Сенбі, 23 Қараша 2024
Өзіңе сен 7768 0 пікір 7 Сәуір, 2014 сағат 09:04

"ЖАҢАӨЗЕН": КЕБЕНЕК КИГЕН КЕЛЕДІ

1941-1945 жылғы неміс-орыс  соғысына еріксіз кеткен ұлдарын сағынған аналар  «балаң өлді» деген «қара қағазға» сенбей, бесікте қалған кішкентай нәрестесін  тербетіп отырып былайша  жоқтайды екен: 

 «Кебін киген өледі-ау,                                                                                 

  Кебенек киген келеді-ау,»                                                                             

   Майданға көкең кеткенде,                                                                          

   Осылай бәрі деп еді-ау...                                                                                                             

   Сол соғыста қазақтың жоқтау айтпаған ауылы қалмаған шығар, сірә.   Арада 70 жыл өткенде осы жоқтау Маңғыстауда тағы да қайталанды.   Бұл 2011 жылдың 16, 17 желтоқсаны еді. Жаңаөзен мен Шетпеде көздеріне қан толған жендеттер, «жоғарыдан бұйрық келді» деп өздерінің қандас бауырларын, балаларын, ата- аналарын автоматпен атқылай бастады, қансырап жатқан жаралыларды тепкілеп өлтірді. Құрбан болғандар мәйітханаға, оқ тиіп жараланғандар  ауруханаға, кінәсіз қамалғандар  түрмеге сыймады. Жазықсыз шейіт болғандарды  жерлеудің өзі қиынға түсті.                            

 Қаралы жоқтау тағы да айтылды,  ана жесір, сәбилер жетім қалды. Аналардың зарлы  үнінен дала күңіреніп кетті, аруақтар қозғалып, қара жер шаң болып аспанға көтерілді, күннің көзін топырақ басты, Маңғыстауда күн тұтылды. Халық қанішерлерге лағнет айтып қарғады. Жаңаөзенде коменданттық сағат орнады. Жаппай қудалау, тергеу, тексеру, азаптау, соттау басталды. Жаңаөзенде - 37, Шетпеден - 14 азаматты жаламен соттап, абақтыға қамады. Маңғыстауда осылайша зобалаң басталды. Елдің пікірі екіге бөлінді, қарапайым халық  арыстарын жоқтады, азаматтарына араша сұрап, билікті айыптады. Жағымпаздар жендеттерді ақтады, «дүние бүлінді» «кеңселер өртенді» деп «жандары» қиналды.                                                                                                                                                                                                                                                                          Сол Сол күндері Шетпеліктерде  «Жаңаөзендіктерге араша түсеміз» деп   17 желтоқсанда қанды қырғынға қарсы шықты. Мұндада жастардың қаны төгілді. Сол оқиға кезінде жендеттің көздеп атқан ажал оғы тосқауылда тұрған Төребек Төлегеновтің басын тесіп өтті.

Төребектің мынау жарық дүниемен қоштасар  ең соңғы сәтінде: «Халыққа оқ атпаңдар! Ең соңғы құрбан мен-ақ болайын», - деп жатып жан тапсырды. Бұдан асқан тектілік бола ма? Халқы үшін жанын құрбан еткен Төребекті соңғы сапарға шығаруға менде барғанмын, сондағы Төребектің анасының жоқтау зары есімнен әлі  кетер емес.                                                                                  

Аяғынан неге атпады-ау,                                                                                      

 Ақсаңдап тірі жүрер ед,                                                                                 

Түрмеге неге жаппады-ау                                                                              

 Кебенек кисе келер ед,-деп жоқтаған болатын. Ана жүрегі баласының жалалы болса да, жаралы болса да тірі қалғанын тілеп еді. Амал не?..                                        

Бәріне уақыт төреші деген рас екен. Арада 2 жыл 3 ай уақыт өтті. Көп нәрсе өзгерді, бүлінген дүние, өртенген кеңселер қалпына келді, тіпті бұрынғысынан бетер жарқырай түсті. Жаңаөзен қаласы жаңарды. Жазықсыз жаламен сотталған  жаңаөзендік  37 азаматтың қазір  32-сі үйіне келді. Әрине толықтай емес мойындарында шартты жазалары бар. Ал қалғандары Орал қаласындағы түрмеде болатын. Олар - Нарын Жарылғасынов,  Мақсат Досмағанбетов, Қанат Жүсіпбаев, Шабдол Өткелов. Ал Роза Төретаева -  Атырау түрмесінде еді.   Жақында елге тағы да қуанышты жаңалық жетті. Орал қаласының түрмесінде жатқан Мақсат Досмағанбетов, Нарын Жарылғасынов  24 наурыз күні Ақтаудағы қоныс колониясына келді. Ата-аналарымен, тумаластары үйге келгендей қуанып жатыр. Бізде олардың  қуанышын бөлісуді жөн көрдік. Нарын Жарылғасыновтың анасы  Шандоз Ақтаева: «Айналайын балдарым, мен қиналғанда да, қуанғанда да, қасымнан табылдыңдар, бәріңе аналық алғысым шексіз. Баламды көріп мауқымды бастым, үйге келгендей қуандым. Алла маған екі ұл, екі қыз берді, екі қызым тұрмыста, үлкен ұлым  2011 жылы қайтыс болды. Қарағым менің өмірде көрмеген қиындығым қалмады. Не айтайын? Балдардың бәрі үйлеріне аман-есен  келсе екен. Бізге тілекші болған ел- жұртым аман болсын!», - деп ағынан жарылды.                                  
Бұдан соң Марат Досмағанбетовтің анасы Оңайгүл Досмағанбетова апаймен де жолықтық. Оңайгүл апай: «Баламның Ақтауға келгеніне қатты қуандым. Қазір Алматыдамын. Жаңаөзен  оқиғасында жараланған балам Қайратқа ота жасатып жатырмын. Алладан балдарымның амандығын тілеймін, енді солардың жамандығын көрсетпесе екен. Ел-жұртқа сәлем айт,   аман болыңдар!», - деді.  

  Ал,  Жаңаөзен, Шеттпе оқиғасында жалғыз сотталған әйел  Роза Төретаева болатын. Розаның да көрмеген қорлығы, шекпеген азабы қалмады. Ол да жылдың басында Ақтаудың қоныс колониясына келді. Енді Қанат Жүсіпбаев пен   Шобдол Өткелов қалды. Ол екі азаматта жақын күндері шығады деп естідік.

 Шетпеден  сотталған 13 азаматтың 9-ы  шартты жазамен босады. Төртеуі  Орал қаласының абақтысында жатқан болатын. Олар да  үйлеріне аман-есен оралды. Алла қаласа биыл жаламен жазықсыз кеткен азаматтардаң бәрі де үйлеріне келеді.   

 "Кебенек киген келеді" деген осы екен. Жалалы болып, абақтыға қамалғандар да үйлеріне оралуда, оқ тиген жаралылар да тірі қалғасын тіршілігін жасап жатыр. Тек өлгендер қайтып келмейді.    Иа, уақыт та өтер, заман да, қоғам да өзгерер. Ақиқат айтылатын кез келер. Сол кезде халықты аттырғандар да, атқандар да, халықтың  алдында жауап беретін болады. Оған да көп қалған жоқ.                                 

 

Жәнібек Қожық                                                                  

Маңғыстау облысы

abai.kz                                                           

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5375