Сенбі, 23 Қараша 2024
Әкім мен халық 6073 0 пікір 25 Наурыз, 2014 сағат 13:14

ҰЛТТЫҚ ИДЕЯНЫ ҰҒЫНБАҒАН ӘКІМ

Жамбыл облысы, Шу ауданы

Ақтөбе ауылы тұрғыны, зейнеткер

Б.Ылшыбаева және басқа да ауыл тұрғындарынан

 

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың назарына!

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агентігінің төрағасы

Әлихан Байменовтың назарына!

 

«Қазақстан-2050» Стратегиясы: «Тағылымы мол тарихымызбен, ұлы бабалардың ұлағатты өмірінен алар тәлімімізбен біз алдағы асулардан алқынбай асамыз.», бабаларымыз «Сын сағатта туған елге деген перзенттік парызды бәрінен биік қоя білген.»,  «Елдік мұрат жолындағы ұлы ерлік әрқашан аталарымыздың бойынан табылған.», «Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік Ел» боламыз»

 

Н.Назарбаев: «Мемлекеттік қызметшілердің өздері Стратегиямыздың идеяларын білуге және мәнін терең ұғуға тиіс.» 

Н.Назарбаевтың «Қазақстандық жол-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауынан. 

 

«МӘҢГІЛІК ҚАЗАҚ ЕЛІ» ИДЕЯСЫ

немесе ұлттық идеяны ұғынбаған әкім

            Елбасы Н.Назарбаев: «Қазақстан-2050» Жаңа стратегиялық бағытын жүзеге асыруда бізге – қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Тағылымы мол тарихымызбен, ұлы бабалардың ұлағатты өмірінен алар тәлімімізбен біз алдағы асулардан алқынбай асамыз. Үндеудің сыры – бірлікте, жүдеудің сыры – алауыздықта. Осыдан 3 ғасыр бұрын Аңырақайда болған ұлы шайқаста ата-бабаларымыз бірліктің құдіреті қандай боларын өзіне де, өзгеге де дәлелдеген. Сын сағатта туған елге деген перзенттік парызды бәрінен биік қоя білген. Сол шайқаста төгілген қан барша қазақтың тамырында бар. Бізді бір-бірімізбен біріктіретін де, бауыр ететін де бабалардың бостандық жолында төгілген осы қаны деп білемін. Елдік мұрат жолындағы ұлы ерлік әрқашан аталарымыздың бойынан табылған. ...Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік Ел» боламыз» деп, «Қазақстан-2050» Стратегиясында қазақтың «ұлттық идеясын», «Мәңгілік Ел» болудың негізгі факторын қадап тұрып айтқан болатын. 

            Міне, осылайша тәуелсіз мемлекетіміздің ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарында ұлттың ұлттық идеясы «Мәңгілік Ел» болудың басты факторы екендігі айрықша аталса, Елбасының жергілікті жерлердегі өкілі саналатын кейбір әкімдер ұлттық идеяның не екендігін білмейді, «Мәңгілік Ел» болудың негізгі факторын тіпті түсінбейді де. Міне, «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты бағыттарын ұғынбаған осындай әкімдер елді басқарып отыр.  Ал, ұлттық ұстыны бұлыңғыр, бойында ұлттық мақтаныш сезімі жоқ әкімдер ұлтқа қалай қызмет етпек?! Мемлекет Басшысының басты тапсырмасын ұғынбаған мемлекеттік қызметші, әсіресе әкімдер елді қалай басқармақ?! «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді стратегиясының басты бағыттарын білмейтін әкім қалайша жоспар құрып жұмыс жасамақ?!

            Ұлттық идеяның не екендігін ұқпайтын, бойында титтей болса да отансүйгіштік сезімі жоқ, «Қазақстан-2050» Стратегиясының негізін түсінбеген, тіпті Елбасы саясатына ашық қарсы жұмыс жүргізіп отырған әкімдердің бірі, әрі бірегейі Жамбыл облысы, Шу ауданының әкімі Б.Нұркенов дер едім. Енді осы айтқан уәждеріме нақты айғақтар келтірсем.    

