Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 7969 0 пікір 9 Қыркүйек, 2014 сағат 11:33

ЕСЕНИННІҢ ҰЛЫ

Қазақтың кең даласы кімдерге пана болмады десеңізші!.. Қаншама адамның тағдырын тоз-тоз етіп, өмірін қыршынынан қиып, аяусыз қуғын-сүргінге ұшыратқан  сұрапыл саясаттың салдары ұрпақ санасынан еш уақыт өшпек емес. 20-30-шы жылдардан бастап Сталиннің озбыр саясатымен қазақ жеріне сан мыңдаған өзге ұлт өкілдерінің еріксіз жер аударылуы, қоныс тебуі, тұтқында болуы жүздеген жанның жүрегіне қара дақ қалдырғаны аян.

Қашаннан кең қолтық қазақ даласы – талай-талай ұлттарды, халықтарды жатсынбай қабылдап, құшағына сыйдырып, жаңа бір құбылыс ретінде қалыптастырып, қияға қанат қақтырып ұшырған құтты ұя. Теріскей мен Күнгейдің, Шығыс пен Батыстың ортасындағы қыр арқа, қырбық шоқылар жан-жақтан тарам-тарам ағылып келген әр төркін нәсілдердің басын қосып, бір жүйектен дәм, бір жүлгеден нәр татырып, қоян-қолтық араластырып, бір бүтінге айналдырып, қайтадан өрелі іске жұмылдырып, өрісті жолға шығарып отырған. Біздің дала дастарқанынан дәм татқан қай нәсіл өкілі болсын жеріміз қандай кең болса, пейіліміздің де сондай дарқан екеніне тәнті болып, ризашылықпен аттанған.

Соның бір көрінісі – саяси қуғын-сүргіннің салдарынан зардап шеккен сан ұлт өкілдерінің арасында небір ғұлама ғалым-мамандардың, сұңғыла өнер шеберлері ақын-жазушылардың болғаны белгілі. Оған«Қарлаг – өткенге тағзым, болашаққа тағылым» («Карлаг – память во имя будущего») ғылыми-зерттеу жобасына қатысты жүргізген жұмыстар барысында нақтылы көз жеткізген едік. Айталық, Қарлагтың тұтқындары қатарында әлемге аты әйгілі ғалымдар Л.Н. Гумилев, А.Л.Чижевский, Л.А. Вознесенский, В.С. Пустовойт, И.К. Фортунатов, ақын-жазушылар Ю.В. Грунин, Н.А. Заболоцкий  Н.М. Коржавин, Руфь Тамарина, суретші, сәулетшілер И.А. Борхман, Л.И. Покровская, Г.Э. Фогелер, А.М. Черкасский, В.А. Эйферт, өнер шеберлері Т.П. Афонин, Р.М. Мессерер-Плисецкая, Л.А. Русланова, Н.Сац  т.б. болған.

Осылардың арасында даңқты орыс ақыны С.А. Есениннің ұлы Александр Сергеевич Есенин-Вольпиннің болғаны, оның қазіргі таңда АҚШ-та тұрып жатқаны жөнінде танып-білген соң, талайлы тағдыр иесі, тұлпардың тұяғымен бір кездесуді армандап жүруші едік. Осы жазда оның да орайы келді. Еңбек демалысы кезінде алып ел Америкаға мақсатты түрде сапар шегіп, А.С. Есенин-Вольпин тұратын Бостон қаласына бардық.

Александр («Алик») Сергеевич Есенин-Вольпин – 1924 жылдың 12 мамырында Ленинград (Санкт-Петербург) қаласында дүниеге келген. Ақын, математик, философ. Кешегі Кеңес Одағындағы диссиденттік және құқық қорғау қозғалысы көшбасшыларының бірі, кеңестік қоғамдағы диссиденттік ортаның құқықтық оқу-ағарту жұмыстарының ұйытқысы. 1965 жылы 5 желтоқсанда Москвада өткен «Жариялылық митингісін» ұйымдастырушы. 1970-1972 жылдары КСРО-дағы Адамдар құқығы комитетінің сарапшысы болған. Кеңестік саяси тұтқын (түрме, айдау және психикалық емханаларда 6 жыл уақытын өткізген).

