Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
46 - сөз 35321 6 пікір 26 Наурыз, 2014 сағат 17:07

ОТАМАЛЫ

 

(Эссе)

1. Сыбағалы баға

Әдебиетке Ілияс, Сәкен, Бейімбетпен қатар келіп, 1937 жылдың жалмауыз аранынан аман қалса да, зауалынан екі мәрте сотталып, азап лагері мен соғыста айып батальонында болған; қазақтың эпикалық жыр дәстүрін берік жалғаған Шәкір Әбеновтың хадистік қос әңгімесінде жазу­шылық өнердің киесі туралы шындық ой айтылады. «Сыбағалы бағасын біреу бере жатар», – дейді ақын. Автор атаулы елену, оқылу, әдеби кеңістікке милықтамай, ұшқан құстай қалықтай өтуге мүдделі. Әдебиеттегі атақ-даңқ – оның жазба мұрасының жоғалмауы үшін қажет алғышарт. Шың басына жор­ғалап жылан да шығады деген тәмсіл жалған. Жылан стихиясы бөлек.
«Тілегім де болмас еді басқа онша, / Тек бір адам мені шындап жоқтаса...» – деп келер ұрпаққа арзу айтты жұмбақ аралдай ашылуын күтіп жатқан ерек ақын Жұмекен Нәжімеденов. 
Біз жәйлі не айтар екен кейінгілер,
Әлде бір зерттер ме екен зейінділер,
Табылған құм астынан құмырадай? 
Есенқұл Жақыпбек. Қас жақсысын бақиға қиса да, ажалмен қоса жазуын жоғалтпау ірі халықтардың еншісіне көбірек тиеді. 
Өмірден өткен жазушылар үшін риясыз іздеуші болуы – өшкені жанған шырақ, басқа қайта қонған бақ­пен тең. Егер ол мықты талант болса, қайдан шық­­пасын, іздеушісін құдай құлай береді. Сондық­тан сөзі құмға сіңген судай құру нағыз жазушыларға қауіп төндірмейді. 
Әлем әдебиетінде өлгеннен соң аты көп уақыт ұмытылып, кезеңі келгенде қайта ашылған, со замат асыл қазынадай жарқырап, суреткерлігімен баураған небір классик жазушылар бар. Герман Мелвилл, Амброз Бирс, Эдгар Аллан По, Говард Филип­пс Лавкрафт есімдері қайта табылған асыл мұраны еншілейді. Бұлар неге біраз мерзім ұмы­тылды? – деген сауал туындайды. Өйткені, шынайы көркем әдебиетті сүйетіндер қашанда азшылық, жалпақ жұрттың суреткерлікті айқын бағалауға талғам-өресі жетпейді. Былайғы сандалма ел жезді алтын санап адасады, ортаңқол жазушылардың қарадүрсін желдірме дүниелерін місе тұтып, жүре беруге бар. Белинский жар салмағанда, Гогольды дер кезінде мешел орыс қоғамы тани алған жоқ. Көр­кем сын құдіреті, Құлагерді жазбай білген Күрең­байдай қас асылды, ерді кебенек ішінен бұлжытпай таниды. 
Француздың ұлы ақыны Шарль Бодлер ана тілі­не аударып, есімі шарықтап Европаға жеткен соң, туған елі Америкада Эдгар Поның жұлдызы жанды. Екінші қайтара ашылу жаңа контексте оқылумен тең. Зейін күшейеді. Сөйтіп, расымен ұмыт қалудың құпиясы қоса ашылады, үстірт сын дер шағында ша­ла­ғай­лықпен дұрыс ұқпайды екен. Енді жазушы­ның бағы аспандап өсе береді.
Қазақ әдебиетінде сондай мәуелі бақ Тобық Жар­мағамбетовке (1-2 суретте) (1934-1974) бек лайық. Тобық­тың заманы енді туды. 39 жаста өмірден озған жазу­шыға ықылас соңғы 40 жылда бәсең тартқан­дай болды. Бірақ өлі арыстаннан тірі тышқанды артық санау пиғылы әдебиетке өлсе жүрмейді. Ол туралы Зейнолла Серікқалиев сияқты мықты сыншылар кезінде айтты. Сағат Әшімбаев: «Біздің әдебиетімізде елеусіз-ескерусіз жатқан, ләм-мим сөз болмаған роман, повесть, әңгіме, поэма, өлең­дер қаншама?! Күні кеше арамыздан кеткен талантты жазушылар Ақан Нұрманов пен Тобық Жармағам­бетов­тың қалдырған мұнтаздай таза мұрасы ту­ра­лы жазылған көлемді, көрнекті мақаланы кім оқы­ды екен?», – деп жазды. («Әдебиет мүддесіне адалдық» атты мақаласынан). 

