Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 11398 3 пікір 2 Сәуір, 2014 сағат 11:03

БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ ТҰСАУЛАНЫП ТҰР

«Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Елбасының биылғы жолдауында «алдағы 10-15 жылда ғылыми қамтымды экономикалық базис жасауымыз керек, онсыз біз әлемнің дамыған елдері қатарына қосыла алмаймыз, мұны дамыған ғылым арқылы шешуге болады» деп көрсетілген. Ғылыми қамтымды экономика құру – ең алдымен Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру. Жолдауда ғылыми қамтымды салалар – электроника, лазерлік техника, коммуникациялық және медициналық жабдықтар жасау, геологиялық барлау саласы бойынша әлемдік нарыққа шығу, автомобиль және авиақұрастыру, тепловоз, жолаушылар және жүк вагондары өндірісі, мобильді, мультимедиялық, нано және ғарыштық технологиялар, робот техникасы, гендік инженерия салаларын, болашақтың энергиясын іздеу мен ашу, агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру, «Жасыл» экономикаға көшу, аграрлық-инновациялық кластерлер құру т.б. деп нақты анықталған. Енді осы міндеттерді қалай жүзеге асырамыз? Отандық ғылым мұндай міндеттерді шешуге даяр ма?
Алдымызға небір аспандаған асқақ міндеттер қойғанымызбен, олардың барлығы да қара жердің бетінде жүріп, өмір шынайылығымен бетпе-бет келу арқылы шешілері ақиқат. Сол сияқты, қазақстандық ғылым да өздігінен дамымайды, оны дамытатын зиялы қауым өкілдері, атап айтсақ, негізінен ғалымдар, яғни, ғылыми қызметкерлер мен жоғары оқу орындарының (ЖОО) профессорлық-оқытушылық құрамы болып табылады. Өйткені, бүгінгі білімді студент – ертеңгі ғұлама ғалым. Ал енді осы қазақстандық ғылымды дамытады дейтін ғалымдарымыздың хал-ахуалы қандай, оларға ғылыми-зерттеу жұмыстармен айналысуға қажетті жағдайлар жасалған ба? Бұл сұрақтарға жауап іздеу үшін жүйелі талдау жасау қажеттігі туындайды, себебі отандық ғылымның дамуына тұсау болып отырған проблемалар өте көп, тіптен, кейбір мәселелердің шешімі тәуелсіздік алғалы бері табылмай, әбден қордаланған. Егеменді ел болғалы бері қаншама білім-ғылым министрі ауысқанын халқымыз санаудан жаңылысатын болды, олардың білім мен ғылымды әлемдік қалыптарға (стандарттарға) сәйкестендіру мақсатында жүргізген реформалары бұрыннан келе жатқан ескі проблемаларға қосылып, жығылғанға тиген жұдырықтай болып отыр.
Қарыштап дамып бара жатқан батыс пен шығыстың алып мемлекеттерінің тәжірибесіне қарасақ, олар ғылымға көңіл бөлу арқылы жан-жақты дамуға қол жеткізіп отырғанын байқаймыз. Мысалы, АҚШ ғылымды дамытуға жыл сайын 400 млрд доллардан астам қаржы жұмсайды, бұл АҚШ ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) 2,7 % құрайды. Бүкіл әлем бойынша ғылымды дамытуға жұмсалатын қаржының 34 % АҚШ үлесінде болса, 26 % - Еурооодаққа, 14 % - Жапонияға тиесілі екен. Соңғы жылдары Қытай мен Үндістан да ғылымға ІЖӨ 2 %бөлігінен астам қаржы бөліп, инновацияға баса назар аудару арқылы дамудың жаңа сатысына көтеріліп отыр. Дамыған елдердің қатарына ену үшін Қазақстан әлемдік үрдістен қалмауы тиіс. Сондықтан, Елбасымыз жаңа жолдауында қазақстандық экономиканың жоғары технологиялық жаңа салаларын құру мен ғылымды қаржыландыруды ІЖӨ 3 % кем емес деңгейге дейін арттыру талабын қойып отыр. Әрине, қаржылық қолдау қазақстандық ғалымдардың мүмкіндігін кеңейтіп, жаңа ізденістер жасауына, белсенді шығармашылықпен айналысуына игі ықпал етері сөзсіз. Ендігі мәселе осы бөлінгелі отырған қыруар қаржыны талан-таражға салмай, орын-орнымен жұмсап, ғылыми ортадағы әділ бәсекелестікті дұрыс жолға қою. Әзірге бұл көрсеткіш соңғы бес жылда 0,15-0,17 % аралығында тұр, яғни, Қазақстан ғылымды дамытуға ІЖӨ көлемінен көзге көрінер-көрінбес - 0,2% жетпейтін қаржы бөледі... Бұл өте аз көрсеткіш, жеткілікті қаржылық қолдау болмаған соң, отандық ғылым саласы қалт-құлт етіп, өлместің күнін кешіп отыр. Қазір қазақстандық ғылым саласы аянышты күйде екенін бүкіл қоғам біледі. Енді төл теңгемізді құнсыздандырған девальвациядан кейін ғылымның жағдайы мүлем қиындайтын сияқты. Ғалымдардың айлық жалақысы өте төмен, оларда «көлденең пайда» табатын қосымша табыс көзі де жоқ. Өткенде Мәжіліс депутаты