КӨШТІ ӘРІ ЖЕҢІЛДЕТІП, ӘРІ ЖЕДЕЛДЕТУГЕ ТИІСПІЗ
... Cырттан 1 млн-ға тарта қандасымыз ел іргесіне жеткенімен де міне, екі жылдай болды ұлы көш тоқтап тұр. Таяуда ғана Елбасымыз: «Атажұртына келем деген қазаққа барлық жағдайды жасаңдар!» деп, қайта қамшы салып, үкімет мүшелері – министрлерге тапсырма берді. Иісі қазақ сүйсініп, өзара сүйіншілесті.
Десе де, қуанышымыз ұзаққа бармады. Өйткені, виза беруден басталатын көштің басы тасқа тиген жайы бар. Қазақстанның Үрімжідегі виза беру қызметіндегі астамшылық пен былық-шылық қандастарымыздың жүйкесін тоздырып, табанын тескені былай тұрсын, ендігі жерде ұлттық намысына тие бастады.
Алдымен, осыдан үш жыл бұрын Үрімжідегі виза беру қызметіне тәртіп орнатып, тура жолға салған Қайыржан СӘРСЕБАЕВ деген қазақ азаматының «Қазақ көшіне» даңғыл жол ашқаны әлдекімдерге ұнамай, шұғыл лауазымынан айырылды. Үш аймақты мекендеген қазақтардың шалғайдағы Үрімжі қаласына қатынауы қиямет болғандықтан, бұл шаралардың тәртібі мейлінше ықшамдалуы керек еді, олай болмады. Енді елшілік те қаңырып тұрған жоқ, қатынайтын елдің қарасы қалың. Бұлар кімдер?...
Сөйтсек, қазақ топырағына табан басқандардың дені ұйғыр ұлтының өкілдері екен. Бұл туралы Қазақстандағы ең танымал қазақтілді электрондық ақпарат көзі «ABAI.kz» порталы былай деп дабыл көтерді: «Сонда, Елбасы кімді шақырды? Қазақстанға келіп жатқандар кімдер? Қазақтар не үшін Атажұртына жете алмай зар еңіреп жүр? Бұл сұрақтардың жауабын, ең алдымен, сол Үрімжідегі визалық қызметте отырған мырзалардан сұрағанымыз жөн шығар... Тіпті, соңғы кездері ұлтын «қазақ» деп өзгертіп, еш қиындықсыз Қазақстанға келіп жатқан «ұйғырлар» туралы да ақпараттар желдей есуде...»
«АБАЙ. кз» порталының жанайқайы қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. Бұл дүмпуді елден шет (cол Үрімжіде ұлымды емдетіп) жүрген менің өзім ерекше сезіндім.
Иә, заманның беті суық: аумалы-төкпелі, бүгінгі тамырыңның – ертеңгі дұшпаныңа айналуы лезде. Етек-жеңді жинап, елдің іргесін қымтауымыз керек. Шетел қазақтарының, әсіресе, қытайлық қандастарымыздың атақонысына жетуін әрі жеңілдетіп, әрі жеделдетуге тиіспіз. Елбасы албаты айтпайды, осыны тереңірек зерделейік...
Көші-қон бір шенеуніктің емес, бар шенеуніктің бел шешіп кірісетін шаруасы. Көшке кедергі жасағандар жазалануы тиіс. Бірақ, ең бастысы, қазақ пен ұйғырдай туысқан да діндес ұлттардың арасына сына қақпауымыз керек. Керек десеңіз, шариғат уағызына ұйысақ, мұсылманның дұшпаны – жын-сайтан – адам қанының ішінде де өмір сүре алатын көрінеді...
Сондықтан, билік басындағы былық па, әлде, қанның ішіндегі қауіп пе – осының ақ-қарасын ажыратып алайық!
Қажымұқан Ғабдолла
Abai.kz