ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКАДАҒЫ ДАҒДАРЫСТЫҢ СЕБЕПТЕРІ...
Әлемдік экономикадағы дағдарыстың себептері мен салдары:
кеше, бүгін, ертең
Әлемдік экономикалық дағдарыстың біртіндеп саябырсығандығы байқалғанмен, оның жалғасу ықтималдығы азайған жоқ. Бұл тұжырымдамаға дәлел ретінде бірнеше дәйек келтірейік, экономикалық дағдарыстың алғышарттарын анықтап көрейік.
Біріншіден, әлемдік экономика АҚШ секілді негізгі тұтынушы нарықтың көрсеткішіне арқа сүйеді. Яғни американ экономикасының жағдайына байланысты өзге елдер өз экономикалық стратегиясын анықтап, соған қарап бой түзеді.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған Брейтонвудтық валюталық жүйе американ долларының үстемдігін орнатты. Логика бойынша американ доллары өзінің төлемдік мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін алтынға, ал әлемнің өзге мемлекеттерінің валютасы өз төлем мүмкіндігін долларға байланысты айқындады. Бұл жүйе екніші дүниежүзілік соғыстан жапа шеккен мемлекеттердің бюджетін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылды. Ол кезде Маршалл жоспары бойынша Еуропа елдерінің экономикасын қалпына келтіру жолындағы көмек тек АҚШ доллары арқылы берілді, яғни әлемдегі АҚШ долларының резервтік валютаға айналуына барлық жағдай жасалды. Алайда, АҚШ пен КСРО арасында геостратегиялық бәсекелестікті қамтамасыз етуге деген ынта АҚШ шығындарының өсуіне алып келді. Нәтижесінде долларды алтынмен қамтамасыз ету мүмкіндігі шектеле бастады. АҚШ бұл жағдайда президент Ричард Никсон тұсында долларды алтынмен қамтамасыз етуден бас тартты. Әрине әлемдік экономика тұрғысынан бұл жағымсыз құбылыс қарсылық тудырды. Франция президенті генерал Шарль де Голль өз елінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін АҚШ доллары тиеген екі кеме жіберіп алтынға айырбастатса, Германия да осы жолды қолдайтындығын жасырмады. Дегенмен өзге мемлекеттер, ал уақыт өте келе Франция мен Германия да АҚШ-тың ақша шығыратын станогына тәуелді екендігін мойындап, өзінің алтын қорларының негізгі бөлігі АҚШ долларынан тұратындығын ескере отырып Ақ үй әкімшілігімен келісуге мәжбүр болды. Бұл үдеріс бүгінгі күні де жалғасуда. Тұжырымдық тұрғыдан ештеңе өзгерген жоқ. Барлық дерлік мемлекеттер өзінің алтын қорын әлі күнге дейін АҚШ долларында ұстап келе жатыр. Бұл әлемдік экономика АҚШ долларына тәуелділіктен айрылған жоқ деген тұжырымдамаға әкеледі. Әлемдік дағдарыстың негізгі себептерінің бірі резервтік валютаның АҚШ доллары болуы өзгері-ссіз қалып отыр. Бұған дәлел ретінде соңғы уақыттарда орын алған ТМД елдеріндегі валюталық өзгерістерді айтуға болады.
АҚШ-тың бюджеттік саясаты дағдарыс уақытында үлкен өзгерістерсіз өз жалғасын тапты. Ақ үй әкімшілігі ештеңемен қамтамасыз етілмеген доллардың эмиссиясын көбейтпесе азайтқан жоқ. Мемлекеттік билік қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жеке банктер мен инвестициялық компаниялардың шығындары мен қаржылық міндеткерліктерін кеңінен сатып алуға кірісті. Бұл процесті қаржылай қамтамасыз ету үшін жаңа доллар толқыны басылып шығарылды. Обама Үкіметінің зардап шеккен әлеуметтік топтарды қолдау саясаты шығындар қатарын онан әрі молайтты. Бұл үшін станокта тағы жаңа ақша басылды, яғни тұжырымдамалық және институционалдық тұрғыдан АҚШ экономикасында үлкен өзгерістер болды деуге негіз жоқ. Бұл дағдарыстың институционалды яғни жүйелік негіздері жойылған жоқ дегенді білдіреді.
Дағдарыстың екінші себебі АҚШ экономикасының өсу орнына тежелуі болатын. Бұл бірінші кезекте экономиканың жүйелік диверсификацияланбауынан туындаған дағдарыс еді. Яғни ХХ ғасырдың 60-70 жылдарынан бері дамыған елдердің экономикасында өндіріс, ауыл шаруашылығы секілді материалды секторларға қарағанда қызмет көрсету саласы басымдыққа ие болды. Жалпы ұлттық өнімнің негізгі бөлігін интеллектуалды еңбек пен қызмет көрсетуден құралуы және экономиканың дамығандығының негізгі көрсеткіші ретінде мойындалуы бұл салаға басымдық беруге итермеледі.
