Бейсенбі, 31 Шілде 2025
Алаң 753 0 пікір 30 Шілде, 2025 сағат 16:05

Иран астанасын ауыстыра ма?

Сурет: Pars Today сайтынан алынды

Иран 12 күндік соғыстан кейін енді-енді есін жиып келе жатыр. Алайда парсылар енді құрғақшылықпен күресуде. Елдегі су қоймалары мен өзендердің 80 пайызы құрғап қалды. Бұл туралы Батыстық басылымдар жарыса жазып жатыр.

Өткен аптада Иран Ауғанстан, Түркіменстанмен келіссөз өткізіп, су алу жағын талқылады. Тегеранның айтуынша жағдай өте күрделі болып тұр.

Су дегеніміз энергия ғой. Иранда үлкен 55 су қоймасы бар екен. Бұл қоймалардың маңында Иранға қажетті энергияның 15-20 пайызын өндіретін гидростанциялар тұр. Алайда су аз болғандықтан энергияны өндіру де азаюда. Сөйтіп су тапшылығынан бөлек, электр энергиясы да жетіспеуде.

Үкімет су тапшылығы мәселесін шешу жолдарын қарастыруда. Соның ішінде жұмыс уақытын қысқарту, университет пен мектептерді уақытша жабу және басқа шаралар қарастырылып жатыр.

Тегеран және өзге 50 қалада суды шектеп беру басталды. Ирандықтар Каспий жағалауына қарай кетуде, өйткені ол аймақтарда әзірге су бар. Ел президенті Пезешкиан су тапшылығын мойындады. Ол астананы ауыстыруды да ұсынып отыр.

“Тегеранда су жоқ. Су енді астана халқына жетпейді”, - дейді ол. Пезешкиан астананы ауыстыруға немесе астанаға халықтың көшіп келуіне тыйым салуға шақыруда.

Иран қалаларының халқы жерасты суларын ішеді. Алайда соңғы жылдары жерасты су қоры азаюда. Оның себебі көп. Қалаға халық жаппай ағылып, урбанизация жүріп жатыр. Халық жүйесіз негізде құдықтарды қазуда. Халық саны өсуде. Бұл суды мөлшерден тыс қолдануға себепкер болуда.

Сонымен бірге ауыл шаруашылығы да су тапшылығына әкелуде. Елдегі экономикалық жағдайдың қиын болуына байланысты арықтар мен су арналарын жаңартуға қаржы аз бөлінеді. Ауыл шаруашылығы әлі дәстүрлі жүйемен суарылып, судың тең жартысы топыраққа сіңіп кетуде.

Климаттың өзгеруі де судың тапшылығын күшейтті. Мысалы Таяу Шығыстағы ең үлкен көл Иранда орналасқан. Ол Урмия көлі. Қазір сол көл Аралдың тағдырын бастан кешіруде. Жойылудың алдында тұр. Оның тартылуына бір жағынан адамның әрекеті себепкер болуда.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

 

0 пікір