2. Метафоралық проза

Абай: «Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды, / Үс­ті-басы ақ қырау, түсі суық, /.. Дем алысы – үскірік, аяз бен қар» деп кейіптеп, кәрі құда, беймаза шалға теңейтін жыл мезгілі – қыс. Тобық Жармағамбетов ежелгі халық қиялы эпикалық құлашпен қисындап, жаратылыс нышанын кісі бейнелі етіп, метафоралық тілмен жұмбақтай кес­кін­деген табиғи құбылысты нысан етіп дәл таңдады. «Отамалының» кере­меті, жыл мезгілінің құбылмалы кезеңін, табиғат тосын құбылған, қыс пен көктем таласқан алмағайып мезетті тұлғаландыра, нандыра суреттеуінде. Жыл он екі айда тайғақ кешу, бес­қонақсыз болмайды. Жазушы қар аралас жаңбыр, көктемнің басқы салқын ауа-райының ең жайсыз жаламыр мезгілін образ арқылы суреттеуі – космо­гониялық портрет, оның прозалық теңдесі жоқ көркем үлгісі. 
Тобықтың «Отамалы» атты әңгімесінде адамзат аңсай беретін мейірім кені жатыр. Қазақ халқының рухани болмысын еректеп тұратын жан иесіне мейірбандық, рақым, жанашырлық, биік адамшы­лық гуманизм – поэтикалық-мифтік әңгіменің алтын өзегі. Ақ өлеңдей әр сөйлемі көркем, екшеп алуға татиды. Әуелгі кілтті сөз – мұз бен аңыз. То­бық Жармағамбетов дүниені құрсаған мұзды жібітер мейірімді жырлады. Оның сүйікті қаһарманы құбыжық дәу емес, кебенекті ер. «Ертеде қазақ даласын борандар мен аңызақтар, жұт пен қасқыр­лар, сосын... аздаған қазақтар жайлайтын. Әр төбенің баурайында тілін жалаңдатып, жұт жортатын». Отамалы – қойшы. Жазушы жалшының қара мұрт Жапан байдың үйіне келген сәтін бейнелегенде Шықбермес Шығайбай еске түседі. Тобық аға әңгіме тініне фольклорлық негізді дәл енгізгені ға­жап. Ол ноғайлы жырауларының тұяғы, психоло­гия­лық параллель арқылы жер-көкті орап суреттейді: «Намаздыгерде Отамалы етігін жамайды, байеке намазын оқиды, қарға ұясына кіреді». Отамалы өзін мен демей, үшінші жақтан атап «Отамалы» деп жас балаша сөйлеуі тектік нышан, әңгіменің аңыз жанрында екенін экспрессивтік күшейте түседі. Кішкене кезінде бір қызым екіншісінен ойыншығын тартып алғанда, бұл менікі демей, «Макандыкы» дейтін нығыздап, «Балкендікі», мына менікі дегені. Д.Ф.Купердің прозасында ақ нәсілділер қызылтерілі атаған үндістер өздерін үшінші жақтан сөйлейтін. Бұл мінез әуелі балаға тән, сосын жабайы түз адамына лайық аборигендік таза сананы айғақтайды. «Еділден аққан сызашық, / Біз көргенде тебінгіге жетер-жетпес су еді», – деп Шалгез жырау жырлаған бұрынғы есте жоқ ескі мифтік уақытты еске салады. 
Бай есімі Жапан аталуы, жапан дала, жазы, айдала дегенді білдіреді. Сәкен Жүнісовтың «Жа­пан­­дағы жалғыз үй» атты романының атауы қазақ кешкен патриархалдық тұрмысының моделі. Қойшы атсыз болуы мифтік деталь. Соңында ала төбеті бар. Шұбат ішкен түйелі Жапан бай жалшысына мінер бір ат тауып берері даусыз. Ол адам тәрізді берілген иен дала, елсіз кеңістік. «Темірқазық, Жетіқарақ­шы­лар көріне бастаған. Олар бір жанып, бір сөніп, селк-селк етті», «Ай, Жетіқарақшының теңселуін-ай!». Жазушы әр детальды мұқият таңдайды. Жеті қат көктегі жұлдыздар жердегі өсімдіктей тоңып тұрғаны Отамалының басына үйірілер, өлімге итерер дүлей зұлматты астарлайды. «Өмірден бар көргені осы ошақ, иттері, байдың үйі. Бірақ ол кең даланың етене баласы еді», «...жер танығыш еді». 