            Жамбыл облысы, Шу ауданы әкімі Б.Нұркенов 2014 жылдың 10 ақпан күні Ақтөбе ауылында өзінің 2013 жылғы қорытынды есеп беру жиынын  өткізген болатын. Сол жиында Ақтөбе ауылы тұрғындары аудан әкімі Б.Нұркеновке өздерін мазалаған, бірақ шешімін таппай жүрген мәселелер: «ауыз су», «тозығы жеткен жол», т.б. ауылшаруашылығына қатысты сұрақтар қояды. Ауыл тұрғындары қойған сұрақтарына аудан әкімі тарапынан жауаптарын естіп, кейбірі қанағаттанып, кейбірі қанағаттанбады. Сол секілді ауыл тұрғындары: «Елбасы Жолдауында тек экономикалық жоспарлар ғана емес, сонымен қоса  «ұлттық патриотизм», «ұлттық идея», «Мәңгілік Ел» туралы мақсаттар мен жоспарлардың бар екендігін айта отырып, «Сіз Елбасымыздың биылғы Жолдауында ерекше аталған «Мәңгілік Ел», «ұлттық идея», «патриотизм» туралы аталған құндылықтарын қалай түсінесіз, және осы құндылықтарға сіз баяндамаңызда неліктен тоқталмадыңыз, және болашақта осы ұлттық құндылықтарды жаңғырту мақсатында қандай жоспарыңыз бар?» деген сұрақ қояды. Сонда бұл сұраққа аудан әкімі Б.Нұркенов жауап бере алмай, «ұлттық идея», «ұлттық патриотизм», «Мәңгілік Ел» туралы құндылықтарды «сары шаянға» теңейтіндігін жеткізді. Сол секілді Шу ауданы әкімі Б.Нұркенов:  «патриотизм» жастарға керек, сондықтан патриотизмді соларға айту керек» деп, тіпті әкім «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» Заңын да білмейтіндігін аңғартып берді. Өйткені, «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» Заңында патриотизмді мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызмет барысында басты құндылық ретінде қабылдау керектігі аталған.

            Осылайша Шу ауданының әкімі Б.Нұркенов «Қазақстан-2050» Стратегиясы, Елбасының дәстүрлі Жолдауы түгілі «ҚР Мемлекеттік қызмет туралы» Заңынан да бейхабар екендігін аңғартып, «Мәңгілік Ел» болудың басты факторларын нақты атап бере алмай, өзінің қаншалықты мемлекеттік қызметші екендігінен, қай деңгейде Елбасы саясатын насихаттап жүргендігінен хабар берді.  

            «Шу өңірі» газетінің 2014 жылдың 18 қаңтар №6-7(8768-8769) санында Шу ауданының әкімі Б.Б.Нұркеновтың 2013 жыл қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есебінде: «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстандық жол-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арналған жолдауын басшылыққа ала отырып, оны қызу қуаттап, қолдаймыз. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын биік белеске көтеру – басты мақсатымыз болып саналады» деп жазыпты.

             Мемлекеттік мүддені түсінде де көрмейтін, ұлттық құндылықтарды аяқ асты етіп, тәуелсіздігімізді тек қорлауды ғана білетін, тіпті өзі басқарып отырған мемлекеттік мекеменің атын жаза білмейтін, сауатсыз, топас, тумысынан ұры-қары, мемлекет қаражатын тек жымқыруды көздейтін әкімдерімен Б.Нұркенов қалай ғана ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын биік белеске көтеруді мақсат санап отыр?! Тәуелсіздігімізге басты қатер төндіріп отырған осындай әкімдерді Шу ауданының әкімі Б.Нұркеновтің жанын салып қорғаштап, былығын көрсе де көрмегендей болып, білсе де білмегендей болып отырғандығы баршаға аян. Міне, осының өзі Б.Нұркеновтың кім екендігін көрсетіп, қай деңгейде ауданның экономикалық жағдайына қызмет етіп отырғандығын білдірсе керек.

            «Билік жолында ұлттың ұлы мұраттарын да ұмытып кететін адамдарды айыра білуіміз керек» деген Н.Назарбаевтың сөзі Шу ауданы әкімі Б.Нұркеновке қаратып айтылған. Өйткені, Б.Нұркенов билік жолында ұлттың ұлы мұраттарын ұмытып қана қоймай, ұлттың ұлы мұраттарының не екендігін әлі күнге дейін білмейді, ол туралы түсінік те қалыптаспаған, «Қазақстан-2050» Стратегиясында аталған «Мәңгілік Ел» болудың негізгі факторы – ұлттық идеяны тіпті ұғынбаған. Халқымыздың қаһарман батыры Б.Момышұлы: «Кімде-кім өз ұлтын құрметтемесе және оны мақтан тұтпаса – ол адам сөзсіз арамза, қаңғыбас» деп, «опасыздың Отаны жоқ» дейді. Баһадүр бабамыз қан майданда жүріп сан мың жаудан қаймықпаған, сескенбеген, бірақ ұлтын құрметтемеген, ұлтсыз, опасыз, дүбәрә, мәңгүрттерден қатты қауіптенген болатын. Міне, осының өзі Шу ауданының әкімі Б.Нұркеновтың ұлтқа қаншалықты қауіпті екендігін аңғартса керек.  

