Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Қоғам 9957 0 пікір 21 Наурыз, 2014 сағат 15:06

ДАУРЕН ҚУАТ. ҚЫРЫМ МӘСЕЛЕСІ: ҚЫРЫҚ ҮЙДЕН ТЫЮ

Ресей Қырымды (Қырым Автономиялы Республикасын) қырына алған алғашқы күндердің бірінде (наурыздың 2-3-терінде) Шығыс Қазақстан облысындағы казактар қоқаңдасып қалысты. Өздерін бұрынғы патшалы Ресейдің қас сарбаздары санайтын олар әйтеуір орыс мүддесі үшін барын салуға қашанда даяр қауым (сословие). Ілгеріде де ілік іздеп, ұрынарға қарап таппай жүретін қауым осы жолы қауқылдасып-ақ кетіп еді, бірақ Бердібек Сапарбаев сияқты берен әкім әлгі «батырларды» жиып алды да ә дегізбей әуселелерін басып, үйді-үйіне таратып жіберген. Бірақ, пиғылын теріске салған пенделерді тиып бола ма, казактардан кейін Пашевич деген біреу шықты (http://abai.kz/content/ashyk-khat-kazakstandagy-kazaktardyn-kyryp-zhatkan-eskeri-yiymdaryn-tekserinizder).  Ауған соғысына қатысыпты. Қазақстан азаматы екен. Ол да Қырым дегенде қылғынып жүргеннің бірі көрінеді, «мүдделес, қаруластарымды ертемінде Ресейге тартамын» деп қағынды.  Пашевичтен кейін Қарағандыдағы кәрі коммунистер жінікті. Олар «де-факто Совет Одағы жоқ, де-юре ол әлі өмір сүріп келеді» деп айқайлады (https://www.facebook.com/dauren.kuat.).

