Жұма, 22 Қараша 2024
Сараптама 26873 1 пікір 28 Наурыз, 2014 сағат 11:46

ҚАЗАҚ ЖАЗУЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ ҚАНДАЙ?

2014 жылы 18 ақпанда ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы – ҚР Мемлекеттік хатшысы міндетін уақытша атқарушы К.Мәсімовтің (суретте) төрағалығымен қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі жөнінде Кеңес болды. Осы Кеңесте А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас маманы Ә.Жүнісбектің жетекшілігімен және  Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың профессоры А.Шәріпбайдың жетекшілігімен дайындалған латынша қазақ әліпбиі жобалары талқылады. Сонда талқыланып қарастырылған мәселелерге орай, 2014 жылы 21 наурызда ЖШС «Мемлекеттік тілді даыту институты» базасында арнайы шақырылған мамандардың жиыны өткізілді. Осы жиындағы пікірталастан пайымдағанымыз: XX ғасырдың 20-жылдарында болған қазақ емлесінің дауы XXI ғасырға да жеткен екен. Біз күні бүгінге дейін әлі бір ұстанымға келе алмай, әркім өз білгенін тықпалап, әрі-сәрі күй кешуде екенбіз. Осы дау басталған кезде-ақ ұлы ағартушы А.Байтұрсынұлы: «Дұрыс емле мен қате емлені айыруға менің ойымша былай қарау керек шығар деймін: тіл табиғатына қарай емлені ыңғайлау ма? Жоқ емле түріне қарай тілді ыңғайлау ма? Мен ойлаймын, емле – жазу үшін шығарған нәрсе, жазу – тіл үшін шығарған нәрсе. Олай болса, тілді бұзып емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек, тілдің табиғатына қарамай зорлап, емлеге таңып байласа, қытай қатындарының аяғы болып шығады» [1, 395], – деп, нық тұжырым жасаған еді. Оның осы ой-тұжырымын кезінде М.Дулатұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы, Т.Шонанұлы, С.Садуақасов, Қ.Қаратышқанов секілді т.б. көптеген Алаш зиялылары қолдаған болатын. Олардың көзі тірі кезінде А.Байтұрсынұлы құрастырған арабша жаңа әліпбиде (төте жазуда) де, сол әліпби негізінде жасалған 1928 жылғы латынша қазақ әліпбиінде де (бұл әліпби 1938 жылға дейін ұлттық тіл бағытында болды) тіліміздің табиғи бітім-болмысы, өзіндік заңдылықтары сақталған еді. Алайда олар репрессияланған соң, олармен бірге ұлттық ой-тұжырымдар да, ұлттық рухани-мәдени танымдар да тұтастай құрдымға кетті.

Ұлттық дүниетаным рухани сабақтастық сақталған жағдайда ғана кемелдене түсетінін ескерсек, Алаш зиялыларының тарихи және мәдени іс-тәжірибесінен 60-70 жылдай қол үзіп қалған біздің жазба мәдениетіміз, тіпті жалпы рухани-мәдени дүниеміз соның залал-зардабын күні бүгінге дейін тартуда. Қазір біз сол арыстарымызды түгелдей ақтап алсақ та, ұлт үшін еткен ерен еңбектерінің қадіріне әлі жете алмай жүрміз. Тіпті «Ол дәурен келмеске кетті. Тіліміз дамудың жаңа жолына түсті. Заман ағысына қарай жаңаша өң алып дамуда» деген сықылды жасанды қағиданы уағыздап, тіліміздің, демек ұлтымыздың табиғи болмысына кереғар нәрселерді қасақана елемеушілік те байқатып жүрміз. Еліміздің бүгінгі саясаткерлері «ұлттық идея керек» дейді, бірақ сол идеяның ХХ ғасырдың басында-ақ жасалып қойғанын мойындағылары келмейді.

Сөйтіп, біз Алаш арыстарының ұлттық мақсат-мүддені көздеген ой-тұжырымдарын зерделеп пайдаланудың орнына 1940-50 жылдары «жасанды әр алуандылықты жою мақсатымен» деп дәлелдеп, «орыс сөзі мен халықаралық атаулар, орыс тілі арқылы алынған сөздер орыс орфографиясы бойынша жазылсын» деген академик И.И.Мещанинов пен профессор Г.П.Сердюченконың кеңестік барша халықты орыстандыруды мақсат етіп ұсынған қағидасын (принципін) әлі күнге басшылыққа алып келеміз.