Алайда, қызмет көрсету саласының бір ерекшелігі тәуекелдің жоғарылығында. Нақты тауар өндірісінде негізгі кепіл тауардың өзі, яғни материалдық құндылық болып есептелсе, қызмет көрсету саласында кепіл ретінде идея немесе ой бағаланады. Шын мәнінде бұл ойдың дұрыс бұрыстығы, қолданысқа ену мүмкіндігі тек тұтыныс барысында анықталады. Ал идея тұтынудан бұрын түрлі инвестицияларды талап етеді. Яғни шын мәнінде идея немесе интеллектуалды меншік жарамсыз деп табылған жағдайда бұл шығындардың орны толмасы анық. Бұл экономиканың құрылымдық ерекшелігі әлі күнге дейін аяғына дейін шешілмеген күрделі мәселе күйінде қалып отыр.
Бұдан басқа дағдарыстың әлемдік сипатқа ие болуы осы уақытқа дейін белсенді өсім көрсетіп келе жатқан Қытай, Ресей секілді мемлекеттердің экономикалық өсімін кешеуілдетуде. Бұл әсіресе экспортының негізгі бөлігін шикізат құрайтын мемлекеттерге қауіпті құбылыс. Себебі, шикізатты өсім үстіндегі экономика ғана белсенді тұтына алады. Сұраныстың төмендеуі шикізат құнын төмендетеді. Тиісінше шикізатқа деген сұраныстың азаюы шикізат экспортымен айналысатын елдердің табысын азайтады. Бұдан әрі қарай бұл жүйелік дағдарысқа әкелуі заңды. Себебі жеткілікті дәрежеде диверсификацияланбаған экономика жағдайында, мемлекеттің шығындарын қалыпты ұстап тұру қиындықтар тудырады. Бұл өз кезегінде мемлекеттің экономиканы әртараптандыру мен даму бағдарламаларына қаржы бөлу мүмкіндігін шектейді.
Дағдарыстың үшінші себебі - ретсіз тұтынудың нәтижесінде материалдық құндылық құнының өсуі. Инвестициялардың ең жылдам пайда әкелетін, қайтарымдысы - құнды қағаздарға салынған инвестициялар болып табылады. Бұл қаржы нарығының жылдам өсуіне тікелей ықпал еткен факторлардың бірі. Қаржы нарығындағы алыпсатарлық (спекуляция) құнды қағаздардың құнын еселеп арттырып жіберді. Ал компаниялардың табысы өзгерісссіз қалды. Бұл жағдайда табыстың инвестициялар көлеміне сай келмеуі инвестициялардың бұл салалардан кетуіне себепкер болды. Тиісінше бұл құнды қағаздар нарығының қаншалықты қорғансыз екендігін көрсетті. Себебі құнды қағаздар құнының құлдырауы инвестициялық компаниялар табысының төмендеуі және олардың несиелік мүмкіндігінің төмендеуімен ерекшеленді. Тиісінше АҚШ Үкіметі бұл мәселені шешу үшін ең ірі инвестициялық компаниялар мен банктердің несиелері мен қарыздарын сатып алуға мәжбүр болды. Бұл тағы да ештеңемен қамтамасыз етілмеген доллар басу үдерісін жалғастырды.
Оның үстіне бұл қаржыны қамтамасыз ету үшін мемлекет өзі қарыздық міндеткерліктерді мойнына алуға мәжбүр болды. Мемлекеттің реттеушілік рөлі мұнда шығындардың көбеюіне соқтырғандығы сөзсіз. Әрине инвестициялық компаниялардың ақшамен толықтыру саясаты қысқа мерзімді басымдықтарда тиімділік көрсеткенімен, ұзақ мерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз ете алмайтындығы анық. Бұл мәселені басқа тұсынан қарастырар болсақ, дағдарыстың бастамасы қамтамасыз етілмеген несиелер берумен айналысқан бірқатар ипотекалық компаниялар банкроттығынан болды. Шын мәнінде американдық қаржыгерлердің қаржылық тәуекелді есептеудегі басты ерекшелігі оны дұрыс жоспарламауында. Мысалы Сіздің төлем мүмкіндігіңіз жоғары делік. Яғни банк Сізге несие бергенде Сіздің жұмыстан табысыңыздың төмендеу немесе жоғарылау мүмкіндігін, жасыңызды және нарықтың даму тенденцияларын ескере отырып несие береді. Ал Сізбен бірдей дәрежеде несие алатын өзге адамның төлеу мүмкіндігі Сізден төмен және әлеуметтік жағдайы тұрақсыз делік. Бұл жағдайда банк элементарлы есепті негізге ала отырып, екі борышкерге тең шарттарда несие беріп, тиісінше тәуекелді екі тұлғаның арасында тең бөледі. Бірінші санаттағы табысы тұрақты борышкерлердің саны азаюына байланысты, несие беруші бұл процесті тоқтатпай қайта тәуекелі мол кредиторларға қарыз беруге мәжбүр. Бұл процесс бірнеше заңдылыққа негізделеді:
