Жұма, 22 Қараша 2024
Мәйекті 10063 0 пікір 28 Наурыз, 2014 сағат 13:06

Девальвация–теңгенің емес, қазақтың құнсыздануы

Ермек Тұрсынов: Девальвация – теңгенің емес, қазақтың құнсыздануы

 

– Ереке, девальвация туралы жаңалықты сіз  қалай қабылдадыңыз?

– Ел қатарлы селт ете түстім. Бұл «Бәрі жақсы, керемет!» – деп арқамнан қағып алдаусыратқандар күтпеген жерден ту сыртымнан  пышақ сұққандай опасыз әрекет болды. Ұлттық банк басшысының тұрақтылық туралы сөздеріне иланып жүргендердің бірі едім…

– Сіздің ҚР Үкіметіне ашық хат жазғаныңыз белгілі. Не себепті жаздыңыз?

– Қолымнан басқа не келсін? Жаным ауырды, шамдандым. Ең құрығанда осылай әрекет етейін дедім. Біреу оқыр, ойланар деп үміттендім. Шынын айтқанда ол үмітім өте әлсіз болатын.

Айналаңа қарашы, сұмдық қой. Бірнеше белсендіге ерген Абай ескерткіші маңына жиналды, алаңға барды. Әрі кетсе 100 адам шығар… Оларға басына ішкиім киіп алған өнертанушы апайымыз ілесіп жүр. Ақырында менттар бәріне  күш қолданып, Ішкі істер басқармасына алып кетті. Несіне ренжиміз? Олардың жұмысы сол ғой. Менттар да біз секілді екі қолы, екі аяғы бар пенделер, тек пешенелеріне аса былғанышты жұмыс жазылған. Қайран қаларлығы Алматы түбінде танк, бронетранспортерлардың тізіліп тұра қалуы.  Жаттығу дейді.   Оқу-жаттығудың дәл осы кезге, үлкен қаланың ішіне белгіленгенін қарамайсың ба… Бұл елдің ызасын тудырды, мемлекетіміздің түкпірлерінде шерулер өтті. Жиналған адамның саны аз, өте аз. Бірақ, бұндайды байқамау, көрмеу мүмкін емес. Бірақ, біздің саясаткерлер тырп етпеді. Тып-тыныш, жым-жырт. Ең құрығанда бір депутат халықтың сөзін сөйлеп шықты ма? Жалмағамбетованың Келімбетовтың жағасынан «жұлқылағаны» тым әлсіз. Қалаулылардың қайсысы ресми сауал жолдады? Сайлаушыларымен кездесіп, ел мұңын естіген кім бар? Мүмкін Үкіметтің «ұлы» саясатын халық дұрыс түсінбеген шығар? Жоқ. Жұмған ауыздарын ашпады. Сол депутат дегендерді ешкім төбеден әкеліп отырғызған жоқ қой, халық сайлады. Өзіміз таңдадық. Демек кінәнің бір ұшы өзімізде жатыр. Біз  осал болған соң  айғайымызды ешкім естімейді, хатыңды ешкім елемейді.

– Әлеуметтік жағдайыңыз жаман емес секілді… Үндемей қоя салуға болмас па еді?

– Рас айтасың, үндемесем де болар еді. Банктерде күйіп жатқан мыс-мыс ақшам жоқ.  Ішер астан, киер киімнен таршылық көріп жүрген жоқпын. Сегіз жылдан бері сынын кетірмей мініп жүрген көлігім де бар. Өзіме ұнаған жұмыспен айналысамын. Турасын айтқанда өз еліме көңілім толатын тұстар баршылық. Бірақ, көңілім толмайтын мәселе де көп. Бұл менің жерім, менің үйім ғой, осында туып, өстім. Сондықтан «Ұрпағым, немере-шөберелерім осы елде тыныш өмір сүрсе!» деп армандаймын. Мені қатты мазалайтыны, алаңдататыны осы. Үміттің соңғы шырағы сөне бастағандай.

– Бұныңыз арзан абырой жинаудың харекеті емес пе?

– Оның қажеті қанша? Халықтың қасіретін пайдаланып атақ шығару – ақымақтық. Ол бос айғайшылар мен саяси жезөкшелердің тәсілі. Ал мен саясаткер емеспін, биліктің де қажеті жоқ. Түкке керек емес. Өз кәсібімді ешбіріне айырбастамаймын. Мен осы елдің қатардағы азаматымын. Және өте сабырлы, басбұзарлығы жоқ адаммын. Мен бар болғаны жаныма батқанды ашық айтамын. Кез келген адам секілді қателесуім де мүмкін десем де  дәл  осы жолы сөздерімді қолдаушы мен  құптаушы көп.