«Заман озып, заң тозғанын» түсінсек те, теріс қағиданың шылауынан шыға алмай, соның кесірінен кезінде қасақана ескерілмеген тіліміздің мыңдаған жыл бойы қалыптасқан өз заңдылығы, төл дыбыстары, төл дыбыстарының өзіндік тіркесімі, сол дыбыстар мен дыбыс тіркесімдерін айтатын өзімізге ғана тән дыбыстау ерекшелігіміз (артикуляция, акустика) бар екенін тіптен ұғынғымыз келмейді.

Қазіргі қолданыстағы қазақ әліпбиін кеңестік-коммунистік жүйенің тілдік (ұлттық) саясатының тікелей ықпалымен ф.ғ.д., профессор С.Аманжолов еріксізден-еріксіз құрастырды. Ол оны қазақ тілінде жоқ орыс әріптерімен толықтырды. Бұл өз кезегінде қазақ тілінің бітім-болмысына, табиғи заңдылығына жат ережелерді кіргізіп, жазу емлесін өзгертіп, оны күрделендіріп жіберуге әкелді. Сондықтан қазақ тілі емле (орфография) сөздіктері бірнеше рет (1940, 1957, 1978, 1983) қайта өңделіп отырды [2,7]. Соңғы нұсқа 2006 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік терминология комиссиясы бекіткен «Орфографиялық сөздікте» негізге алынды [3].

Осы уақыттар (1940 жылдан бүгінге дейін) аралығында қазақ тілінің табиғатынан тыс дыбыс таңбаларымен толықтырылған әліпбиімізді, ескертулерден аяқ алып жүргісіз емле ережелерімізді мақтап, «орыс тілінің игі әсері арқасында тіліміз байыды, кез келген шетел сөздерін жаза да, айта да алатын болдық» деп қазақ тілінің белгілі ғалымдары еңбектер жазады [4; 5, 199-205; 6, 48; 7, 22 т.б.]

Дыбыстық жүйесі мүлде кереғар, грамматикалық құрылымы бір-біріне сәйкес келмейтін тілдерге (қазақ, орыс) ортақ ереже шығару әрекеті емле ережелерін ескертулерге толтырып жіберді. Бұл қиындықтан шығудың жолын көрсетпек болып, тағы бір қазақ ғалымдары арнайы еңбек те дайындады [8].

Қазақ қоғамының осы әліпби мен жазуға әбден бауыр басып, дағдыланып кеткендігі соншалық – өз тіліміздің төл заңдылықтары өзімізге жат болып көріне бастап, «Сөздердің дыбысталуы мен жазылуы арасындағы кереғар алшақтық біржолата жойылды» [9, 222], «Қазақ тілінде сөздер қалай жазылған болса, солай оқылады» [10, 10; 11, 5] деген ой-тұжырым тілші ғалымдар тарапынан да айтылатын болды.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері өзгетілдік сөздерді, әсіресе өзгеріссіз қолданыста болып келе жатқан қоғамдық-саяси лексика мен ғылыми-техникалық терминдерді қазақшалау мәселесі қазіргі уақытта өзекті мәселелердің біріне айналды. Бұл мәселе жөнінде қазақ ғалымдарының (тілші-лингвистерінің) көзқарастары әртүрлі. Біреулері жалпы кірме сөздерге балама табуды көздесе, енді біреулері тек орыс тілінен енген сөздерді ғана қазақшалау керек, ал орыс тілі арқылы енген, бірақ арғы тегі грек, латын т.б. тілдерінің сөздері болып келетіндерді қазақшалаудың қажеті жоқ деп есептейді.