– кез келген инвестор қаражаттың жай жатқанша, айналымға түсіп табыс әкелуін қалайды. Демек, логикалық тұрғыдан тәуекелі мол болса да ипотека секілді күмәнді жеке кредиттерді беруге мәжбүр;
– банктердің несие беру саясатына экономиканың жекелеген секторлары, әсіресе, құрылыс тәуелді. Құрылыс компанияларының өздері бұл банктің борышқоры болып табылады. Яғни құрылыс компаниясының табысының өсуі банк табысының өсуіне ықпал етеді. Ал бұл өз кезегінде қамтамасыз етілмеген борыштардың көбеюіне әкеледі;
– ипотекалық сектордың дамуы жылжымайтын мүлік құнының өсуіне тікелей ықпал етеді. Себебі нарық заңы бойынша нарықтағы бағаны белгілейтін – сұраныс. Жеңіл алынатын кредиттер тұтынысының көбеюі тиісінше жылжымайтын мүлік құнының өсіміне алып келеді. Бұл өз кезегінде банкте кепілдемеде тұрған жылжымайтын мүліктің құны тұрақты түрде өсуіне жағдай жасайды. Алайда, ештеңемен қамтамасыз етілмеген несие берілуі оның қайтарым мүкіндігімен шектеледі, тиісінше, несие қайтарылмайды. Несие қайтарылмаған жағдайда банк өз шығындарының орнын толтыру үшін жылжымайтын мүлікті нарыққа шығарады. Бұл жағдайдың жүйелі түрде қайталануы жүйелік дағдарыс тудырады. Осы тенденциялар тек АҚШ-та емес, өзге де мемлекеттерде, соның ішінде Қазақстанда да орын алуда. Альянс Банктің банкроттыққа ұшырауының негізгі себебінің бірі жеткілікті қаматамасыз етілмеген жеке несиелердің берілуінде. Мемлекеттердің бұл сектордағы жағдайды оңтайландыруды тырысқанымен, дағдарыстың бұл себебі де оң шешімін таппады.
Тағы бір себеп ретінде Ресейдің Қырымды қосып алуына байланысты халықаралық қауымдастық тарапынан қолданылып отырған ықтимал санкцияларды қосыңыз. Еуропаның альтернативті қайнар көздерден шикізат алуы, қаржылық саладағы санкциялар сөзсіз тек қана аймақтық экономикаға емес, ғаламдық экономикаға да кері әсерін тигізбей қоймасы анық.
Бұл дағдарыс Қазақстанға қалай ықпал етуі мүмкін?
Қазақстан экономикасының негізгі экспорттаушы өнімдері шикізат болғандықтан әлемдік экономиканың дамуының тежелуі шикізат тұтынуды шектейді, оның үстіне Ресейге қолданылатын санкциялар шикізатпен байланысты болса экономикалық шығындардың көбеюіне алып келуі мүмкін.
АҚШ пен Ресей арасында орын алуы мүмкін валюталық «соғыстың» нәтижелері Қазақстан ұлттық валютасына кері әсерін тигізуі ықтимал. Себебі Қазақстанның алтын қоры валюталық қақтығысқа қатысу ықтималдығы бар барлық тараптармен тығыз байланысты, өйткені әлемдік нарықта шикізатты саудалау АҚШ долларымен жүзеге асырылады. Яғни мемлекетке кіріс АҚШ долларымен келеді. Алтын қорымыздың бір бөлігі Еуропада сақталатындығы да белгілі жәйт. Ал Ресей болса Қазақстанның бүгінгі күні ең ірі экономикалық әріптесі. Рубльдің құлдырауы ұлттық өндірістің бәсекеге қабілеттігін сақтап қалу мақсатында теңгенің арзандауына да ықпал ететіндігі сөзсіз.
Сонымен, әлемдік экономикалық дағдарыс аяқталды деуге ертерек! Дағдарыстан шығу процесі дағдарыс себептері жойылған кезде ғана басталады. Бұл өз кезегінде ұлттық және халықаралық деңгейде күрделі шешімдерді талап ететіндігі сөзсіз. Сондықтан экономикалық дағдарыстан құтылдық деуге бізге әл-әзір негіз жоқ. Бұл орайда бізге қырағылық, ұқыптылық, болжампаздық, ілкімділік керек-ақ! Босаңсуға жол жоқ. Алақайлап, «шәпкемізді аспанға лақтыруға» әлі ерте!
ЕРГӨБЕК ШЫҢҒЫС
Abai.kz