«Жұлдыздарға да қиын-ау, жап-жалаңаш, – деп ойлады Отамалы бір мезет». Асанқайғы, абыз толғау. Отамалы ауылдан ұзап кеткендегі төбелерді жазушы «қара жаулық жамылып» деп суреттейді. Трагедиялық таңбаны оқушы жүрегі сезе бастауы үшін. Отамалының құла түзде мың қоймен жалғыз өзі ығып, сұрапыл суыққа ұрынуын Тобық аға мифологиялық үлгіде берген. «...бір мыжырайған төбенің бауырынан ызғырық жел кенеттен қойлар мен Отамалыға тап берді». 
Орыс халқының ірі этнограф-ғалымы А.Н.­А­фа­насьев (1826-1871) «Поэтические воззрения славян на природу» атты құнды кітабында ежелгі еуразиялық тайпалардың мифологиялық дүниетанымын зерттеді. Көне қауым табиғат жаны бар, тірі деп түсінген. Бағзы пұтқа табынушылық табиғаттың мылқау күшіне бас иген, әр құбылысты қастер тұтып, жеке дара Құдай деп таныған. Жер, су, от, жел, тегіс жанды, тұлғаланған, бәріне Тәңірі­дей табын­ған. Дінге сенушілікке дейінгі адамзатқа тән тұңғыш риясыз көркем дін – осы. Бұл расында, халық тудырған символдық поэзия болатын. 
«Көкек айында қар ұзақ жатпайды», жазушы жер жадын білетіні, алай-түлей стихия билеген кең даласын сүйетіні шүпілдеп тұнып тұр. Жан-жануар, тірі жәндікке мейір-шапағаты адамға теңелген жазушы нағыз ізгілік иесі. Тобық Жармағамбетов қаламының құдіреті сол, жан-дүниесіндегі қазақы ұлы мейірімін боранда ыққан панасыз малға арнайды. Ол малдың үскірікке ұрынуын трагедиялық биікке көтерген. Қой екеш қойды адамдай, жаңа туған қозысын нәрестедей көріп, аяп, үсік ұрған сайын жаны қалмай елжіреп, құсадан егілетін кім? Отамалы. Отамалыны тірілткен Тобық емес пе! Егі­ліп шер жұтқан Тобықтың өзі. «Қойлардың жалыныш­ты маңырағаны ертіп келе жатыр оны», «Ызғырық жел­дің өтінде екеуі шоңқиып қала берді». Қойшы көкірегі зар жылайды. «Отамалы бүкіл денесімен селкілдеп, дірілдеп кетті. Ерні кемсең-кемсең етіп, түсі бұзылып қоя берді. Қойлардың жаппай қоздай­тын уақыты жеткен екен ғой. Қазір дүниеге келген жас қозыларымен бірге қатып жатыр!». Бейнетқор, адал қойшы қара басын емес, қорғансыз, кенет долданған қу далада пана таппай қырылуға айнал­ған қайран малды ойлап жаны түршігеді, сол үшін түңіле азап шегеді. Әзиз жаны кейіп, малды жайы­лым­ға зорлықпен жіберген ашкөз байды қарғай­ды. 
Көкек айда көктеуге көмекке кеп,
Көптеу жауған жаңбырға ел өкпелеп,
Бетегеге көк қасқа қозы жайып,
Көпшілік боп көп төлге өбектеп ек,
Қажытса да жүгіріс қара сан ғып,
Мейірім көрсек мал-жанға жарасарлық,
Қуанамыз елжіреп:
Мекіреніп,
Шаранасын жаласа мама саулық.
Сонша үзілген, не деген өзек еді?!
...Мама саулық даусынан – маңыраудан:
«Құлдығым-ай!» – деген сөз естіледі.
(Жұматай Жақыпбаев. «Көктеудегі көріністер», патетикалық баллада). 
Ермек Тұрсыновтың көрерменді бастан-аяқ ширықтырып ұстап отыратын «Шал» атты фильміндегі қасқыр қамаған қойлардың лажсыз қозылай бастауы, шалдың мейірімі Тобық Жармағамбетовтың «Отамалысын» еске түсірді. Фильм идеясы Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» атты культтік повесінен алынуы стихиямен жападан-жалғыз алысқан тағдырды, «Адам жеңеді!» идеясын анықтайды. 
«Алғашқы қозыны көргенде Отамалы өзін ұмытып кетті. Бишара саулық қозысының денесін жалағыштап жатыр екен. Бірақ оның да әлі жоқ. Отамалы қозыны көтеріп алды да, икемсіз қолдарымен шекпеніне енгізді». Қозы әлі тайған, жансызданған қойшы қолынан сусып түсіп, көбік қарға тұншығып өлді, терең қардан аршып, арашалай алмай қалды. Ол қой жаппай қозылай бастағанда сұмдық қатты қиналады. Отамалы, халық «бесқонақ» атайтын мезгіл – көктемгі мал төлдейтін уақытқа дәл келеді. Мұндай зарды ешкімнің басына бермесін. Өлген мұз қозысын жалаған саулық. «Отамалының жүрегі қарс айрылды». Есі шыққан қойшы боран, жел, табиғат құбылысына айбат шегеді, Тәңіріге нала айтады. «–О, тәңірі! Не істегенің? Не қылғаның? Көкек айы, сенің айдарың жұлынсын!» деген Отамалының күйініші көркем кейіптеу. Айнала жас өлім. Оның бешпентін шешіп, лақтыра салуы өлімге мойынсұнғаны. Басындағы тымағын жел ұшырды. Есі кетіп, етіксіз, шұлғауы шешіліп, тәні бір қар, бір мұз болып қайғылана асып барады. 
