ЗИЯЛЫ АДАМ КІМ?
«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (Алматы, 2008, 346 б.), зиялы деген ұғымды « ізетті, әдепті» немесе «оқыған, сауатты азамат» деп берген. Әрине, зиялы адам қашанда білімдар, мәдениетті. Бірақ, білімді адам әр дәйім, зиялы бола бермейді. Егер білімді адамның атқарған жұмысы шала, қолы ала, айтқан сөзі дала, берген уәдесі байламсыз, еш нақтылық болмайтын болса, ондай адамды қалайша зиялы деуге болады. Олай болса барлық білімдар, оқыған адам тегіс зиялы бола бермейді. Бәлкім бір замандарда сауатсыздық елде басым болған кезде, сірә сауаттылардың бәрі солай болса керек. Бірақ, қазір басқа адамдар жаппай сауатты елде сауаттылардың бәрін зиялы деуге болмайды.Олардың арасында «аласыда, құласы» да кездеседі. Қазіргі ғылыми-техникалық прогресс кезінде білімін, ақыл-ойын мемлекетке, қоғамға жұмсаудың орнына, жеке өз пайдасына қолданатын адам, әрине өзін әдепті, сыпайы іскер етіп көрсетпек болады. Ондай адам қоғам, прогресс тұрғысынан былай еткен дұрыс, тиімді, мынадан гөрі мынау қолайлы, артық деп пікір айтпайды. Басшы-адам, ол да қателеседі. Дүниеде қателеспейтін жан жоқ. Сондықтан, келісіп, ақылға ақыл қосып шешкен іс негізінде дұрыс болады. Бірақ, пікір айту оңай дүние емес, көбіне ондай адам ұнамай қалуы да мүмкін. Әрине, көп жағдайда, өз пайдасын ойлаған адам пікір айтпауға, көзін жұмып, басшы пікірін қолдай бергенді дұрыс көреді. «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» дейді халық мақалы. Әрине, дұрыс пікірін айтпай, үндемей қалу оңай, қауыпсыз, бірақ, зиялылыққа жатпайды. Зиялы жан шыныдай таза, ол жеке басы пайдасынан гөрі қоғам мақсатын жоғары ұстайтын адам. Халық көзі «қырағы», зиялы адамды ол көреді, сыйлайды. Ондайлар қоғамға баршылық. Ондайлар – өнеге. Қазақ тілі сөздігінде «Парасат» ұғымы да айтылады. Оған «ақыл ой, сана-сезім» (668 б.) деп анықтама беріледі. Әрине, негізінде ол солай. Бірақ, парасатсыз адамның да ақыл ойы дұрыс, тілі көбінен артықта шығар, десекте, ондай адам сол қабілетін мемлекет пайдасына емес, жеке басы пайдасына пайдаланатындар. Мұндай адамды «парасатты» деуге ешқашан болмайды, қайта ондайлар әлі заң құрығына тұтылмаса да, іші арам болғандықтан қоғамға зиян келтіретіндер дейміз. Әрине, әлгілер көп емес, бірақ, бар. Негізінде қоғам зиялы, парасаттылардан тұрады. Әйтпесе, қоғам бұзылып, прогресс тоқтаған болар еді. Бұл, әрине өкінішті жағдай. Шынында қоғамға, прогреске қызмет ететіндерде, кесірін тигізетіндер де жәй адамдар емес, іскер білгір адамдар. Мәселе, табиғат берген талантты қалай пайдалануда. Ал, кімнің кім екенін өмір көрсетеді. Адамды бірден тану қиын. Халық айтады: «кімнің кім екенін білгің келсе, оны жоғары қызметке көтер», деп. Бәлкім ол да дұрыс шығар. Өйткені, көрінетін биік орында болса, ол үндемей отыра алмайды. Мәселе, шешуге тікелей араласады, пиғылын шамасын байқатады.