            Шу ауданы әкімі Б.Нұркенов аудан әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарып отырған кезінде Ақтөбе ауылы халқымен өткізген бір жиынында ауылдың тұрғыны, зейнеткер Т.Самбетовтың қойған сұрағына жауап бермей, «Сіздің жасыңыз келіп қалған екен болмаса қазір далаға желкелеп сүйреп шығарып, лақтырып жіберетін едім» деп салған болатын. Осы жиыннан соң Б.Нұркеновтың өткізген тағы бір жиыны кезінде Б.Нұркеновтың Т.Самбетовке айтқан сөзін ауылдың зейнеткері Б.Жазылбаев қозғап, «Сіздің зейнеткер Т.Самбетовке дөрекі сөз айтқаныңыз дұрыс болмады, тіпті енді Б.Нұркенов жиын өткізеді десе, біз барсақ па, бармасақ па деп ойланатын болдық» деп Б.Нұркеновтың теріс қылықтарын бетіне басқан болатын. Сонда Б.Нұркенов өзінің Т.Самбетовке айтқан сөздерін, мемлекеттік қызметке лайық емес теріс қылықтарын мойындап, Т.Самбетовтен және бүкіл ауыл тұрғындарынан кешірім сұраған болатын.

            Б.Нұркеновтың осы әрекеті ҚР Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексі  (Мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасы ережелері) нормаларына қайшы әрекет екендігі айқын.

            Міне, осындай басшылар, өзі әкім, өзі «Нұр Отан» партиясының жергілікті жердегі төрағасы ретінде елімізді басқарып отыр.  Ал, осындай Б.Нұркенов секілді ұлттық мүдденің не екендігін ұқпайтын басшылар қалайша «Қазақстан-2050» Стратегиясының басым бағыттарын жүзеге  асырады, қайтіп ұлттың көсегесін көгертеді?

            Шу ауданы әкімі Б.Нұркеновтың бірінші орынбасары Е.Өмірәлиев тіпті Елбасы саясатына ашық қарсы шығып, «Қазақстан-2050» Стратегиясын халыққа насихаттауға барынша кедергі келтіруде. Е.Өмірәлиев: «Елбасы жолдауын насихаттағаның үшін саған ешкім айлық төлемейді, жұмыс уақытында Н.Назарбаевтың Жолдауын насихаттауға мемлекеттік қызметшінің хақысы жоқ»  деп, ашық айтып,  ұлттық ұстанымы айқын, адал, әрі әділ мемлекеттік қызметшілерді қудалауға көшкен. Сонда мемлекеттік қызметші «Қазақстан-2050» Стратегиясын насихаттағаны үшін, ұлттық көзқарасын ашық білдіргені үшін қуғындауға түсуі керек пе? Бұл  «Қазақстан-2050» Стратегиясының мәнін терең ұғынбау, бір сөзбен айтқанда мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың саясатына ашық қарсы шығу деп білемін.

           Міне, Елбасы Н.Назарбаев: «әуелі мемлекеттік қызметшінің өздері Стратегияны терең ұғынуы тиіс» деп атағанындай  Шу ауданы әкімі Б.Нұркенов Стратегияның идеясын өзі түсінбегенімен қоса «ұлттық идеяны» «сары шаянға» теңеп халыққа Стратегия идеясын бұрмалап жеткізсе, әкімнің бірінші орынбасары Е.Өмірәлиев Елбасы Жолдауын аудан халқына насихаттау ісіне ашық қарсы шығуда. 

            «Бүгінгі таңда ел қамынан басқа қандай мүдде болуы мүмкін? Сондықтан елдің ақыны да, әкімі де бір мақсатты көздеуі керек», «Билік жолында ұлттың ұлы мұраттарын да ұмытып кететін адамдарды айыра білуіміз керек» деген Н.Назарбаевтың ұлттың ұлы мұраттары туралы айтқан ойлары біз мысал етіп отырған Шу ауданы басшыларына қаратып айтылған. Өйткені, Шу ауданы басшылығы «билік жолында ұлттың ұлы мұраттарын ұмытып» қана қоймай, Елбасы саясатына да ашық қарсы әрекетке көшкен.  