«Аспан іріп кеткен», «...құстар ұшуын, кесіртке жорғалауын, өзен ағуын қояды». Автордың шеберлігі қиямет-қайымды еске түсіреді, тозақты бейнелеуде алдына жан салмайтын католик классик ақындар болатын. 
Табиғат құбылуын суреттегенде жазушы «...су өгіздің ыңыранғанындай дыбыстарға толып кетеді», «Суық жел мыңдаған жыландарға айналып барады» деп мифологиялық қанық бояумен беруі құнарлы. 
Дүкенбай Досжанның аптап құмда қой баққан, құлдан бетер қиналған «Аборигені». Жұмабай Шаштайұлының «Қызыл қар» атты повесінде қой бағудың аласапыран қиыншылығы, қойшының бейнетқор тірлігі. Қазақ рухын қорғап, ұлт мұңын ашына жазған. 
Қойшының жан тәсілім етер сәті, ол – Отамалының таусылар тұсы, Құдай айдап әкелгендей құлпытасқа тап келуі. Өлерінде ол өзінің ұшып келе жатқан қазаны мен ошағын көреді. Астындағы жанған отымен бірге. Отамалы аруаққа айналды. Дүниеғайып. Қыс жеңілді, жазғытұрым келді. Отамалы өтті. Ол Снегурочка сияқты жылылықтан еріп кетті. Мифтанушы Александр Николаевич Афанасьев ақындар, абыздар, балгерлер табиғаттың сан алуан құбылы­сын түсіндірушілер болып табылады деп таниды.
Жазушының мейір тұнған жүрегі аңызды былай аяқтайды: «Күн қайта шығып, қарларды әп-сәтте ерітіп жіберген. Қойлар баурайда өскен қызғал­дақ­тар­ға қозыларын жайып, кең даланың төсінде мәңгі-бақи қалып қойыпты. Оларды қасқырдан ит қор­ғап­ты». 
Қиялдың құсы егіліп, 
Іштегі дертті айдасын. 
Бернияз Күлеевтің «Жырла да зарла, көңілім» атты өлеңінен қос жол мынау танымдық аңыз әңгі­менің түп сарынын ашуға септігі тиер. 
Қазіргі қазақ санасында Тобық Жармағамбетов әңгімесінің алтын шуағындай төгілген шынайы мейі­рім азайып, сарқылып барады. Бабалар орнын­да бар оңалар десе, ізгілікке сенімі. Отан мейірден өседі. Түрікмен ақалтекесін қызғыштай қориды. Қа­зақ тілімен жылқыны сүйеміз дейді, бірақ кейбі­реу­лер әсіре пайда қуып, бұл жануардың тұқымын мөлшерден артық сойып сатқыш қасапшы­ға айналды. Малды Құдай адам несібесі үшін жаратты, сөйткенмен шектен тыс пышаққа қия беру – обал. Мұның бәрі аураға, елдікке теріс әсер етері айдан анық. 
Әбубәкір Қайранның «Түйелер трагедиясы» атты ыза жыры бар. Малдың киесінен қоғамына бағы­ныш­ты кейінгі мәңгүрт қазақтың қорықпайтын бол­ғаны; өз көрін өзі қазған нақұрыстай, обырдай араны ашылған ет комбинатына өткізу үшін ауыл­да­ғы түйе жануарды обал жасап, техникамен соғып өлтіргені туралы.
Қамаудағы текті түлік, киелі, 
Мойындарын көкке қарап иеді.
Құлап жатыр бірінен соң біреуі, 
Елестетсем, ішім от боп күйеді!
...Бұғауланған түйелерді сонан соң,
Дырылдатып «ДТ»-менен сүйретті.
Бар еді ағам түйе баққан жасынан
«Тоқтат, кәне, сұмдықты!» деп сол ағам, 
Мылтық атты директордың басынан.
Әбубәкір ақын өмір бойы түйе баққан әкесі қайтыс болған соң, 3000 бас түйе түлігінің құрып ке­т­кенімен өлеңін аяқтайды. Төрт түлік мал басы елде күрт азайып кеткені осы тектес кесірлік зардабы. Құнарлы шұбаттан айырылу, ұлттық құндылық­тарды ата түлік малмен қоса жоғалту. 

