Жұма, 22 Қараша 2024
Қазақтың тілі 10619 0 пікір 25 Тамыз, 2014 сағат 12:35

«БІРАҚ БҰЛ НЕ ЗНАЧИТ ЧТО МЕН ОНЫ БІЛМЕЙДІ ДЕП...» (жалғасы)

ІІІ

Сөйлеу мәдениетін қалыптастырудың тетіктері аз емес. Олардың ең бастысы – жеке тұлғаның рухани қажеттілігінің, өзіндік ізденісінің болуы. Абай тілімен айтқанда, жан құмары қажет. «Адам баласы әсемнен әсем таңдайды» дейді Мағжан. Біздің әсемдікке деген құштарлығымыз сөйлеу мәдениетінен де көрініс табуы тиіс. Адамның тазалығы мен тектілігі оның сөйлеу мәнерінен де байқалады. Өзін құрметтейтін адам тілін шұбарлап, қалай болса солай сөйлемейді. Біз барлық адамға «елден асқан шешен бол» немесе «сөйлегенде қызыл тілден бал тамыз» деп талап қоюдан аулақпыз. Қарапайым, таза, орнықты сөйлеу арқылы да сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға болады.

Ең алдымен күнделікті қолданыстағы сөздерді ана тіліңде дұрыс айтуға бейімделу қажет. Оның ешбір айыбы, сөкеттігі жоқ. Ол сөзіңнің де, өзіңнің де қадір-қасиетіңді арттырады. Тілді шұбарлап сөйлеуге әдеттенсең, саған деген сенімді көзқарастың қалыптасуы қиын, сенің тұлға ретінде мойындалуың да екіталай.

Менің қол астымда бір қыз жұмыс істеді. Мінезі орнықты, қазақы тәрбиемен өскен, қазақша да, орысша да бір кісідей сөйлей білетін, іскерлігі де жап-жақсы қыз болатын. Бірақ үнемі аңғаратыным – ешбір жерде сөзі өтімді болмайтын. Себебі ол орысша мен қазақшаны тоқтаусыз араластырып сөйлейтін. «Мен ойлаймын, что ол осылай-осылай деп... Бірақ бұл не значит что мен оны білмейді деп» деген сияқты сөздермен жеткізілген ой-пікірді кім шыдап тыңдауы және мән беруі мүмкін? Бұл адамның өзіне деген құрметсіздігінің көрінісі. Әйтпесе сол қыздың екі тілде де таза сөйлеуге қабілеті әбден жететін. «Сөзіңізді тыңдатқыңыз келсе, қай тілде сөйлесеңіз де таза сөйлеңіз» деп үнемі үйретіп отыратынмын. Бірақ «үйренген көңіл өртенсе қоймас» дегендей, қалып алып қалған ауызды қайта тәрбиелеуге оның еркі жете қоймады.

Осындайда мен Бауыржан Момышұлының сөйлеу мәнерін еріксіз еске алып отырамын. Екі тілді бірдей жетік білген ол кісі ешқашан бір сөйлем ішінде қазақша мен орысшаны араластырып сөйлемеген екен. Кейбір оралымдар орысша оңтайлы болып келсе, сөйлемді түгелімен орысша айтқан, қазақша төгіліп түскен ойлары да шешендігімен, тазалығымен, толықтығымен сүйсіндіреді. 

Сөйлеу мәдениетіне қатысты екінші бір мәселе – қай саланың маманы болсаң, сол салаға қатысты кәсіби сөздерді ана тілінде қолдануға мән беру қажет. Бұл ересек буынға да, әртүрлі пәндерді қатар игеріп жүрген мектеп оқушысына да, жоғарғы оқу орнының студенттеріне де қатысты. Кәсіби сөздерді басқа тілде қолданудың дағдыға айналуы – сөйлеу тілін барынша шұбарлап жүрген жайттардың бірі. Мысалы, медициналық ұғымдарды алайық. Қазақша сөйлеп отырып та біз сырқатнама туралы айтқанда міндетті түрде «история болезни» деген сөзді қолданамыз. Тұмауратып ауырғаны туралы бір сөйлемді бүгінгі қазақ былай жеткізеді: «Грипповать етіп, система қабылдап, укол салдырып, больничный ашқызып жатырмын».

