Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Қоғам 7222 0 пікір 29 Шілде, 2014 сағат 11:27

ПАВЛОДАР ГЕРБІ ҚАШАН ӨЗГЕРЕДІ

 

Өткен 2013 жылдың сәуір айының басында  Павлодар қаласының гербі мен туының үздік сызбасына, әнұранының сөзі мен сазына конкурс жарияланды.  

Себебі белгілі: қаланың туы мен әнұраны жоқ,  гербі уақыт талабына сай емес.

Тарқатып айтсақ, логотиптің түсі  шымқай қызыл, Кеңес туының түсіне сәйкес белгіленген.  Павлодар трактор зауытының нышаны іспеттес тегершік (шестерня) суреті – кейінгі онжылдықтарда мән-мағынасынан айрылып,  әншейін кедірлі-бұдырлы дөңгелек сызыққа айналған. Өйткені аталған өндірістік бірлестік өткен ғасырдың 90-шы жылдары банкротқа ұшырап, жұмысын тоқтатқан болатын.

Сондай-ақ, логотиптегі «Ертіс өзенінің нышаны» делінетін үстінгі жағы иректелген көк жолақ және шағала сұлбасы Павлодардың  өзіндік ерекшелігін көрсете алмайды. Бұлар  –  жалпы өзен атаулыны бейнелейтін белгілер, Ертіс бойында орналасқан Өскемен мен Семейдің, сонымен қатар Сыр бойындағы я Жайық жағасындағы қалалардың да таңбасында  пайдалануға жарай береді, тіпті Ресейдің Омбы қаласының гербіне енгізілсе, үйлесіп кетеді.  Оның үстіне шағала – қыран бүркіт, аққу, қаз тәрізді қазақ халқының таным-түсінігі бойынша құрметтелінетін, қазақ әдебиеті мен өнерінде әспеттелінетін құс емес.

Бір сөзбен айтқанда, қала гербінде халықтың болмыс-бітімі мен рухани, мәдени құндылықтары назардан тыс қалған. Сондай-ақ, қаланың негізі түркі қағанаты кезеңінен бері «Кереку» аталған жерге салынғаны, яғни өңір тарихы ескерілмеген.

Айта кететін жайт, аймақты Бақытжан Сағынтаев басқарған кезде, 2011 жылы облыс мәслихат депутаттары бекіткен облыс таңбасында аймақтың өзіндік кескін-келбеті сәтті шешімін тапқан.

Қала гербіне конкурс жарияланғанда Керекудің зиялы қауымы  жаңа логотипте әлгіндей кемшіліктер орын алмайды, мемлекеттік рәміздердің түр-түсі, белгі-нышандары  көрініс тауып, жас ұрпақтың санасына отаншылдық, туған жерді сүю сезімдерін дарытады деп пайымдады. Алайда содан бері бір жылдан астам уақыт өтсе де, конкурс қорытындысы  шығарылған жоқ, себебі белгісіз.

Біз егемендік кезеңінде талай ұлы  өзгерістерді бастан өткердік: қоғамдық құрылыс жаңартылды, Қазақстан Республикасының атауы мен Ата заңы қабылданды, мемлекеттік герб, ту, гимн өзгертілді.  Солай бола тұра,  1969 жылы Қазақстан компартиясы Павлодар қалалық комитеті мақұлдап, еңбекшілер депутаттары  қалалық  кеңесі атқару комитетінің шешімімен бекітілген қала таңбасы бәз-баяғы қалпында қалды...

«Егемен елдің ежелгі қоныстарының бірінің орнына салынған Керекуде кеңестік замандағы коммунистік қоғамның рәміздері мен идеологиясына негізделген қала гербі қашанға дейін құрметтеле береді?»

Жұршылықтың көңілін толғандырған осы сауал Павлодар қаласы әкімдігі басшылары мен  мәслихат депутаттарын ойландырып, дұрыс шешім шығарылар деген үміттеміз.

***

 

PS: Патшазада Павел Романовтың құрметіне қойылған Павлодар қаласының  атауы, Ресей империясының қолбасшылары: Кутузов, Суворов, казактар атаманы Ермак, большевиктер партиясының  қайраткерлері: Ленин,  Крупская, Люксенбург, Луначарский,  Дерибас секілділердің есімдерін ұлықтайтын көше атауларын өзгерту мәселесі еліміз егемендікке қол жеткізген кезден бері қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сан мәрте көтерілді. Әйтсе де  дұрыс шешімін тапқан жоқ, сондықтан өзектілігі жойылмаған бұл мәселе әлі де көтеріле береді.

 

Арман ҚАНИ,

ақын, журналист,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Павлодар қаласы.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052