Осы жолы мені бір нәрсе қатты қайран қалдырды. Есімде, «Келін» шыққан кезде қоғамның ар-ұжданын қорғаушылар, сахнаны саясатқа айырбастаған түрлі әншілер, сақалды депутаттар маған тобымен тап берген еді. Айтпағандары, тақпаған кінәлары жоқ! Әйелдерімізді арсыз етіп көрсетіп жастарды азғындаған да – мен, американың тыңшысы да – мен, халықтың тарихын  өтірікке шылағаны үшін итжеккенге айдалып, түрмеде шіруге тиіс те – мен едім… Өте үлкен дау шықты! Іштей «Е, тәубә, халықтың намысын қорғайтын азаматтар әлі  көп  екен» дедім. Жүрегімнің түкпіріне қуаныш ұялағанын несіне жасырайын. Бірақ… Қазір ше? Дәл қазір, халықты жас қыздай зорлап, қорлап жатқанда сол батырлардың бірде-бірі көрінбейді ғой? Қайда айғайшылар? Тұтас елінің ары аяқ астында тапталып жатқанда неге үндері шықпай қалды?

– Хатыңызда «шетелге кетіп қалғым келеді» деген сарын бар. Расымен, қазақ елін тастап кеткелі жүрмісіз?

– Өз басым бұл елден кеткім келмейді, бірақ, мына мәселені қайталап  айтайын – мен балаларымның болашағын ойлауым керек. Мысалы, мектеп бітіргеннен кейін олар қайда барады? Жемқорлық бунамаған бірде-бір ЖОО білмейді екенмін. Сынақтар мен емтихандарды ақшамен шешесің, дипломды сатып аласың. Көк тиындық құны жоқ ондай дипломның керегі не? Жалған дипломы барларды қалай «маман» дей аламыз?   Ертең сол жалған-мамандар бізді емдейді, біздің немерелерімізді мектептерде оқытады, өздері ойлап тапқан заңдармен соттайды… Осы күннің өзінде солай. Мен біздің соттарға сенбеймін. Мен біздің дәрігерлерге сенбеймін. Мен біздің заң орындарына сенбеймін.  Бәрі сатылады, бәрі сатып алынады. Соқыр емеспін, көріп, естіп жүрмін. Мен өз фильмдерімді, кітаптарымды  насихаттау үшін ел ішін аралаймын,  халықпен көп сөйлесемін. Қай өңірге барсам да бір сарын. Елден маза кеткен. Іштей күйзеліп, түйіліп жүр. Шарасыздық бар, шамырқану бар. Олардың уысынан үміттің соңғы жібі сусып барады. Менің бұны  ойдан шығарып, жағдайды ушықтырмақ ниетім жоқ. Бар болғаны фактілерді  тізіп отырмын.

 

Жиырма жылдың ішінде дүбәра буын өсті. Мектепте білім нашар. ЖОО –мүлдем жоқ. Ол оқу орынын аман-есен бітіріп шыққанның өзінде мамандығың бойынша жақсы жұмысқа тұрарыңа еш кепілдік жоқ. Барлық жерде «бармақ басты, көз қысты», туысқаншылдық, жершілдік. Танысың болмаса құжатыңды құшақтап бос жүресің. Амалсыз пара беруіңе тура келеді. Сенің қарым-қабілетің, білімің ешкімге керек емес.  Байыппен қарасаң біз өз болашағымыздың көрін өз қолымызбен қазып жатырмыз. Оған түбінде өзіміз де құлаймыз. Сөйтіп мемлекетімізден айырыламыз.

Қазақтар «басты байлық – денсаулық» дегенді жиі айтады. Менің ойымша бізге осы деннің саулығы жетіспейді. Мағынасы өте кең. Біздің  моралдық, ақыл-ой, діни, рухани, саяси, т.б. саулығымыз күмән тудырады. Ағзамыз дертке шалдыққан. Өзегіне түскен құрттар кеміріп, жеп жатыр. Сондықтан ішіміз алай-түлей, мазамыз қашқан.