            Елбасы Н.Назарбаев: «Егер біз мемлекет болып тұрғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн» деп атағанындай мемлекеттігіміздің негізі, елдігіміздің баянды болуы Б.Нұркенов айтқандай тек экономикалық дамуға тәуелді емес. Ал қазіргі уақытта бізде көбіне көп ел басқарушы барлық деңгейдегі әкімдер, әсіресе Шу ауданы әкімі Б.Нұркенов Елбасы атаған «халық руханиятының бастауларын» өзгеге түсіндірмек түгілі өзі түсінбейді, тіпті ол туралы түсінік те қалыптаспаған. 

            «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Тағылымы мол тарихымызбен, ұлы бабалардың ұлағатты өмірінен алар тәлімімізбен біз алдағы асулардан алқынбай асамыз.», бабаларымыз «Сын сағатта туған елге деген перзенттік парызды бәрінен биік қоя білген.»,  «Елдік мұрат жолындағы ұлы ерлік әрқашан аталарымыздың бойынан табылған.», «Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік Ел» боламыз» деген  «Мәңгілік Ел» болудың негізгі факторы – ұлттық идеямыз аталады.

            Міне, «Қазақстан-2050» Стратегиясында аталған ұлттық идеяны терең ұғынбаған, және өз ұлтына деген титтей де сүйіспеншілік сезімі жоқ, ұлттық санасы жетілмеген Б.Нұркенов секілді мемлекеттік қызметші мемлекетке, өз ұлтына қалай қызмет етпек? Өйткені, ол мемлекетін, елін, ұлтын сүймейді. Сондықтан да ондай мемлекеттік қызметшіде, әсіресе Б.Нұркеновтің бойында ұлттық, мемлекеттік мүдде туралы қасиетті ұғым қалыптаспаған. Ал бойында ұлттық мүддесі жоқ, өз мемлекетін сүймейтін, ұлттық идеяны түсінбеген мемлекеттік қызметші басшылық орынға келгенде басқа мақсатты көздеп келуі әбден мүмкін. Ол өзгермейтін заңдылық – не ұлт үшін қызмет етесің, не өзің үшін қызмет етесің. Міне, тәуелсіз мемлекетіміздегі сыбайлас жемқорлықтың барлық саланы жайлап, шегінен шығуы, Отанын сатып шетке қашып жатқан опасыздардың күннен күнге көбейіп бара жатқандығының себебі де сол – ел басқарып отырған басшылар мен жауапты деген мемлекеттік қызметшілердің ұлттық санасының бұлдыр болып, мемлекет, ұлт мүддесінен жеке мүддесін артық көріп, өз құлқынының құлы болып кетуінде болып тұр.  Ал, осындай мемлекеттік қызметшілер ұлттық экономиканың өз деңгейінде дамуына барынша тосқауыл болып, республикалық бюджетке орасан зор залал келтіруде. Өйткені, Б.Нұркенов секілді басшылар өздері секілді ұлттық санасы бұлдыр қызметшілермен ғана жұмыс істемек. Ал, жеке мүддесіне ғана қызмет ететіндер ұлт мүддесіне қызмет ететіндерді жанынан жек көріп, қас жауы санайды. Сондықтан да мемлекет, ұлт мүддесі үшін адал, әрі әділ шешім қабылдайтын мемлекеттік қызметшілер Б.Нұркенов секілділермен бірге мемлекет, ұлт мүддесіне қайшы әрекетке бара алмайды. Міне, қазақтың: «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегені, Б.Момышұлының өз ұлтын сүймейтіндерді: «Қаңғыбас», «арамза» деп атауы тегін айтылмаса керек.

            Міне, біз білетін ел басқарып отырған мемлекеттік қызметішлердің дені осындай, ұлттық идеяға қызмет етпек түгілі, ұлттық идеяның не екендігін түсінбейді де.

            Сонда қай уақытта біздің еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып 30 дамыған елдердің қатарына енеді, егер де Б.Нұркенов секілділер жауапты деген қызметтерде отырса?!

            «Қазақстан-2050» Стратегиясында аталған ұлттық құндылықтар қайтіп насихатталады, егер де ұлттық құндылықтарды ұқпайтын Б.Нұркенов секілділер ел басқарса?!

            Елбасы Н.Назарбаевтың саясаты қалай халыққа жетеді, егерде Б.Нұркенов секілділер Елбасы саясатына ашық қарсы жұмыс жүргізсе?!

             Қазақтың көсегесі қайтіп көгереді, «Мәңгілік Елдің» ұлттық идеясы қалай орнығады, егерде Б.Нұркенов секілді ұлт мүддесіне қауіпті, мәңгүрт басшылар елге билік жүргізсе?!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354