Егемендік алғалы бері жоғары лауазымды қызметке көтерілгендер мемлекетке таза, адал қызмет етемін деп халыққа, Президент алдында «Ант» беру кәдесі іске асуда. Бұл үлкен сенім және жауапкершілік. Бұл өте қажет рәсім. Бірақ, «Ант» беру барда, оның жауапкершілігі тек сол орында отырған уақытқа ғана берілетін, бірақ, ол орнынан кетсе ұмытылатын сияқты. Бұл ескеретін нәрсе. Әрине, «Ант» ол жәй уәде емес, өзіне мәңгілік жауапкершілік арту. Ол адам ондай жұмыстан кеткен соң да, жәй жұмыста жүрсе де, жауапкершілік оның мойнында тұруы керек. Ант берген адамға сенім де мәңгі болса дейміз. Ал, антын бұзған адамға жаза да екі есе қатты болғаны жөн болар еді. Өзіне өзі сенімі жоқ адам «Ант» бермейтін болса. Лауазымды орын жәй қызмет кезіндегі көтерілетін тепкішек емес. Сонда «Ант» беретін адам алдымен ойланатын болады. Оның қызметін бақылайтын саяси, басшы партия болуы тиіс. Сонда партияның да рөлі артады, көтеріледі. Жалпы тәрбие жұмысын қадағалау партия орындарына жүктелгені жөн.
Зиялықты анықтайтын, адамда екі түрлі: сыртқы және ішкі қасиет бар екенін біліп, ажыратқанымыз дұрыс. Бірі тәндік қасиет: ішіп-жеу, табиғи қажеттілектерін орындау, тұқым сақтау, көбею, қорғану. Бұл барлық тірі жандарға тән ортақ қасиет. Екіншісі ол адамдарға байланысты қасиет, жан-жануарларда ол жоқ. Жануарлар барды ішіп-жейді, жоқ болса оны басқа жерден іздейді. Ал, адам бүгін бар нәрсе, ертең жоқ болуы мүмкін деп, ол оны ойлайды. Бардың бәрін тауысып бітірмейді, ертеңді ойлап, қор жинайды. Кейін келе оны ұлғайту, көбейту қажеттілігі туындайды. Бұл талапта тоқтау жоқ. Сондықтан, адамда өзі тойса да, көзі тоймайтын, көбейте берсем, деген пиғыл пайда болды. Абайдың « Ескендір» деген поэмасында «адамның көзі тек өлгенде ғана құмға тояды» деген терең ой айтылады. Тойымсыздық адам табиғаты, ол әркімде де бар, бірақ көрінуі түрліше. Екіншісі рухани қажеттілік, ләззат. Бұл да тойымсыз, шексіз құбылыс. Ол адамдардың бірімен бірі қарым-қатынас жасауы, әнгіме-дүкен құрып, көңіл көтеруі, түрлі музыка тыңдау, қош иіс иіскеп, дәмді тағам жеу т с.с. Бұл да табиғи. Халық ақыны Біржансал әндетіп айтқан «Жанбасипарында» мынадай сөздер бар: «Дегенде біз қартайдық, біз қартайдық, белгісі қартайғанның серттен тайдық. Кәнекей сонымен шыққан мүйіз. Қасына сұлулардың көп жантайдық». Бұл өкініш. Мұны айтып отырған елге қалдырған рухани дүниелері болса да көңілі толмағандық. Адам болған соң бәріне ынтығады, қызық көп. Бірақ, мәселе, ұрпаққа тиімді, жақсы іс қалдыру. Бұл атқарған еңбек, нақты ұлағатты сөз, өнегелі әрекет екенін кеште болса, оның терең ұққаны. Дүниеге қызыққан адам егер барлық өмірін халық үшін жұмсаса бір сәрі. Бірақ, өмірде олай бола бермейді. Түрлі айла қолданып, басқаның ырзығын жейтіндер қайдан шығатыны да сол тойымсыздықтан. Бұл қасиет негізінде табиғи құбылыс. Адамдарда бар, біреуде көп, біреуде аз. Адамға зиялы деп баға бергенде, сол қасиеттер қай дәрежеде, соған қарап айтылады. Мұның бәрі сыртқы табиғи қасиеттер. Адамда ішкі қасиетте бар. Ол да екі түрлі. Бірі тойымсыздыққа әкелетін талап. Қажет пе, қажет емес пе, әйтеуір бола берсе, байый берсем деу. Былайша айтқанда ішкі шексіз талап, сыртқы тұрлаусыз әдеттерге итермелейді. Оны тежейтін адамгершілік.