3. «Отамалы» ұғымы 

Отамалы. Көктемнің бас кезіндегі ауа-райының ең жайсыз мерзімі. «Біздің қазақ Айды да білмейді, жұлдызды да білмейді, жылды тоқсан болғанда: «Жер мұз» – дейді. Отамалы, сәуірде қой қоздайды. Қыс болып, суық болса, ақпан мен қаңтар дейді». (Мәшһүр Жүсіп, 4 том, 5-бет). И.В.Гетенің «Айнымас Эккарт» (1813) атты балладасы скандинав фольклорынан қарызға алынған сюжет. Эккарт эпос кейіпкері, адамдарға боран басталарын алдын ала ескертетін мейірбан шал. Ол «Борандағы жиһанкез жыры» атты ода (1771) жазған. Гетеде боранда қаза тапқан Леандр есімді ғашық жарға арнаған өлең бар, сүйгені Геро суға кетіп өледі.
«Совсем не вернется, скрылась, / Быть может, в чужие края./ Идите, овечки, идите,/ Томится душа моя». («Бақташының шағым жыры»). 
Орыс тіршілігінде Отамалыға ұқсас ұғым – «Падера», ол құйындай соққан қарлы-жаңбыр аралас­қан боран. «Падера – буря с вихрем, дождем, снегом». (Словарь областных и устаревших слов по А.П.Чапыгину). 
Игорь Золотусский «Гоголь» атты мақала­сында Николай Васильевич Гогольдың нағашы атасы Иван Матвеевич Косяровский туралы былай деп жазады: «Бірде бұрқасын боранда ол бір күн, бір түн иесіз ашық далада аязда қалып қояды. Оны тауып алған­да есін білмейді, ал көзінде мұз болады. Оның бір көзі, Мария Ивановна жазғанындай, «өлді». Қызы әкесі­нің көзін суық сорып семді, соқыр қылды де­гені ғой. 
Лев Николаевич Гумилев есте жоқ ескі заманғы Ұлы Даланы суреттейді. Бағзыда аң-құсы өріп жүр­ген кең далаға еріген мұздықтан өзендер сарқырай ақты, қазан-шұңқырларда көлдер пайда болды, циклон­дар шығысқа лап қойды, жаңбыр мен қар төпеп тастаған соң, жазықта ормандар өсіп шықты дейді. Демек, Отамалы құбылысы Ұлы Даланың негізі жаратылысында болған ғой. 
«Жылдың бас айы – Отамалы болып саналған. Мерзімі жағынан қазіргі май айына сәйкес келеді. Бұл атаудың төркіні түркі тілдердің барлығында дерлік кездесетін «от», яғни шөп деген мағынаны білдіреді. Әдетте, Отамалы айында көк қаулай шы­ғып, әжептәуір көтеріліп қалады. Ай есебінің рет тәрті­бін саралайтын деректердің бірін Шоқан Уәли­ханов­тан кездес­тіреміз: 1.Отамалы (март), 2. саратан (апрель), көкек (май)...». 
Жер жұтуға тоймайды; От отынға тоймайды; Құлақ естуге тоймайды; Кісі ойға тоймайды; Бөрі қой­ға тоймайды. 
«Сәуір санды қыс, отамалы ойылған қыс (отамал да сәуірде болады), үркерлі айдың бәрі қыс. Сара­тан-зауза сенен де қорқам» дейді екен бұрынғылар. Шалдар айтады екен, заузада желіде байлаулы құлын қырылған, енесі ығып кеткен, шай қайнатым уақыт жаңбырлы, желді бұршақ қар жауып, күн ысы­тып осындай оқиға болған деп. Сол сәтте түс қайта күн қайта жылынып, өлген малдың терісін алуға үлгермей, шіріп, иістеніп кеткен деп... зауза, сара­тан деген осы айда ұшатын кішілеу сары қоңыз­дың аты». (Үркімбай Қыдыралин, «Батыс Қазақстан қазақтарының әдет-ғұрып аймақтық ерекшеліктері»). 
