ҚОШ БОЛ, ӘДЕБИЕТТІҢ ӘМІРІ!
10-ншы сәуір күні талантты ақын, сұңғыла әдебиеттанушы, әлемнің әдебиеті, мәдениеті, тарихының асқан білгірі ӘМІРХАН БАЛҚЫБЕКТІ туған өлкесі – Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара қаласы ақтық сапарға шығарып салды.
Ақынды бақиға шығарып салу қаралы жиынына облыстың атқамінер азаматтары, елдің әр түкпірінен ақынның әдебиеттегі замандастары, жас қаламгерлер топ-тобымен келіп, ӘМІРХАН БАЛҚЫБЕКТІҢ аңырап қалған анасына, отбасы, туған-туыс, ел-жұртына көңіл айтты.
Шардара қаласының орталық мешітінде өткен қаралы жиында «Қаламгер-Медиа» орталығының директоры Жанарбек Әшімжан ашты. Кезегімен сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары ақын Маралтай Райымбекұлы, белгілі сыншы, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Амангелді Кеңшілікұлы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы әрі облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Берік Уәли, ақын, «Жас қазақ үні» газетінің бас редакторы Қазбек Иса сынды азаматтар Әмірхан Балқыбектің қазақ әдебиетіндегі ерекше орнына тоқталды.
44-нші көктемінде жарық дүниеге қош айтқан ақынды сол күні қабағын ашпай жауындатып, аруақты ұлын жоқтап жатқандай жылап тұрған Шардара аспанымен қосылып, ел-жұрты мен қаламдастары қабырғалары сөгіле, егіліп жер қойнына тапсырды.
ЗАПЫРАН
Әмірхан Балқыбектің қазасына
Егіле берем, егіле берем,
Есімді бір сәт жия алмай.
Көзімнен жас боп төгіледі өлең,
Арнасын тауып құя алмай...
Білемін, ертең түрегелем ептеп,
Нән сойыл тиген жаным қан...
— Жылауық өлең кімге керек? — деп,
Ұрсушы едің ғой, Әмірхан.
«Етегін жасқа толтыра қалатын,
Ақын ба ақын қыз-кеуде?
Керексе, кісі өлтіре алатын
Шайырлар керек біздерге!
Ұмытпайықшы, біз — тарпаң жұртпыз,
Жаратқан Алла ақын ғып,
Қара өлеңдегі «спартандықпыз»,
Біріміз жүзге татырлық.
Найзадан тапты мұрат бабамыз,
Бүктіріп тізе бар елді.
Батысқа біз де, түбі, аттанармыз,
Жаулауға жырмен әлемді!
Шыңдарға сүйреп биік, мықты арман,
Даңқы үшін Патша-Өлеңнің,
Хас ақын, әсте, қиындықтардан,
Қорықпауы керек!» — деген кім...
Жүрген бір жерің жиын, көкем-ай,
«Лайық ұл ең ғасырға!»
Өле салу да қиын ба екен-ай,
Өмір ғой — қиын, расында...
Өр ағыс едің, байқалмай тындың...
Күрмеліп тілім, уай, Алла-ай.
«Жақсы өліпсің...» — деп айта алмай тұрмын,
Атамыз хакім Абайдай...
Бауыржан Бабажанұлы
9.04.2014