Хооош, делік. Бұл нені білдіреді?  Бұл біздің Тәуелсіздігімізді жария еткен ширек ғасыр шегінде «бір шекпенді жамылып жүрсекте» шетін мәселелердhе тоқайласа алмағанымызды білдіреді. Осы арада, әрине, Назарбаевтың мемлекетті орыс тілінде басқарып, «орысша ойлайтындығын» уақытты оздыра түсудің қамы деп қабылдағың  келеді. Тыныштық, татулық болса, ұлттық мүдде бірте-бірте ұпайын түгендеуі мүмкін деген ойға да қайрылып бір соғасың. Бірақ уақыттан ұтамыз деп жүріп ұтылыстарға да жол беріп алғандығымызды мойындаймыз (бұл ресми биліктің мойындауы емес екендігін ескертемін).  Неге? Өйткені, таяу күндерден бері әлем баспасөзі Украин оқиғасы алдымен Белоруссияда, содан кейін іле-шала Қазақстанда бұрқ ете қалуы мүмкін екендігін жарыса жазып, қилы болжамдар жасауда. Болжамдардың дені Қазақстан мен Белоруссияда орыс диаспорасының шоғыры мол екендігін және аталған екі елдің Ресеймен экономикалық, әскери-қауіпсіздік, аймақтық мәселелер бойынша одақтасып отырғанын алға тартады. Оның үстіне Солтүстік Атлантикалық одақтың (НАТО) Шығысқа қарай жылжи түсуге аса мүдделі екендігіне мән берген сарапшылар Ресей енді Белоруссияны тездетіп өзіне қаратуға тырысады, одан кейінгі кезекте табиғи ресурстарға бай Қазақстан тұр деседі.  Мұндай болжамдардың беті аулақ, әйтсе де   еліміздегі саяси-әлеуметтік ахуалдың кейінгі жылдардағы әсірересейшілдігі көңілдегі күдікті қоюлата түсері анық. Неге бұлай дейміз? Себебі, соңғы төрт-бес жылдың ауанында қазақстандық шенеуніктердің мемлекеттік саясатта тайсақтап, Ресейдің ықпалын бағып, ықтай жүретіні қатты біліне бастады. Мәселенки,осы арада 2009 жылғы жалпыұлттық халық санағын еске түсірейікші.  Санақтың алғашқы нәтижесі бойынша қазақ 70 пайызға жеткен болатын. Бірақ, нақты нәтиже бір жылға кешігіп жария етілді. Сөйтіп, қазақтың 60 пайыздан асқаны ептеп қана естілді. Есесіне, 70 пайызды желпіне айтып, сүйіншілеген Статистика агенттігінің экс-төрайымы Анар Мешімбаева «ішіп қойды, жеп қойдымен» қуғынға ұшырап, ақыры абақтыға жабылды. Сонда, бір жыл бойы қазақ үкіметі мен заң орындары Анар ханымның «асап» үлгерген ақшасын санап, соның есебі мен қисабына жете алмай дағдармаған шығар, әрине. Бұл арадағы дағдарыс –  «біздің осылайша көбейіп кеткеніміз көршіміздің көңіліне тиетін болдының» дағдарысы еді. Содан ақырында ахылеп-ухілеп отырып аты-жөні А-дан басталып Я-ға дейінгіні қамтитын күллі жер бетінің халқын жиып әкеліп барымызды барша әлемге паш еттік. Бұрын 120-130 ұлттың өкілі (диаспорасы) «мекен» еткен қазақ жері 2009 жылы басталып 2010 жылы әрең біткен санақтың тәмамдалған тұсында 150-ге жетіп ентігін әрең басты. Апыр-ау, сол 150-дің ішінде диспора ретінде кім санаққа ілініп, санатқа қосылмады десеңізші. Әуел десеңіз, 1 веп,  5 кет, 3 ораш, 2 удэгейге дейін Қазақстан халқының қарасын молайтып тұр (http://abai.kz/node/22603) Мұның бәрі нағызында Кремльдің көңілін аулау әрекеті екенінін ішіміз сонда сезген. Қисын неде? Қисын мынада: 150 ұлт өкілінің бәрі орыстілді, қазақтардың өзі қазақша жарытып білмейді. Сіз қам жемеңіз, Ка мырза! Енді, міне, көзіміз жетіп отыр: РФ бұрынғы Совет Одағының құрамында өмір сүрген, орыстілінде сөйлейтін, өзі тұрып жатқан елдің азаматтығын мойындамайтын кез-келген жанды қанатының астына алып, қорғауға дайын екен. Бірақ Ресейдің ренішін тудыратын бізде бір сөлекеттеу жағдай бар болып шықты. Ол не дейсіз ғой? Ол – көші-қон мәселесі. Талғат Мамашевтің тілімен айтсақ, оралман дейтін «оңбағандар». Бұл  ағайын өзі, тіл-көзіміз тасқа, «өсімтал» келеді екен. 10-15 жылдың ар-жақ, бер-жағында  бір миллионнан молынан асып, 1990-91 жылдардағы «ұлттар лабороториясы» атанған Қазақ Республикасындағы бұрынғы халықтың санын қайта толтырыпты. Шекаралас елдердің өлген-жіткеніне дейін есептеп, демографиялық дүмпуінен шошитын кіді көршінің бұл да болса көңіліне ауыр тиетін жайт. Қайтпек керек? Көшті тоқтату керек. Жаңаөзен оқиғасына «оралмандардың» кінәлі болып шығуы, «Халықтың көші-қоны туралы Заңның» шұғыл қабылдануы, Атажұртына оралмаққа ниетті ағайынға азаматтықтың 4 жылға дейін берілмеуі, олардан қисынсыз құжаттардың талап етілуі әлгі «қайтпек керектің» қайқайған жаубы. Оны аз десеңіз,  зейнетке шығу жасы ұзарып, дүниеге сәби әкелген аналарға жәрдемақылардың шектелуі мен туу мерзімі кезіндегі әйелдердің демалыс уақытына төленетін ақының қысқаруы да «қайтпек керектің» қаракетіне саяды. Жасыратыны жоқ, қазақ өкіметі қазақтың қарасын молайтатын игіліктердің бәрінен бас тартты. Не үшін? Кім үшін?  Астам көршінің көңілі үшін.  Әйтсе де Қазақстан-Ресей қарым-қатынасын біржақты бағалап, байлам жасау асығыстық болып табылады. Қазіргі Қазақстан көпвекторлы саясат ұстанып отырған ел. Қазақ жерінде Еуропа елдері мен АҚШ-тың  ірі компаниялары тұрақты жұмыс істейді. Соңғы 6-7 жылдың ішінде Қытай да басты инвесторлардың біріне айналды. Түркия, Жапония, Малаизия, Сингапур сияқты мемлекеттерімен де сауда саттықтың, барыс-келістің жолын игеріп алдық. Мұның бәрі түптеп келгенде қазақ даласында әлемдік мүдделерді тоғыстырып, терезені тең ұстаудың саясатына саяды.