 

Алайда бірінші ұстанымдағылардың ниеттері дұрыс болғанымен, жүзеге асуы қиын шаруа. Себебі сан мыңдаған шетелдік сөздердің тілімізге күн сайын толассыз енуіне қолайлы жағдай тудырып отырған мына ақпараттар тасқыны қарқынды дамыған заманда бірен-саран сөздерге әрең дегенде қазақша балама тауып, бірақ соның өзін сан-саққа жүгіртіп, дауласып жүргенімізде түр-тұрпаты өзгетілдік сөздердің барлығына балама сөздер табу дегеніңіз үлкен машақатты қажет етеді.

Екінші ұстанымдағылардың грек, латындық «халықаралық сөздер» деп жүргендері – тілімізге қазақшаланып емес, орысша қалай айтылып-жазылса, еш өзгеріссіз сол қалпында қолданылып жүргенін орыс сөздері. Олар осыны қаперлеріне алмай жүр. Біздің бұл уәжіміз күдік-күмән (претензия) тудыратын болса, сол «халықаралық сөздер» делініп жүрген сөздердің латын-гректік түпнұсқасы мен орысша нұсқасын салыстырып қарауға болады. Латын-грекше бір басқа, орысша нұсқасы бір басқа.

Әрине, бұл біздің қазіргі әліпбиіміз бен емлеміздің мейлінше орыстанып кетуінен болып жатыр. Яғни өзгетілдік сөздерді сол қалпында жазып-айтуға мәжбүрлейтін қазақ тіліне тән емес орыс тілінің дыбыс-әріптерінің қазіргі әліпбиіміздің құрамында болуы мен өзгетілдік (орыстілдік) сөздердегі тілімізге жат дыбыс тіркесімдерінің қолданыста жүруі және соларға сәйкес емле ережемізде арнайы қағидалардың болуы оған басты себеп болып отыр.

Бұл мәселені әліпбиімізді қайтадан латыншаға көшіру арқылы шешуге болатынын көпшілік енді түсіне бастағандай. Оған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында: «Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады» [12], – деген сөзі себеп болды.

 

Содан бері еліміздің қазақтілді қоғамы арасында латынға көшу жөніндегі қоғамдық пікір аса жандана түсті. Небір ғылыми, ғылыми-көпшілік баяндамалар жасалып, мақалалар жарияланды. Латыншаға негізделген қазақ әліпбиінің жобалары қалың қауымға ұсынылып, талқыланды. Оның күрделі де маңызды мәселелерін қарастырып талқылаған ірілі-ұсақты талай жиындар, арнайы конференциялар мен семинарлар, симпозиумдар өтті.

Осылардың өзекті де маңызды мәселелерді көтергендерін және 1928 жылдан басталған қазақ жазуын ауыстырудың тарихын зерделеп, ой таразысына салсақ, мәнісіне тереңірек бойлап, кеңірек ой жүгіртсек, жалпы арабшадан латынға, латыншадан кирилге, енді қайтадан кирилден латыншаға көшудің ұлттық мүддеден гөрі саяси астары басым болып келгенін аңғарамыз. Қазіргі латыншаға көшуді жақтаушылар, көбінесе, ғылыми-технологиялық, компьютерлік-бағдарламалық, электронды құрал-жабдық-тық, саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік, педагогика-психологиялық, тарихи-мәдени байланыстық (түркілік ұлттардың бірдей әліпби пайдаланып тұтасуын) және т.б. жанама себептерді алға тартып жүр. Біздің ойымызша, әліпби ауыстыру арқылы ұлттық-лингвистикалық мәселені шешіп, рухани тәуелсіздікке қол жеткізу – ең негізгі мәселе. Демек латыншаға көшу тіліміздің өзіндік табиғи бітім-болмысын сақтап қалу үшін қажет.

Латын жазуына негізделген өзіміздің төл әліпбиімізді құрып алған соң, тіліміздің табиғатында жоқ, орыс тілінен және сол арқылы «халықаралық сөз» деген желеумен орысшаланып енген бөтен атауларды жаңа әліпбимен жазып, өз сөзімізге айналдыра аламыз. Сөйтіп, олардың тілімізге бейімделмей толассыз енуіне тосқауыл қоямыз.

