Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Алашорда 14201 0 пікір 9 Сәуір, 2009 сағат 06:00

ҚАРҚАРА КӨТЕРІЛІСІ ТАҒЫ ДА ҰМЫТ ҚАЛА МА?

 

Қазақ ұлтының отарлаушы орыс билігіне қарсы бас көтерген ең ірі көтерілістердің бірі, әрі бірегейі болған Қарқара көтерілісінің 100 жылдығы жақындап келеді. Осы бір зұлмат салдарынан 373 үй өртеніп, 1905 адам оққа ұшып, 684 адам жараланып, 1105 кісі тұтқындалып, кейіннен олардың дені із-түссіз жоғалғанын тарих дәлелдесе де, біздің билік селт еткен емес. Ұлттық идеологияның жоқтығынан ба, жоқ әлде іргедегі Ресейден әлі күнге жүрексіне ме, Қарқарадағы сол бір қанды қырғынды еске алуға, аза тұтуға дәрменсізбіз. Неге?

Қарқара көтерілісі – қазақтың қандай батыр ұлт екенін көрсеткен, айғақтаған көтеріліс.  Қарқара көтерілісі – қазақ бас біріктірсе, азат ел бола алатынын дәлелдеген көтеріліс. Қарқара көтерілісі – арада жүз жыл өтсе де, жарасы жазылмаған, бағасы толық берілмеген көтеріліс. Бұл зұлматқа тарихи баға беру үшін Мұхтар Әуезов «Қилы заманды» жазды. Сонан кейін де үлкенді-кішілі талай шығармалар, мақалалар жарық көрді. Бірақ, халықтың рухы қанағаттанып, тынышталған жоқ. Себебі, мұндай ірі бас көтеруді бүкіл ұлт болып, халық болып аза тұту қажет. Қарқара көтерілісінің қаһармандарын ұлттық батыр ретінде дәріптеуіміз керек еді. Себебі олар саналы түрде тақтан (бұл көтерілісті ұйымдастырушылар болыс пен билер) бас тартып, халықтың жағына шығу арқылы Алаш баласының байлыққа, билікке сатылмауы керектігін дәлелдеп берді.

Білесіздер, 1-дүниежүзілік соғыс жылдарында отарлық езгі күшейіп, алым-салық көбейіп, халық тұрмысы нашарлап кетті. Ал 1916 жылы 25 маусымдағы Ресей патшайымының соғыстағы армияның тылдағы қара жұмыстарына Қазақстан, Орта Азия және ішінара Сібірден 19-43 жас аралығындағы (кейіннен 43-тен 31-ге түсірілді) ер азаматтарды шақыру жөніндегі жарлығы Қарқара көтерілістің шығуына түрткі болды. Қазақстан мен Орта Азиядан 400 мың, соның ішінде Жетісудан - 87 мың адам әскерге шақырылды. Патша жарлығы жарияланысымен Қазақстанның барлық аймақтарында бұған қарсылық білдіру басталды. 

Бұл кезде Қарқара сол кездегі Жетісу облысының Жаркент уезіне қарайтын жайлау және әйгілі халықаралық жәрмеңке орталығы болатын. 16 болыстан тұратын албан руының атақонысы еді. Оның 13 болысы Жаркент уезіне, қалған үшеуі Верный уезіне қарайтын. 6 шілде күні 13 болыстықтың басшылары Ақбейіт тауында жиналып, патша жарлығын орындамауға баталасты. Келесі күні «Нарынқол-Шарын» приставының бастығы Подворков 13 болыс пен беделді адамдарды жинап алып, патша жарлығын дереу орындауды талап етті. Жиналғандар 4-5 күн ақылдасып, жауап бермек болып тарасады. Шілденің 10 күні жәрмеңкеден 10 км жердегі «Қабан Қарағай» деп аталатын жайлауда Құрман болысының беделді адамы Ұзақ Саурықовтың ауылында Құрман, Мерке, Шілік, Торайғыр, Сарытоғай, Қоңырбөрік, Қожбанбет, Бодеті, Иванов, Алжан, Айт болыстарының басшылары мен басқа да беделді адамдары майдан жұмысына адам бермейміз деп келіседі. Он күн өткеннен кейін Подворков қазақ-орыс жасағын алып келіп, «Ереуілтөбеде» болғандарды түгелге жуық тұтқындап, Қарақол (Пржевальск) қаласындағы түрмеге қамады. Түрме басшылары ереуілшілердің ақылгөй ақсақалы Мәмбетұлын у беріп өлтірді. Қалған тұтқындар Қарақол уезі басшысы полковник Ивановтың бұйрығымен 8 тамыз күні атылды. Атылғандар арасында: Кәрібоз Қаңтарұлы, Суанқұл Арғынұлы, Қазыбек Шорманұлы, Үмеке Бестібайұлы, Біләл Разақұлы, Қағазбек Тоқтамысұлы, Жаңабай Құдайбергенұлы, Құрман Әділбекұлы, Бекайдар Сұлтанқұлұлы, Құдиярбек Шотаманұлы, Жанпейіс Отыншыұлы, т.б. болды. Көтерілісшілердің бір тобы Қайқы асуында жазалаушылар колынан қаза тапты. Бірақ жазалау әрекеттері көтерілісті бірден баса алмады. Тамыздың ортасына қарай Жаркент уезі толық көтерілді. Көтерілісшілер 11 тамызда Жалаңаш станциясын басып алып, қоныс аудару басқармасының қызметкерлері Долгушинді, Лдековті, т.б. бірнеше адамды өлтірді. 16 тамызда Монай Ұзақбайұлы басқарған албан жасақтары Қарқара жәрмеңкесін басып алды. 15 қыркүйекке дейін Нарынқол-ІІІарын приставына қарайтын өңір көтерілісшілер қолында болды. Верный уезіне қарайтын Қызылбөрік  болысының тұрғындары да атқа мініп, 3 тамыз күні Асы жайлауында уезд бастығының көмекшісі Хлыновский басқарған жазалаушыларды Верныйға қуып тастады. Көтеріліс уездің басқа болыстарында да (Ботабай,Шығыс және Батыс Қастек, Ырғайты, Тайторы, Жайылмыш, т.б.) толқуға үн қосты. 10-12 қыркүйекте Лепсі уезіне қарасты Мақаншы-Садыр, Мәмбет-Қысқаш, Балқаш-Лепсі болыстарының қазақтары да көтеріліске шықты. Саратов селосы маңында көтерілісшілер Маслов басқарған жазалаушы жасақпен соғысып, қырғынға ұшырады. Жазалаушылармен қарулы қақтығыстар Кіші, Орта, Үлкен Ақсу елді мекендеріндегі дүнгендер, Верный уезі Қорам болысындағы ұйғырлар арасында да болды. Қыркүйектің аяғы мен қазанның басында патша жазалаушылары көтерілісшілердің негізгі күштерін талқандады.

