.

Тәрбиаттан парыз дер; уақыт салып жатыңыз!»

Арыстанбаб сөздерін есітіңіз – тәбәрік

    Осы екі өлең үзіндісін  ой таразысына салсақ, «пакиза дүр затты» Арыстанбабтың араб елінен келген сахаба екендігін, пайғамбар оған  қасиетті құрма-аманатын беріп тұрып,  оның көп заманнан соң сүйікті үмбеті аты Ахмет, заты Рахмет деген пәнде өмірге келетінін айтып аманат артқанын, Нәбидің «Әмин!»- деген дұғасымен  көп сахабалардың көзінше сол аманатты қабыл алғанын білеміз. Осы көрініс ел аузында әр түрлі болып айтылып келеді. Соның бірі мен білгелі ғұмырын Йассауий өмірін зерделеуге арнап, әр кезде өз пікірін өзі жаңа деректермен толықтырып, шырылдап жүрген ғалым Зікірия Жандарбеков; «...Ол туралы аңызда былай делінеді; Бірде Мұхаммед пайғамбарға Жәбірейіл періште пейіштен бір табақ құрма алып келеді. Бір құрма табақтан жерге түсіп кетеді. Жәбірейіл періште ол құрманы алып Пайғамбарға; «Мына құрманы өзіңізден 400 жыл кейін келетін, сіздің ісіңізді әрі қарай жалғастыратын үмбетіңізге аманат етіп қалдырыңыз»-дейді. Пайғамбар сахабаларын жиып; «Кім бұл аманатты жеткізе алады?»- деп, олардан сұрайды. Сахабалардың ешқайсысы, мен жеткізер едім деп шыға қоймайды. Содан олардың арасында ең ұзақ жасаған Арыстанбаб; «Егер өмірім жетсе, аманатыңызды мен табыстар едім, бірақ өлшеулі ғұмыр, әрі ол үмметіңізді қайдан табамын?»- дейді. Пайғамбар; «Өміріңізді Алла жеткізеді. Үмметімді Ислам діні тараған елдердің шығысынан іздеу керек. Ол баланың белгісі мектептен қайтқанда кітабын төбесіне қойып, артымен теріс қарап жүреді және ол аманатын сізден өзі келіп сұрайды..» - деп жауап қайтарады.

     Мұхаммед Пайғамбар айтқандай Қажы Ахмет жеті жасқа келгенде Арыстанбабты өзі танып; «Баба,  аманатымды беріңіз?»- деп кездескен жерде бірден ұстай алады. Арыстанбап 400 жыл бойы тісінің қуысына сақтаған құрманы балаға ұсынады. Бала Ахмет ол құрманы кідірместен аузына қағып салады. Сонда Арыстанбаб; «Балам, аманатыңды 400 жыл сақтағанда, «дәм татыңыз»- деп мәзерет те қылмадың ғой»-дейді. Ахмет болса; «Сіз маған құрманың маңызын сорып, сүйегін берген жоқсыз ба?» - деп жазса. («Әзірет Сұлтан» 57 бет. «Жібек жолы» баспасы, 2000 жыл). Белгілі Йассауийтанушы ғалым Мұхтар Қожаев: «...Арыстанбаб жайлы мынадай бір аңыз бар; Мұхаммед 63 жасында дүниеден өтіпті. Дүние саларында халықты жинап; Мен дүниеден қайтып барамын. Кім менің аманатымды алып, ісімді алға жалғар екен?» -деген. Сол кезде топтан 300 жастағы Арыстанбаб үн қатады. Ол сол кезге дейін отыз үш түрлі дінді білген, бірақ тек Исламды ғана мойынсұнған адам. Арыстанбабтың келісімін алған Мұхаммед Алламен ақылдасуға аттанады. Оның ризашылығын алған соң аманатын Арыстанбабқа береді»- деп жазады. («Арыстанбаб және оның кесенесі», «Жібек жолы»  баспасы, 1996 жыл).   

    Осындай әңгімелер келтіре берсек баршылық. Бірақ бәрінің айтар түпкі ойы бір. Осы жерде Арыстанбабтың жасы туралы  айта кету керек шығар. Мына өлең бойынша Арыстанбаб пайғамбармен құрдас болғанның өзінде Ахмет Йссауийге 471 жасында, ал Қожаевтың айтуы бойынша есептесек 708 жасында жолығып отыр. Ал ол кісінің жасы Мұхаммед пайғамбардан едәуір үлкен болғандығын «Ақыр келіп қартайдым» деген өз сөзімен шамаласақ та,  кемі 600-700 жасаған жан болып шығады. Кейбір сәуегейлер қазір 600 жасаған деген нақты тұжырым да айтып жүр...

     Енді Қажы Ахмет пен сонау Меккеден аманат арқалап шыққан оның пірмұғаны Арыстанбабтың ұшырасуы жайлы әңгімені  одан әрі жалғастырайық.

Мен жеті жаста Арыстанбаб

Түркістан кеп тұрды енді,

Құлдық ұрып жыладым, халім көріп күлгенді.

Мейірленіп сүйгенді, мың бір зікір үйрендім

Арыстанбаб сөздерін есітіңіз – тәбәрік

Ашуына мінді бір, айтып ем мен құрманы,

«Ей, әдепсіз, көдек!» деп асасымен ұрғалы.