С.А. Есенин-Вольпин математикалық логика саласындағы бірқатар тұғырлы еңбектердің, сондай-ақ КСРО-дағы адам құқығын қамтамасыз ету заңнамалары және осы саладағы құқық қолдану тәжірибесі проблемаларына арналған бірқатар еңбектердің авторы. 60-шы жылдары алғашқылардың бірі болып мемлекет пен азаматтар арасындағы қарым-қатынаста құқықтық ұстанымды насихаттай бастаған. 

Әкесі – әлемге әйгілі ақын Сергей Есенин – Есенин-Вольпин бар-жоғы бір жаста болғанда қайтыс болып кеткен. Анасы – ақын және аудармашы Надежда Вольпин. Ата-анасы әдеби ортада сыйлас, қадірлес, өте жақын болған, бірақ некеге отырмаған. Александр 1933 жылы анасымен бірге Ленинградтан Москваға көшіп келеді. 1946 жылы Москва мемлекеттік университетінің механика-математикалық факультетін үздік бітіріп шығады. 1949 жылы ММУ жанындағы математика ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын тәмамдап, математикалық логика бойынша кандидаттық диссертация қорғаған соң, Черновцы қаласына қызметке кетеді. Сол жылдары ептеп өлең де жаза бастайды, оларды тек достары арасында ғана оқып жүреді. Сол, 1949 жылы «антикеңестік поэзиясы» үшін Ленинград психикалық ауруханасына мәжбүрлі емдеуге жатқызылады. 1950 жылдың қыркүйегінде «әлеуметтік қауіпті элемент» ретінде Қарағанды облысына бес жылға жер аударылады.

1953 жылы, Сталин қайтыс болған соң ақталады. Содан кейінде  интуиционизм саласы бойынша маманданып жүрген математик ретінде аты шығады. 1959 жылы жүйеге қарсылығы үшін қайтадан арнайы психикалық ауруханаға жатқызылады, онда екі жыл болады.

Самиздат бойынша тараған және Батыста басылған өлеңдеріне Вольпин деп қол қояды. 1961 жылы Нью-Йоркте А.С. Есенин-Вольпиннің «Көктемгі жапырақ» («Весенний лист») атты кітабы жарық көреді. Оған өлеңдерімен қоса «Еркін философиялық трактаты» кіреді. Ғалымның математикалық және философиялық көзқарастарының негізін шекті скептицизм – қабылданатын барлық айнымалы ұғымдарды (Құдай, шексіздік т.т.) жоққа шығару құрайды. Бұдан келіп болжалды-логикалық заңдарды қатаң сақтау қағидасы шығады.  Бұл тұжырымды ол 1960 жылдардың басынан бастап ұстанады.

Александр Сергеевич 1965 жылы 5 желтоқсанда Москваның Пушкин алаңында «Жариялылық митингісін» ұйымдастырады. Бұл кеңестік кеңістіктегі соғыстан кейінгі бірінші көпшілік қарсылық шеруі еді. 200-дей адам қатысқан (КГБ-ның «жансыздарын» қоса есептегенде) митингінің негізгі лозунгісі осының алдында ғана тұтқынға алынған Андрей Синявский мен Юлий Даниэлге қатысты сот процесінің жариялылығын талап ету болады. Сондай-ақ митингіге қатысушылар қолдарына «Кеңес Конституциясын құрмет тұтыңыздар!» деген плакат ұстап тұрады. Митингіде Есенин-Вольпин дайындаған «Азаматтық үндеу» листовка ретінде таратылады. Тікелей алаңнан Есенин-Вольпинді жауап алуға алып кетеді.