Бірақ, материалдық байлық, рухани қызық, ләззаттың бәрінен жоғары үстем болу қажеттілігі адам қасиетін бұзады. Бұл жақсылыққа әкелмейді. Жинаған байлық бәрі ертең қалады. Германия фашистік үшінші рейх кезінде билеп-төстеген Геринг түрмеде өлер алдында өзінің бриллиантпен безендірілген қалта сағатын өзін қатаң бақылап тұрған күзетшіге береді. Сібірде ұсталып, арты құз жар жағасында атылар алдында адмирал Колчак өзін атқалы тұрған жаза орындаушыға өзінің темекі салатын алтын қорабын береді. Міне бұл психологиялық құбылыс. Тірі жүргенде бәрі керек, бірақ өлерде бәрі әдіре қалады. Ешкім оны «О» дүниеге алып кетпейді. Қандай бір үстем адам болмасын «О»дүниеге армансыз кете алмайды. Сонда оның көңіліне тіреу болатын: еліме, халқыма не қалдырдым, арым олар алдында таза ма деп ойлау. Оның мәңгілігі жинаған дүниесі емес, ел санасында сақталатын өнегесі, тәш-пуш жинаған дүниесі емес. Қорқыт Ата мәңгі өлместікті ойлап, уайымдады, соны іздеп, ел кезіп, шарқ ұрды. Ақырында ұққаны: бәрі өледі, мәңгі өлместік, ол тек қоғамға қажет іс қалдыру екендігі. Оған жасалған не материалдық зат, не даналық ой, нақыл сөз, түрлі рухани дүниелер (жыр, дастан, музыка) жатады.
Философияда адамда екі «Мен» бар екені айтылады. Бірі сыртқы «Мен». Оған адамның өзі тұрған тұрқы, бүкіл дене бітімі, ерекшелігі, мінез-құлқы, өмірдегі орны, атқарған ісі жатады. Екіншісі ішкі «Мен», ол оның сезімі, санасы, ақыл-ойы, алға қойған мақсаты. Оған әсер ететін сыртқы адамға әсер ететін түрлі жәйлі, не жәйсіз жағдайлар, айтылған сөз. Сөз іштегі «Мен»нің сыртқы көрінісі, материяға айналған күш, энергия. «Сөз тас жарады, тас жармаса, бас жарады», немесе «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді» дейді халық. Сөз адамға түрліше әсер етеді. Сондықтан, сөзді ойланып қолданған жөн. Сол ішкі «Мен» адам бойындағы жойқын күшті «ырыққа» айналдырады. Дүниедегі барлық материалдық және рухани табыстар мен орасан зор өзгерістер сол «ырық» арқылы жүргізіледі, іске асады. Сыртқы «Мен» басқа адамдардың сыртқы «Мені» мен бәсекеге түседі. Өзінің кейпін басқамен салыстырады. Одан артық болса, масаттанады, үстеммін дейді. Егер кем болса, басқадан озғысы келеді, түрлі айла қолданады. Адамның ішкі «Меніде» оның өзінің сыртқы «Мен» мен ұдайы қайшылықты, қарым-қатнасы. Ішкі «Мен» бір жағынан сыртқы «Меннің» тойымсыз, шексіз табиғи қанағатсыздығын қолдайды. Бұл тағылық. Бірақ, творчестволық тойымсыздық тағы бар. Ол басқа. Онсыз прогресс жоқ. Бұл шексіз құбылыс. Адамның ішкі «Меннің» екінші жағы тағы бар. Ол кейбір тойымсыз, шексіз қажеттілікті ноқталайды, тәртіпке келтіреді. Әр нәрсеге алақтаушы, көрсе қызарлыққа шек қояды. Ол «әр істі керек пе, керек емес пе, әрекет жасайын ба, әлде жасамайын ба?» деген күдік ойларды дұрыс шешімге келтіреді. Творчестволық қажеттілікті де бетіне жіберуге болмайды. Бағыттап отыру керек. Олай болса ішкі «Меннің» өзі де сол «қарама-қарсылық күресіне» негізделген. Оның нәтижесі, адамның өзі атқарған ісіне, жасаған басқалармен қарым-қатынасына, айтқан сөзіне кейін өкінбей, риза болуы. Ол тазалық, әділдік. Оны тәрбиелейтін нақыл сөз, өмірдің өзі. Адамның ішкі «Мені» оның сыртқы бейнесінен, жүріс-тұрысынан, айтқан сөзінен, атқарған ісінен, бет бейнесінен, тіпті, көз-жанарынан байқалады. Таза адам жалған сөйлемейді, екі жүзді болмайды, ешкімнен көзін жасырмайды, айқын анық сөйлейді. Адамның өмірде жақсы, силы, құрметке бөленуі үшін алдымен оның ішкі дүниесі таза, адал болуы. Адам өзін қанша жасырамын деседе, ішкі дүниесі оны ашады.