Айбарынан ықпадым, маған қарап тұрғаны

Арыстанбаб сөздерін есітіңіз – тәбәрік

«Айналайын, көдегім, аманатын беремін,

Аш аузыңды салайын, түйір дәнін жемедім.

Үмбет болсам, қылайын Хаһ  расул дегенін!»

Арыстанбаб сөздерін есітіңіз – тәбәрік

Аузымды аштым.

Мас қылды құрма исі салғаннан,

Сүйіп Хақты, оллаһи, бездім екі жалғаннан.

Жүрді қолға көтеріп қожа-молда таң қалған.

Арыстанбаб сөздерін есітіңіз – тәбәрік

        * * *

Жүргенде арып ашып, Хақ біледі,

Іздеп кеп Арыстан бабам тапты мені.

Көрдім деп нұр иманды, бақ тіледі,

Бұл сырды көкейіме түрдім міне!

Жетіде Арыстанбабқа арнап келдім,

Мұстафа өсиетіне қанбақ болдым.

Сол шақта мың бір зікір сарнап бердім,

Алаңсыз Аллаға бет бұрдым міне.

Құрметтеп, басым сипап, құрма берді,

Жөнделді жан дүнием жырлап енді.

Кеудеден ашып басқа нұрлы әлемді,

Мектепте қайнап тасып, толдым міне.

      Бір автордың екі нұсқада түскен бір өлеңі Арыстанбабпен жеті жасында ұшырасқандығын, екеу ара араларында болған әңгімелерін, ол кісі хаһ Расул аманаттап тапсырған құрманы өз қолымен аузына салғаннан кейін бүкіл рухани жан дүниесінің кеңейіп, кеудесінде басқа нұрлы әлемнің ашылғанын, Мұстафа сөздеріне қанық болып,  Хақты сүйіп екі дүние пендегершілігінен баз кешкендігін, ол кісінің пірмұған ұстаздығымен 1001 зікір үйренгендігін, қожа молдалар бойына сіңірген іліміне қалай таң қалғандығын жеткізеді.

     Жалпы, Арыстанбаб Ахмет Йассауйиге тірісінде ғана емес, өмірден өткен соң да  рухымен желеп-жебеп пірмұғандық жасаған. Бабамыздың күллі мұсылман қауымы жаны қиналса медеу сұрар Қыдыр, Ілияс, «жебе» деп жалынар Жеті пірден де қасиеті жоғары болғанын, Ахмет; «құлым жерге кір»-деген нида Алладан аян болып келіп, пайғамбар өмірден өткен жасында ниет қылып жер астына кіргенде Мүңкір, Нәңкүрге Ислам дінін баяндағанын, тек пайғамбарға сенім артқанын мына шумақтарымен жеткізеді.

Арыстан бабам тәліпте ықылас жоқ деген ед,

Сүйенерің бар тұрып, Қыдыр, Ілияс не керек?!

Жеті кәміл пірге де айтпас және «жебе» деп

Арыстанбаб сөздерін есітіңіз – тәбәрік.

Арыстанбабты сұрасаң, пайғамбар-ды сенгені,

Сахабалар ұлығы, Құдайға шын пенде еді.

Жатыр төмпек жерде бір, қорлық-зорлық көргені

Арыстанбаб сөздерін есітіңіз – тәбәрік

Аллалап, жер астында аялдады,

«Раббың кім?» - Мәңкүр, Нәңкүр таянғаны.

Арыстан дін Исламды баяндады,

Сондықтан алпыс үште кірдім жерге.

    Бұл жерде өмірден өтіп кеткен данышпан Ахметтің өлеңіне «мынауы рас, мынауы өтірік»- деп пенделік пікір айтып, күмән келтіруге ешқандай негіз жоқ. Бұл - Меғражда хақ Мұстапа рухын көрген хикмет иесі Ахмет Йассауийдің мұрасы.

      Біз неге   Қажы Ахмет Йассауий хикметтерінен ұзақ-ұзақ үзінділер келтірдік. Ондағы мақсат - осы хикметтер арқылы Арыстанбабтың өмір жолын көрсете отырып, ұстазының тылсым әлеммен байланысы бар аномальды адам болғандығына оқырмандар көзін жеткізгіміз келді. Сахабаның бұл қасиетін ұғындыра алсақ онда айтылар әңгіме ауқымы бұдан да кеңейе түспек. Бұл жайлы әңгіме алда айтылатын болғандықтан Қажы Ахметтің хикметтерінен алынған үзінділерге байланысты өз жырымен түйіндеу айтсақ.

Құл Қажы Ахмет, сөз айтпа түйсік жоққа миында,

Сөз шығындап наданға, сатпа соқыр тиынға.

Аштан өлсең де ешқашан оңбағанға қиылма!

Арыстанбаб сөздерін есітіңіз – тәбәрік!

    Біздің қосарымыз Йассауийдің хикметтерін, құрмет тұта оқумен бірге,  қолымызға  жеткен нақты тарихи деректі шығарма екенін мойындауымыз да керек.

(Жалғасы бар) 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5437