1968 жылдың ақпанында Есенин-Вольпин қайтадан арнайы психикалық ауруханаға жатқызылады. Осыған байланысты бірқатар белгілі математиктер «99-дың хаты» атты үндеу жариялайды. Онда Есенин-Вольпинді зорлап жындыханаға жатқызуға қарсылық білдіріледі.

1969 жылы А.С. Есенин-Вольпин П.ДЖ. Коэннің «Жиынтықтың және континуум-гипотезаның теориясы» атты кітабын орыс тіліне аударып, алғысөз жазды.

1970 жылы, мәжбүрлі емдеуден босаған соң, КСРО-дағы Адам құқықтары комитеті құрамына кіреді. Онда Юрий Орлов, Андрей Сахаров және басқа құқық қорғаушылармен тізе қосып еңбек етеді.

1972 жылдың мамырында кеңес үкіметінің қатаң талап етуі бойынша АҚШ-қа эмиграцияға кетеді. Онда әуелі Буффало, содан соң Бостон университетінде дәріс береді. Диадикалық кеңістік саласындағы теореманың (Есенин-Вольпин теоремасы) авторы атанады.

2004 жылы Вольпиннің 80 жылдығына байланысты диссидент Владимир Буковский оны құқық қорғау қозғалысына сіңірген еңбегі үшін Сахаров атындағы сыйлықпен наградтау туралы ұсыныс жасады. Бұл ретте ол мынадай пікір білдірген: «Шынын айтқанда, керісінше Андрей Дмитриевичтің Есенин-Вольпин атындағы сыйлық алғаны дұрыс еді. Өйткені, Алик құқық қорғау қызметінде оның ұстазы болған». Буковский сондай-ақ психикалық ауруханаларда Есенин-Вольпинді емдеген «аурудың» аты «патологиялық шыншылдық» деп атап кеткен.

Қазірде Александр Сергеевич Бостон қаласында (АҚШ, Массачусетс штаты) тұрады. 1989 жылдан бері Отанына бірнеше рет келіп кетіпті. Есенин-Вольпин – 2005 жылы шыққан КСРО-дағы диссиденттік қозғалыс тарихына арналған «Олар бостандықты таңдады» атты деректі фильмнің қаһармандарының бірі.

Ол Қарағандыдан келгенімізді білген соң жақсы ілтипатпен қарсы алды. 90 жастың тұғырына көтеріліп, шау тартып отырса да, әлі де болса тың екені байқалады. Көздегі жалын бәсең тартып, жүзінен нұр тайса да зердесі нық, жады мықты көрінді. Әр нәрсеге сергек қарап, ықыласпен жауап беріп отыруға бейімділік танытады. Біздің келіс-барысымызға қанығып, әдеттегі амандық-саулықтан соң сұрағаны: «Қарағанды мен Михайловканың арасы қосылды ма?» болды.

Қарағандының дәмін татқан қарияның айтуынша сол жылдары қала мен бүгінгі Михайловканың арасы ашық, алшақ болыпты. Қалың қараған басып жатыпты. «Мың шұңқыр» атымен белгілі Михайловканың, жалпы қаланың кейпі көңілсіз болыпты. Соғыстан кейінгі кезең ғой, халықтың да сырт сипаты тым сұрықсыз көрініс беріпті. Жүдеу-жадау, жұпыны киінген жұртшылықтың көңіл күйі де соншалықты мәз болмаған сыңайлы...