Д. Назарбаева да бұл мәселені көтеріп, ЖОО оқытушылары 80 мың айлық жалақыға жұмыс істеп жүр, демек олар «зачет», емтихан қабылдауда көлденең пайда табады деп айтып қалды. Халық қалаулысы қазақстандық ЖОО кредиттік технологияға өтіп кеткенін, студенттердің сабаққа қатысуы электронды журналға тіркелетінін, «зачет» деген ұғымның жойылғанына оншақты жыл болғанын, сессия кезінде студент пен оқытушының бетпе-бет кездесуі шектеліп, студенттер емтиханды компьютерлік тестілеу немесе құпия кодтау арқылы арақашықтықтан жазбаша тапсыратынын, оны балама оқытушы тексеретінін білмейді немесе есінен шығарып алған болуы керек. Қазір ЖОО оқытушылар қауымы бір жалақыға қарап, «айлықтан айлыққа дейін» амалдап тіршілік етуге бейімделген. Ғалымдарға ешқандай әлеуметтік қолдау да жасалмайды, тұрғын үймен қамту, жеңілдіктер жасау деген атымен жоқ. Ғылыми-зерттеу жүргізу базаларының жарақтандырылуы да заманға сай емес. Осының барлығы ғылыми саланы қожыратып, «Ғалым» деген асқақ ұғымның қадірін кетіріп, жастардың ғылыммен айналысуға деген ынта-жігерін жоюда. Ғылым жолына интеллектуалдық бәсекелестік жолымен емес, жоқтың күнінен келушілік, немесе, тамыр-таныс арқылы грантқа қол жеткізіп, ғылыми атақ-дәреже алу үшін келу басым болып барады. Өкінішке орай, бұл өткір шындық, қазір қазақстандық жоғары оқу орындарының PhD докторантураларында оқып жүрген докторанттардың көпшілігі ғылымнан алшақ жандар, ондайларда «Ғалым болам, ғылыми ізденісіммен елімнің дамуына пайдалы үлес қосам!» деген ой мен арман жоқ. Ай сайын докторантураның стипендиясын алып, оған қосымша тағы бір жерге жұмысқа тұрып, «докторант» ретінде грант есебінен шет елдерде «тегін тағылымдамадан» өтіп, бостан бос тайраңдағандарына мәз. Шетелдік импакт-факторлы басылымдарда ғылыми мақала шығару талабын орындай алмай, PhD-докторлық диссертацияларын қорғауға жете алмай кетіп жатқан докторантсымақтар қаншама. Қор болған мемлекеттік бюджеттің қаржысы... Ал, қорғалып жатқан PhD-докторлық диссертациялардың көбісінің сапасы мен деңгейі бұрынғы кандидаттық диссертацияларға да жетпейді. Өстіп өзімізді-өзіміз алдап жүре берсек, отандық ғылым қалай дамымақ? Ал, қуыс кеуде PhD-доктордың өр көкіректігі нан пісірерліктей. Мұның бәрі бос сөз емес, бұрын да, қазір де небір диссертациялардың талқылауында рецензент болғандықтан салыстырып, көріп-біліп жүрміз.

2010 жылы 11 наурызында Қазақстан Болонья процесіне қосылып, «Университеттердің ұлы хартиясына» қол қойып, ТМД елдерінің ішінен бірінші болып еуропалық үш деңгейлі білім беру жүйесіне өтті (бакалавриат-магистратура-докторантура). Осыған байланысты, 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап кеңестік дәуірден мұраға қалған түрлі ғылыми мамандықтар бойынша кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғау арқылы ғылыми дәреже беру жүйесі жойылды. Екі деңгейлі ғылыми дәреже беру жүйесін бір ғана PhD-докторантура алмастырды. «Өзіміздегі дәстүрлінің бәрі жаман, шетелден енген жаңашаның бәрі тамаша» деген, санамызға қасаң болып қатқан сыңаржақ түсінік бойынша PhD-докторантура отандық ғалымды жарылқайды деп едік, сол үмітіміз ақталды ма? Қазіргі кезде отандық ғалымдар мен ғылыми басылымдардың басым бөлігі кандидаттық-докторлық диссертациялар қорғаудың тоқтатылып, олардың орнына PhD-докторантура ендірілуі қазақстандық ғылымды тоқырауға ұшыратты деген пікірде. Бұрын ғылыми дәреже алу үшін диссертациялық зерттеудің нәтижелерін отандық ғылыми басылымдарда кеңінен жариялау қажет деген талап қойылатын, бұл өз кезегінде ғылыми мақалалардың көптеп жазылуын ынталандырып, Қазақстандағы түрлі ғылыми салалардағы басылымдардың дамуына игі ықпал ететін. Қазір ол жоқ, PhD-докторантурада оқитын докторанттар аз, сәйкесінше, олардың жазатын ғылыми мақалалары да аз. Ғылыми мақалалардың көлемі азайған соң, көптеген ғылыми басылымдар ақылы мақала жариялау құнын қымбаттатуға мәжбүр болуда, кейбірі номерлерін қажетті материалмен толтыра алмай, екі айда бір номер, немесе тоқсанда бір, жарты жылда бір номер шығаруға көшкен. Қазір ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы қадағалау комитетінің ұсынатын ғылыми басылымдарының тізімі де едәуір қысқарып қалған.