 Осыдан бір жылдай бұрын жол үстінде қазақша таза сөйлейтін бір азаматпен сапарлас болдым. Сөйтсем өзін «Төлеген» деп таныстырған бұл жігіт Қарағандыда өскен, дәрігерлік оқуды тәмамдап, Алматыда хирург болып жұмыс істейтін Анатолий атты орыс жігіті екен. Қазақы ортада өспесе де қазақ тілін мектеп қабырғасынан бастап, өзі тырысып үйреніпті, тілі өте жатық, тіпті кәсіби медициналық терминдерді қазақша айтқанда, еріксіз сүйсінесің, «осылай да сөйлеуге болады екен-ау» деп қазақ бола тұра өзің еріксіз ойланып қаласың. Қазақ қызына үйленген орыс жігіті келіншегінің қазақша сөйлемейтінін, үйренгісі де келмейтінін айтып, қынжылыс білдіріп отырды.

Үшінші бір мәселе – басқа адамдар түсінбей қалады-ау деген күмәнмен жалпы қолданыстағы күрделілеу қазақша сөздерді орысша айтып әдеттенудің ешбір қажеті жоқ. Осындай себептерден адамдар тілді шұбарлап сөйлеуге қалыптасып кетеді. Тілді шұбарлау оңай, тазарту қиын. Түсінбей қалады десеңіз, аудармасын айтып беріңіз. Сіз таза қазақша сөйлеу арқылы өз санаңызды тазартып, тіліңізді дамытып қана қоймайсыз, өзгені ойлануға, аударуға, түсінуге тәрбиелейсіз. Жақында бір ересек замандасымның сұрағына жауап беріп отырып, «тобырлық психология» деген сөзді қолдандым. Ол кісі мені тоқтата қойып: «Тобырлық психология» деген «психология толпы» ма?» деп сұрады. Сөйтсем көбірек орысша оқыған ол кісі менің кейбір сөздерімді іштей аударып түсініп отыр екен. Мұның өзі ол кісінің сөз алдындағы жауапкершілігінің, пайымдау қабілетінің көрінісі екені анық. Осындай қарапайым сұхбаттар сөйлеу мәдениетіне тәрбиелеудің күнделікті өмірдегі тәжірибелік бір тетігі болып табылады.

Төртіншіден, сөйлеу мәдениетіне қатысты өзін-өзі тәрбиелеу үрдісі тоқтаусыз жүруі тиіс. «Тілім басынан дұрыс қалыптаспады, енді осымен кеттік қой» деп, немқұрайды қала берудің қажеті жоқ. Өмір бүгінгі күнмен тоқтап қалмайды. Сіздің өміріңіз тоқтаса да, өзгенің өмірі жалғасады. Сол үшін де тілдің өмірі жалғасуы керек. Оған бір тамшы болса да сіздің үлесіңіз қосылуы тиіс. Өзгенің емес, өзіңіздің тіліңізді түзету арқылы үлес қосуға тиіссіз. «Өзіңді құтқар, сонда сенің арқаңда мың-мыңдаған адамдар құтылады» деген қанатты сөз дүние тіршілігінің кез келген саласына қатысты айтылған.

Жақында жол сапарға шығып бара жатып, жеңіл көлікте отырып, қызметтестеріммен телефон арқылы бірнеше рет сөйлесіп, біраз мәселелерді талқылауыма тура келді. Такси жүргізушісі үнсіз тыңдап отырып, соңынан: - Қай мекемеде жұмыс істейсіз? – деп сұрады. Тілге мүлде қатысы жоқ мекемеде жұмыс істейтінімді естігенде, менің қазақша сөйлейтініме таң қалды. Бұл да біздің қоғамның ақыл-ойының бір көрінісі. Яғни қазақ тілін күнделікті қатынас құралы емес, тілге қатысы бар мамандар ғана қолданатын шектеулі саладағы қатынас құралы деп санау қоғамымызда қалыптасып қалған. Содан кейін такси жүргізушісі кез келген адамға ой саларлық біраз пікірлер айтты: – Біз  кеңес үкіметінің кезінде өсіп, қазақ тіліне мүлде мән бермедік. Бір сөзіміз қазақша болса, екі сөзіміз орысша. Қазіргі жастар да солай. Қазақ тілін таза, шешен сөйлейтін адамдар көбейсе, жастар соларға қызығар еді, еліктер еді, қазақ тілін үйрену, білу сәнге айналар еді. Мен өзім Қазақ радиосын жиі тыңдаймын. Сондағы қыздардың сөзін естігенде, «осылар таза қазақша сөйлеуді қайдан үйренеді екен?» деп таң қаламын, - деді ол.

 

Айнұр Әбдірәсілқызы,

ҚР Дін істері агенттігі Төрағасының кеңесшісі

филология ғылымдарының кандидаты

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3223
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279