Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Мәйекті 13983 0 пікір 31 Шілде, 2014 сағат 15:58

ҚАС-САҚТЫҢ ҺАС СҰЛУЫ

 

Қазақ– ертеден «қызым – барым, арым, қонағым» деп қастерлеген халық. Тумысынан батыр халықтың Тұмар мен Заринадай патшасы, әділдік пен әділеттіліктің ақ туын ұстаған Айша бибі және Қарашаштай шешендері, жарының ошағын сөндірмей, бүтін бір елді басқарған Айғанымдай көсемдері, кешегі неміс фашистеріне қарсы күресте Мәншүк пен Әлиядай қорғаны, тәуелсіздіктің ертеңі үшін күрескен Ләззат пен Сабирадай батыр қыздары болды. Көркіне ақылы сай қазақтың қызы, міне, осындай текті. Осындай батыр халықтың тағы бір қызы бүгінде 17 жасында әлемді аузына қаратып, сұлулығымен миллиондаған табынушының кумиріне айналды. Ол кім деп отырған шығарсыздар. Соңғы екі апта ішінде ғаламтор сайттары мен әлеуметтік желілердің таңданысын тудырып, сұлулық құпиясын жарыса жазып жатқан шетел басылымдарының жұлдызы - қарапайым қас-сақтың һас сұлуы Сабина Алтынбекова. Алғаш қазақ қызының келбетін қытайлықтар байқаған. Оны «Азия біріншілігіндегі ең сұлу воллейболшы» деп атаған-шетелдік «Дaily Mail» басылымы. Ал шетелдік 9gag.com сайтындағы Сабина Алтынбекованың жарияланымы мен фотосуреті 300 000 пікір жинаған. Қолданушылар Сабинаның табиғи сұлулығы мен жапондық анимация кейіпкерлеріне ұқсайтындығын айтқан. Ал украиндық ua.tribuna.com порталы қазақ қызының Тайпейдегі жарыстағы фотосуреттерін ғаламторға жариялап: «Қазақ қызы Сабина Алтынбекова – ең жас, сұлу спортшы», – деп мойындап, мақала жазған. Ал индонезиялық bandung.bisnis.com порталы: «Сабина Алтынбекова өзінің табиғи сұлулығының арқасында елдің назарында жүр. Оның суреттері – түрлі БАҚ-тың нағыз вирусы», – деп жар салды. Бүгінде отандық БАҚ пен шетелдік әлеуметтік желілер волейболшы Сабина Алтынбекова туралы жарыса жазып жатыр. Оның сырт келбетінің өзіндік құпиясы туралы тамсанып, қазақтың қаршадай қызының табынушысына айналғандар қаншама. Биылғы жылы қазақ спортында феномен қалыптастырған Сабина Алтынбекова туралы жаңашылдықты басынан бастап баяндасақ.

Спортшы Сабина Алтынбекова волейболдан Қазақстан жастар құрамасындағы – жалғыз қазақ қызы. Бәріміз білетіндей, құрама командалардан қаракөздерімізді некен-саяқ көріп қалатынымыз бар. Негізінен, біздің елдің намысын ұлттық құрамалардың өзінде шетел легионерлері мен өзге ұлт спортшылары қорғап келеді. Жалғыз қарындасымыз Сабина Алтынбекова ұлттық құрамамен Қытайдың Тайпей аралында өткен волейболдан Азия біріншілігі сынына қатысуға жолдама алып, ел намысын қорғап қайтты. Бірақ бұл жолы еліміздің волейболдан қыздар құрамасы біріншілікте жеңіске жете қоймады, тіпті, соңғы орындардың бірін бөлісіп қайтты. Есесіне Сабина Алтынбекова Қытай мен Тайпей, Азия құрлығының миллиондаған табынушысын өзіне тәнті етті. Аяқастынан әлеуметтік желілердің жұлдызына айналған Сабина Алтынбекованы елге оралған бойда алдымен журналистер қауымы қарсы алып, бұл жаңашылдықты бөлісуге шақырды. Сабина Алтынбекова өзінің басына қонған бақ пен атақты, оған қалай қарайтынын былай жеткізді: «Шынымды айтсам, өзім де таң қалдым. Қазақстанның халықаралық жарыстарда жоғарғы орын алып жүруіне өз үлесімді қосып жүрген қарапайым қызбын. Мұндай әйгілілік мені таңдандырды деп айта алмаймын». Оның сөзіне қарағанда, волейболдан өткен Азия біріншілігі барысында Тайпейде әр қадамына мүмкіндік бермепті. «Неге олай болғанын білмедім. Өзім де осы сұрақты қоямын. Неге дәл мен? Маған жақсы комплименттер айтып, сыйлықтар бергені жақсы, әрине. Ең бастысы, көптеген адамдар Қазақстан туралы да біліп қалады. Азияда біздің туымызбен суретке түсіп, бізге жанкүйер болды», – деп өзінің таңданысын да журналистер қауымымен бөлісті. Әлеуметтік желілер мен сайттардағы әйгілілігі туралы ол былай деп жауап берді: «Твиттерде» аккаунтым жоқ, Ask me өшіріп тастаған, тек «инстаграм» мен «вконтактеде» ғана аккаунтым бар, бірақ көбісі менің атымнан ашып алады, олар неге олай істейтінін түсінбеймін». Бір-ақ күнде ғаламтор жұлдызына айналған Сабинаның сөзіне қарасақ, ол үшін атақ пен даңқ, әйгілілік мақсат емес, елінің ертеңгі спортының болашағын әлемдік сындардан биіктетіп, елінің атын шығаруды ғана ойлайды екен. Әрқашан да жұлдыз емес, қарапайым қазақтың қызы болу басты мақсаты. Тіпті, сыртқы келбеті мен сұлулығы әлемді мойындатқан Сабинаға қазіргі таңда түрлі модельдік агенттіктер ұсыныс білдіруде, бірақ олардың барлығына: «Мен сән агенттіктерінде жұмыс істеуге қарсымын. Мен спортты таңдадым», – деп жауап берген. Ал сұлу бикештің анасы Нұрипа Әмірова: «Модель болуға ұсыныстар түсіп жатқанын білеміз, алайда біз ата-анасы ретінде қарсымыз, ол қаршадайынан спортты таңдады. Ол сол жолда қызмет етеді», – дейді. Ал Сабинаның жаттықтырушысы Нұрлан Садықов болса, бұл атақтылыққа аса қуанышты емес екенін: «Сабина Алтынбекова – еңбекқор спортшы, өте қарапайым. Бірақ бұл атақтылығы оның спорттық карьерасына сызат түсіреді деп ойламаймын. Бірақ командаға әсер етуі мүмкін», – деп қазақ қызының спорттық карьерасының жалғасуын тілейді. Лайым, біз де соны тілейік. Қазақтың ару қызы сән модельдері мен жарнама агенттіктерінде жүргенше, ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап жүрсін демекпіз. Әлем елі қазақтың сұлулығына тамсанып, «Борат» фильміндегі кейіпкерлер қазақ қыздары еместігіне көзі жетер бәлкім...

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036