Қазақстандағы кандидаттық-докторлық диссертациялар қорғаудың тоқтатылуы көрші Қырғыз Республикасына жақсы болды. Қазақстаннан қаншама диссертант Бішкекке барып диссертация қорғап жатыр. Әр диссертант кемінде 10-15 мың АҚШ доллары көлемінде қырғыз экономикасын дамытуға үлес қосары сөзсіз (диссертация қорғауға байланысты туындайтын түрлі шығындарды өтеу арқылы). Ресейге барып диссертация қорғаушылар да жетерлік. Ал Қазақстан экономикасы мен ғылымы керісінше, қолда барынан айырылып, там-тұмдап жоғалтып жатыр. Сондықтан да, қазақстандық ғылымды дамыту үшін ғылыми ізденістерге ынталандырудың балама жолдарын қарастыруымыз қажет. Бұл жерде мәселе тек қана материалдық немесе ақшалай құндылықтарға тіреліп тұрған жоқ. Ғылым дамуын әлеуметтік мәртебеге қол жеткізуге деген талпыныс арқылы да қосымша ынталандыруға болады. Мысалы, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында 5-10 жылдық нағыз ғылыми-педагогикалық еңбек өтілі бар штаттық қызметкерелерге қайтадан кандидаттық және докторлық ғылыми дәрежелер беруді жолға қойып, ғылыми дамуда қазақстандық балама жол жасалса (батыстық және отандық ғылыми жүйе паралель жүретіндей). Бұл өз кезегінде, тоқырап бара жатқан ғылыми салаға қайтадан қан жүгіртіп, оның дамуына қосымша мүмкіндіктер туғызары сөзсіз. Тек қана PhD-докторантураға қарап аузымызды ашып отырсақ, қазақстандық ғылымның көсегесі көгере қоймас. Бірақ мына бір мәселені ерекше ескеруіміз қажет – кандидаттық және докторлық диссертацияларды қорғауға шен-шекпенділерді жолатпауды қатаң қадағалауымыз қажет. Бұрынғы ғылыми жүйенің берекесін қашырып, беделін түсірген біздің шенеуніктердің жаппай «ғылыми дәреже алғыштығы» екенін ұмытпайық. Бұл өзі кезінде Елбасынан бастап, қатардағы әрбір қазақстандыққа дейін мәлім болған аянышты жағдай болатын.
Отандық ғылымға пайда әкеледі деп жоспарлағанымен, іс жүзінде түрлі кедергілер мен шығын әкеліп жатқан жаңалықтың бірі – шетелдік импакт-факторлы басылымдарға мақала жариялау туралы талап. Бұл талап PhD-докторантураға ғана емес, бұрынғы жүйеден кандидаттық және докторлық ғылыми дәрежелерін алғанымен, доцент немесе профессор ғылыми атақтарын алып үлгермегендерге де қойылады. Ал, импакт-факторлы басылымға мақала жариялау қазақстандық ғалым үшін қиямет-қайыммен теңдей, машақаты мен шығыны көп шаруа. Алдымен, импакт-фактор деген не екенін ашып алайық. Импакт-фактор ғылыми журналдың маңыздылығын сапамен емес, санмен анықтайтын көрсеткіш, 1960 жылдары АҚШ Пенсильвания штатының Филадельфия қаласында Юджин Гарфилд деген кәсіпкер Eugene Garfield Associates Inc. компаниясының жанынан Ғылыми ақпарат институтын (Institute for Scientific Information, ISI) құрады. Бұл коммерциялық ұйым ғылыми басылымдардың библиографиялық мәліметтер базасын, сілтемелер жасалу жиілігі сияқты статистикалық зерттеу жасаумен айналысады. Зерттеу нәтижелерін АҚШ кітапханаларына сатып, қандай басылымдарға жазылуға болатыны туралы ақылы кеңестер береді. 1961 жылдан бастап Science Citation Index (SCI) сілтеме жасау индексін шығарады, бастапқыда бұл индекс 600 тақау ғылыми журналды қамтыса, 2010 жылы бұл көрсеткіш түрлі елдердегі 16 мың журналға жеткен. 1992 жылы Ғылыми ақпарат институтын Thomson Scientific & Healthcare корпорациясы сатып алып, біріккен ұйым Thomson ISI деп аталады. Ал, 2006 жылдан бастап Thomson Reuters деген атқа ие. Басылымның импакт-факторын анықтау соңғы үш жылды ғана қамтиды, одан бұрынғы жарияланған ғылыми маңызы зор мақалалары бар басылымдар есепке алынбайды. Импакт-факторлы басылымдарға мақалаларды іріктеу бір жылдан астам уақытқа созылады, кейде екі жылға дейін қарастырылуы мүмкін. Биыл Thomson Reuters базасында бар басылым келесі жылы одан шығып қалуы да әбден мүмкін. Олай болса, Thomson Reutersке жататын басылымға биыл берген ғылыми мақалаңыз келесі жылы «жай ғана» шетелдік басылымда шығып жатса таңданбаңыз.