Ел аралап жүргенде тағы неге көзім жетті? Біз қожайын болудын қалыппыз, біз-қызметшіміз. Балаларым өз елінде даяшы болғанын көргім келмейді. Әке есебінде, намысты еркек ретінде оған жол бере алмаймын. Ондай ой оңайшылықпен келмейді. Әлде олақтығынан, әлде қасақана қиянат жасайтын билігім мені соған итермелеп отыр.

– Өзімді қазақ зиялылары қолдайды, үн қосады деген үмітіңіз болды ма?

– Жоқ. Хатты жазғанда бір нәрсеге, өзімді ешкімнің қолдамайтынынына нық сенімде едім. Біздің зиялылардың деңгейі құлдырағанына көп болды. Осы күні есімін естісе ел елең ете қалып, айтқан сөзіне құлақ асатын бірде-бір тұлғаны  көріп отырған жоқпын.

Мүмкін қателесетін шығармын, бұлай сөйлеуге хақым да жоқ шығар. Бірақ, шындығы сол. Құрметтеуге тұрарлық, айтары бар адамдар бар, олар өте аз. Ең бастысы олардың үнін ешкім естімейді. Ауыздарын жауып, мінбердің маңына жолатпайды. Шарасыз азшылық. Бірақ, басты мәселе ол да емес. Бастысы ауызбіршілік жоқ. Біз– алауызбыз. Түсінесің бе, қазақтар жауы бетпе-бет келгенде ғана бірігіп тойтарыс береді, ал қазір көз алдыңда бес қаруын сайланып тұрған жау жоқ секілді. Ол – алдамшы көрініс. Шындық мүлдем басқа. Жау бар және кез келген сыртқы жаудан қауіпті. Біздің жауымыз өз ішімізде бірліктің жоқтығы. Бәрімізді араздастырған.

Қазақстанда қанша қазақ тұрады? Ал жарайды 10 миллион шығар? 10 миллион деген не? Тек Мәскеудің өзінде 20 миллион адам тұрады. Күйіндіретіні:  сол ат төбеліндей аз қазақтың ымырашыл болмауы, ендігі жерде оларды жүзге, руға бөлгенді қойып әлеуметтік жағдайына, тіліне, кімнің қанында қалалық, кімнің қанында ауылдық лейкоциттер көп екеніне,  кредит алып алып той жасайтындар мен сол кредит алып той жасағандарды жек көретіндерге, Бас дастарханға жақын отырғандар мен сол дастархандағы мол асқа алыстан жұтына қарағандарға, мәстек-Мазда мінетіндер мен бесті-Бентлимен шайқалтып жүретіндерге, т.б. бөліп  тастағандары. Сондықтан біреу бірдеңе айта бастаса екінші адам одан асырып,  қаттырақ сөйлеп дауласа жөнеледі. Сондықтан біздің пікірталас үшін Ақиқат маңызды болмай қалды. Бізге бір минутқа ғана өзіміздікі дұрыс екенін дәлелдесек болғаны. Бұл пікірталас емес, бұл – көкезулік. Бұл да зиялылардын бір қырын танытса керек. Әңгіме деңгейі, талқыланған мәселелердің маңыздылығы, пікірталас деңгейі сол жерге жиналғандардың да деңгейін көрсетеді. Енді біз не үшін қызылкеңірдек болып жүргенімізге тоқталайық? Мемлекетті қалай атау керек? Бүгінгінің ең басты сұрағы осы ма? Немесе шет-шегі көрінбейтін әліпби дауы? Әйелдер орамал таға ма, жоқ па? Қазақ құдайды Алла деп атай ма, әлде  Тәңірі ме? Енді шілтерлі ішкиімнің әңгімесі қосылыпты. Түсінемін, әліпби, тіл, Дін, мемлекет атауы дегендер өте маңызды. Бірақ, дәл осы күні маңыздылығы олардан әлдеқайда басым мәселе бар. Біз мемлекетімізден айырылғалы тұрмыз. Осының алдын алу керекпіз.

Кезінде кеңестік биліктің зымияндығына құрық бойламады, қанқұйылған көзі алыстағыны шалып алашордалықтардың бәрін қырып салды. Өйткені, ол азаматтарда халықтың сана-сезіміне ықпал ететін білік, өрлік бар еді. Олар оқытты, ағарту жұмыстарымен айналысты, олар халыққа ақыл-кеңес берді, дұрыс бағыт сілтеді.  Ал қазір кімнің ықпалы бар? Кім соны жол ұсынды? Ондайлар жоқ.  Билік өз білгенін істеп жүр. Өзімен тең сөйлесе алатындар жоқ болғандықтан тарс бүркеніп алып, тілдесу керектігін мүлдем ұмытты. Билік өзіне керек, ұрымтал тұста өзін қолдап «әндете» жөнелетін зиялыларды тәрбиелеп алды. Сондықтан ол ойына келгенін, қолынан келгенін істеп, былығуда.