Қазір қазақша баламасы (атауы) табылмай, тіліміздің лексикалық құрамына кіре алмай (олар кірме сөз бола алмайды, өйткені кірме сөздер болуы үшін дыбысталуы қазақша болуы керек) жүрген бүкіл сөзді өз тіліміздің төл дыбыстарымен жазып-айтуға тарихи мүмкіншілік туып отыр. Осы мүмкіншілікті дұрыс пайдаланбасақ, ісіміздің бәрі бекер.

Алайда біз қанша жерден дәлелдеп айтып-жазсақ та, өзгетілдік дыбыстар мен олардың таңбаларын болашақ латынша қазақ әліпбиінің құрамында болуын қалайтындардың аса көптігі таңғалдырады.

А.Байтұрсынұлы қазақтың ежелден ауызша қалыптасқан дыбыстық жүйесін негізге ала отырып, араб әліпбиіне негізделген бұрыннан келе жатқан ескіше жазуды түбегейлі өзгерту (реформалау) арқылы жаңа әліпби құрастырды. А.Байтұрсынұлы ұсынған жаңа әліпби қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне негізделіп, тоғыз дауысты (а-ә, о-ө, ұ-ү, ы-і, е) және он тоғыз дауыссыз (б, п, д, т, г, ғ, қ, к, ж, з, ш, с, й, л, м, н, ң, р, у) дыбыстардан құралды. Сол себептен арабша әріп-таңбалармен жазылып келген түркілік сөз үлгілері мен қалың жұртшылыққа түсініксіз араб-парсы, тіпті орыс сөздерінің бұрынғыша жазылуына тосқауыл қойылды.

А.Байтұрсынұлының араб жазуын қазақ тіліне икемдеген нұсқасы сол кездегі мамандардың көпшілігінің көңілінен шығып, қалың қауымның ыстық ықыласына бөленді. Ал қазіргі уақыт тұрғысынан қарап бағаласақ, бұл әліпби туралы қазақ тіл білімінің аса көрінекті өкілі, ф.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі Р.Сыздық былай дейді: «А.Байтұрсыновтың араб жазуын қазақ тіліне икемдеген нұсқасын қазақ жұртшылығы, әсіресе мұғалімдер қауымы ешбір дау-дамайсыз қабылдады. Себебі, Байтұрсыновтың алфавитке жасаған реформасы әрі қазақ тілінің табиғатына сүйеніп, әрі ғылыми негізде жасалған болатын» [13, 9].

 


Тарихи құжаттарға назар аударсақ, расында да ден қойып үйренгісі келетін адамдар оны бір-екі айдың ішінде-ақ үйреніп, сауат ашқан екен. Сол себептен болар, бұл әліпбиді сол замандағы қазақ қоғамы «төте жазу» немесе «төте оқу» деп атапты.

А.Байтұрсынұлының төте жазуын тек қазақ зиялылары ғана емес, әлемдік тіл білімі (лингвистика) ғылымының көрнекті өкілдері де мойындап, жоғары бағалаған болатын (Е.Д.Поливанов, В.Н.Яковлев және т.б.). Мысалы, Е.Д.Поливанов А.Байтұрсынұлының әліпбиі туралы: «Ол кездегі Қазақстанның істеген жұмыстарын рақаттанып еске түсірем. Ол кезде Қазақстанның соңынан басқа түрік елдері араб жазуын өңдеу, өзгерту жұмыстарын қолға алды. Бірақ ол жағынан Қазақстан басқа түрік елдерінің алдында отырды, басқаларға мұрындық болды. Қазақстаннан кейінгі орында Татарстан болды. Сол кездегі Қазақстан мен Татарстанның ескі жазуындай жақсы, дұрыс жазу болған жоқ. Араб әліппесіп дұрыстап өңдеу тек Қазақстан мен Татарстанның ғана қолынан келді. Қазақстанда мұны істеген Байтұрсынұлы болды [14, 32],– деп ерекше атап көрсеткен еді.

Сөйтіп, А.Байтұрсынұлының зор еңбегінің арқасында қазақтың төл әліпбиі мен емлесі (жазу) дүниеге келіп, 1929 жылға дейін толық қолданыста болды. Тіпті 1929 жылы қабылданған латынша жазумен қатарласып, 1940 жылға дейін жарыса қолданылып келді. Қазақ қоғамындағы қолданысының өміршеңдігін бертінгі уақытқа дейін сақтай алды.