Бұдан бөлек, әлеуеті 18 млрд. АҚШ доллларына тең, 2000 астам журналға иелік ететін Elsevier баспагер корпорациясы құрған«Scopus» библиографиялық және реферативтік мәліметтер базасы бар. Elsevier корпорациясы негізінен өзінің иелігіндегі журналдардың бәсекелестік қабілетін арттыру арқылы пайда табу мақсатында осынау құйтұрқы әрі санға негізделген жүйені ойлап тауып, ғылыми ізденістерді «бағалайтын» деңгейге көтерілген. Сонымен қатар, 2005 жылы Калифорния университетінің физик ғалымы Хорхе Хирш ойлап тапқан h-индекс, немесе Хирш индексі деген бар. Бұл да сол, ғылыми мақалалар саны мен оларға жасалған сілтемелерді санау арқылы ғылыми ұйымның, ғалымдар тобы мен жекелеген ғалымның рейтингін анықтау. Соңғы кездері кейбір ғалымсымақтар өзара келісіп, бір-біріне жиі сілтеме жасап, h-индексі бойынша бір-бірінің рейтингтерін арттырудың айла амалдарын тапқаны көп айтылып жүр. Шетелдік тәжірибенің бәрі бірдей жақсы емес...
Импакт-факторлы басылымдарға мақала жариялау өте қымбат, баспаға қабылдау туралы қарастыру кезеңінде рецензенттердің қаламақысын автор төлейді. Рецензенттер теріс пікір білдірсе, мақала жарияланбайды. Мұндай жағдайда төленген ақша қайтарылмайды, себебі, шетелдік рецензенттер оң немесе теріс пікір бергеніне қарамастан еңбекақысын алуы тиіс. Шетелге мақала даярлаймын деп қазақстандық авторлар оны шет тіліне аударады, бұл үшін көбінесе кәсіби аудармашылардың қызметіне жүгінеді. Аудармашылар болса бір бетті ағылшын тіліне аударғаны үшін кемі 2500-3000 теңге алады, бір мақаланы ағылшын тіліне аудару отыз мың теңгеге жуықтап қалады. Неміс, француз, испан т.б. тілдерге аудару бұдан да қымбатырақ. Импакт-факторға жариялауға төленетін ақша 500-1000 евро аралығында. Бұл ақшаның бәрін қазақстандық ғалымдар өздерінің қалтасынан төлеуге мәжбүр, онсыз да «шықпа жаным, шықпа» деп зорға жүрген ғалымдарымыз әупірімдеп, ол ақшаны үш-төрт адам болып қосылып төлеп жүр. Импакт-факторлы басылымдардың тегіндері де бар көрінеді, бірақ оларға сенім аз, басылатын материалды қарастыру мерзімдері де тым ұзақ. Ондай басылымдарға берген мақала жарыққа шыққанша төзімің таусылып, докторантураның мерзімі де аяқталып, ішіндегі материал да ескіріп қалады. Түптеп келгенде, тағы да сол, импакт-фактордың жырымен жүрген қазақстандық ғалымдар әбден шығынданып, шетелдік басылымдарға «жем» болады, ал, отандық экономика мен ғылым өзінің аузынан талай қаржыны шетелге жырып береді. «Импакт-фактор» деген «құдіреттің» осындай тиімсіз тұстары көп.