Олар көтерілісшілерге қоса бейбіт халықты да қырғынға ұшыратты. Жетісу облысының бес уезінде 84 854 түтін (отбасы) болса, көтерілістен кейін 53 мың ғана түтін қалып, 31 854 түтін жойылды немесе Қытайға ауып кетті. Мұрағат деректері бойынша Қарқара көтерілісі кезінде Жетісудағы қазақ пен қырғыздардың жүзге жуық елді мекені жазалаушылардың шабуылына ұшырап, 373 үй өртенген, 1905 адам оққа ұшқан, 684 адам жараланып, 1105 кісі тұтқындалып, кейіннен көбі із-түссіз жоғалған. Ал патша жазалаушыларынан небәрі 171 адам ғана шығын болған (деректер wikipedia.org сайтыннан алынды).

Әскерге адам алу жарлығы іштен тынған халықтың көтерілуіне себеп қана болды. Бұл тұста отарлаушылар қазақтың шұрайлы жерлерін тартып алып, тізесін батырып, құлдықтың қамытын кигізе бастаған болатын. Мысалы, отарлаушылар Қарқара жайлауын, Шу аңғарының бір бөлігін қазақтардан тартып алу кажет деп саналды. Осы жылдарда жерінен айырылған қазақтар, орыс кулактарына жалданып күн көрді. Тек қана Байынкөл болысы бойынша Қақпақта, Айғыржолда, Сарыжазда, Нарынқолда көптеген қоныстанушылардың қыстақтары пайда болды. Нарынқол казак әскері тұратын орынға айналды. Қарқараның жазығын көпестер иеленді. Қарапайым қазақ халқы құмды, шөлейтті жерлерге, тау-тасқа қуылды. 1914 дүниежүзілік соғыс басталғаннан кейін, екі жыл ішінде соғысып жатқан әскерді қамтамасыз ету мақсатында Қарқара тұрғындарынан тарихи деректерде айтылғандай «сексен мың қой, үш мың ірі қара, екі мың таңдаулы аттар, жүз қырық төрт киіз үй, сексен мың байпақ, он алты мың ақша, бес жүз кесек киіз алынды».
Жергілікті халықта ешқандай саяси құқық пен билік болмады. Түркістан аймағында әскери округтің қолбасшысы генерал губернатор Куропаткин басқарды. Жетісу облысын әскери губернатор М.А.Фольбаум биледі. Жаркент уезін подполковник Ступин басқарды. Жалаңаш, Қырғызсай және Нарынқол аймағын казактардың атаманы С.Достоволов елге әскери жағынан қысым жасады. Александр Протников деген приставты жергілікті қазақтар «Ақжелке» деп атап кеткен.
1914 жылы 9 қазандағы құпия нұсқауында Жетісу облысының әскери губернаторы Фольбаум уезд бастықтарына «сенімді христиандардан», яғни орыс деревнясының шаруалар топтарынан мұсылман еңбекшілеріне қарсы қарулы отрядтар құруды міндеттейді. Бұл отрядттардың басты міндеті бақылаушылық қызмет болатын, алайда олар кейбір ауылдарды тонап, жазықсыз адамдарды өлтіріп, мүлік пен малды еріксіз алып отырды. Бұл отрядтардың басты мақсаты бағындырылған халықтардың ұлттық санасының ояну көріністерін тұншықтыру еді.

Түйін

Қош! Осындай тауқыметті бастан кешкен елге не істемек керек?.. Көтерілді. Осылайша қазақтың азат ел болуға құқылы екенін дәлелдеді. Ал, біз болсақ, ел болып сол бір зұлматта қаза болғандардың әруағына құран бағыштап, ас бере алмай келеміз. Ұзақ пен Жәмеңкелердің батырлығын былай қойып, олардың кім екенін білмейтін ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз.  Бір кем дүние... Сол кем дүниені толықтырар кім бар екен? Бұл көтерілістің басы-қасында мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының бабалары жүріп еді. Министр мырза бабаларының ерлігіне бас қатырар ма екен? Сіз не дейсіз?

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036