– Кинодан, ертегіден, әңгімеден қазақ намысына тиетін мәселе іздеп айғай-шу шығарғыш «зиялылар» осындай жағдайда неге үнсіз қалады деп ойлайсыз?

– Ондай сорттағы  адамдар адамзат тарихында баяғыдан бері бар. Қарапайым тілмен айтсақ – арандатушылар. Соңғы кезде ондайлар қаптап кетті: арзан атаққа құмарлар, алаңда айғайлаушылар… Бандерлогтардың көсемдері. Олар маңына ашықауыздарды жинап алады,  ұрандап сөйлейді, әруақтарды қозғайды, халықтың тағдыры туралы әдемі сөздер жазылған шүберектерін жалбыратып жүреді, немесе, сақал өсіріп алады да Алланың атын бүркеніп құдайсыз тірліктер жасайды… Жалған жанашырлар, жалған патриоттар, жалған әулиелер, т.б. Түптеп келгенде ең қауіпті адамдар – осылар. Олар ештеңеден тайынбайды. Бүгін Дінді, тілді, ділді, Отанды құтқару керек деп ұрандағандар ертең сол Дін мен Отанды көлденең тартып, қан төгулері мүмкін. Бүгін қан тазалығы, ар тазалығы, халық мүддесі деп жалаулатып ертең елді баррикадаларға шығарады да, өздері бұғып қалады. Олар адамның жанына бататын күрделі мәселелерден ұпай жинап, есеңгіреген елдің шерін шертіп ойнап жүр.

 Білесің бе, қазақтың санасының түкпірінде үлкен Үрей жасырынып жатыр. Бұл қилы тағдырымыздың салдары. Бір ғасыр бойына өзгенің етігінің өңешімізді езгені  қанымызға сіңіп, болмысымызбен бітісіп кеткен. Ондай озбырлықты бірден ұмытуы өте қиын.  Біз жиі сөз ететін цензура соншалықты қорқынышты емес. Ең қорқыныштысы өз цензураң: ешкім аңдып тұрмаса да автоматты түрде аузыңды бағып сөйлейсің, жан-жағыңа жалтақтай қарайсың. Бұған билікті кінәлама. Кінә өзіңде. Сенің денің сау емес. Психологиялық дертке шалдыққансың. Сен 50 пайызға, жартыкеш өмір сүруге келіскенсің. Жарымаған, жарытпаған 50-ге мәзсің. Басты ұстанымың – бас аман болсын. Ол қандай өмір? Осы сұрақты өзіңе қойып көрші. Қоя алмайсың, сондықтан бар қазақ қазір тек 50 пайыз өмір сүріп жатыр. Себебі қалың жұртымыз – қорқақ. Қараңғы.

- Бір кездері біз бір мемлекетте ұйықтап, ертеңінде басқа елдің азаматы болып ояндық. Бірақ түк өзгермеді. Тәуелсіз мемлекетте де құл болып өмір сүре беруге  болады. Не істейміз? Өзгелерге қызыға қараймыз.



- Мысалы Әмірліктерді алайық. Бір араб туылса мемлекет оған банктен есепшот ашып, 40 мың доллар салады. Жыл сайын түрлі әлеуметтік бағдарламалар есебінен жаңағы ақша еселеніп отырады. Жаңағы араб өскенде дүние жүзіндегі кез келген Жоғарғы оқу орнына барып білім алады. Оқуының ақшасын мемлекет көтереді. Әмірліктерде тек еңбек мигранттары ғана жұмыс істейді. Олар – 75 пайыз.   Филлипиндіктер, пәкістандықтар, индонезиялықтар, т.б.  Солар халықтың 25 пайызы ғана болатын арабтарға қызмет етеді. Ешқандай инфляция да, девальвация да жоқ. Жиырма жылдан бері доллар бағамы 3,6 күйінде тұр, ешқандай әлемдік дағдарыс ықпал ете алмады. Бұл – мұнай мемлекеттің бас байлығы болудан қалған кездегі, түк өспейтін құмның үстінде орналасқан елдің  жағдайы. Міне, осы арабтарды 100 пайызға өмір сүріп жатыр деп айта аламын.  Олар ешқашан  50 пайызға келіспейді. Тіпті, 99 пайызға да көнбейді. Оларда бәрі керемет демеспін. Барлық елдің өз кемшілігі бар. Бірақ, ауызбіршілігі мықты халық кез келген биікті бағындырады. Жапондарда да солай. Қытайларда да. Кәрістерде де. Мысал етуге жарайтын, жағдайы жақсылар баршылық. Тек біз емес. Бізде емес.

