Аягүл Мантай. Машкевичті байыту – қылмыс
Қайбір жылы Түркияда оқитын студент інімді әуежайға шығарып салдым. Ұшақ түнгі төртте ұшатын болды. Тіркелу екі сағат бұрын басталады. Біз уақытынан әлдеқайда ерте барыппыз. Әуежай ішіндегі орындықта екі бозбала ұйықтап жатты...
Алматы әуежайынан әлемнің түкпір-түкпіріне ұшақ ұшып жатыр. Біз оларды ұшақтан қалып қоя ма деп қорықтық. Ал олар қорылға басып, түс көріп жатыр. Інім екеуміз ақылдаса келе, «оларды тұрғызу керек» деп шештік. Біреуінің иығынан түртіп: – Кешіріңіз, ұшақтан қалып қоймайсыз ба? Қайда барушы едіңіз? – деп сұрадым.
Ол есінеп алды да, сағатына қарады.
– Әлі ерте. Кешікпейміз, – деді.
Сосын өз үйінде жатқандай қайта ұйқыға кірісті. Арада біраз уақыт өткен соң қасымызда отырған үлкен кісі екіншісін оятты.
– Балам, Ыстамбұлға бармаушы ма едің? Жарты сағаттан соң тіркелу басталады.
– Біз ешқайда бармаймыз. Осында ұйықтауға келдік, – деп жауап берді ол.
– Ешқайда бармағаны несі? Ұшып келетін біреуді күтіп отырсыңдар ғой?
– Жоқ, ешкімді күтіп отырғанымыз жоқ. Әуежайға ұйықтауға келдік. Қонатын жеріміз жоқ. Жатақханада орын болмай, далада қалдық. Пәтер жалдап тұрайық десек, ақшамыз жоқ. Өзіміз ақылы бөлімде оқимыз.
– Сендерден басқа қонатын студенттер бар ма? – деп сұрады әлгі кісі.
– Қазір қыркүйек айы ғой. Мұнда біз алты бала келдік. Олар әне ұйықтап жатыр, – деп ол қалың ұйқыда жатқан жігіттерді көзімен көрсетті. Вокзал қызметкерлері ұйықтауға барған адамдарды білсе, шығарып жібереді. Онда «жамбас ақы» – 200 теңге. Түннің бір жарымында күту залында қалған адамдарды шығарып, бір бөлмеге кіргізеді. Сонда жұмсақ орындық бар. Жолаушылар жантайып, көз шырымын алады. Есесіне әр жолаушы 200 теңге төлейді. Ал мұнда, әуежайда рахат, ешкім түртпектемейді, көк тиын төлемейсің. Таңертең автобусқа мініп, университетке барамыз. Тек сіз секілді жолаушылар «жолдан қалып қоймаңдар» деп оятып жіберетіні болмаса... – деп қуланып, жымиып қойды.
– Кешір, айналайын, кешір, – деді сасқалақтап үлкен кісі. – Тек мен сендерді ұшақтан қалып, әуре-сарсаңға түспесін деп едім. Шынында да, жағдайларың қиын екен. Мә, айналайын, ертең ыстық тамақ ішіңдер, – деп қалтасынан елу доллар суырып берді.
Інім: – Жігіттерге обал екен, – деді. – Түркияда университет жатақханасынан орын ала алмаған студент мемлекеттік жатақханаға орналаса алады. Түріктің іскер азаматтары жастарға арналған жекеменшік жатақхана салуды өздерінің парызы, – деп біледі. Университет жатақханасына да, мемлекеттік жатақханаға да қолы жетпеген студент жекеменшік жатақханаға барып орналасады. Жекеменшік жатақхананың бағасы қымбат емес. Сондай-ақ онда кітапхана ашқан іскер азаматтар бар.
Мен інімнің тегін оқитынын, шәкіртақы алатынын, жатақханаға бір тиын төлемейтінін, тіпті күніне екі мезгіл тегін тамақ ішетінін ойлап, жаным жадырап қалды. Алматыда оқитын студент сіңлімнің қиындықпен болса да жатақханаға қолы жеткенін ойладым.
– Шай ішіңдер, – деп студенттің қолына бес мың теңге ұстаттым. Пәтерден-пәтерге көшіп жүрген мені қайбір жетісіп жүр дейсіз? Бес мың теңгені берерімді беріп алып, ішім ашыды:) Сол студенттерді көркем шығарма оқымайды деп ренжуге бола ма? Оның сабағын оқуға да мүмкіндігі жоқ қой. Машкеевичті байытып, студенттерді жатақханасыз қалдырғанымыз - кешірілмейтін қылмыс!
Фейспарақтан