1950 жылдың күзінде Қарағандыға жер аударылған Александр Сергеевич алғашқы 7-8 күнді жергілікті түрмеде өткізеді. Осы жерден жауап алады. Мамандығы математик екенін білген соң Михайловкадағы бір мектепке жібереді. Онда ғалымды, фамилиясы Абдрахманов па, Абдраманов па, нақтылы есінде қалмапты, бір қазақ директоры жылы ықыласпен қарсы алады. Кәсібі бойынша жұмыс істеуіне жағдай жасауға тырысады. Көп кешікпей Михайловкадан бір бөлмелі пәтер де тиеді. Қуғын көріп, жапа шегіп келген жан көп ешкіммен араласпай, томаға-тұйық тіршілік кешуге тырысады. Қайта ыза-қиқы, қым-қуыт мегаполистегідей емес, шағын қаланың шабан тіршілігіне ауысқанын іштей есеп етіп, өзінің сүйікті ісі – математикамен шындап шұғылдана бастайды. Оған мұнда мүмкіндік мол еді. Аңду-тінту, үркіту-қорқыту мүлде жоқ, тек күніне бір мезгіл комендатураға барып, көрініп отырсаң болғаны.

Аты шулы Қарлагқа ықтиярсыз келген ойшыл-ғалым сөйтіп, жаңа өміріне де жылдам бейімделіп кетеді. Қаланың тыныс-тіршілігімен етене бола бастайды. Жағалап жүріп, сол кездегі бірден бір жоғары оқу орны мұғалімдер институтын тауып алады. Бірақ бұл жерге жұмысқа тұра алмайды. Солар арқылы институт ғимаратына (қазіргі Қарағанды «Болашақ» университеті) жақын тұратын ғұлама ғалым, ғарыштық жаратылыстанудың негізін қалаушылардың бірі, биофизик,  игелиобиологияаэроионификацияның негізін қалаушы, философ, ақын, суретші А.Л. Чижевскиймен (1897-1964) танысады. Александр Леонидович те, сол кезде Биофизика жөніндегі І халықаралық конгресстің Құрметті президенті (1939), әлемнің 18 академиясының толық мүшесі, Еуропа, Америка, Азия университеттерінің құрметті профессоры екендігіне қарамастан, Қарағандыда айдауда жүрген болатын. Қалада, Ленин көшесі, 17-үйдегі 1,5 бөлмелі үйде тұрады екен. Бірі қартаң, бірі жас – екі ғалым жылдам тіл табысып, іш ашысып сырласып кетеді. Ғылым-білімнің сыртында қоғам, саясат т.б. тақырыптарда еркін әңгіме қозғап, екеуара пікір жарыстырып дегендей, жазықсыз жапа шегіп жүрген қос мұңлық біріне бірі демеу, қорғаныш болады.

Александр Леонидовичтің ескі танысы, сол кезде жергілікті басылым «Социалистическая Караганда» газетінде істеп жүрген журналист, публицист Наум Коржавинмен де жақын араласады. Әзіл-қалжыңы жарасқан жандарға айналады. Әредік қаламгерге: «Сен социализмді жаза бермей, біз сияқты нақтылы ғылыммен шұғылданып жүрген маман-ғалымдардың еңбегіне де көңіл бөліп тұрсайшы» деп қалжыңдайды екен.

«Араласқан адамдарыңыздың ішінде қазақ азаматтары болды ма?» - деген сұрағымызға, «Жоқ, және бір байқағаным, қазақ елінің қаласы болғанына қарамастан, сол тұста Қарағандыда жергілікті ұлт өкілдері мүлдем аз көрінетін. Көбіне ауып-көшіп, қуғын көріп келгендер, басқа ұлт өкілдері болатын» - деп жауап берді. Қарағандыда еліміз Тәуелсіздік алған 90-шы жылдарға дейін қазақ ұлтының үлестік пайызы 8-10 көлемінде ғана болғаны белгілі ғой...

– Сізді «Жариялылық» деген сөзді алғаш қолданысқа енгізген қайраткер деген сөз бар. Бұған не деп жауап бересіз? – деп сұрадық.