Негізі, импакт-фактордың тиімсіздігін айтып, оған қарсы шығушылар өте көп. Бұл туралы 2012 жылы желтоқсанда АҚШ ғалымдары Сан-Францискода біріккен мәлімдеме жасап, Ғылыми зерттеулерді бағалау жөніндегі декларация жариялады (San Francisco Declaration on Research Assessment — DORA)
http://www.agroxxi.ru/zhurnal-agroxxi/fakty-mnenija-kommentarii/indeks-citiruemosti-ne-mozhet-byt-reshayuschim-pri-ocenke-nauchnyh-rabot.html
Декларация жарияланған сәтте оны әлемнің түрлі елдерінің 87 ғылыми ұйымы мойындап, 400 астам әлемге әйгілі ғалым қол қойған. Қазір бұл декларацияны қолдаушылардың саны әлдеқайда көп – 447 ұйым мен 10419 ғалым /http://am.ascb.org/dora/. Бұл декларацияға қол қоюшылардың бірі, «EMBO Journal» редакторы Бернд Пульверер мынадай мысал келтіреді: «Nature» деген журналдағы геном мәселесі туралы бір ғана мақалаға 10 000 рет сілтеме жасалуынан «Nature» журналы екі жыл қатарынан жоғары импакт-фактор коэфицентін алған. Бұл сілтемелердің ғылымилығы да күмәнді. Ал ол журналдағы басқа мақалалар айтарлықтай сұранысқа ие болмаған. Сонда, бір мақаланың арқасында импакт-факторға ие болған журналда жарық көрген басқа да ғылыми маңызы жоқ мақалалар керемет бағаланбақ па?» Яғни, шетелдік ғалымдардың көрсетуінше, импакт-фактор сападан гөрі санға көбірек мән беретін алдамшы көрсеткіш, ол ғылымның дамуына ықпал етеа лмайды.
Физиология және медицина бойынша Нобель силығын алған американдық биолог Рэнди Шекман The Guardian газетіне берген сұхбатында өзінің «элиталық» журналдарға мақала беруден бас тартатын айтқан. Оның айтуынша «...мен және менің әріптестерім Nature, Cell және Science сияқты «атақты» журналдарда ғылыми мақала жариялау арқылы кәсіби бедел мен марапатқа қол жеткіземіз. Бірақ бұл - журналдардың репутациясы мен беделі деген сөз емес, нағыз оқымыстылардың еңбегінің арқасы. Мұндай журналдардың атын шығаратын нағыз ғылыми мақалалар өте аз, ал, түкке тұрғысыз материалдар олардың беттерінде көптеп кездеседі» деген екен /http://www.pravda.ru/science/useful/24-12-2013/1186002-shekman-0/.
2013 жылы ресейлік ғалымдар да импакт-факторға жаппай қарсы шыға бастады http://agnc.ru/index.php?id=4374&t=2. 2013 жылғы 30 сәуірде Ресей Федерациясының Президенті жанындағы Ғылым және білім жөніндегі ресейлік кеңесте ғылыми зерттеулерді бағалауда импакт-фактор тиімсіз екендігі айтылып, бұл пікір бірауыздан қолдау тапты. Ресей ғалымдары шетелдік басылымдарға жалтақтамай, ресейлік ғылымды ресейлік басылымдарда кеңінен талқылау арқылы дамытуға басымдық беруді ұсынды, керек болса белді ресейлік ғылыми басылымдарды импакт-фактордың тізіміне жаппай ендіруді қолға алу қажет деп атап көрсеткен. Осы алқалық басқосуда ғылыми зерттеулердің біліктілігі мен маңыздылығын тексеру қажет болса, ресейлік зерттеушілерден арнайы аудиторлық ұйым құрып, ғылыми зерттеулердің сапасынтәуелсіз сараптауды жолға қою қажет деп шешіпті.

Қазақстан ғылымын дамытамыз десек, бізге де осындай балама жолдарды қарастырғанымыз жөн. Тек қана импакт-факторға қазақстандық ғылымның бағын байлап қоюға болмайды. Мысалы, импакт-факторға мақала шығаруды міндеттегелі бері Қазақстанда доцент және профессор ғылыми атағын алушылардың саны күрт кеміп кеткен. Бұрын ғылыми атақ беруде жоғары білім беру саласында доцент үшін 5 жыл еңбек өтілі, профессор үшін 10 жыл еңбек өтілі болуы, оқу құралы мен оқу-әдістемелік мақалалары болуы міндетті саналатын. Бұл қойылған талаптың артық не кем жері жоқ. Жоғары оқу орнының доценті немесе профессоры болу үшін бұдан артық не талап керек? Енді келіп, мұның үстіне 2-3 импакт-факторлы мақала жариялау керек деген міндет қосылып отыр. Онсыз да университеттің отымен кіріп, суымен шығатын, айлығы шайлығына әзер жететін оқытушылар қауымы үшін бұл талап айтарлықтай ауыртпалық туғызып отыр. Оқытушының бәрі бірдей әлемдік деңгейде танылатындай ғылыми жаңалық аша берсе, Қазақстанның жоғары оқу орындары керемет болып, әлемдік ғылым ордасына айналып кетпей ме? Онда «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдерде қазақстандық жастарды оқытып не керек, бюджет қаржысын отандық универлерге құя салмаймыз ба? Елбасымыз дамудың қазақстандық үлгісін жасаймыз деп жар салса, шенеуніктеріміз шетелдің жүрген жолымен жүреміз деп даурығумен келеді. Неге біз көрпемізге қарай көсіліп, өзіндік даму жолымызбен жүрмейміз? Біреудің істегенін қайталап, айтқанын істейтін, өзіндік ойы мен ісі жоқ ел қалай «Мәңгілік ел» болмақ? Білім және ғылым министрлігінен сұрайтынымыз осы бір бүйректен сирақ шығаратын қисынсыз ауыр міндетті мүлдем алып тастаса екен.