Олай болса адамда сыртқы « Меннен» басқа, ішкі «Мен» бар. Ол да екі түрлі дедік. Ең жоғарысы сол ішкі «Меннің» адамды тәртіпте ұстауы, жолдан тайдырмауы. Ол үшін адам өзін өзі тізгіндейді, тойымсыз талапты ноқталайды. Зиялы адам өзін қашанда іштей белгілі дәрежеде ұстай біледі. Тіпті, басқаны былай қойғанда алдымен өз денесін бетіне жібермейді. Одан соң ең қажетті киім-кешек, тұрмысқа керек зәру заттан басқаны жинамайды, басқадан асамын демейді. Ішкі «Мен» сыртқы «Менді» билейді. Ішкі «Мені» адал адам халық айтқандай «қайғысыз қара суға секіремін» дейді. Ол істеген ісіне уайымдамайды. Адамның өзіне өзі риза болуы, не ренжуі осының бәрі ішкі «Менге» байланысты, ақылға келуі. Екіншіден, зиялы адам қоғамда қасиетті адам. Ол басқаларға өнеге. Ол барына риза, қанағатшыл адам. «Қанағат қарын тойдырады, қанағатсыз жалғыз атын сойдырады» деген дана бабаларымыз. Бүкіл әлем тарихы атқарған пайдалы іс, өнегелі ой қалдырған дана, қайраткерлерден тұрады. «Болмасаңда ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деп Абай айтқандай зиялы адам осылардай болуы тиіс.
Сонымен ішкі «Менге» әсер ететін жалпы адамнан тыс тұрған, сыртқы жағдайлар.Сол ішкі «Менді» тәрбиелейтін нақыл сөз, дұрыс өнеге, сыпайы қарым-қатынас. Қашанда ішкі «Мен» сыртқы «Менге» тікелей әсер етеді. Алдымен адам өзін өзі тәрбиелейді. Зиялы адамның ішкі «Мені» жайлы, орнықты, кең, тұрақсыз, алай-түлей ызалы, шыдамсыз, тар емес. Ол басқа да болса, елде болады, елде болса, менде де болады деп қарайды. Солай еңбектенеді. Көңілі кең зиялы адамның жолы да айқын, даңғыл болады.
Ашық сауда адам өміріне өзгеріс ендірді. Социализм адамдарды бейқам етті. Ертеңді ойлайтын басқалар. Олар жоспарлайды. Сен соны орындайсың. Қоғам сені аштан өлтірмейді. Сондықтан жұмыстан қашатындар пайда болды. Ашық сауда олай емес. Еңбектенбесең – өмір жоқ. Бай болғың келсе ізден, талаптан. Бұл дұрыс. Бірақ, неше түрлі залым іскер, айлакерлер де пайда болды. Адам болам десең ақша тап, қалай табасың онда ешкімнің жұмысы жоқ. Олай болса ашық-сауда кезінде тәртіп, тәрбие жұмысы қоғамда алда тұруы тиіс. Тек сонда ғана зиялылар алға шығады, көрінеді. Қоғам тазарады.
Досмұхамед Кішібеков,
Ұлттық ғылым академиясының академигі
"Ақиқат" журналы