Айтпақшы… Сен білесің бе, мен Батыста өмір сүргенде, әсіресе Еуропада мынандай ерекшелік байқадым. Әрине ол жақта да біздің қолайымызға жақпайтын, көңілімізден шықпайтын нәрселер баршылық. Мен арсыздық жайлай бастағанын, адами құндылықтардың құлдырауы сынды жайттарды меңзеп отырмын.  Десе де оларда үлкен жетістік бар- адамның ойы азат. Бұл – ең басты азаттық. Ол ең әуелі – өз еркіндігінің шет-шегін білетін, онымен санасатын тұлға. Яғни, ешқашан қаланың ортасындағы ескерткіштің түбіне барып дәрет сындырмас, бірақ қалай өмір сүру керектігін үйретуіңе де жол бермейді. Және ешкімге өз қалтасына қол сұғуға, ақшасын сыпырып алуға рұқсат бермейді.  Ондайды ойлаудың өзі әбестік. Ол ешкімнің ойын ережесін мойындамайды. Өз ережесі бар.  Ал бізде әлі күнге феодалдық дәуірдің психотипі сақталып қалған: бай-кедей, яғни, билік пен жалшылар.

Сол себепті де біз жаһандық ғұмырдан кемі 100 жылға кенже қалып отырмыз.  Және озған көшті қуып жетсек деген ниет те байқалмайды.  Осы мәселе жаныма қатты батады.

– Сіз мақалаңызды  «Мемлекет пен менің теңсіз некем» деп атапсыз…   

– Бұл жерде бәрі түсінікті деп ойлаймын. Жәй әйелше қараса бір жөн. Біз әйелі, тіпті, көңілдесі де емеспіз ғой. Былай, бір сағатқа моншаға шақырып алды да…

– Хатыңызда «Тұрағым әжетхана болатын түрі бар» дейсіз… Ол жаққа ығысып бара жатқан жалғыз сіз бе?

– Менің ойымша, қазір көп адам өзін солай сезініп жүр. Сасық иіс қолқаны алып барады ғой… Бұл қазір өте ауыр, жанды жегідей жейтін тақырып екенін, айтқан сайын елдің жүрегі езіле түсетінін түсінемін. Эмоциялар асқынып тұр. Бірақ, сол девальвацияны ойлап тапқан сіз бен біз емеспіз ғой.  Ақшаны құнсыздандыру аса қажет болса елге неге түсіндірмейді, сақтандырмайды. Халықты қорғау үшін харекет етулері керек еді. Ал  олар ештеңе айтпастан,  түсіндірместен тонай салды. Өз халқыңды олай қорлауға болмайды.

Осы шенеунік дегеніміз кімдер? Олар халық жалдаған менеджерлер. Еңбекпен қамту агенттігі емес, халық жалдаған!  Сондықтан олар елдің мүддесі үшін қызмет етулері керек. Ал бізде бәрі басқаша – халыққа қарсы жұмыс істейді. Әрекеттері тым дөрекі. Содан барып жұрт наразылық білдіруде. Басқа не күтіп едің? Бұл – баласының қолына ойыншық-қоңырау ұстатып қойып, өзі  ұйықтап алмақ болған әумесердің тірлігі ғой…

Ел алаңға ұмтылды, шеруге шықты, полиция оларды тұтқындап, торлы терезесі бар көліктерге тиеп жатыр… Осының бәрі не үшін? Кімге керек болды?  Сау бастарына сақина тілеп алды. Қобал биліктің қызметі елдің наразылығын үдете түсуде. Бір ауыз сөзбен түйгенде, күндегі дақтың  күннің өзінен үлкен болып кетуі жақсылық емес.

– Рахмет.

А. Асқарұлы

«Парасат» журналы

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3226
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282