Қазақстандық ғылымның аяғына тұсау болып отырған проблемалардың келесі біреуі – бюрократия. Қазақстандағы қоғам өмірінің барлық саласында шен-шекпенділердің бассыздығы мен қағазбастылықтың жаппай белең алуы еліміздің дамуын тежеп, жемқорлықтың неше-түрін туындатып отыр. Сол сияқты,білім-ғылым саласындағы «шолақ белсенділер» мен «қағазқұмарлық» дерті де білім беруді қожыратып,отандық ғылымның дамуын дағдарысқа ұрындырды. Мысалы, мен қызмет ететін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 2011-2012 оқу жылы көктемде, 2012-2013оқу жылында күзде, яғни, бір жылда екі рет мемлекеттік аттестациядан өтті, 2013-2014оқу жылы күзде халықаралық аккредетациядан, ҚР БҒМ Білім беру жетістіктерін сырттай бағалаудан (ВОУД), ал 2014 жылдың басында ұлттық аккредетациядан өтті. Майдың үстіне май жаққандай болған үздіксіз тексерулер оқытушыны да, студентті де әбден мезі етіп бітті. Мұндай тексерулер әсіресе, профессорлық-оқытушылық құрам үшін тозақтың азап отындай, себебі, тексерушілердің талабын орындау үшін әрбір кафедраның мүшелері құжаттар жасау, тест тапсырмаларын құрастыру, түрлі қағаз толтырудан көз ашпай кетеді. Кейбір кафедралардағы шкафтарға жиналған қағаз пәпкелердің саны жүзге тарта, әрқайсының көлемі топан кірпіштей, 200-300 беттен тұрады. Бұл қазақстандық кез-келген жоғары оқу орнына тән көрініс. Қазақстанның білім-ғылым саласындағы қағазбастылықтың құны да тым қымбат - миллиардтаған теңгенің кеңсе тауарларынан бастап, саны көп неше-түрлі шығындар. Жыл сайын тонналаған қағаз макулатураға айналып, қаржы-қаражат тиімсіз жұмсалуда. Кредиттік технология мен электронды құжат айналысын, интранет желісін іске қосу қағазбастылықтан арылтатын болады деген үміт ақталмады. Таңқаларлық жәйт: электронды оқу технологиялары мен компьютерлік-ұйымдастырушылық техника дамыған сайын қағазбастылық азаймақ түгіл, бұрынғыдан бірнеше есе көбейіп кетті. Ақылға симайтын, қажетсіз қағаз толтыру толастар емес. Бір ғана «Пәннің оқу-әдістемелік кешенін» алып қарайық (ПОӘК немесе УМКД). Ішінде не жоқ дейсіз: пәннің типтік бағдарламасы, силлабусы, семинар сұрақтары, емтихан сұрақтары, студенттің өзіндік жұмыс тақырыптары, тест тапсырмалары, әдебиеттері, дәріс мәтіні, оқу-әдістемелік картасы т.б. Көлемі кемінде 300 бет.Осындай ПОӘК оқытылатын әрбір пән бойынша жыл сайын жасалады.Жыл сайын түбегейлі өзгеріп жатқан ғылым саласы Қазақстан тұрмақ, бүкіл әлемде кемде кем. Сәйкесінше, оқытылатын пәндердің де мазмұны қатты өзгеріп жатқан жоқ, көптеген пәндер теориялық сипатта, іргелі білім беруге бағытталған. Уақыт пен қағазды үнемдеу үшін теориялық пәндердің ПОӘК жоқ дегенде төрт-бес жылда бір рет, қолданбалық бағыттағыларын екі-үш жылда бір рет жасап қоюға әбден болады. Студенттерге дәріс оқып, оқу-әдістемелік және тәжірибелік жұмыс жүрізуден бөлек,оқытушылардың атқаратын ғылыми, индикативтік, күнтізбелік-жоспарлық, есептік, тәрбиелік, кезекшілік, қоғамдық, имидждік т.б. толып жатқан жұмыстары жетіп артылады.