Мәселен, алғашында ескіше сауат ашып, кейін төте жазумен білім-біліктілігін жетілдірген заманымыздың заңғар жазушылары М.Әуезов пен Ғ.Мүсірепов латынша, кирилше жазуларды оқып-үйренсе де, соларды бізден гөрі жақсырақ меңгерсе де, өмірлерінің соңына дейін өз қолжазбаларының басым көпшілігін бала шағында үйренген арабшаға негізделген қазақ әліпбиімен, демек А.Байтұрсынұлының «төте жазуымен» жазып өткен екен.

«Төте жазу» халқымыздың жаппай сауат ашуында, жастарды сапалы оқытуда, қазақша газет-журналдар мен көркем шығармаларды көптеп басып шығаруда, жалпы қазақ жұртының мәдениеті мен әдебиетін дамытуда зор рөл атқарды. Қазір де өзінің сол қызметін әлі жоғалта қойған жоқ. ҚХР-да тұрмыс-тіршілік етіп тұрып жатқан миллионнан астам қандастарымыз осы жазуды күні бүгінге дейін кең пайдаланып, білім алып, ғылымды игеріп, оқулықтар мен оқу кұралдарын жазып, газет-журналдар, түрлі кітаптар шығарып, қолданып келеді.

Қазақ тілі емлесін төл табиғатына әкеліп, реформалау мәселесі латын әліпбиі жобаларын жасаудан басталып отыр. Қазақ қоғамы, соның ішінде қазақтілділер бұл мәселеге белсене атсалысып, 100-ден астам жоба ұсынылды. Оған шетелдегі қазақтар да, тіпті, өзгетілді ағайындар да үн қосып келеді [15].

Оларды шартты түрде үш бағытта топтастыруға болады. 1-бағыт ортақ түркі әліпбиін құру мақсатында кеңейтілген (астылы-үстілі белгілері бар)

Исхан Бейбіт Жәлелұлы – ф.ғ.к., доцент,

Абай атындағы ҚазҰПУ Әдебиеттану және тіл білімі ҒЗИ қызметкері

Abai.kz

 

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

 

1 Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. Алматы, «Ана тілі». 1992 ж.

2 Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі. – Алматы: «Қазақстан», 1988.

3 Орфографиялық сөздік / Құраст.: Н.Уәлиұлы, А.Фазылжанова, Қ.Күдеринова, Ғ.Әнес. – Алматы: Тіл білімі институты, 2007. – 480 б.

4 Кеңесбаев І, Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы.

5 Сыздықова Р. Жанпейісов Е. Қазақ тілінің тарихы. – Алматы: «Мектеп» – 1968. – 239 б.

6 Айтбайұлы Ө. Қазақ сөзі. – Алматы: «Эвро». – 1997.

7 Барлыбаева Р. Қазіргі қазақ тіліндегі қоғамдық-саяси лексика. –Алматы: «Мектеп», 1978. –144 б.

8 Уәлиев Н., Алдашева А. Қазақ орфографиясындағы қиындықтар. – Алматы: «Ғылым», 1986.

9 Сауранбаев Н. Қазақ тіл білімінің проблемалары. Таңдамалы еңбектерінің жинағы. –Алматы: «Ғылым», 1988.

10 Ислам Жеменей. Парсыш-қазақша және қазақша-парсыша сөздік. –Алматы: «Санат», 1994.

11 Аманжолов А. Түрік филологиясы және жазу тарихы. –Алматы: «Санат», 1996.

12 Назарбаев Н.Ә. Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты /Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан Халқына Жолдауы. 2012 жылғы 14 желтоқсан.  

13 Сыздықова Р. Ахмет Байтұрсынов /Өмірі мен қызметі туралы/. /А.Байтұрсынов. «Тіл тағлымы». –Алматы, 1992.

14 Стенографический отчет научно-орфографической конференции, созванной 2-4 июля 1929 г. Научно-методическим Советом НКП и ЦКНТА. –Алматы, 1930 – С. 58.

15 Азер Хасрет: «Біз қателестік, Сіздер қателеспеңіздер!». http://www.azerhasret. com/

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1457
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3224
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279