Сатирик-жазушы Табыл Құлияс: «Отамалы не­гі­зінен батыс өңірінде болады. Үш-төрт облысына тән құбылыс. Отамалы өтпей малшылар сақтығын жоғалтпайды. Бұл қыс пен көктемнің алмасу ке­зеңі». 
Ота. Қырып-жою, жоқ қылу, құрту. Оталумен түбірі бір. 
Отамалы туралы ғылыми болжам Байбота Се­рік­байұлы Қошым-Ноғайдың тілдік таным кітабында айқын берілген. «Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында халықтық этимологияға түсі­нік: «Жазғасалымның ең жайсыз кезін әнеукүні әжесі «отамалы» деп атап еді. 
–Осы «отамалы» немене? Не деген сөз өзі? – Абай соны сұрады. – Отамалы көкек айының он бірінде кіріп, он жетісінде шығады. Желсіз, борансыз өтпейді. Қыстың ең соңғы зәрі сонда. Отамалы деп атанғаны – бір байдың Отамалы деген қойшысы болған екен. Сол пақыр күн қайырады екен-ау! Көкектің суығы басталған уақытта, әлгі, қойды жайылыс­қа шығарайық, боран болады. Қойдың қыстан титықтап шыққан кезі, малыңнан айырыласың десе, байы бір діні қатты кәпір екен. Сен тоғышарлық қылып алдап отырсың деп, Отамалыны сабап-сабап, қойды жайылысқа шығартады. Сол күні, құ­дай көрсетпесін, бір қатты боран басталып, тақ үш күн, үш түн соғып, бар қой ығып кетіп қырылыпты да, қойдан қалмаймын деп, Отамалы пақыр да үсіп өліпті. Көкектің суығы – «отамалы» атанғаны содан дейді. Әжең пақыр соны біледі ғой, – Қарабас». 
Академик І.Кеңесбаев құрастырған Сөздіктегі қосымшаларда белгілі ғалым Құлмат Өмірәлиев былай деп жазады: «Қазақша ай аттары Қазақс­тан­ның әр жерінде әртүрлі аталады. Егер Шоқан Уәлиханов жазып алған деректе Наурызым – февраль, Отамалы – март, Шаршатамыз – июль айы болып келсе, бір жерлерде (Қазақстанның шығы­сын­да, оңтүстігі мен батысында) айдың Қыркүйек аты аталмай, оның орнына Мизам (Мизан) ай аты (зодиак жұлдызы аты) айтылады. Хут (не Үт) айын Қазақстанда шығысында Бірдің айы, ал Хамал айын Көкек деп атайды».
Араб тіліндегі (Хұт) – Балық, ал «Хамал» – Тоқты зодиак шоқжұлдыздарының атаулары біздің ана тілімізде ақпан және наурыз айларының аты ретінде де қолданылған екен. Біздіңше, «Отамалы» атауының пайда болуына дәп осы екі атау себепкер болған секілді. Ерте кезеңдерде «хұт»(ақпан) және «хамал»(наурыз) ай аттарының қосарлана қатар аталуы себепті әуелгі кезде «хұт+хамал» аталып, кейінірек «үт+амал» дыбыстық құрамында жүріп, тілімізде «отамалы» сөзі қалыптасқан деп жорамал­дау­ға болады. Осы екі атаудан пайда болған «отамалы» бастапқыда қыс пен көктем арасында өлара кезеңді бейнелеген де болуы мүмкін. Соңыра ол жылдың осы мерзіміне сай келетін амал атауына айналған деп түсінудің орайы бар». (Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай. «Тіл ұшындағы тарих»). 