 

 

Бұған қоса, қазақстандық ЖОО еуропалық білім беру стандарттарына өткенімен, тәрбие жұмысын бұрынғы кеңестік әдіс-тәсілдермен жүргізуді жалғастырып келеді. Шетелдерде студенттерге толыққанды азамат ретінде, кәмлетке толған, өзіне-өзі жауап бере алатын жеке тұлға ретінде қарайды. Тәлім-тәрбиеге мектеп жасына дейін және мектеп қабырғасында басымдық берілсе, ЖОО студентіне кәсіби білім, тұлғалық қасиеттер қалыптастыру мен азаматтық ұстындарды дамытуға мән беріледі. Шетелдік тәжірибеде студенттердің тәлім-тәрбиесімен айналысатын арнайы педагог-психолог мамандар – тьюторлар қауымы бар. Олар білім берумен емес, тек қана тәрбиелік, этикалық-эстетикалық, патриоттық, азаматтық тәлім-тәрбие берумен ғана кәсіби айналысады. Батыстық профессор-оқытушылар болса, студенттерге сапалы білім берумен және өздерін кәсіби жетілдіру мақсатында ғылыми зерттеулер жасайды, олардың жылдық оқу жүктелімдері де біздің профессорларға қарағанда екі есе аз, ал оның есесіне бізге қарағанда кемінде 3-4 есе көп жалақы алады. Яғни, әркім өзінің ісін атқарып, сапалы жұмыс істеуге толық мүмкіндіктер жасалған, соның арқасында оларда білім де, ғылым да қарыштап даму үстінде.
Ал Қазақ елінің ЖОО тәрбие ісі басқармалары шектен тыс белсенділік танытып, студенттер қауымына кері әсер етіп жүргендерін сезбей келеді. Олар қазіргі заманның талабы басқа екенін, жастардың дүниетанымы мен талғамы өзгергенін көпе-көрнеу ескермейді, ескіше бұра тартудың нәтижесіз екенін біле тұра, шолақ белсенділікке құмар. Бұл салада да қағазбастылық қаптап кеткен, оның барлығы оқытушының мойнына кураторлық және эдвайзерлік жұмыс болып қосымша ілінеді. Қысқасы, оқу және тәрбие жұмысы қосылғанда, профессор-оқытушылардың қажетсіз қағаз толтыруы одан сайын арта түседі. Осылайша, ой еңбегімен, ғылыммен айналысатын адамның қажетсіз қағаз жазудан бас көтере алмайтын қиын жағдай қалыптасып отыр. ЖОО еңбек ететін зиялы қауымның қағазбен алысуға кеткен асыл уақытын былай қойғанда, қағаз-қалам материалдар мен электр энергиясын үнемдеу, электронды құрал-жабдықтардың амортизациялық шығынын азайту мен далиған бюрократиялық аппаратты қысқарту арқылы қыруар қаржы үнемдеуге болады ғой? Үнемделетін қаржы-қаражатты: нақты ғылыми зерттеу жұмыстарына;студенттер үшін ЖОО ақылы оқудың бағасын төмендетуге; миын ашытып, маңдай терін төгіп жүрген оқытушылардың жалақысын көтеруге; білім беру сапасын арттыруға бағыттасақ еліміз үшін қандай керемет болар еді.