Ер көңілді атам қазақ «бір жамандықтың бір жақсылығы болады» дейді. Қысқасы, Қырым мәселесі бізге «қырық үйден тыюдың» қарекетін аңғартты. Қала берді, ұлт мүддесін ашық қолдап, батыл қимылдарға бару керек екендігін ескертті. «Дұшпанның бірін алдап, бірін арбаған» (Мағжан)  Баһадүр Хан Абылай сияқты Елбасымызды ерен істерге қайрап салатын күнді де тудырып берген секелді. Ілгеріде біз «қазақ өкіметі ҚХР-мен экономикалық келісім-шарттарға қол қойып қана шектелмей арғы беттегі қазақтарды көшіріп алудың қамын неге күйттемейді?» деп күйінетінбіз. Шамасы, біз бекерге күйініп, өкімет бекерге мұнай мен көгілдір отынды қытайдың қолына «беріп» қоймағанға ұқсайды. Жәмиғатқа жағымды жаңалық: таяу болашақта ҚХР-дан 300 мың қазақ жұмысшы күші ретінде еліміздің солтүстік облыстарына қопарыла көшіп келіп, қоныс теппек.   

Қытайдың tieba.baidu.com сайтының  хабарлауына сүйенсек,  «Қазақстан  Қытаймен ауыл-шаруашылығы саласындағы әріптестігін ұлғайтыпақшы.  Қазақстан мамандары бұл ортақ жобаға 200 мың адамдық еңбек күші қажет дейді. Басқа да қызмет көрсету саласы бойынша келетіндерді қосқанда 300 мың адам қажет. Қазақстан үкіметі осы орайды пайдаланып, оңтүстік облыстардағы артық жұмыс күшін солтүстікке апаруды қолға алса, Қытай солтүстік Шыңжаңдағы қазақтардың артық еңбек күшін Қазақстанның солтүстігіне жеткізуді жоспарлап отыр.

Қазақ-Қытай бірлескен ауыл-шаруашылық іс-әрекетінің жүзеге асуы:
1. Қазақстан тарапы Қытайды егістік жерді жалға алып пайдалану құқымен қамдайды.
2. Қазақстан оңтүстік обылыстардағы артық еңбек күшін солтүстік үш обылысқа көшіреді.
3. Қытай солтүстік Шыңжаң-Алтай, Тарбағатай, Іле аймағындағы ұлты қазақ егінші-малшыларының артық еңбек күштерін Қытай тарапының еңбек күші ретінде Қазақстан еліне жібереді.
4. Ауыл-шаруашылығы саласы бойынша өндірілген өнім алдымен Қазақстан базарында, артылғаны Қытай нарығынында саудаға салынады.
5. Қытай техникамен, қаржымен қамтамасыз етеді.
Негізгі мақсат: ауыл-шаруашылық өндірісін негіз етіп ішкі-және сыртқы миграцияны жүйелеу, Сарыарқадағы қазақ ұлтының басқалармен ара салмағын теңестіру, шекара қауіпсіздігін күшейту, мемлекеттің ұзақ мерзімді стратегиялық қауіпсіздігі мен еңбек күштерінің тепе-теңдік балансын сақтау болып табылады» (http://qamshy.kz/?p=8141).

Біз, әрине, не естісек, соған алақайлай жөнелетін жастан озған ұлтпыз (сондықтан жоғарыдағы көштің жайын үнемі назарымызда ұстаймыз). Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақты толқытып, қуантып, көзіне жас алдырған сәттер аз болған жоқ. Сол сәттердің қайсібірі қазір ұмытыла бастағандай. Ең бастысы – Азаттығымызды арзанға айырбастамай, ақырып теңдік сұрай білсек, алпауыт мемлекеттердің кепілдігінсіз-ақ келешегімізге сеніммен қарауға болады. Ол үшін алдымен өзіміздің кемел күшімізге, бекем бірлігімізге, тіліміздің құдіреті мен қасиетіне сене білуіміз керек. Елді сүйетін, елмен етене қайраткерлердің де қатары бұл орайда күн санап өсуі қажет-ау. Мейірлен, Алаш! Ұлыс оңынан келсін!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036