Сенбі, 23 Қараша 2024
Қайнайды қаның... 11312 0 пікір 10 Қыркүйек, 2014 сағат 14:09

ҚАЗАҚТЫ МАЗАҚҚА АЙНАЛДЫРУ ҚАШАН ТЫЙЫЛАДЫ?

Жақында «Абай» порталында Қостанай қаласының 135 жылдық тойындағы ұлтымызға жат қылықтардың орын алғандығы туралы жазылған еді. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен қадір-қасиеттеріміздің аяққа тапталып жатқанын көру бізге үйреншікті жағдай болып қалған сияқты. Сондай жағдай біздің Степногорск қаламызда да орын алып отыр. Қыркүйек айының 12-13 күндері Степногорск қаласының 50 жылдық мерейтойы тойланады. Осыған орай қалада қызу дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қаланың көптен бері жөндеу көрмеген жолдары жөнделіп, қаламыздың көркі кіріп қалды.

Алайда көңілге кірбің ұялатып, ұлттық құндылығымызға кері әсерін тигізетін жағы, қала шетіндегі саябақта «этноқалашық» деген атпен үш үй саланып жатыр. Бұл жобаның мәні саясатпен ұштастырылып, кеден одағы және евразиялық одақ негізінде орыс, беларус және қазақтың үйлерін салу жоспарланған көрінеді. Айтпақшы болғаным үйлердің салынуында емес көркінде болып отыр. Орыстың үйі ағаштан әрі зәулім, әрі көрікті етіп терезелері шыныдан заманауи түрде салынған. Беларустікі де әдемі етіп салынып сырты ақталған және қабырғасына әтештің суреті салынып, адамды еріксіз өзіне тартады.

Ал қазақтың үйі төрт бұрышты, аласа етіп тастан қашалған, терезесі кішкене, шыны орнына кленкамен қапталған, төбесі балшықпен сыланып, қыстақтардағы мал қамайтын қысқы қораның дәл өзін жасап қойыпты. Той күні дүйім жұрт сол қалашыққа барып этномәдениетімізді тамашалағанда анау зәулім үйлердің жанындағы мал қораны көріп қандай ойда болады екен.

Қазақ ежелден малдан айырмашылығы жоқ, мәдениеттен кенде қалған халық деп үстімізден күлмей ме? Осыған өресі жетпеген қала әкімшілігі мен ішкі саясат бөліміндегілердің надандығы қаныңды қайнатады. Қарныңның ашқанына емес, қадіріміздің қашқанына өкінесің. Ұлт жанашырларымыз деп жүрген азаматтар мен қоғамдық бірлестіктер осы бассыздыққа үн қосуларыңызды сұраймын. Себебі, біздің қала әкімшілігіне мұны айтқанмен өзіңді айыптағаннан басқа еш нәтиже шықпасына сенімдімін.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5381