Айта берсек, отандық білім-ғылым саласындағы орын алып отырған келеңсіздіктер толып жатыр. Соңғы кездері Қазақстанның жоғары оқу орындарына бас сұққан адамның көзіне бірден түсетін нәрсе – кіре берісте қалшиып тұратын күзетшілер мен турникеттер. Ал ғимараттардың сырты адам бойынан биік темір дуалдармен айналдыра қоршалған. Бейне бір, азаматтық оқу орны емес, ерекше күзетілетін режимдік объектілер – түрме, ішкі істер немесе қорғаныс, қауіпсіздік органдарының ғимараты сияқты әсер аларыңыз сөзсіз. Бұған шетелдерден қонаққа келетін ғалымдар да үнемі таңданыстарын жасыра алмай жатады. Бұрын кіреберісте кілт беріп, қоңырау соғатын вахтерлар ғана тұратын еді. Сонда бұл ғимараттар бұрын ешбір «жау» алмай, қалай ашық-шашық, емін-еркін тұрған деп те еріксіз ойға қаласың... Бұл аздай, оқытушылардың бәріне электронды ID-карта беріліп, олардың ғимартқа кіріп-шыққанын «аңду» жолға қойылып, мұнымен айналысу үшін әрбір ЖОО арнайы басқарма құрылған. Қазақстандық ЖОО бұрын оларсыз да «қадағалаушы-тексеруші-бақылаушы-нұсқау беруші-үйлестіруші-кеңес беруші» сияқты көп санды әкімшілік басқармалар жетіп артылатын. Қаншама қаржы-қаражат осындай итпен-мысықтай «аңдысуға» жұмсалуда. Ертеден кешке дейін бір ғимаратта отыруға профессор-оқытушыларға ешбір жағдай да жасалмаған, 20-30 адамнан тұратын кафедра тұтасымен аядай бір бөлмеге тығылады. Оқытушылар қауымы оқу ғимаратына кіріп алып, омалып отырса, шығармашылық ізденіс жасап, ғылыммен айналысу үшін кітапханаларға қай кезде бармақшы? Өзін-өзі жетілдірмеген оқытушы ертең студенттерге сапалы дәрісті қайтіп оқиды? БАҚ-пен өзара байланысты, халықаралық ынтымақтастықты, жұмыс берушілермен кездесуді т.б. жұмыстарды қайтіп жүзеге асырмақшы? Жазған ғылыми еңбектерін түрлі басылымдардың редакциялары мен баспаханаларға тапсыруға қалай бармақ? Ал, басшылық болса: «Оқытушылар ғылыммен айналыспайды» деп кінәлайды. Ешқандай бос уақыты мен жағдайы жоқ болса, оқытушылар қай кезде ғылыммен айналыспақ?
Және бір өзекті мәселе – елімізде ғылым мен өндірістің арасындағы өзара байланыстың болмауы. Нақты жұмыс істеп тұрған өндіріс орындары кемде кем, ширек ғасыр бойы шетелге шикізат сатқанымызға мәз болып отырмыз. Үдемелі өндірістік-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдығы биыл аяқталады, ал нәтижесі көзге көрінбейді... Елбасымыз да министрлер мен әкімдерді көп сынап, оның нәтижесі мардымсыз екенін талай айтты. Техникалық ғылыми жаңалықтар өндіріске ендірілмесе, қоғамдық ғылымдардың зерттеу нәтижелерін шенеуніктер қаперіне алмаса, елеп-ескеріп, жүзеге асыруға талпынбаса не болғаны? Онда бізге ғылым не керек? Осылай жалғаса берсе, ғылымға жұмсалған қаржы-қаражаттың өтеуі қалай қайтпақ? Қазақстанда маргиналдардың бесінші тобындағы білімі мен кәсіби біліктілігі бойынша дүбәра болып, аралық жағдайда қалғандар жетіп артылады.
Қазақстанның білім-ғылым саласының тағы бір кемшілігі – қазір жоғары білімді маман екенін растайтын дипломы бар қаншама қазақстандық азамат өзінің алған білімін мүлдем қажет етпейтін салаларда еңбек етіп, жан бағуда. Оның үстіне, жыл сайын отандық жоғары оқу орындарын мыңдаған студент тәмамдағанымен, олардың да басым бөлігі өзі оқыған кәсіпті игеруге емес, нәсібіне бұйырған жұмысты істеуге мәжбүр. Осы жерден кәсіптік тұрғыдағы маргиналдар туындайды. Не білімді оқыған емес, не білікті маман емес, тағы бір дүбәра, әлеуметтік дилетант топ қоғамға топ етіп қосылады. «Дипломмен ауылға» деп ауылдағы азын-аулақ жұмыс орындарына жас мамандарды тартамыз деп ұрандап жатқанда, ауыл адамдары керісінше, «Дипломсыз – қалаға!» деген ұранмен жұмыс іздеп, сағым қуып қалаға қарай шұбыруда. Қаладағы жағдай да жетісіп тұрған жоқ. Кәсіби маргинализм қазақстандық қоғамның өткір шындығы болып табылады.
Жалпы, отандық ғылымның дамуына тұсау болып отырған проблемаларды санамалай берсек, бір мақала емес, бір журналдың көлемі жетпесі анық. Мәселе осындай кемшіліктерді тез арада түзеп, Елбасымыз межелеп отырған ғылыми ауқымы кең экономика құруға бәріміз бел шешіп атсалысуымыз қажет. Отандық жоғары білім мен ғылымның дамуын тежеп, тұсауланған аттай адымын ашырмай отырған арамтамақ әкімшілік құрылымдардың санын қысқартып, ғылым саласын сыңаржақтылықтан, шолақ белсенділердің бюрократиясынан, шектен тыс қағазбастылықтан арылтпасақ, елімізде ғылым-білім дамымайды. Ғылымды шындап дамытамыз десек, алдымен бұл салаға кедергі жасап отырған проблемаларды шешуіміз керек.

Мұсатаев Сейілбек

Саяси ғылымдарының докторы,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Саясаттану кафедрасының профессоры

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377