Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Билік 8533 0 пікір 16 Қыркүйек, 2014 сағат 14:26

ОЛ СӨЗДЕР – ІШТЕН ШЫҚ¬ҚАН ШЫН СӨЗ

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың қасиетті қазақ жерінің бір киесі Ұлытау төрінде айтқан ұлағатты ойларын көгілдір экраннан тыңдап, газеттен оқығанда менің ойыма Стив Джобстың: «Мен өзімнің барлық технологияларымды Сократпен кездесуге айырбас­тар едім» деген сөзі оралды. Сөздің де сөзі бар. Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді. Елбасының Ұлытау төріндегі толғанысы да бұдан бұрынғы сөздері сияқты жүректен шығып, жү­рекке жетті. Себебі, ол сөздер – іштен шық­қан шын сөз. Мұхаммед пайғамбар айтқандай: «Шын сөз – құдіретті сөз». Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал» деген хакім Абай ойын еске салған Ұлытау төріндегі ұлы толғаныс еліміздің бүгіні бекем, келешегі бүгіннен де жарқын екенін, Елбасының кемел ойлылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ел тарихынан бастап тіл тағ­дыры, діннің жай-жапсары, экономика мен саясаттың өзекті де өткір мәселелері төңірегінде өрбіген өрелі әңгіме алшы түсер асыққа құйылған қорғасындай көкейге қона кетті.

Әлемдегі бес мыңнан астам ұлт пен ұлыстың бар болғаны жүз тоқсан екісі ғана мемлекеттік деңгейге жетті. Сол биікке көтеріл­гендердің қатарында тәуел­сіз Қазақстан әлемдік қауымдас­тық­тан өз орнын ойып тұрып алды. Алла тағала қазаққа ақ адал ниет, кең пейіліне орай Тәуел­сіз­дікпен бірге өзі – дара, сөзі – сара Нұрсұлтан сынды Президент те сыйлады. Тәуелсіздікке жету қандай қиын болса, оны сақтап тұру одан да қиын. Құдайға шүкір, қиыншылықта қайыспайтын еңбексүйгіш халқымыздың, дара туған Елбасымыздың арқасында Тәуел­сіз­дігіміздің бүгіні бекем, келешегі кемел.

Ұлттық сананы қалыптастыру, ұлт­тық рухты асқақтату, қазақ­стан­дық патриотизм – Тәуелсіздікті сақтап, ны­­ғайта берудің басты шарттарының бірі. Президент осыған орай әр жылдары қадау-қадау парасатты ойлар айтып келеді. Ұлытау төрінде айтылған ұлағатты ойлар соның заңды жалғасы.

Сұхбатта кеңінен әңгімеленген өткір проблеманың бірі – діннің қазіргі ахуа­лы. Бұл өзекті мәселе төңірегіндегі Елбасы көрегендігін бүкіл әлем көріп, мойындап отыр. Өзгесін айтпағанның өзінде әрқилы көзқарастағы әртүрлі дін өкілдерін Астанаға жинап, бір үстелдің басында тоқайластыруының өзі дара туған даналықтың бір белгісі емес пе?! Діннің жеке тұлғаның ғана емес, қоғам, мемлекет өміріндегі маңызы, жастардың әртүрлі теріс ағымдарға еріп, адаспау жолдары жайлы Елбасы айтқан ұлағатты ойлары – ақиқаттың адастырмас ақ жолы деп бағалауға лайық. Сан салалы діннің жолы – сан тарау. Сол көп жолда адаспай дұрыс бағытпен жүру аса маңызды.

Кения мемлекетінің тұңғыш пре­зи­денті Джомо Кениата (1894-1978) былай депті: «Батыстың адамдары келгенде қолдарында інжіл, ал біздің қолымызда жеріміз болатын. Біздің көзімізді байлап шоқынуды үйретті. Көзімізді ашқанда ала­қанымызда інжіл, ал олардың қолын­да біздің жеріміз тұрды». Бұл әркез әр­қай­сымыздың жадымызда болатын сөз емес пе?! Осы тұста Черчилльдің: «Ақы­­мақ­тар өз қатесінен, ақылдылар өзгелердің қатесінен үйренеді» деген сөзі ойға оралады.

Мына дөңбекшіген дүние қысқа күнін­де қырық құбылған алмағайып, аласа­пыран уақытта адаспаудың бағытын белгі­леп берген бағдаршам болды. Елба­сының дін жайлы толғанысы. «Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адас­паңдар – арттарыңнан алаш адасады: арт­тарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар» деп еді-ау ақылман Ахаң – Ахмет Байтұрсынов. Президент Н.Ә.Назарбаевтың сөзі мен ісінен ға­сыр басында айтылған осы қа­сиет­ті сөз­ді қастерлейтіні анық аңғары­лады. Со­ның айқын бір айғағы Ұлытау төрінде айтылған ұлағатты ойлар.

Тіл мен дін ғана емес, ел тарихы, қазіргі экономика мәселелері, Ук­раи­­надағы шиеленіс тудырған проб­ле­ма­лар, тағы басқа да өмірдің өзекті мәсе­лелерін жан-жақты қамтып, кеңінен толғаған ұлт ұясы – Ұлытау­дағы толымды толғанысынан Н.Ә.На­зар­баевтың ғаламдық деңгейдегі ұлағатты ойшыл екенін тағы бір мәрте таныдық.

Елбасының билік­тің биігінде жүрген білімді кадр­ларға қарата айтқан сөзі Әлихан Бөкейхановтың: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде, болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс бере­тін алдымызда зор шарттар бар» деген сөзімен үндес. Ұлт­тың ұлағатты ұстаздарының бірі Жүсіпбек Аймауытов 1918 жылы қазан айының екінші жұл­ды­зында «Абай» журналында жарияланған «Ұлтты сүю» атты мақаласында: «Оқығандар! Бұл уақыт жан тыныштығын іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойлаңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр» – деп жазды. Ұлытау төрінде айтылған ұлағатты ойлардың бір парасы осы парасатты пікірді жаңаша жаңғыртып тұр.

Ұлытау төрінде айтылған ұлағатты сұхбат – тәуелсіз Қазақстанның әлемнің дамыған отыз елінен өз орнын алуға беттеген қасиетті жолын нұрландырып тұрған шамшырақ!

Сәбит ДОСАНОВ,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

"Егемен Қазақстан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053