– Иә, 1965 жылы Москвада «Жариялылық митингісі» атты акция ұйымдастырғаным рас. Сол үшін де қамауға алынып, жауапқа тартылдым. Себепсіз жындыханаға жатқызылдым... Кейінде бұл сөз, бұл ұғым М.С. Горбачев билік басына келгеннен соң қайтадан жаңғырды. Мемлекеттік биліктің, мемлекет саясатын жүргізудің құрамдас бір бөлігіне айналды. Соның арқасында көптеген жабық жатқан тақырыптарға түрен салынды. Ақтаңдақ ақиқаттардың беті ашылды. Шаң басқан сөрелерде сарғайған талай-талай тарихтар жарыққа шықты. Ең бастысы, қалың бұқара өз ой-пікірін еркін білдіретін дәрежеге жетті. Бірақ, қанша дегенмен, «жариялылық» сөз-ұғымының авторлығын өзіме таңбаймын.

Солженицынмен таныстығыңыз болды ма?

– Бар, әрине. Оның аты шулы «Архипелаг Гулагымен» жақсы таныспын, қадағалап оқып шыққанмын. Еңбектің тақырыбын ғана мақтаймын. Ал көркемдік дәрежеде соншалықты шахһар (шедевр) дүние деп есептемеймін. Сондай-ақ бертінде біраз шу, дау тудырған «Как обустроить Россию?» еңбегі де анау айтқандай мықты туынды емес. Қуғын көрген, көп уақытын нақтылы жағдайдан беймәлім сыртта өткізген диссиденттің бір жақты көзқарасы.

Соңғы туынды жөніндегі әңгімені біз сұраған жоқпыз, өзі қосты. Онда Александр Исаевич Ресейдің бүгінгі жай-жапсарын баяндай келіп, Қазақстанның солтүстік өңірлеріндегі біраз жерлерге Ресейдікі деп тон пішіп, көз алартатыны белгілі. Ақсақал соған орай ой-пікірін айтып өтті білем... «Қарағандыда жүргенде өлең жаздыңыз ба?» деп сұрадық.

– Жаздым. Керек десеңіз оқып берейін... – Александр Сергеевич ойланбастан бірер шумақ өлеңін жатқа оқып берді.

Мен өз тарапымнан бүгінгі Қазақстанның тыныс-тіршілігі жөнінде қысқаша баян еттім. Кейінгі жылдары қолға алып, атқарып жатқан күрделі бір жобамыз – «Қарлаг – өткенге тағзым, болашаққа тағылым» («Карлаг – память во имя будущего») ғылыми-зерттеу жұмыстары жөнінде әңгімелеп бердім. Долинкадағы мұражай жөнінде де айттым. Жоғарыда аталған жоба аясында жарық көрген бірқатар еңбектерді тарту еттім. Қазақы ғұрыппен иығына шапан жауып, басына қарқара бөрік кигіздім.

Кездесу соңында бізбен жайдары қалыпта қош айтысқан қазыналы қарт әкесінің «До свидания, мой друг, до свидания!» атты өлеңін оқып берді.

Алмағайып заманда Есениндей алып тұлғадан туып, артында қалған тұяқ, текті азамат; өзі де бір кісідей тағдырдың тәлкегін көрген, өмірдің небір қиын-қыстау өткелектерінен аман өтіп, табиғи болмыс-бітіміне сай – адам ретінде де, ғалым ретінде де, ақын ретінде де биік дәрежеге көтеріле білген кемеңгер қартпен кездесу көңілімізге орасан мол әсер қалдырды. Өмір көшінің қалаулы қайырмасындай жүрегімізде әлі де жаңғырығып жүр.

Қарағайға қарсы біткен бұтақ сынды, ноқтаға басы симай, қанша теперіш көріп, тезгіге түссе де өз дегенінен қайтпай, өз жолын өртеңнен тапқан дарқан дарын Есенин-Вольпиннің тылсым тағдыры – талай ақиқатқа қапысыз көз жеткізетін тағылым мектебі. Заманамен бірге тебіреніп, мәңгілікпен үндесе білудің айқын көрінісі.

 

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,

ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі.

 Қарағанды-Бостон-Қарағанды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351