Небесный свод, горящий славой звездной,
Таинственно глядит из глубины, –
И мы плывем, пылающей бездной
Со всех сторон окружены.
Федор Тютчев – орыстың ең тұңғиық философ ақыны, екі дүние лебін сезінетіндей, табиғаттың ирра­циональды соқыр стихиялық құдіретін түйсік­пен біліп, жаны тітіркенердей жырлаған. Болмыс хаос екенін, меңіреу, мылқау, адамды буырқанған дауылды теңіздегі жаңқа құрлы көрмей, шыбын жанын шырқыратып жаншып жіберетін дүлейлігін дәл Тютчевтей сұмдық сезінген ақын сирек. Тобық Жармағамбетов жазмышқа бағынбай, соңғы демі қалғанша алысқан адам образын асқан мейіріммен, жанашырлықпен тебірене суреттеуі тютчевтік сарын­дағы күңіренуге ұқсас. Стихиялық орасан зор күшті Мағжан «Қара түн, оның зорлығы» нышанда жырға қосты. 
Тобық Жармағамбетов аңыз-әңгімесінде қой-ешкіні қазақ халқының төл түлігі, мал баққан халық­тың өмір салты ретінде таңдап алды. 
Қой – от, күн қуатын, ерлік, қырсықтықты тұс­пал­дайтын маңызды символдың бірі. Қой басты Амон құдайдың құрметіне Иорданияның астанасы Амман аталған; қошқар мүйізі құдайлық белгі са­налған. Көбінесе қой құрбанға шалатын мал ретін­де жиі пайдаланылған. 
Құрбан айтта қошқар шалады. Құрбандыққа адамдар шалынған сұрапыл замандардың құруын, дін оған ресми тыйым салуын тұспалдайды. Қойдың момындығын нышан ретінде діндерде тұспалдады. Алтын жабағы – гректе иен дәулеттің белгісі. 
«ҚОШҚАР. 1. Орта жүз арғын тайпасының құрамында қошқар руы бар. 2. Орта жүздегі қыпшақ тайпасы құрамында қошқар руы бар. 3. Мажарс­тан­дағы қыпшақтардың құрамында қошқар (кочкар) руы бар» (Ақселеу Сейдімбек. «Қазақтың ауыз­ша тарихы»). Қазақ шежіресінде еркек қой қошқар мен ешкі баласы теке тайпалық атауға ие екені білінді. Оның дәстүрлік, ғұрыптық астары болмаса атамас еді. 
Қой баласына сүйіспеншілік Табыл Құлияс­тың «Жиембет» атты кітабында бар: «Қой аз туа­ды. Өзі қоңыр, өзі момын келеді. Тез көбейе­ді. Бірін-бірі жатырқамайды. Бірінің қозысын бірі емізіп ала береді. Өскесін екі төбенің аржағына шығып кетсе де маңырасып, бірін-бірі жоқтап жатады. Отар, отар қаптап келе жатса да бірінің ырыздығын ит сықыл­ды аузынан жұлып жеп, әлімжеттік етпейді. Алдын­дағы бұйырғанына қанағат етеді. Тойғанын біледі.Семіздігін де көтереді. Қазақта «Семіздікті қой ғана көтереді» деген мақал содан қалған. Әттең, бір қой пышаққа іліксе екіншісі де өлгісі кеп тұрады. Бір тамырдан тараған шөпті бөліп жейді. Қызғаны­шы жоқ. Аштыққа душар болса, бәрі бірдей азапты тартады. Маңырағаны да бір-сарындылықты танытады».

 Айгүл  Кемелбаева,  

жазушы

"Қазақ әдебиеті" газеті

6 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2025